Аймақтар • 17 Қыркүйек, 2020

Көкшетаудың қарбызы

304 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жазы жабырқау, күн сәулесі кемшін біздің өңірде бүйірі толық, дәмі тіл үйіретін қарбыз өседі деу адам сенгісіз жаңалық. Бұрын-соңды болып көрмеген қызық жай биыл орын алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Көкшетаудың қарбызы

Қарбыз кәдімгідей құнарлы алқапта емес, мекеменің ауласында бос жатқан тоқымдай жерге егіліпті. "Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы" облыстық филиалының қызметкерлері әлгі жерден алпыстан астам қарбыз жинап алыпты. Көргеннің бәрі таң-тамаша. Айтуларына қарағанда, елордадан әртүрлі жеміс дәнін арнайы әкеліп, аулаға отырғызу тәжірибесі бар екен.

Бұл жолы астрахандық қарбыз тұқымын мамардың ортасында топыраққа сіңірген. Әйтсе де, алғашқы бетте шығар ма, шықпас па екен деп көңілдері де күпті болғанға ұқсайды. Қылтиып көрінген соң құлағынан тартқандай еңбектерін сіңіріпті. Күн сайын суарып, маңайындағы арамшөбін жұлып, баладай баптаған.

Сірә, биылғы жылдың қара қарғаның миы қайнайтындай ыстығы әсер еткен болуы керек, алғашқы өнімнен өздері дәм татыпты. Орташа салмағы 14 келіге жеткен қарбыз құлақтанған жұрттың құшағында кеткен. Келер жылы арнайы орын дайындамақ. Кім білсін, бағалы бастама елеңдеген ел тарапынан қолдауға ие болса, қолат-қойнауы қазынаға тұнып тұрған Көкшетаудың төсінде де қарбыз өсіруге болатын шығар.

 

Көкшетау қаласы