СУРЕТТЕ: Үйеңкі діңіне өскен саңырауқұлақ
Ал енді өсімдіктер дүниесінің бір түрі санатындағы осы саңырауқұлақтың кәдімгі үйеңкі-теректің діңіне өскенін көріп пе едіңіз? Бұл табиғаттағы өте сирек кездесетін құбылыстардың бірі болса керек. Біз таяуда осындай бір көрініске куә болып, таң-тамаша қалғанымыз бар. Облыстық газетте қызмет жасайтын әріптесіміздің Шаған өзеніне таяу орналасқан үйінің ауласында кәрі үйеңкі ағашының бар екенін байқағанбыз. Оның ерекше бір жуан бұтасы жирафтың мойны секілді көкке бой созып, ұзарып, созылып өскенін де аңғарғанбыз. Мына сорайған бұта қайда кетіп барады, әлде өзі бір автономия құрғысы келе ме екен деп оғаштау көрінетін өскінді сөзбен бір түйреп тастағанбыз.
Таяуда осы үйеңкі ағашының діңінде пайда болған үлкенді-кішілі саңырауқұлақтарды көріп оған тағы да таңғалдық. Артық-кемі жоқ түрі де, түсі де және былқ-былқ еткен жұмсақтығы да кәдімгі саңырауқұлақ. Иісі де дәл сондай. – Соңғы үш жылдан бері осылай өсіп келеді. Бір жақсысы оған үлкен де, кіші де тиіскен емес. Бәрі де тамашалап қызық көріп қарап өтеді. Табиғаттың біз білмейтін тосын құбылысы көп қой. Бұл да соның бірі деп ойлаймын, – дейді әріптесіміз облыстық «Орал өңірі» газеті редакторының орынбасары Сырымбек Тұяқов.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Egemen Qazaqstan»
ОРАЛ