Төменде баяндалатын баянның бұған тікелей қатысы бар. Мәселенің мәнісі мынада. Ырғыз ауданы орталығына таяу тұстағы Самара-Шымкент халықаралық автожол дәлізі мен Ырғыз-Шалқар-Ембі-Қандыағаш тас жолдары қиылысын үлкен жол көлік логистикасы орталығына айналдырудың мүмкіндігі мол, қажеттілігі қапысыз екендігі.
Өйткені аталған аралық Батыс Еуропа мен Батыс Қытайды жалғап жатқан халықаралық көлік дәлізінің бойында тұр. Сондай-ақ алдағы жылы "Орталық - Батыс" жобасы аясындағы құрылыстар қолға алынып соған сәйкес салынатын күре жол да дәл осы тұстан түйіспек. Мамандардың мәлімдеуінше бұл көлік-логистикалық тұрғыдан өте тиімді. Әрі мұның өзі тоғыз жолдың торабында тұрғындардың жиірек қоныстауына жол аша алатын демографиялық және әлеуметтік тұрмыстық маңызы зор жоба деуге де әбден болады.
Әсіресе оның аумағы үлкен, тұрғындар саны шағын шалғайдағы Ырғыз ауданына тигізетін пайдасына ешқандай баға жетпейді. Бұған қоса қиылыстың елдік мүддеге қажетті тағы да тиімді тұстары бар. Біріншіден осы арқылы Батыс пен Шығыз аралығындағы шетелдік транзиттік көлік ағыны жиілей түседі. Екіншіден республиканың батыс аймақтары мен онымен іргелес Сыр өңірінің орталық облыстармен, соның ішінде елордасы Нұр-Сұлтан қаласы мен көлік байланысын қалыптастыруға жол ашады. Айталық қазіргі кезде сарапшы-мамандар Ақтөбеден Нұр-Сұлтан қаласына Қостанай арқылы жүретін тас жолға қарағанда, оған Ырғыз арқылы жету төрт жүз шақырымға қысқа екенін мәлімдеп отыр.
"Жаңа жобаның тағы бір ұтымды жағы тарихы терең, шежіресі бай және тарихи-мәдени ескерткіштері мол қасиетті ырғыз жерінде туризмді дамытуға үлкен септігін тигізе алатындығы. Мысалы әлемге әйгілі Жаманшың метеорит кратері қиылыстан небәрі қырыз шақырым жерде", дейді Ырғыз ауданының әкімі Аққанат Шахин.
Қалай дегенде де бүгінгі күні қиылыс аумағын жаңа заман талаптарына лайықтау, әрі соған сәйкес инфрақұрылымдық жүйелер құру ісін қолға алу кезек күттірмес міндеттердің бірі екендігі айқын. Әрине, бұл қалпақпен соғып ала қоятын по-оңай іс емес екеніне көңіл аударған жөн. Оның бірнеше сатыдан тұратын күрделі үдеріс екендігі дәлелдеуді қажет етпейді.
Осы орайда Ырғыз ауданы әкімдігі өз қызметі шеңберінде жүргізілетін істерді қолға алып жатқаны қолдауға әбден лайықты. Бұл үшін ең әуелі қиылыстан 1250 гектар көлеміндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқапты елді-мекен орналасатын жерге ауыстыру жөніндегі мәселе қолға алынып жобасы жасақталған. Соған сәйкес жергілікті қоғамдастық хаттамасы және аудан әкімдігінің қаулысы мен аудандық маслихаттың шешімі қабылданған. Қазіргі күні аумақта жаңадан тұрғызылатын елді-мекенге атау беру мәселесі талқылануда. Жергілікті тұрғындар оған "Жаңа Ырғыз" атауын бергенді жөн көреді. Дегенмен оның соңғы нүктесін облыстық ономастикалық комиссия айқындайтыны анық.
Бүгінде елді-мекен аумағына ауыстырлған жерге жан-жақты жоспарлау жобасы белгіленіп оған инженерлік-коммуникациялық желілер тарту мәселесі қозғалу үстінде. Аудан орталығынан не бәрі 25 шақырымдағы қиылысқа электр желісі тартылған. Оның Ырғыз кентіне жақын тұруы да ауыз су мен газ құбырын тарту үшін өте ыңғайлы, әрі тиімді екендігі талассыз. Міне, қазіргі күні шалғайдағы Ығрыз топырағаында осындай ілкімді іс бастауын түріп отыр. Әрине, мұнда облыс тіпті республика деңгейіне атқарылатын мәселелер де бар. Оның бәрі уақыты келгенде өз шешімі мен ыңғайын табады деген ойдамыз.
АҚТӨБЕ облысы
ЫРҒЫЗ ауданы