Ең алдымен, ресми өкіл коронавирус жұқтыру бойынша статистикалық деректерді келтірді.
«11 қыркүйектегі мәлімет бойынша елімізде COVID-19-ға шалдыққандардың жалпы саны 106 661-ге жетті. Оның ішінде жазылып шығу көрсеткіші 94,1 пайызды құрады немесе 100 409 адамға жетті. Соңғы бір тәулікте 161 адам індеттен айықты. Қайтыс болғандардың жалпы саны 1 656-ға жетті. Қазіргі уақытта 4 596 адам ем қабылдауды жалғастыруда, оның ішінде 34 бала бар. Соңғы бір тәулікте елімізде COVID-19-ды 77 адам жұқтырған. Соңғы бір тәулікте Шымкент қаласында коронавирус инфекциясының бірде-бір оқиғасы тіркелген жоқ. Яғни бұл қаладан коронавирус жұқтырған науқас табылмады. Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында бір оқиғадан ғана тіркелді. Бұл осы өңірлердегі тұрғындардың қауіпсіздік шаралары мен санитарлық талаптарды сақтағанын, бір-біріне құрметпен қарағанын білдіреді. Және осы тұрғындар еліміздің өзге де аймақтарына үлгі болады деп үміттенеміз», деді ол.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі елімізде коронавирустың болуы ықтимал жаңа толқынына дайындық қызу жүріп жатқанын жеткізді.
«Қазақстандағы медициналық мекемелер бір мезетте 70 мың орын дайындауға қауқарлы. Оның ішінде үш мыңға тарта жансақтау бөлімі болады. Қазіргі уақытта елімізде 19 066 инфекциялық төсектік орын бар, оның қазіргі жүтемесі 15 пайызды құрап отыр. Инфекциялық және провизорлық орталықтарда өкпені жасанды тыныстандыруға арналған 3 379 аппарат бар, қосымша 2619 дана сатып алынуда. Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша емдеуге арналған 21 566 орын оттегімен қамтылған және ай соңына дейін қосымша 9300 орынды қамтамасыз ету жоспарда бар. Сондай-ақ жыл соңына дейін жедел жәрдем қызметі Қазақстанда шығарылған 1 167 автокөлікпен жабдықталады. Шалғайдағы ауылдар үшін 100 медициналық кешен сатып алынады», деді Б.Қожахметов.
Айта кететін тағы бір жайт,15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында халықты медициналық-санитарлық көмек беретін ұйымдарға өз еркімен тіркеу өтеді.
«Қазақстанда 15 қыркүйектен бастап халықты медициналық-санитарлық көмек беретін ұйымдарға тіркеу басталды. Ол екі айға созылады. Емханалардың денсаулық сақтау жүйесіне енудің алтын қақпасы екенін білесіздер. Сондықтан алдағы екі айда азаматтарымыз тұрғылықты жері бойынша емханаларды таңдай алады. Емхананы тұрғылықты жерге жақын маңнан таңдауға кеңес береміз. Неге десеңіз, емханаға тіркелген науқастарды медицина мамандары үнемі қадағалап, тіпті үйіне барып көмек көрсетуге ыңғайлы болады. Әсіресе, бұл тәжірибе қазіргідей пандемия жағдайында аса маңызды. Тіркеу науқанынан кейін азаматтар келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында қызмет алады және ол үшін Медициналық әлеуметтік сақтандыру қоры медициналық ұйымдарға ақы төлейді. Биыл да бұл азаматтар тіркелген емханаларында қор есебінен емделе алады», деді ол.