02 Қараша, 2013

Орның ерекше еді, асыл дос

491 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Бұдан қырық күн бұрын біздің еліміз, халқымыз, бүкіл зиялы қауым, тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштері, генералдар корпусы, офицерлер, сержанттар, курсанттар, әскери колледждердің шәкірттері орны толмас ауыр қазаға душар болды. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы, Ұлы Отан соғысының Батыры, егемен елдің Қарулы Күштері құрылуының бастауында тұрған, осы ұлы миссияны асқан ұлтжандылықпен және тиянақтылықпен іс жүзінде асыра білген парасатты да кемеңгер әскери қолбасшыдан айырылдық.

Бұдан қырық күн бұрын біздің еліміз, халқымыз, бүкіл зиялы қауым, тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштері, генералдар корпусы, офицерлер, сержанттар, курсанттар, әскери колледждердің шәкірттері орны толмас ауыр қазаға душар болды. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы, Ұлы Отан соғысының Батыры, егемен елдің Қарулы Күштері құрылуының бастауында тұрған, осы ұлы миссияны асқан ұлтжандылықпен және тиянақтылықпен іс жүзінде асыра білген парасатты да кемеңгер әскери қолбасшыдан айырылдық.

Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысы Ақсу ауданындағы Алексеевка елді мекенінде туған. Алексеевка, қазақша айтқанда Қосым ауылы. Ұжымдастыру кезінде тұрғындар ауылды тастап, Дворянка деген селоға көшкен. Бұл село Қосым ауылынан 6-7 шақырымдай жерде. Кейінірек Дворянка совхоз болып, «Трудовой» совхозы деген ат алды. Осы күнде Ақкөл дейді. Сол жерлерде Сағадатқа үлкен тауқыметтерді басынан кешіруге тура келді, сегіз жасында ата-анадан айырылып, жетім қалды. Тек жалғыз үлкен ағасы Сағит ол үшін әке де, шеше де болды.

Соғыс! Сол күні елден ерте мектепке кеттім, деп еске алатын Сағадат. Мектептен шығып, Ақмола қаласына бардым. Ол кездегі Ақмола шаң басқан поселке секілді болатын. Елдің бәрі көшедегі шаңқылдаған радионы тыңдап, военкоматқа ұмтылды. Военкоматтан еркектер «повесткаларын» алып, үйлеріне асыға жүгірді. Сонан соң мектепке қайта оралдым. Мектептің алаңында ата-аналар митингке жиналды. Бір жасы келген қазақ ауыр күрсінді. Оның жанында тұрған орыс ақсақалы «Біздер немістермен бұрын да соғысқанбыз, біз оларды жеңіп шығамыз», деді. Мен үйге келдім. Ағам үйде, көзінде қайғы. Айтқаны: Келгенің жақсы болды, мен майданға шақырылдым, жолға аттандым». Мен түсінбей, «Сағит, сен қайда барсаң, мен сонда барамын», деппін.

Бір жылдан соң кезек маған да келді. Біздерді, бірнеше адамды военкомат әскери училищеге жіберуге шешім қабылдады. Біз баратын әскери училище Түркіменияның Кушка деген ең ыстық жерінде орналасқан көрінеді. Ақмоладан Кушкаға пойызбен сапар шектік. Пойызда айналдыратынымыз – Совинформбюроның көңілге қонбайтын майдан хабарларын тыңдау. Осы хабарлардан сегіз айға созылған Севастополь қорғанысының құлағанын және Воронеж бағытында қорғаныс шебіміздің фашистердің қолына түскенін білдік...

Сонымен, шілде айы, 1942 жылы Сағадат Байрам Али әскери училищесінің курсанты. Әскери дайындықта түнгі жорықта 16 кг. жүк арқалап, 10 км. жүгі­ріп өту қажет. Бұл – майданға так­ти­калық дайындалу. Бұл нарком, маршал С.М.Тимошенконың әскери-саяси дайындыққа қойған міндеті еді. Шыдағандар шыдады, шыдамағандар майдан қажетін өтейтін жұмыстарға жіберілді. Сол қиындыққа біздің Сағадат шыдады.

Сағадат курсанттан бастап қилы жолдан өтті. Ол тәуелсіз мемлекетіміздің Жоғарғы Бас қолбасшысының ең алғашқы сенімді серігі болды. Ең алғаш армия генералы деген жоғары әскери атақ иеленді. Ол тәуелсіз Қазақ елінің Қарулы Күштері тарихында бірінші болып қала береді. Бірінші Қорғаныс министрі, бірінші армия генералы, бірінші Халық Қаһарманы (№1). Кеңес Одағының Батыры, тәуелсіз еліміздің бірінші Халық Қаһарманы. Мұндай қосақталған ең жоғары құрметті атақтарды алғашқы алған адам.

Қанды шайқас жылдарындағы Сағадатқа оралайық. Байрам Али әскери училищесіне 1942 жылдың шілдесінде түсіп, 1943 жылдың шілдесінде бітірді. Бұл, әрине, соғыс уақытындағы әскери дайындықтың, лейтенант даярлаудың бірталай ұзақ мерзімі екені белгілі. Сағадат өзінің «От огненных лет до суверенной армии» деген (Алматы. Жібек жолы, 2005 ж.) еңбегінде мына бір жайтты еске алады. Училище бастығы «Түзеліңдер!» деп команда берді, оркестр ойнай бастады. Сап алдынан училищенің Жауынгерлік туы желбіреп өтеді. Осы сәтте Сағадаттың бойын мақтаныш сезімі кернейді. Майданға бірінші аттанушылар ішінде болатынына өзіне өзі ризашылық білдірді, тек мұны ағасы Сағиттың көре алмағаны, «Трудовик» колхозындағы жерлестерінің көре алмауы өкініш туғызды. Училище бастығы, полковник К.О.Баранов Қорғаныс халық комиссарының лейтенант атағын берген жарлығын оқып, лейтенант погонын тапсыра бастады.

– Лейтенант Нұрмағамбетов! – Сағадат селк ете түсті. Иығын керіп, ширақ адымдады. Алтын погон алақанына жабыс­ты. Қандай өнегелі өмір десеңізші. Осы өнегелі, өрнекті өмірі өркениетке ұмтылған ұлттың ұлы қазынасы емес пе? Осы қазынаға тағзым етуден артық ғанибет бола ма? Әй, болмас!

Нұрмағамбетов пен оның жерлесі Сұлтанов 157-ші жеке атқыштар бригадасына жолдама алды. Бекмамбетов, Никитиндер басқа әскери бөлімге жіберілді. Айырылысулары өте қиын болды. Бұйрық бойынша, Сағадат атқыштар взводына командир болып тағайындалған көрінеді. Бірақ ол бұған келіспей, «Лейтенант Нұрмағамбетов Түркістан пулеметтік училищесін бітірген. Сондықтан, пулемет взводын беруді өтінемін», деп өзінің батылдығын танытты. Командир Сафонов бұған таңданып, онда еш айырмашылық жоқ дегенді айта отырып, біраз сыр тартқан екен. Сафонов Сағадаттан «Әке-шешең, туысқандарың бар ма?» деп сұрайды. Оған Сағадат: «Әке-шешем ерте қайтыс болған. Жалғыз ағам Сағит майданда оққа ұшты», деп жауап береді. Сонда Сафонов: «Жолдас лейтенант, жеңіске дейін аман бол. Аман болуға бұйырамын!» деп сөзін бітіреді. Сағадат өз кітабында: «Почти шестьдесят лет прошло после той фронтовой беседы, а не забылась она мне до сих пор. Вспоминая ее, я всегда думаю о том, как важно нам, ветеранам вспоминать, чутко, по отечески относиться к каждому молодому человеку, доходить до его сердца, передавать свой опыт», деп жазып еді.

Сонымен, Сағадат өз айтқанын орындап, бірінші батальонның пулемет ротасының командирі, капитан Самуил Гурбичтің алдына келді. Ол 35-тер шамасында екен. Ол Сағадатты алдыңғы шепке алып барып, взводтың үш расчетімен таныстырды, соғысудың мән-жайын түсіндіріп айтты. Атыс толастаған кезде Гурбич нақты міндет қойып, солдаттарға Л.Толстойдың «Казаки» романын оқиды екен. Солдаттар аса зейін қойып тыңдайды.

Сол кездерді Сағадат былай еске алады: Түнгі шабуылға шығуға жарлық болды. Шабуылға танктер қатыспайтын. Артиллерия біраз атқан соң командир Диденко алға, атакаға деп команда берді. Жауынгерлер окоптан шығып, алға жүгірді. Оққа ұшқандар, жаралылар бола бастады, немістер орнынан қозғалмады. Өз шебімізге оралуға жарлық түсті. Күн шықпай қайта оралдық. Түнгі шабуыл екінші рет қайталанды. Немістер бұл жолы жасырынған окопын тастай қашуға мәжбүр болды.

301-дивизия 9 атқыштар корпусының құрамында еді. Дивизия командирі болып полковник В.Анонов тағайындалды. Майдан жалынына қақталған дивизия, бригада командирлерімен екі жылдан астам бірге болғанда, баға жетпейтін жауынгерлік сабақ алады.

Сағадаттың өмір бойы өзгермей өткен өнегелі қасиеті шынайылық болатын. Ол өзін туа сала батыр, дана қолбасшы етіп дәріптеп көрсетумен мүлдем, үзілді-кесілді келіспей өтті. Әрине, Сағадат өз басының бағасын өте жақсы сезінді. Қоғамдағы орны, міндеті, оған көрсетілетін ерекше құрметті іштей мықтап сезінгенмен, осы сезімді дөрекілікке айналдырмайтын, кеуде қағуға әсте беттемейтін берік әдеті, тәрбиесі, өзін өзі мықты тежеуі таңғаларлық тәртіп-дәстүр еді.

Сағадат 301-ші атқыштар дивизия­сының 1052-ші полкінде соғыстың аяғына дейін болып, әртүрлі шайқастарға қатысты. Шайқастар оңай болмайды, бәрі қауіпті. Оққа ұшу – майдандағы үйреншікті жағдай. Донбасс, Днепр, Кишинев операциясы, Берлинге бет алу, Шпрееге шығу, Гестапо ғимаратын штурммен алу.

Әрине, қазір бас аман, ел тыныш, жауған оқ жоқ, ашық аспан жағдайында Сағадаттың шайқаспен өткен қатерлі жолын айта салу тіпті оңай. Шайқаста бір адамның өзі қауіп, күн демей, түн демей өмір қыл үстінде тұрады. Қай кезде оның алып ұратынын білу мүмкін емес. Міне, сондықтан, Сағадатты қандай күш сақтады, тікелей ажал оғын қандай періште қақты? Ғажап!

Сонымен, Сағадат соғыстың аяғына қарай батальон командирі болды. Әскери шені – майор. Берлинде алғаш рет жерлесі, жазушы Қалқаман Әбдіқадыровпен қуана кездескен сәтін айтып отыратын.

1945 жылы қазанның аяғында Сағадат Ақмолаға демалысқа келді. Облыс басшылары Сағадатты облыстан Алматыға баратын делегация құрамына кіргізді. Сонымен, Алматыға жол түсті. Бірақ оның Алматыға баратын уақыты жоқ еді. Полковник Григорьев қарсы алып, округ қолбасшысы, генерал-лейтенант Курбаткинге ертіп апарды. Генералдың сұрағына Сағадат жай ғана «Жақсы» деп жауап берді. Генерал оған: «Жолдас майо­р, сіз тәртіп бұздыңыз. Жағдайыңыз нашар, жолдас майор! М.Фрунзе атындағы академияға оқуға барасыз», деп бұйырды. Сағадат абыржып қалды. Сөйтіп, 1946 жылдың маусым айында үш айлық дайындықтан соң академияға алынып, оны 1949 жылдың қарашасында бітірді. Ташкенттегі Түркістан әскери округінің оперативтік басқармасына жіберілді. Бұл 10 қаңтар, 1950 жыл еді. 1952 жылы Лира Сабырқызына үйленді. Осында 1954 жылға дейін жұмыс істеді. Армия генералы И.Петров Сағадатқа полкті ұсынды.

1954 жылдың қазанында Сағадат Алматыға келді. Дивизия командирі, полковник Соколов оған полк командирі қызметін ұсынды. Полкті 4 жыл басқарды. 1957 жылы маршал Жуков танк командирлігіне үйрену жөнінде жарлық берді. 3 ай бойы танктің құрылысы оқытылды. 1958 жылдың маусым айында Сағадат Чарджоу қаласында, дивизия штабының басшысы. 1961 жылдың шілдесінде Қазақ КСР-і Азаматтық қорғаныс штабының бастығы. 1961 жылдың аяғында КСРО Азаматтық қорғаныс штабының бастығы болып Кеңес Одағының маршалы В.Чуйков бекітілді. Жұмыс жанданды, талап күшейді. 1969 жылдың тамызында Орта Азия әскери округінің қолбасшысы, армия генералы Н.Лященко телефон шалып, Сағадатқа округ колбасшысының орынбасары қызметін ұсынды. Біздің дос бұл ұсынысты ризашылықпен қабылдап, рахмет айтады. Әскери қызметке оралғанына қуаныш сезімін білдіреді.

Будапешт. Қала шетінен пәтер бөлінді. Сол күні қолбасшы, генерал-полковник Сивенко жылы қабылдады. Генералмен үшінші рет кездесуі еді. Қысқаша міндеттер қойылды. Сәуірде Венгрияның армия штабында болып, қолбасшы, генерал-лейтенант Морц Лайошпен танысты. 1981 жылдың қыркүйегінде маршал Москаленко инс­пекция жасап, Сағадат мақтауға ие болды. Қолбасшы Ленин орденімен, Сағадат «Октябрь революциясы» орденімен марапатталды. 1984 жылдың наурызында Қорғаныс министрінің орынбасары, армия генералы И.Шкидов Сағадаттан «Алматыға қайтуға келісесіз бе?» деп сұрады. Венгрия армиясының барлық басшылары Сағадаттың жақында 60 жасқа толғанын ескеріп, оған «Кошут» қылышын сыйлыққа тартты, қимай қоштасты.

Алматыда Д.А.Қонаев, Н.Ә.Назарбаев, Б.Ә.Әшімов қабылдап, Сағадатты қайтып келуімен құттықтады. 1985 жылы Мәскеуде жеңіс шеруі болды. Горбачев бастаған КОКП басшыларының бір топ Кеңес Одағы батырларын қабылдауына Сағадат та қатысты.

1991 жыл. Ірі өзгерістер. Тәуелсіз рес­публикалар. Олардың Қарулы күштері. Президент Н.Назарбаевтың Жарлығы жарияланды. Республика Армиясы құрылды. Сағадат тәуелсіз елінің тұңғыш Қорғаныс министрі. Осының бәрі өнегелі, жарқын тарихқа айналды. Қазақ елінің шежіресіне алтын әріптермен жазылды.

Сағындық КЕНЖЕБАЕВ,

Ұлы Отан соғысының ардагері,

гвардия полковнигі, профессор.

АЛМАТЫ.