Театр • 18 Қыркүйек, 2020

"Дон Паскуале" спектаклінің премьерасы онлайн форматта өтеді

217 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

"Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театрының Камералық залы сахнасында Г.Доницеттидің "Дон Паскуале" операсының премьерасы өтпек. Спектакль көрерменге 2-3 қазанда Tengri TV-ден онлайн-режимде ұсынылмақ, деп хабарлайды Egemen.kz

"Дон Паскуале" спектаклінің премьерасы онлайн форматта өтеді

Біз осыған байланысты спектакльдің сценографы әрі костюмдер бойынша суретшісі Манана Гуниа мен көркемдік жетекшісі Алла Симонишвилиден жаңа қойылымға дайындықтың барысы мен спектакльдің ерекшеліктері туралы айтып беруін сұраған едік.

– Мұнда оқиғалар желісі өткен ғасырдың бастапқы жылдарына, яғни BELLE EPOQUE дәуіріне ауыстырылады. Бұл – адамзат тарихында елеулі оқиғалар орын алған айрықша  дәуір, Еуропа қоғамында әлеуметтік әрі экономикалық дағдарыс туындай бастаған нағыз аумалы-төкпелі кезең, алда бірінші дүниежүзілік соғыс, ескі қоғам өзін-өзі жойып, құлдырауға ұшырайды, алайда оның орнына тың дүние келе қоймаған сәт, анығын айтқанда, зиялы қауымның орнын алаяқтар, өзіндік ұстанымы жоқ арсыз адамдар басуға тырысқан кез еді. Моральдық, мәдени әрі әлеуметтік құндылықтарды қайта бағалау – үлкен маңызға ие. Әр кейіпкердің бойынан ашкөздік, менмендік, күндестік сияқты опасыз сезімдер атқақтайды... Олардың әрқайсысы үлкен бір ымыраға барып, түбінде өз мақсатына жетеді. Драматург Доницеттидің кемеңгерлігі жұмыр басты пендеге тән өресіздік пен әдепсіздікті күлкімен әрі әзілмен жеткізеді, көрерменнің көкейінде ой қалдырады, кейіпкерлердің бойынан өз мінін сезініп, ойлануға мүмкіндік береді.

Спектакльдің безендірілуіне арқау болған ART NOUVEAU (арт-нуво) немесе модерн стилі декаданстың нәзіктігін баса көрсетіп тұр. Пішіннің талғампаздығы, материалдардың эклектикасы, түстер гаммасы сән-салтанат пен мамыражай ахуалды туындатады. Оқиға дон Паскуале да Корнетоға тиесілі римдік қонақ үйде өтеді. Тұтас қабырғаны алатын үлкен терезелер сахнада бөлек бір әлемнің тынысын сездіреді және түстер мен жарық табиғи түрде құбылып отырады, оқиғаның, әрекеттің шынайы қабылдануына әсер етеді, соңғы көріністе көктемгі баққа айналып шыға келеді. Декорациялардың трансформациясы зәулім қонақ үйдің күнделікті тіршілігін жақыннан бақылап отырғандай әсерге қалдырады. BELLE EPOQUE соңындағы костюмдер басты кейіпкерлердің әлеуметтік әрі психологиялық сипатын аша түседі. Әсіресе бас қаһарман Норинаның визуалды трансформациясы қарқынды дамиды. Дон Паскуаленің бейнесі жаңа қырынан ұсынылады. Ол езуге күлкі үйіретін қарт емес, егде тартқан «дэнди», ақсүйек азамат ретінде сипатталады. Оның костюмдері қатаң эдвардиан стилінде жасалған және кейіпкердің сырбаз да сымбатты тұлғасын аша түседі. Хор мен миманс маңызды рөл атқарады, әрбір әртістің костюмі кейіпкерлердің жеке-дара мінез-құлқына лайықталған.  "Дон Паскуале" маған зор қуаныш сыйлады, себебі бұл опера оны түрлі қырынан айшықтап ұсынуға мүмкіндік туғызады. Еркін көсіліп, шығармашылықпен айналысуға берілген мүмкіндік үшін өте қуаныштымын, – деп әңгімесін түйіндеді Манана Гуниа.

Ал қойылымның көркемдік жетекшісі Алла Симонишвили  операның репертуардағы таңдаулы спектакльдер санатына қосылатынын айтты. Сондай-ақ драматургиялық жинақылығы, әзілмен өрілген құлаққа жағымды мәтін жеңіл әрі тез қабылданатынына сендірді.

– Композитор дауыс ерекшелігі мен оркестр ойынын өз деңгейінде тамаша пайдаланған. Өзін жас сезінетін егде жастағы ер адамды (бас) сипаттай отырып, композитор би ырғағын пайдаланады, алаяқ қудың (баритон) бейнесі өзіне лайық тұрпаттағы сөздермен, әдемі әуенмен, ғашықтықтан басы айналған бозбала (тенор) кернейдің "мұңды" дара сазымен, ал мінезі шатақ жас әйел бейнесі жарқын колоратурамен берілген. Опера партитурасындағы арияларда, дуэттерде, ансамбльдерде... вальстің ырғағы басым, бұл да, әрине, кездейсоқтық емес. Вальсті барлық тұлғалар тартылып кете баратын өмірдің шексіз иірімі ретінде қарастыруға болады және оның барлығы қайталанып отырады. 

Дон Паскуаленің оқиғасы өте қарапайым, солай бола тұра, айшықты. Автор өз операсын dramma buffa (күлкілі драма) деп бекер атамаса керек. Осы арқылы ол өз мақсатына қол жеткізу жолын іздеп жүрген кейіпкерлердің арасындағы қарым-қатынасты толық қамти алған. Операның комедиялы сипатын емес, анығында, оның сатиралық қырын айрықша атап көрсеткен. Бұндай жағдай бүгінгі қоғамда да көптеп кездеседі. Сол себепті де қойылымды ескірмейтін, замана тілімен жырланған классикалық туынды деуге толық негіз бар. Кісіні өзінің ішкі әлеміне, болмысына үңілуге, көп нәрсені қайта бағалауға мүмкіндік береді. Өнердің басты мақсаты осында, дейді Алла Симонишвили.

Қойылымның қоюшы дирижері  – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин, қоюшы режиссері – Наталья Кагадий. Бас хормейстері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, жарық бойынша суретшісі – Сергей Кулак. Жоба үйлестірушісі – Маржан Жәкенова. Онлайн-премьера сағат 18:00-де және 19:00-де өтпек.