Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдаудағы сөзімен айтқанда, «Қазіргі таңда бұл саясат көбіне валюта нарығындағы қаржының шамадан тыс көбейіп кету қаупіне байланысты тежелуде. Банктер валюта нарығы және Ұлттық банктің мүмкіндіктері арқылы пайда таба алатын болған соң, нақты экономиканы несиелендіруге құлықты емес».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев валюта нарығын реттеуге капитал қозғалысына қатысты проблемалар да теріс ықпалын тигізіп жатқанын, сол себепті Ұлттық банктің құрамынан ақша-несие саясаты комитетін құру туралы шешім қабылданғанын айтты. Бұл – теңге бағамын интервенция арқылы қалыпқа келтіруге жол берілмейді деген сөз.
Сарапшы Ілияс Исаев жаңадан ашылатын комитеттің жұмысын мемлекеттік деңгейде, тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен нақтылап алу қажеттігін айтады. Себебі 1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында Ұлттық банкке Г.Марченко төрағалық жасаған тұста инфляциялық таргеттеу, соңынан интервенциялау деген түсініктер қолданысқа енді. Содан бері бұл саясат теңгені халыққа да, билікке де жағымды картинада ұстап тұрудың «көзіріне» айналды.
– Банк секторындағы ең күрделі қателіктер сол кезден басталды. АҚШ-та, ФРЖ құрамында инфляциялық таргеттеу мәселесімен айналысатын арнайы агенттік бар. Осы агенттіктің жұмысына интервенциялық бағыт та кіреді. Даму жолына енді түскен елдер интервенцияның дәлізін осы агенттіктің қас-қабағына қарап реттеп отырады. 1896 жылы швед экономисі, капитал теориясы, баға және жалақы мәселесімен айналысатын Кнут Викселль 10 жыл бойы зерттеудің нәтижесінде сол теорияны айналымға енгізді, – дейді І.Исаев.
Қаржыгер айтқандай, инфляциялық таргеттеу, интервенция экономикасы дамыған Жапония, АҚШ тәрізді елдерге тиімді. Себебі оларда ІЖӨ-нің 80 пайызы бизнестің үлесінде. Ұлттық валюталарына қуат беретін индикатор да солар. Ал Қазақстан тәрізді экономикасы шикізатқа тәуелді елдер үшін инфляциялық таргеттеу немесе интервенция мәселесімен айналысуға әлі ерте. Бұл екі жүйенің мәдениетін қабылдауға экономикамыздың шамасы жетпейді.
Валюта саудасына жол ашты
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі Жолдауында ақша-несие саясатының ынталандырушы ретіндегі рөлін де күшейту қажеттігін айтты. Банктер валюта нарығы және Ұлттық банктің мүмкіндіктері арқылы пайда таба алатын болған соң нақты экономиканы несиелендіруге құлықты емес екенін тәуелсіз сарапшылар осыған дейін де айтып келген болатын. Енді бұл мәселе мемлекеттік деңгейде көтерілді. Жаңадан құрылатын ақша-несие саясаты комитеті Ұлттық банктің құзыретін күшейтіп, жүйе құрушы банктердің ықпалын әлсіретеді. Көлеңкеде тұрып ішкі нарыққа әмірін жүргізіп отырған алпауыттар мен мемлекеттік мүдде арасындағы тайталас енді басталады. Олар интервенция арқылы проблемаларын шешу мүмкіндігінен айырылғысы келмейді, ал Үкіметте ондай тетік енді жоқ. Ендігі жерде Ұлттық банктің де, экономиканың да көшін алға сүйрейтін осы комитет болады, – дейді І.Исаев.
Қаржы саясаты немесе қаржы нарығы қадағалаусыз қалды деп ешкім Үкіметке де, Ұлттық банкке де өкпе айта алмайды. Нарықтың бұл сегменті Ұлттық банктің және Қаржы нарығын қадағалау және реттеу агенттігінің бақылауында. Үкімет квазимемлекеттік сектордың валюта түсімінің бір бөлігін ішкі нарықта міндетті түрде сату туралы шешім шығарғаны биыл ғана. Бұл шешім Ұлттық қордың да мүмкіндігі шектеулі екені мемлекеттік деңгейде мойындалған соң ғана қабылданғаны белгілі. Сарапшылар бұл әдіс төтенше жағдай кезінде қолданылатынын айтады.
Қазақстанда ұлттық компаниялардың валюта түсімдерінің бір бөлігін сатуды міндеттеу биылғы 26 наурызда басталған-ды. Шілде айында ұлттық компаниялар 200 млн доллар сатты. Бұл қаржы ұлттық валютаны қолдауға бағытталды. Сарапшылар бұл әдіс доллар тапшылығы кезінде теңге бағамына айтарлықтай көмектескенін айтады. Бірақ жеке сектордағы компанияларды ұзақ уақытқа дейін доллар сатуды міндеттеуге Үкіметтің де құзыреті жоқ. Күні ертең олар жаппай сатуды доғарған кезде доллар тапшылығы туындап, тағы бірнеше теңгеге қымбаттап кетуі мүмкін. Демек бұл пандемиялық дағдарыс кезінде қаржы секторы тұншығып қалмау үшін қолданылған өтпелі саясат. Сол себепті Ұлттық банк пен Үкіметке теңгені халықтың қалтасы көтеретін деңгейде ұстау үшін және Ұлттық қорға салмақ салмау үшін мұндай әдісті үнемі жетілдіру қажет.
Қаржыгер Ерлан Ибрагим Ұлттық банк жанынан ашылатын ақша-несие саясаты комитетіне осы мәселе жүктелу мүмкін екенін айтады. Себебі Ұлттық банк пен қор биржасы қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және сыртқы факторлардың әсерін шектеу мақсатында 19-20 наурызда теңге-доллар саудасын Франкфурт аукционы арқылы өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл әдіске сарапшылар қор нарығы мен қаржы секторының интеграциялануын жеделдететін фактор деп баға беріп үлгерді. «Сауда-саттықты Франкфурт аукционымен өткізу шешімі клиенттердің қазіргі сұранысын қанағаттандырып, валюта нарығындағы тұрақсыздыққа жол бермейді. Алдағы сауда-саттықтардың режімі туралы ресми мәлімдемелер арқылы жеткізілетін болады» делінген Ұлттық банктің ресми хабарламасында.
Ұлттық қорға ауыз салу азаяды
Осыған дейін теңге бағамы дәлізден шығып кеткен кезде оны интервенция арқылы реттесе, енді қор нарығы арқылы қосымша қаржы көздерін іздеуге кірісті. Бұл өз кезегінде қажет кезде Ұлттық қорға ауыз сала беруді тоқтатуы әбден мүмкін. Бас банк соңғы 10-15 жылда валюта нарығын реттеумен немесе теңгені қолдауды көп жағдайда интервенция көмегімен шешіп келгені белгілі. Сол себепті, «интервенция экономикалық өсімге қалай әсер етті?» деген сауалға жауап берер кезде кез келген сарапшы кідіріп қалады. Ұлттық банк ішкі валюта нарығындағы өктемдікке қатысты мәліметтерді 2016 жылдың қаңтарынан бастап жариялай бастады. Оған дейін интервенция мәселесі «жабық есік жағдайында» талқыланып келді.
Қаржыгер Мұрат Темірханов интервенция Ұлттық банкке тек шығын әкелетінін жеткізді. Сол себепті, бірінші кезекте теңгеге әсер ететін факторлар кезең-кезеңімен нақтыланып отыруы тиіс. Қысқа мерзімді перспективада теңгенің айырбас бағамы мұнайға, содан кейін аздап рубльдің бағамына, ұзақ мерзімді перспективада инфляцияға тәуелді. Теңгенің Ресей рублінен айырмашылығы, валюта нарығында шетелдік алыпсатарлық капитал жоқ. Бұл оның АҚШ-тың Федералды резервтік ставкасы туралы шешімдеріне, доллар бағамының басқа валюталарға қатысты өзгеруіне және әлемдік нарықтардағы инвесторлардың көңіл күйіне әсер ететін басқа факторларға аса сезімтал еместігін білдіреді. Қаржыгердің айтуынша, Қазақстанда мұндай мөлшерлеме саясатының өзіндік ерекшелігі бар. Біздің елде теңгенің бағасы, пайыздық мөлшерлеме деңгейі нарықтың талабына емес, Ұлттық банктің бақылауымен өзгереді. Нарықтағы мұнай бағасы құбылмалы болғандықтан, теңге бағамы да АҚШ долларына қатысты құбылмалы болады. Экономикамызды әртараптандырмайынша бұл жағдайдан құтыла алмаймыз.
– Ұлттық банк қаржы нарығына араласпаймыз десе де қажет кезінде араласу құқын сақтап қалды. Интервенциядан өзге, теңге бағамына әсер ететін тетіктер жетеді. Ұлттық қор мен БЖЗҚ валюта активтерін басқару тетігі Ұлттық банкте. Бірақ ол мұндай операцияларды интервенция деп есептемейтінін байқап жүрміз, – дейді М.Темірханов.
2019 жылы қымбат мұнай теңгеге неге әсер етпейді деген тақырып тренд болатын. Мұнайдан бақ тая бастаған күннен теңге мен АҚШ доллары бағасының қырық құбылып тұратыны үйреншікті құбылысқа айналды. Сырт көз де мұнай теңге бағасына тек жанама түрде ғана әсер етеді деген пікірде. Қаржыгер Е.Ибрагим 2014 жылы – 22 млрд, 2015 жылы 10 млрд АҚШ доллары интервенцияланғанын айтады. Ал 2016 жылғы көрсеткіш бұдан төмен. 2018 жылғы интервенция қыркүйек айында өткені белгілі. 2019 жылы тамыз айында доллар бағамы 380 теңгеге жеткен кезде де Ұлттық банк тек сырттай бақылап отырды. Интервенция жасалды деген ресми ақпарат болған жоқ. 2018 жылға дейінгі дерек бойынша 24 млрд 259,6 млн АҚШ доллары қайтып, 31 млрд 367 млн АҚШ доллары қайтпай қалды.
Теория бойынша теңге қымбат мұнай бағасының буынан күш алу керек еді. Біздің валюта елдегі экономиканың жағдайынан хабар беріп тұр. Ұлттық банкте ішкі нарықтағы қаржы бағамын реттеудің 5-10 жылдық тәжірибесі болса, жағдай бұлай ушығып кетпей, ішкі нарық валюта бағамындағы құбылмалыққа бейімделіп, теңгеге нағыз нарықтың исін сездіре алатын еді.
– Бірақ Ұлттық банк интервенциялау арқылы бағаны сылап-сипап реттеу мен алыпсатарлыққа жол берді. Бұл саясат теңгенің долларға шаққандағы бағамын белгілеу немесе валюта резервтерін үнемдеу міндетіне де ұқсамайды. Ұлттық банк қаржы секторының дене қызуы көтеріліп бара жатса, долларды валюта айналымына жібереді де, керек кезде оны қайтып жинап алады. Мұндай саясат халықтың теңгенің әлсіз валюта екені және оған оң факторлар әсер етпейтіні туралы түсінік қалыптастыруына әкелді. Қаржы нарығының кәсіби қатысушылары да валюта нарығында не болып жатқанын және оның валюталық стратегиясын қалай құруға болатынын аз біледі. Шындығында, теңгенің нығаятынына ешкім сенбейді және осы сенімсіздікпен нарықтың өзі ұлттық валютаны әлсіреуге итермелейді, – дейді Е.Ибрагим.
Қаржыгер айтқандай, Ұлттық банк үшін теңгеге қуат беретін фактор – Ұлттық қор мен мемлекеттік алтын валюта резерві. Биыл ол шамамен 60 тонна тазартылған алтын құймасын сатып ала алады. 2020 жылғы 7 тамыздағы жағдай бойынша алтын валюта резервіндегі алтын портфолиосы шамамен 382 тоннаны немесе 25 млрд долларды құрады. Әлемде индустриялық-инновациялық даму стратегиясы ұлттық валюта бағамына сәйкестендіріледі. Өкінішке қарай, бізде ондай сәйкестендіру жоқ. Ұлттық қордың трансферінен бөлек, дағдарысқа қарсы бағдарламаға Ұлттық қордан жалпы 4,7 трлн теңге аударылды. Соның өзінде бюджетте әлі тапшылық бар. Бұл фактор Ұлттық қордың да мүмкіндігінің шектеліп келе жатқанын дәлелдеп тұр.
Банктерді қаржыландыруды шектеу керек
Ұлттық қордағы 60 млрд доллар төрт жыл бойы барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындауға жетеді. Ендігі мәселе мемлекеттің осы ақшаны қаншалықты тиімді жарата алатынында болып тұр. Сол себепті сарапшылар резерв таусылмай тұрғанда экономиканы аяққа тұрғызудың жаңа амалын жүзеге асыру керек екенін ескерте бастады.
Қаржыгер І.Исаев біздің қолымызда мұндай мүмкіндіктің бар екенін айтады. Бұл – интервенциялық, инфляциялық таргеттеу жүйесінен бас тарту.
– Нарық заңының басты талабы судың да сұрауы бар деген мәселемен түйінделеді. Бүгінге дейін интервенциялау үшін Ұлттық қордан қанша қаржы бөлінгенін ешкім білмейді. Осыдан бірер жыл бұрын ғана 50 млрд доллардан асып кеткені айтылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақша-несие саясатының ынталандырушы рөлін де күшейту керек екенін, бұл саясат көбінесе валюта нарығындағы қаржының шамадан тыс көбейіп кету қаупіне байланысты тежеліп отырғанын айтты. Ұлттық қордан интервенцияға бөлінген қаржы шетел валютасын айырбастайтын нүктелер, қаржы трейдерлері арқылы халыққа сатылды. Валютаны сату мен сатып алудың арасындағы айырмашылық жүйе құраушы банктерді де, екінші деңгейлі банктерді де қанағаттандырады. Өндірісті, ШОБ-ты қаржыландыруға келгенде қырық түрлі сылтауды айтып шыға келеді. Ендігі жерде валюта айырбастайтын орындар санын шектеп, сол арқылы банктерді үстемелетіп қаржыландыруды тоқтату керек. Сол кезде ғана өндіріске банктерде ШОБ-ты несиелендіруге мойын бұрып, соның пайызына қанағаттанудан өзге жол қалмайды, – дейді І.Исаев.
Мемлекет басшысы бұл жолы банктер валюта нарығы және Ұлттық банктің мүмкіндіктері арқылы пайда таба алатынын айтып, екінші деңгейлі қаржы институттарының басынан дәуреннің өткенін жеткізді. Қолы қимылдаған банктердің ғана аузы қимылдайтын уақыт келді. Мұнай дәурені де аяқталып келеді. Ұлттық банктің бұл сыннан қаншалықты нәтиже шығаратынын алдағы уақытта білетін боламыз. Қаржы сарапшылары бұл ұсынысты іске асырар болсақ, қаржы секторы интервенциялардың емес, нарық заңдылығымен дамитынын айтады.
АЛМАТЫ