Аймақтар • 16 Қыркүйек, 2020

Тамырын тіршіліктің бүлкілдеткен...

222 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекеттік бағдарламалардың аясында атқарылған жұмыс­тардың нәтижесінде ұзақ жылдан бері қордаланып қалған ауыз су, жол, жылу қазандықтары тәрізді күрделі мәселелер шешілуде. Білім ошақтары, мектепке дейінгі мекемелер жөн­деліп, ауыл көшелері жарықтандырылып, балалардың спорт алаңдары салынуда.

Тамырын тіршіліктің бүлкілдеткен...

 

Степногор қаласы мен оның маңындағы бірнеше елді мекен ауыз судың азабын тартқалы қан­ша жыл?! Алтынды өңірінің тұр­ғындары судың жоқтығынан мал баға алмай, бақша еге алмай қиналып келген болатын. Шын­дығын айтқанда, мал түгіл адам­дардың өздері таза суға зар еді. Енді, міне, «Степногорск су ка­налы» мекемесі су тазалайтын жаңа қондырғы арқылы қа­ланы да, қала іргесіндегі елді ме­кендерді де таза суға қарық қыл­мақ. «АП-Импэкс» ЖШС жаңа заманның талабына толық жауап беретін су тазалайтын құ­рылғыны таяуда пайдалануға бер­мекші. Құрылғының қуаты тәу­лігіне 48 мың текше метр су та­залауға еркін жетеді. Сілеті су қой­масынан алынған нәр ауыз суға да, өндірістік мақсатқа да пай­даланылатын болады. Жалпы құны 5 082 395 243 теңге тұратын құрылғыдағы су ең озық техно­логия бойынша сүзгіден өткі­зі­леді. Бір айта кетерлігі, жаңа құ­рылғының электр қуатын үнем­деуге әсері мол екен.

– Бұрын ауыз судың азабын көп тарттық, Заводской және Ақсу кенттерінің тұрғындары суды тасымалдап ішті. Су тапшылығынан көп шаруашылық қаңтарылып тұрды, – дейді қала тұрғыны Серікбай Бермағанбетов. – Енді, міне мемлекет қамқорлығының арқасын­да осындай жақсылық жасалып жатыр.

1

Жақсылық жалғыз су ғана емес, өзге салаларды да қамтыған. Мәселен, қаладағы №1 орта мектеп 1987 жылы салынған. Қазір мұнда 352 оқушы білім алуда. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша білім оша­ғына күрделі жөндеу жұ­мыс­тары жасалыпты. Пән ка­би­нетте­рі жаңартылып, шатыры ауыс­ты­рылған, едені жамылғымен көм­керіліп, сыртқы әрлеу жұ­мыс­тары да көз қуантарлық болып жөнделген. Ұзақ жылдан бері ағым­дағы жөндеу жұмыстары істелгенімен, дәл осындай күр­де­лі жөндеу тұңғыш рет жасалып отыр. Білім ошағының басшылары да бағдарлама шарапаты туралы жүрекжарды лебіздерін біл­діруде.

Ақсу кентіндегі №1 орта мектеп те биыл күрделі жөндеуден өткізіліп, көп-көрім жақсарып қалған. Білім ошағының сырты әрленіп, ішіндегі пән кабинет­те­рінің қабырғалары, дәліздері әк­теліп, сырланған. Еден мен те­резе де алмастырылыпты. Бұ­рынғы тозығы жеткен төбенің кей тұстары жаңаланған.

1

Қала мектептерімен қатар кә­­сіптік-техникалық білім жү­йесі де қамқорлықтан қағыс қал­маған. Мәселен, Степногор қа­ласындағы индустриялық-тех­никалық колледж құрылысшы­ның қалағынан жаңа шыққан­дай сыңғырлап тұр. Сөз арасында аталған білім ошағында 17 ма­­ман­дық бойынша мамандар даяр­­ланатынын айта кетуіміз керек. Колледж басшыларының айтуына қарағанда, бұл маман­дықтардың барлығы сұранысқа ие екен. Келер жылы жарты ға­сырлық тойын тойлайтын бі­лім ошағына «Жұмыспен қам­ту­дың жол картасы-2020» бағдар­ла­ма­сы бойынша 115 млн тең­геге жөндеу жұмыстары жүргі­зілген. Ғимараттың шатыры жа­ңар­тылып, бірінші, екінші кор­пустардың ағаш терезелері ал­мас­тырылған. Оқу корпусының кіреберісі жөнделіп, төбесі қа­лыпқа келтіріліпті. Жоба бойын­ша көзделген жұмыстардың бар­лығы мәресіне жеткен. 2020 жы­лы «Жас маман» жобасы бо­йынша да аталған оқу орнын жақ­сылық шарапаты шарпып өт­кен. Осы жоба бойынша 248 млн теңгеге токарьлық, фрезерлік құ­рылғылар алынды. Білім алушы­лар енді бағ­дарлама бойынша алған білім­дерін өндірістік тәжірибемен ұш­тастыра алады.

Қалада оқушылар мен білім алу­шыларға білім саласында жағ­дай туғызылып жатса, спортпен айналысуларына да мол мүм­кіндік бар. Мәселен, футбол, бас­кетбол алаңдары, көпбейінді жат­тығу залдары бой көтеріп, ән­шейінде бос уақыттарын қай­да, қалай жұмсарларын біл­мей жүрген жас буынға айта қалар­лықтай жанашырлық жасалып отыр. №3 мектептің маңында ені 30, ұзындығы 50 метрлік спорт алаңы салынған. Сондай-ақ №4 шағын ауданда қолға алынған фут­бол және баскетбол алаңдары таяу арада пайдалануға беріледі. Мұндай көріністі №9 шағын ауданда да көруге болады. Бұл жерде жоғарыда айтылғандардан сәл шағын болғанымен, ең бір талапшыл көңілден шығатын тәп-тәуір алаңдар салынып жатыр.

1

Қалада құрылыс жұмыстары қарқынды қолға алынған. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша
375 млн теңгеге 45 пәтерлі тұрғын үй са­лынуда. Баспана пайдалануға берілген кезде 30 пәтер әлеумет­тік жағынан аз қамтамасыз етіл­ген отбасыларға берілсе, қалған 15-і де түрлі жеңілдіктерге ие адам­дарға берілетін болады. Құ­рылыс жұмыстарына ондаған адам тартылған. Еңбекақылары да толымды. Шалғайдағы шағын қаланың тұрғындары үшін тәп-тәуір табыс табуға мүмкіндік туған.

Баянды бағдарламалар­дың нәтижесінде кем-кетігін жөн­деп, ажары ашылып келе жат­қан аудан­ның бірі – Ақкөл. Мұн­­да да бір­қатар білім ошағы мен мектеп­ке дейінгі мекемені жазда жөндеуден өткізіп, жаңа оқу жылына дейін жұтындырып қойыпты. Аудан орталығында­ғы №1 орта мектеп сонау 1936 жы­лы ашылған. Та­рихы тым әрідегі білім ошағына 40 млн теңге қа­ра­жат бөлінген. Жалпы көлемі 4030 шаршы метрді құрайтын ғи­марат «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарлама­сы аясында күрделі жөндеуден өт­кі­зіл­ген. Жөндеу жұмыстарын «Нұр­­­заман» ЖШС атқарды. Білім ошағының 2040 шаршы метрді құ­райтын төбесі жаңадан жабылып, 700 шаршы метр едені ауыс­тырылды. Сондай-ақ бұрынғы 180 ағаш терезе жаңа заманғы тереземен алмастырылды. Спорт залына жылу жүйесі тартылды. Жергілікті жерден алты адам уақытша болса да жұмыспен қам­­тылды. Бүгінде 620 оқушы оқи­­тын білім ошағы жаңадан са­­лынғандай жарқырап тұр. №3 Жайық Бектұров атындағы орта мектеп те жөндеуден өт­кі­зілді. 1985 жылы пайдалануға берілген үш қабатты ғимараттың жылу, су жүйесі алмастырылып, спорт залына күрделі жөндеу жұ­мыс­тары жүргізілді, терезелері де жаңартылды. Осылайша жаңа кө­рікке ие болды. Тыңғылықты іс ауылдарда да бар. Мәселен, «Жұ­мыспен қамтудың жол кар­тасы» бағдарламасы шеңберінде 164 618 млн теңге қаражат бөлініп, Ең­бек ауы­лындағы мәдени-спорт кеше­ніне күрделі жөндеу жұмыс­та­ры жүр­гізілді.

Аршалы ауданында да ауыз толтырып айтатын қыруар жұ­мыс атқарылып, шағын елді ме­кеннің шырайы кіріп қалыпты. Мәдениет үйіне ағымдағы жөн­деу жұмыстары жүргізілген. Қа­­зір алыстан менмұндалап, тұр­­­ғындарды мәдениет оша­ғы­на ша­­қырып тұрғандай. Аудан­дық ауру­ханаға да аталған бағдар­ла­ма бойынша күрделі жөндеу жұ­мыстары жүргізілуде.

– Ұзақ жылдардан бері жөн­деу көрмеген ауруханаға биыл бағ­дарламаның шарапатымен тап-тұйнақтай жөндеу жұмыстары жүр­гізіліп, бір жаңғырып қалды, – дейді аурухананың бас дәрігері Альбина Анюхина, – карантин кезінде аздап қолбайлау болды. Ауруханаға 1991 жылдан бе­рі күрделі жөндеу жұмыстары жүр­гізілмеген еді. Енді, міне, кіре­берістен бастап іші-сырты жұ­тынып тұр.

Бас дәрігердің айтуына қа­ра­ғанда, індеттің алғашқы легі оңай­ға соқпаса керек. Дәрігерлер уақытпен санаспай дерттің бе­тін қайтаруға, адамдарды аман алып қалуға жанталаса кі­ріс­кен. Бірнеше ауданнан медицина қызметкерлері көмекке келіпті. Қазіргі күні екінші тол­қынға қапысыз дайындық үс­тінде. Бұл орайда мемлекет қам­қорлығынан өзге жергілікті де­меу­шілердің жанашырлығын да атап айтуға болады. Олар ауру­ханаға айта қаларлықтай ма­териалдық көмек көрсеткен. Елдің бірлігін, азаматтардың жа­на­шырлығын аңғартатын жүрек жылуы жұмыстан қажып жүрген дәрігерлерге моральдық тұрғыдан үлкен әсерін тигізіпті.

«Ауыл – ел бесігі» бағдар­ла­масы бойынша аудан орта­лы­ғындағы «Светлячок», «Сол­нышко» тәрізді мектепке дейінгі мекемелер күрделі жөндеуден өткізілсе, агротехникалық колледж де құрылыс қалағынан жаңа шыққандай. Мұнда тас қа­лаушы, сантехник тәрізді сұ­ранысқа ие бес мамандық бойын­ша мамандар даярлануда. Оқу корпусымен бірге жатақхана да жөндеуден өткізілген. Айтпақ­шы, бұл жатақхана тоғыз жыл бойы бос тұрған екен, енді мі­не, қабырғалары түзетіліп, әк­те­ліп, едені мен төбесі қалыпқа кел­тіріліп, терезелері алмастырылып, жаңа ғимаратқа бергісіз кейіпке енген. Оқу корпусының алды да абаттандырылған.

Ел еңсесін көтерген осындай қадау-қадау істер мемлекеттік бағ­­дарламалардың аясында тындырылып отыр. Нәтижесінде, ұзақ жыл қаражаттың жетімсізді­гі­нен қағажу қалған нысандар ажарланып, әлі де елге қыз­мет ете бермек. Осының бар­лығы ел мұратын көз­деген бағдар­лама­лардың баяны десек, жарасымды.

 

Ақмола облысы