«Ердің ісі – ерлік» демекші, елдіктің жолында қайсарлық көрсеткен қаһармандар аз емес. Солардың бірі – абыройлы ардагер, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер, ғалым-зоотехник Зекен Әділбеков еді. Кейіпкеріміз Зекен Уалханұлы 1925 жылы бұрынғы Семей облысы Ақсуат ауданының Ақжайлау ауылында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған ол еңбекке қабырғасы қатпай араласып, 10 жасынан ұжымшарда жұмыс істей бастаған. 1926 жылы жұбайы қайтыс болған соң анасы балаларын бір өзі бағып-қағып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген. Оның үстіне ол кездердегі ашаршылық та жұртшылық үшін өте ауыр кезең болғаны белгілі.
Айтуынша, шешесі кедей отбасынан шыққан көрінеді. Ал әкесі ауқатты жердің баласы болған, көзі тірісінде басшылық қызмет атқарған. Атасы Әділбек ақсақал да ел-жұртқа сыйлы болыпты. Тіпті ІІ Николай патшаның кезінде ерекше бас киіммен марапатталыпты. Оны Зекен Уалханұлының отбасында «тақия» деп атап кеткен екен.
Талай жанның өмірін жалмаған құнды қырғынның оты лаулап тұрған кезде бозбала Зекен 1942 жылы 17-ге толысымен өз еркімен майданға аттанады. Фрунзедегі жаяу әскер училищесінде оқып, 1943 жылы Харьков маңында ұрысқа кіріседі.
Бұл жерде кескілескен қанды шайқастардың бел ортасында жүріп, талай қаруласынан айырылып, бірнеше рет жарақат алған. 1944 жылдың маусым айында әуе десанты бригадасы Карель майданында қайта жасақталып, жауынгер Әділбеков барлау взводына, кейін барлау полкіне ауыстырылады. Ресей, Украина, Белоруссия, Венгрия сияқты бірқатар елді азат ету шайқасына қатысқан ол бірде қатты жараланып, ІІ топтағы мүгедек болып қалады. Содан 1945 жылдың қараша айында саптағы қызметке жарамсыз деп танылып, желтоқсан айында елге оралған.
Соғыстан кейінгі жылдары аупартком нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, партия ұйымының хатшысы қызметтерін абыроймен атқарған.
Сөйтіп жүргенде оған жоғарғы билік тарапынан органда қызмет істеуге ұсыныс болады. Алайда Зекен Уалханұлы өзінің туған жерін түлетуге үлес қосқысы келеді. Дегенмен жерлестері оған: «Сен байдың баласысың. Саған мұндай жұмыстар жараспайды. Жоғары қызмет ұсынылып, мүмкіндік туып тұрғанда кетіп қалғаның дұрыс», дейді. Бірақ Зекең кіндік кесіп, кір жуған жерін тастап, алысқа кетпейді. Колхозда қара жұмысшы болып бастайды. Басында қиын болғанмен, әр ісіне тиянақтылықпен қарайтын оның адал еңбегі арқасында біртіндеп қызметі жоғарылайды.
Кейін Калинин атындағы колхоздың төрағасы (1962-1968), «Бақты» совхозының директоры (1968-1977), Ленин атындағы (1977-1982) және «Красные горные орлы» (1982-1985) колхоздарының төрағасы болған.
Аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, ірі колхоздарда партия ұйымының хатшысы, сондай-ақ бірқатар шаруашылықтарда басшы болып тұрған кездерде сол ауылдарда жаңа типті мектептер мен Мәдениет үйлерін және басқа да әлеуметтік нысандарды салуда аса іскерлік танытқан.
Ел ішінде құрметке бөленген Зекен Уалханұлы мемлекеттік марапатқа да кенде емес. Ұлы Отан соғысы кезінде «Ерлігі үшін» медалімен, І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және басқа да 17 медальмен, Жоғарғы бас қолбасшының алғыс хаттарымен марапатталған. Бейбіт замандағы берекелі еңбегі үшін «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері атанды. 2003 жылы егемен елімізге сіңірген еңбегі ескеріліп ІІ дәрежелі «Достық» орденімен наградталды.
Ұзақ жылдардағы еліне сіңірген еңбегі лайықты бағаланып, 2001 жылы Зекен Уалханұлына Үржар ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғам өмірінен шет қалмаған қадірлі қария Алматы қаласы Алмалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін жемісті атқарған.
«Бастан өткерген шайқастарды, жан алысып, жан беріскен сәттерді, қаруластарымды ешқашан ұмытпаймын. Соғыста талай қимас достарымнан айырылдым. Олардың бәрі ел үшін, жер үшін, келешек ұрпақ үшін ерлікпен қаза тапты. Қазіргі бейбіт заман үшін, Отан үшін өз жандарын пида етті. Ешқайсысы естен кетпейді», деп соғыс кезіндегі сәттерін ерекше тебіреніспен еске алушы еді.
2018 жылдың 6 желтоқсанында ізгі жүрек соғуын тоқтатып, Зекен Уалханұлы 93 жасында о дүниелік болды. Егер көзі тірі болса, 15 қыркүйек күні 95 жасқа толар еді. Пейіште нұры шалқысын.
Зекен Уалханұлы дүниеден өткеннен кейін «Өмірімнің шындығы» атты естеліктері топтастырылған кітабы жарық көрді. Онда Зекен ағамыздың өзінің өмір жолындағы көрген-білгендері мен көңілге түйгендері кеңінен баяндалады.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, ақсақалдың соңында 4 баласынан тараған 8 немересі, 9 шөбересі қалды. Ұлағатты әулеттің балалары бүгінде ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып, түрлі салада қызмет атқаруда.