Бұдан бұрын жазғанымыздай, егіс алқаптарының біразына жазғы аптап ыстықта ұзақ уақыт тамшы тамбады. Соның кесірінен астық шығымы төмен. Дегенмен кейбір аудандарға жауын әредікте құйып кетіп отырған. Соның нәтижесінде олардың астық шығымы жоғары. Облыс басшыларының талап етуімен астық алқаптарына 100 мың тоннадай тыңайтқыш та себілген еді. Химиялық жолмен арамшөпті отау жұмыстары да өз уақытында жүргізілді. Сол арқылы биылғы жауынсыз жаздың өзінде гектер шығымы орташа алғанда 14,5 центнерден айналуда.
Қазір облыстағы егіс алқаптарында жүйткіген 75 мың комбаин күндіз-түні гүрілдеп, алтын астықты жинауда. Оларға Үкіметтің көмегімен арзандатылған жанар-жағармай толығымен жеткізілген. Ауа райы да соңғы күндері ашық болып, диқан қолын байлаған жоқ.
Алдыңғы орында Қызылжар ауданының диқандары келеді. Бұл ауданның жер құнарлылығы жоғары әрі тасымал жұмыстарында шығын аз болады. Өйткені аудан облыс орталығының іргесінде болғандықтан инфрақұрылымның, соның ішінде жолдың сапасы жоғары. Бұл артықшылық басқа аудандарда бар деп айта алмайсың. Жылда айтылғанымен жолдың сапасыздығынан астықтың 15-20 пайызға жуығы рәсуа болады.
Кешегі күнгі мәлімет бойынша 4 млн тоннаға жуық астық бастырылғын. Осының өзі қызылжарлық диқандардың белгіленген межені асыра орындайтынын көрсетеді.
Былтырдан бері облыс майлы дақылдар егуден республика өңірлері арасында алдыңғы орынға шықты. Қазір майлы дақыл өнімдері 700 мың гектарға жуық жерден жинап алынды. Гектар берекесі орташа есеппен 8 центнерден айналуда.
Еліміздің аса ірі астықты аймақтарының біріндегі орақ науқанының барысы әзірге, осындай.
Солтүстік Қазақстан облысы