Тарих • 16 Қыркүйек, 2020

Елдегі ерлік іздері

813 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Көкшетау мен Қараөткелдің арасындағы сайын даланы жайлаған жалпақ жұрттың өткендегі өрелі ісін, өнегесін, кейінгі ұрпаққа қалдырған аманат мұрасын дархан даланың төсіндегі ескерткіштер жырлап тұр. Олар осы топырақты сүюге, құрметтеуге, қастерлеуге баулиды, ерлікке үндейді, елдікке шақырады.

Елдегі ерлік іздері

Аңғал батыр зираты

Ежелден тылсым сырға толы Ерей­ментау етегіндегі жалпақ жұрттың байыр­ғы қоныстарындағы барлық нысандар кешені әйгілі Бөгенбай батырдың атымен тығыз байланысты. Олар облыстың киелі жерлері санатында. Нақтырақ айтатын болсақ, кешенге батырдың жерленген жері, стелла және батыр атындағы тарихи музей кіреді.

Ел аузында сақталған аңызға қарағанда, сонау 1775 жылы Ереймендегі Қоржынкөл басындағы Қанжығалы Бөгенбай батыр ауылы Сілетідегі жайлауға көшіп шығады. Сілеті өзенінің терістігінде ағып жатқан Киікбай өзекшесінен өткен соң Бөгенбай батыр жаппа күркенің ішінде 98 жасында дүние салған екен деседі. Ол кезде хан Абылай Омбыға жол жүріп кетсе керек. Мәйітті хан келгенше қарағай бөренелерден биік сөре жасап, былғарыға орап, сонда сақтайды. Сол жер кейін Бөгенбай сөресі деп аталып кеткен. Ескерткішке «Бұл жерде 1775 жылы қазақтың қамал қорғаны болған батыр Бөгенбай қайтыс болған» деген жазуы бар гранит тастан тақтайша орнатылған.

1991 жылы маусым айында Ерейментау қаласына кіреберістегі төбешікке Бөгенбай батыр стелласы орнатылды. Ел қорғаған ердің ерлігі мен өрлігін бүгінгі ұрпағына қапысыз меңзеп тұрғандай ат шаптырым жерден көзге түседі. Сол сәтте көкірегіңе мақтаныш сезімі құйылып, тұла бойыңды өрліктің өкпек желі шарлап кеткендей болады. Сонау биіктің басынан батыр баба көз салып қарап тұрғандай. Стелла мырышпен қапталған металл құрылымнан тұрады. Жоғарыға қарай өрлеген найзалары және оған асылған қалқандары бар үш бөлімді орталық композиция үш жүздің бір күмбез астында жиналғанын бейнелейді. Үш найзаны біріктіретін қалқанында «Қорған болған еліме, айбар болған жеріме, қойылды осы ескерткіш, бұрын Бөгенбайдай еріме. XX ғасыр ұрпақтарынан» деп жазылған.

Тағы бір ер, көзсіз батыр – Киікбай Байғараұлы. Батырдың кесенесі Атбасар ауданы Сергеевка ауылы маңында. Жоң­ғар шапқыншылығы заманында өмір сүріп, жаугершілікте қаза болған Киікбай Байғараұлы – Қытай мен Моңғолияда ғұмыр кешкен қандастарымыздың арасында есімі кеңінен танылған тұлға. Батыр шамамен XVII ғасырдың соңында Қалба өңірінде дүниеге келіп, 1740 жыл­­дары Арқа жерінде қаза тапқан. Ұрпақ­тан ұрпаққа жеткен шежіре деректерде Арқалықтың Алғадай, Ақөзен деп аталатын өңірінде өмірден өткендігі айтылады.

Абзал бабамыз үш жүзге «Киікбай шешен» деген атпен белгілі болған. Өйткені бала жасынан ел сөзіне араласқан би, шешен, әділ қазы болыпты. «Киікбай би айтыпты» дейтін төмендегідей өлең жолдары ел аузында әлі де сақталып қалған.

Ауылым – атам, білімім – бойымдағы бабам,

Салтанатым – сабырым,

сүзіп сөйлейтін сөзім,

Нан табарым нәрім,

Жанашырым – жарым мен анам,

бақытым – балам.

Бұл – менің толғаным,

армансыз болғаным.

Ал ел ішінде Киікбай жайлы айты­латын мынадай аңыздар бар. 1723 жыл­ғы ашаршылық, ақтабан шұбы­рын­ды жаугершілік кезде туған тұңғыш бала­сының атын тар заманда туды деп Арық, екінші баласының атын ел жүдегенде туды деп Құл қойыпты. Үшінші баласының атын ел көбең тартқан соң Көбеген қояды. Төр­тінші баласының атын жаудың бетін қайта­рар ер болсын деп Оңбай қойыпты. Аман, Оман есімді қыздары да болған деседі.

Ел ішінде Қосағалы батыр туралы дерек аз. Әйтеуір осындай батырдың болғандығы белгілі. Кесене Зеренді ауданының аумағындағы Азат тауында. Қосағалы батыр Төлекұлы шамамен 1740 жылы туып, 1813 жылы өмірден өткен. Ел ішінде сақталған деректерге қарағанда, Орта жүздің ханы Уәлидің заманында өмір сүрген. Дәулескер күйші Дәулеткерей өзінің «Қосағалы» атты күйін арнаса, Ақмола-Көкше аймағында оның атымен аталатын жер, су атаулары да кездеседі. Қосағалы алып денелі батыр болған. Жерленген орны 4 метрді құрайды. Зираттың маңдайшасында арабша, қабір басындағы жазу қазақ және орыс тілдерінде таңбаланған. Онда «Руы Жақсылық қарауыл», «Богатырь Қосағалы Толеков» деп жазылған.

Шағалалы өзенінің тауды айналып өтетін тұсында жақсылық қарауылға жататын Сай ауылынан тараған Жалғыз қарағай, Қырдағы ауыл, Былқылдақ, Өзен қарағай дейтін ауылдардың соңғысын Қосағалы батыр мекендеген. 1723-1730 жылдардағы Ақтабан шұбырындыда жадап-жүдеп осы жаққа жеткен қандас­тарымызға мал, жер беріп көмек көрсеткен атымтай жомарттығына сай ел-жұрт оны Баянұлы Бай-Төлек атап кеткен деседі. Қосағалыны өз заманында Омбы шенеуніктері, татар байлары да танып, сыйласып, онымен санасқан. Оған Омбы губернаторы тарапынан «Алтын тон» аталатын оқалы шапан тарту етілгеніне жәдігер жұрнағының күні кешеге дейін батыр ұрпағы Дәкен Боқанов ақсақалдың үйінде сақталып келгендігі дәлел.

Жаудан беті қайтпаған Қазы батыр – тек алып күштің иесі ғана емес, сонымен бірге адал, ақжүрек, кішіпейіл, көпшіл, барлық жұрт үлгі тұтарлық адамдардың бірегейі. XVIII ғасырда өткен Орта жүз батырларының бірі, жоңғар басқыншыларына қарсы күресте Абылай хан, Ер Қабанбай, Бұқар жырауларға сенімді серік болған шешен адам. 1750 жылдарда жоңғар басқыншыларының бір тобы Байжігіт елін шауып, мал-жандарын тонап әкетеді. Абылай атақты қолбасшылары мен батырларын арнайы кеңеске шақырып, туған жерді жаудан тазартуды тапсырады. Қазы батыр Жәнібек хан кезіндегі қарадан шықса да жеті атасынан әйгілі батыр тұқымы болғандықтан, өзінің асқан ерлігі, халық үшін жан пида етерлік істері арқасында көп кешікпей уақ руының көсеміне айналған. Батыр көп­теген соғыста үлкен ерлік жасап, жеңіс­­ке жеткен екен. Өзіне мекен болар жерін қылышының ұшымен нұсқап, «менің қонысым осы жерде болады» деп айтқан көрінеді. Қазы батырдың жерленген жері Ақкөл ауданындағы Урюпинск ауылының батысына қарай екі шақырым қашықтықта.

Халқына ерлігімен еңбек сіңірген ел қорғаған ердің бірі – Қалақ батыр. Батыр  – XVII ғасырдың басында жоңғарға қарсы шайқасқан адам. Алатаудың етегінде жоңғарлардың Шамалған, Қаскелең, Боралдай секілді аты шулы батырлары ажал тапқан сұрапыл шайқастарда ерен ерлік көрсеткен деседі. Аңыз желісіне қарағанда, аса ірі денелі алапат күш иесі екен. Бір жақ бетінде қыл өскен қара мең, арқасында жалы бар өте сұсты адам болса керек. Сонысына қарамастан аса салмақты, жылы жүректі, қамқор, әділ болған. Алыс сапарларда екі-үш айлап жүріп оралғанда, 4-5 жетім баланы ала келіп, «бұлар баяғыда жаугершілік уақыт­та кетіп қалған туыстарымның ұрпақтары» деп бауырына басқан екен. Батыр Зеренді ауданы Күсеп ауылында жерленген.

Арқада аты қылған Аңғал батыр 1770 жылы дүниеге келіп, 1867 жылы пәниден бақиға көшкен. Біржан сал ауданындағы Аңғал батыр ауылының солтүстігінде үш шақырымдай жерде жерленген. Қазіргі уақытта ол жер «Қосқарағай» деп аталады. Профессор Е.Бекмахановтың «Қазақстан XVII-XIX ғасырларда» атты еңбегінде Кенесары қолының құрамында халық ара­сында танымал, өте ықпалды батырлар болды. Солардың ішінде атақтылары Шұбырпалы Ағыбай, Жанайдар, Иман Дулатов, Аңғал батыр, Жеке батыр, Бұғы­бай. Олар көтерілістің соңына дейін Кене­­сарыны қолдады. Аңғал батыр Қа­ра­­өткел, Аягөз бекіністеріне шабуыл жа­са­­ғанда асқан ерлік көрсеткен. Аңғал ба­тыр­­­дың барында барымташылар мен жер­ге қызыққан ашкөздер аяғын аңдап басыпты.

Ел аузында сақталған аңызға қара­ғанда, қақаған аязда аяғымен көлдің мұзын теуіп, жарып шомыла береді екен. Мұртына қатқан мұз сүңгіні қамшысымен ұрып түсіріп, денесінің суын сүртпестен киіне береді екен. Аңғал батыр алып денелі адам болған деседі. Батырды анау-мынау ат көтере алмайды екен. Отырған кезде үй орындай ойық қалатын делінеді кейбір естеліктерде.

Қабыл батыр туралы толық ақпаратты Е.Бекмахановтың «XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақ КСР-нің тарихы» тарихи монографиясынан табуға болады. Ол – қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының өмір сүрген дәуіріндегі сайыс руынан шыққан батырдың бірі. Хан басшылығымен патша үкіметіне қарсы күреске қатысушы және әскери кеңесшілерінің бірі болды.

Сырдария өзенінің жағалауында дү­ние­ге келген Қабыл батыр көтеріліс аяқ­тал­ғаннан кейін сол өлкеде қалған деседі. Кейін Жарқайың ауданы маңын­дағы Далабай ауылы төңірегінде ғұмыр кеш­кен. Ауыл батырдың құрметіне Қабыл ауылы деп аталған. Қазір ауыл маңында оның зираты бар.

1

Қабыл батыр зираты

Ақмола облысы