Технология • 16 Қыркүйек, 2020

Digital трансформация: Қажеттілік пе, тренд пе?

761 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Инновациялық даму кез-келген ауқымдағы компаниялар мен ұйымдар үшін маңызды. Нарықты жарып шыққан технологиялардың пайда болуы, цифрландандыру және өнімдердің жедел циклдары сияқты ғаламдық тенденциялар көптеген салаларда түбегейлі өзгерістер тудыруда. Осыған орай, баға өзгеруі, тиімділіктің өзгеруі, жаңа ойыншылардың пайда болуы – бұл салалардағы күштер тепе-теңдігін түбегейлі өзгертеді, жаңа идеялар мен тың жұмыстарды енгізуді едәуір жеделдетеді.

Digital трансформация: Қажеттілік пе, тренд пе?

Бүгінгі таңда біз digital трансформация туралы көбірек естиміз (немесе цифрлық трансформация), бірақ оның не екенін және қалай пайдалану керектігін адамдардың көпшілігі біле бермейді. Анықтауға тырысатын болсақ, Digital трансформация – бұл сатып алуларды автоматтандырудан бастап маркетинг пен сатуға дейінгі кәсіпорын функцияларының бүкіл жиынтығына әсер ететін кең ауқымды трансформация. Бұл цифр­лы технологияларға негізделген және тұтынушылардың сұранысының өзгеруі, технологияның дамуы және бәсекелестіктің күшеюі секілді үш негізгі драйверлердің әсерінен жүреді. Кәсіпорынның жұмыс моделінің де, инфрақұрылымының да өзгеруіне тікелей әсер етеді. Бүгінгі күні сан­дық технологиялардың ықпалына түспейтін бірде-бір компания қалған жоқ. Транзакциялардың көп бөлігі онлайн режімде жүзеге асырылады: несие алуға өтініш беру, интернет-дүкеннен тауар сатып алу, заңгерден кеңес алу немесе есепшоттағы деректерді қарау. 2020 жылғы Covid-19-ға қарсы төтенше жағ­дай кезеңі бұл арнаға серпін бергендей болды.

Digital трансформация туралы енді айтыла бастағанымен, ол біздің айналамызда көп уақыттан бері іске асуда. Трансформацияның мысалдарына келер болсақ: Газет орнын әлеуметтік желі, қағаз кітаптар орнын eBooks, дәстүрлі дүкен орнын онлайн дүкен, такси диспетчері орнын Uber, кассадағы ұзақ кезек орнын онлайн билеттер басқанын ай­тамыз. 10 жыл бұрын барлығы өз кам­паниялары үшін веб сайттар қалап, оларды белсенді түрде дамы­тып отырды. Содан кейін сайттар ке­зеңінен барлығы жарнамалық кам­панияларға көшті – жарқын лого мен шығармашылық. Қазір барлығы Интернет-технологияларды қолдана отырып, бизнесті жаңартқысы, жаңа қызмет түрлерін ұсынғысы келеді.

Digital трансформацияның қандай нысандары бар екенін қарастырайық. Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдарына сүйенер болсақ, Digital трансформация үш нысанға бөлініп қарастырылады.

Адамдар: тұтынушылар бірлесіп жұмыс істеу немесе мақсаттар мен мін­деттерге жету үшін технологияларды көбірек қолдана бастады. Мысалы, өнім жасап шығару, краудфандинг арқылы жобаларға қаражат жинау, әлеуметтік желілерді, блогтарды, форумдарды және басқаларын пайдалана отырып ерікті түрде өздеріне керек мамандарды табу.

Процестер: басқару моделінің тиім­ділігін сапалы арттыра алатын жаңа технологиялық құралдарға көшу жүруде. Бұған бұлтты қойманы және қосымшаларды пайдалану, жасанды интеллект енгізу және басқалары жатады.

Өнімдер – сәтті digital трансфор­мацияның нәтижесі болып табыла­тын жаңа өнімдер пайда болуда. Мы­салы, кеңейтілген виртуалды шын­дық, 3D-принтерлер, ашық коды бар өнімдер және т.б.

Бизнес-процессі дәстүрлі қалпы­нан өзгермейді. Адамдар әлі де қонақ­үйлерде тұрады, киім сатып алады, тек тәсілдері өзгерді: онлайн брондау, онлайн тапсырыс беру.

Digital трансформация нарық үшін қажеттілік пе, тренд пе? – деген сұраққа Softline компаниясының дамыту бойын­ша директоры «Барлық жаңа технологиялар: бұлтты және мобильді технологиялар, үлкен мәліметтер, заттар интернеті, ынтымақтастық техно­логия­лары, әлеуметтік желілер, чаттар, жасанды интеллект, тозуға болатын құрылғылар, дрондар 3D басып шығару, өздігінен басқарылатын машиналар қажеттілік үшін туған технология түрлері. Егер мысал ретінде алсақ – қазір орман өрттерін қалай бақылап отырғанымызды көрейік. Тіпті мұның бірнеше жолы бар: камералар мен түтін детекторлары, берілген аумақты айналып ұшатын дрондар немесе 3D басып шығару: енді зауытта плиталар немесе кірпіштер шығуын күтудің қажеті жоқ, жай өнеркәсіптік 3D принтерін пайдаланып, ғимаратты басып шығарады. Мұндай эксперименттер қазірдің өзінде жүргізілуде. Дегенмен технология әлі де өсуі керек – әзірге оның кө­ме­гімен тек шағын ғимараттар салуға бо­лады», деді.

Алдағы 5 жылдағы сандық трансформация бизнесті жүргізудің тиімді компоненті болуға уәде береді. Ол трансформация сәтті өтуі үшін digital трансформацияның келесі ережелерін сақтау керек:

1. Тез бейімделу

Біз сенімді бола алатын бір жайт – технологияның одан әрі өзгеруі мен өсуі. Сондықтан егер жетістікке жет­кіңіз келсе, сізге нарықтың қажетті­ліктеріне тез бейімделіп, digital техно­ло­гияларды өз компанияңыздың бола­шағы үшін белсенді қолдануыңыз қажет. Digital трансформация – бұл бренд­тің технологиясы мен корпо­ративті мәдениетінің симбиозы екенін ұмытпаңыз.

 

2. Тұтынушы бірінші орында

Тұтынушының тәжірибесі кез-келген digital трансформацияның мақ­саты болып табылады. Бүгінгі күннің тұтынушылары өте талапшыл және олар өздерінің қажеттіліктері мен идеал­дарына сәйкес келмейтін брендтермен жұмыс істеуді тоқтатады.

Бүгінгі таңда клиенттер үшін сіздің брендіңізбен олар үшін ыңғайлы кез келген уақытта қарым-қатынас жа­сау мүмкіндігі өте маңызды және бұл өзара әрекеттесу процесі пайдалану­шылар үшін жағымды болуы керек. Аналитика көмегімен сіз өзіңіздің клиенттеріңіздің кім екенін, немен айналысатынын, қандай дүниелерге мән беретінін анықтай аласыз және олардың сіздің брендпен өзара әрекеттесуін оңтайландырасыз.

 

3. Инновациялық әрекеттер

Сіз бәсекеге қабілетті болғыңыз келе ме? Бұл сіз қолдануды жос­пар­лап отыр­ған барлық жаңа техноло­гиялар мүмкіндігінше тезірек зерт­теліп, енгізілуі керек дегенді біл­діреді. Сіздің компания идея­дан іс­ке асыруға неғұрлым тез жүрсе, сіз өзіңіз үшін нарықты реттеу үшін соғұрлым көп мүмкіндік аласыз. Бір­неше жыл бұрын банктер әр­түрлі жағдайларда клиенттерге кө­мектесетін кеңес берушілермен толы болған еді. Қазір банктер «виртуалды көмекшілерді» бел­сенді түрде енгізуде – клиенттердің сұрақтарына жауап беретін боттар. Бұл бай­ланыс орталығы қызметкерлерінің санын мың консультанттан жүзге дейін қыс­­қартады. Осындай қызметтерді құру үлкен құрылымдар үшін өте үл­кен әле­ует­ті көтереді және қызмет­кер­лер­дің жа­ла­қысынан қаржы үнем­дейді. Мұндай ин­вестициялар қар­жылық жағынан да, уа­қыт шығындары жағынан да өзін ақтайды.

Digital трансформация формулалық өнім немесе бәріне бірдей ережелер жиын­­тығы емес. Бұл брендтің жеке ерек­шеліктерін ескере отырып құ­рылған бизнеске жаңа көзқарас. Н­арық­тағы бәсекеге қабілеттілік ком­па­ния­лардың қаншалықты икемді және өзгеруге дайын екендігіне байланысты.

Digital трансформация қоғамның барлық саласының алдында тұрған қа­жет­тілік. Сол себепті, алдағы уа­қыт­­та кез келген компания кәсіпті авто­мат­тан­дыруға,нарықта жаңа дең­гейге және же­текші орынға шығуға көмек­тесетін digital жо­баларды іске асыруға ұмты­луы тиіс.