Iran Press жазғандай, ел премьер-министрі Мұстафа әл Кадхими: «Құрғақтағы шекара жергілікті нарықтың қажеттілігін өтеу үшін сауда жүргізу мақсатында ғана ашылады, ал отельдер мен мейрамханалар вирустан сақтану шараларын қатаң ұстануы тиіс», дей келе, 12 қыркүйектен бастап спорттық жарыстар өткізуге де болатынына тоқталды. Дегенмен жарыстардың барлығы жанкүйерлерсіз өткізіледі. Ал мемлекеттік органдар өз қызметкерлерінің 50 пайызының кеңсеге келіп жұмыс істеуіне мүмкіндік бермек.
* * *
Францияның денсаулық сақтау министрі Оливье Веран 8 қыркүйекте осы аптадан бастап COVID-19-ға қарсы антиденені жылдам анықтайтын тест енгізілетінін жариялады, дейді Le Figaro.
«Тест бар болғаны 15-20 минут аралығында антидене түзілгенін немесе түзілмегенін анықтап береді. Бұл осы сәрсенбіден жүргізіле бастайды», деген Оливье Веран әзірге эксперимент түрінде қолға алынған тәжірибеге үлкен үміт артылып отырғанын, нәтижесіне қарай оны әрі қарай жалпылама енгізу жөнінде шешім қабылданатынын айтты.
Пандемияның қай елге де оңай соқпай тұрғаны мәлім. Одан француздар да зардап шегіп отыр. Елдің Ұлттық статистика және экономикалық зерттеулер институтының болжамдарына қарағанда, 2020 жылдың соңында француздардың жұмыссыздық көрсеткіші 9,5 пайызға жоғарылауы мүмкін.
Аурумен күресте қандай да бір қарекеттердің оң нәтижесіне үміт артып, жедел тест енгізуді көздеген Франция үкіметі экономиканы қалыпқа келтіруде шығыс мөлшері 100 млрд еуро көлемін құрайтын бағдарлама да әзірлеген көрінеді.
* * *
Польша білім беру жүйесі толықтай қашықтан оқытуға көшуді қолайлы көреді, дейді аталған елдің білім министрінің орынбасары Маржена Махалек.
Бүгінде 53 білім беру орны осы әдіспен жұмыс істеп жатыр. Маржена Махалектің айтуынша, қашықтан оқыту мен сабақтарды азайтуда аса ыждаһаттылық қажет. Польшадағы балабақшалар мен мектептерді және арнайы оқу орындарын қосқанда олардың саны 48,5 мың болса, соның 53-і толық, ал 29-ы ішінара қашықтан білім беруде. Алайда елдегі эпидемиялық жағдайды ескере келе, аурудың таралмауы үшін қашықтан жұмысты жалғастырудың тиімділігі жоғары деген ойдамыз, деді ол. Бұл жайлы Polskie radio 24 эфирінде айтылды.
* * *
Биыл мамыр айында Корей экономика институтының сарапшылары ел экономикасының өсімі 0,2% көлемінде болады деп есептесе, енді ІЖӨ 1,1 пайызға төмендейді деп отыр.
COVID-19 экономикаға тұсау салғанымен қоса, оны артқа тартып отыр деген сарапшылар Қытай мен АҚШ арасындағы тайталастың да ел қуатын арттыруға кедергі жасағанына тоқталған.
Биыл жеке сектордағы тұтыну 4,6 пайызға төмендеді, алайда өндірістік қуаттылықты арттыруға салған инвестиция 4,2 пайызды құрап, құрылыс саласына арналған қаржы 1,1 пайыз көлеміне дейін артты. Соған қарамастан экономика вирус салмағын айқын сезінуде дейді сарапшылар.
* * *
Джонс Хопкинс университеті тәулік ішінде рекордты ауру көрсеткіші тіркелуін жариялады.
Бұған дейін 14 тамызда 304 351 адамның жұқтырғаны ең жоғары сан болып келген-ді, енді одан да артық көрсеткіш тіркелді.
Пандемия құрсауындағы мемлекеттер тізімінің басында бұрынғыдай АҚШ – 6,2 млн, екінші орында Бразилия – 4,1 млн, ал үштікте 4 млн адам жұқтыруымен Үндістан белгіленсе, төртіншіде 1 млн адаммен Ресей Федерациясы тұр.
АҚШ КВИ-ден өлім саны жөнінен де (188 мың) алғашқы орында, одан кейін Бразилия – 125 мың, үшінші сатыда 69 мың азаматынан айрылған Үндістан тұр. Осылайша, Жер шарында SARS-CoV-2-тан ажал құшқандар 876 мың адамнан
* * *
Еуропада кейбір мемлекеттер COVID-19-бен күресуде әлеуметтік қашықтықты сақтауға мүмкіндік бермейтін орындарды жаба бастады. Бұл жайында бірқатар басылым жариялады.
Мәселен, «Известия» мен РБК аурудың таралуы жастар арасында азаймай тұрғаны алаңдатқан соң осындай шаралар қабылданып жатқанын, Италияда тіпті даладағы ашық алаңдарда билеуге тыйым салынғанын, Мальтада 15 адамнан артық еш жерге жиналуға болмайтынын жазса, ДДҰ деректерінде 15 пен 24 жас аралығындағы жастар арасында аурудың 4,5 пайыздан 15 пайызға дейін өскені мысалға келтірілген. Мальтада түнгі клубтар, барлар толық жабылған. Ал Антальядағы демалыс орындарында көңілді «көбікті кештер» биыл өтпей жатыр. Германия дискотекаларды пандемия басталғалы тыйып, жылда күзде Кельнде 3 ай бойына жүретін дәстүрлі карнавалды да тоқтатты.
Шілде айында ДДҰ аймақтық директоры Ханс Клюгенің Еуропа жастарын ауру таратушылар деп айыптағаны да есте болар.
* * *
Мексика денсаулық сақтау министрлігінің департамент басшысы Рикардо Кортес Алькала 24 сағаттың ішінде 6 мыңнан астам ауру жұқтыру тіркелгенін хабарлады.
Алькаланың айтуынша, Мексикада 629 409 адам COVID-19 тырнағына ілініп, оның 67 326-сы өмірімен қоштасты. Вирустың мексикалықтарды босатпай тұрғанына қарамастан, елде 438 754 пациенттің аурудан жазылып шығуы халықтың сенімін арттырғандай.
Бразилия жұрты бір тәулікте 682 азаматын жоғалтты. Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарлама бойынша қайтыс болған бразилиялықтар саны 126 203 адамға жетті. 4 млн 123 мың адам SARS-CoV-2 жұқтырып, індеттен көз аша алмай жатқан елде соңғы тәулікте 30 168 тұрғыннан ауру анықталыпты. Жалпы COVID-19 Бразилияға ауыр соққы болды. Әлем бойынша КВИ-мен ең ұзақ, яғни 152 күн ауырған әйелдің де осы елдің азаматы екені белгілі.
* * *
Колумбияда бір күнде 8394 адамнан вирус табылды.
Пандемия планетаны шарлағалы бұл елде 658 456 адам вирус жұқтырып, 21 156 пациент өмірден өткен еді.
5 қыркүйекте 268 колумбиялық жоғарыдағы індет құрбандарының қатарына қосылыпты. Ал індетті жеңіп шыққандар саны 507 мың адамды құраған көрінеді.