Мақсат – өңдеу секторын дамыту
Атап айтқанда, биыл министрлік 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған Индустрияландыру бағдарламасын іске асыруға кірісті. Негізгі мақсат – өңдеу өнеркәсібін дамыту. Бағдарламаның жаңа бастамаларын іске асыру мақсатында бірқатар заңнамалық бастамалар топтамасы әзірленді. Үкіметтің қаулысымен «ҚДБ-Лизинг» АҚ базасында Өнеркәсіптік даму қоры құрылып, қаржыландыру құралдары кеңейтілді. Бүгінгі таңда «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Қазіргі уақытта жұмыс тобының қарауында жатыр.
Мемлекет үшін күрделі кезеңде министрлік аз уақыт ішінде халықты қажетті медициналық бұйымдармен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін жұмысты қайта бағдарлады. Нәтижесінде, бүгінгі таңда нарықтың күн сайынғы сұранысы тәулігіне 900 мың дана бетперде болса, фармацевтикалық кәсіпорындардың (14 компания) жүктемесі 75% шамасында. Эпидемиялық ахуал ушыққан жағдайда өндірісті тәулігіне 1,5 млн данаға дейін жеткізетін қуаттылық резерві қарастырылған.
Жер қойнауын пайдалану саласында 2017 жылы батыс аустралиялық үлгі негізінде «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа кодекс қабылданды. Бүгінгі таңда жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін жалпы ауданы 733 мың шаршы шақырымды құрайтын 300 мыңнан астам блок қойылып, барлау жұмыстарына 780-нен астам лицензия берілді. Аталған бастама минералдық шикізат базасымен толықтыру үшін Қазақстан аумағын қамтуға мүмкіндік беріп, келісімшарттар саны 2019 жылғы 68-ден 575-ке дейін жетеді.
Жол инфрақұрылымы жаңарады
«Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында алдағы 6 жылда 11 мың шақырым автожол салу және қайта жаңғырту (оның ішінде 3,8 мың шақырым ауыспалы жоба), сондай-ақ республикалық жолдардың 11 мың шақырымын күрделі және орташа жөндеу жоспарланып отыр. Оған қоса, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар жолдар үлесін 100%, І және ІІ техникалық санаттағы жолдарды 60%-ға дейін жеткізу, жол бойындағы сервис объектілерімен 100% қамтамасыз ету міндеті тұр. Теміржол транзитін 49%-ға, 18 млн-нан 26,9 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Контейнерлік транзитті 2025 жылға дейін 2 есеге ұлғайтып, 2025 жылы 1,6 млн контейнерге жеткізу көзделген. Жолаушылар тасымалы жылына 8,1 млн-нан 11 млн-ға артып, 35%-ға өседі. Жоспарланған жобалардың барлығын іске асыру 550 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, көлік саласында еңбек өнімділігі 20%-ға, инвестициялар мөлшері 3 есеге ұлғаяды.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында іргелі инфрақұрылымдық жобалар, қызмет сапасын және транзиттік бағыттардың жылдамдығын арттыру есебінен Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ерекше назар аударды. Аталған бағытта министрлік 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында осал тұстарын жою үшін бірқатар іргелі инфрақұрылымдық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, 2021 жылдан бастап Достық – Ақтоғай – Мойынты (840 шақырым) учаскесін жаңғырту жөніндегі стратегиялық жобаны іске асыру учаскенің өткізу қабілетін 2 есеге арттырып, жүк тасымалдау мерзімін 1,5 есеге қысқартады. Учаскені жаңғырту кезінде 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып (пайдалану кезеңінде 120 жұмыс орны), Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде салынатын ұзындығы 73 шақырымдық Алматы стансасын айналып өтетін темір жол желісінің құрылысы жобасы бар. Жолаушылар тасымалы қызметін әрі қарай жақсарту үшін биыл 100 жаңа вагон сатып алу жоспарланып отыр. Министрлік сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін темір жолмен жолаушылар тасымалдаудың қолжетімділігін қамтамасыз етуде мақсатты түрде жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта 44 бағытта (әлеуметтік маңызды 58 бағыттың) 98 дана арнаулы вагон-купе жүреді және вагондардың ішінде еркін қозғалатын, түскенде және мінгенде қолданылатын мүгедектерге арналған арбалар бар. Сондай-ақ әлеуметтік маңызды бағыттар бойынша жүруге 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған.
Баспана мәселесін шешудің ауқымды спектрі
Тұрғындардың өмір сапасын арттыру мақсатында Қазақстанда «Нұрлы жер» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бүгінгі таңда бір тұрғынға шаққанда баспананы пайдалануға беру көрсеткіші 0,71 шаршы метрге жетті. Бұл – ТМД елдері ішінде ең жоғары көрсеткіш (Ресейде – 0,54, Беларусь – 0,43, Өзбекстан – 0,42 шаршы метр) және дамыған елдердің деңгейіне жақындады. Биыл 15 млн шаршы метр (150 мың тұрғын үй) баспана салу және 39 мың отбасына мемлекеттік қолдау көрсету жоспарланып отыр.
Заңнамалық қызмет аясында көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару органдарының, тұрғын үй-құрылыс кооперативтерінің қызметін реттейтін тұрғын үй құрылысы заңнамасына өзгерістер және жалпы мүлікті күрделі жөндеудің жаңа тетігі енгізілді.
Жалпыұлттық жоспардың 77 тармағын іске асыру үшін Тұрғын үй құрылысының бірегей операторын құру және «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдарын біріктіру (Қазақстандық ипотекалық компания, Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры, «Бәйтерек девелопмент», «Даму» АҚ-нан құрылыс салушыларды субсидиялау инструментін беру) арқылы тұрғын үй бағдарламалары операторларын қысқарту бойынша заңнама қабылданды. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ базасында «Отбасы банкі» даму және қолдау толыққанды институтын құру арқылы тұрғын үй саясатын дамытудың әрі қарайғы шаралары пысықталуда. 2020 жылдың соңына дейін «Отбасы банкіне» жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғындардың дерекқорын беріп, мемлекеттік базаларға толық қолжетімділікті қамтамасыз ету жоспарланған.
Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандардың баспана мәселесін тезірек шешу үшін жеке тұрғын үй қорынан жалдау ақысын субсидиялау (жалдау ақысының 80%-ына дейін) тетігін енгізу ұсынылды. Мұнда баспананы жалдау құнының бір бөлігін субсидиялау ұсынылады.
«Отбасы банкі» қолдау көрсетілетіндерді кезекте тұрғандардың ішінен келесі санаттар бойынша анықтайды: отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейіне дейінгі кірісінің болуы; жалдау мерзімі 5 жылға дейін, мұқтаж екенін растаған жағдайда ол мерзім ұзартылады; жалға алынатын баспананың орташа ауданы 60 шаршы метр (40-тан 80 шаршы метрге дейін); әр өңір үшін шаршы метрді жалдау құны анықталады.
Сондай-ақ жұмыс берушінің шығындарын субсидиялау тетігін енгізу жайы пысықталуда.
Бүгінгі таңда елімізде 6,5 мыңдай ауыл болса, оның 3,5 мыңдайының келешегі бар деп саналады. Министрліктің миссиясы – халықтың өмір сапасын арттыру үшін ұлттық экономика салаларын орнықты дамыту. Б.Атамқұлов Мемлекет басшысы айқындаған барлық міндет пен тапсырма ведомствоның тұрақты бақылауында болып, уақытында орындалатынын атап өтті.