Қала әкімі Болат Жұмабеков жуырда ғана қысқа дайындалу мүмкіндігі төмен үйлерді аралап, тұрғындармен кездесті.
«Қысқа дайындықта пәтер иелері кооперативтерінің басшыларына ғана қарап отыра беруге болмайды. Әрбір тұрғын бұл іске белсенді араласуы керек. Мына үйде ПИК те құрылмаған. Ыстық судың қысымын тексеруге де үй дайын емес. Сондықтан бәріңіз бірлесіп, қысымды тексеруге дереу ақша жинауларыңыз керек», деді ол Маяковский көшесіндегі №93 үйдің ауласында тұрғындармен кездескенде.
Ал үйдің ПИК-сіз, қоғамдық негізде сайланған басшысы Г.Дәрібаева тұрғындардың қысымды тексертуге қажетті 35 мың теңгені жинап бере алмай отырғанын айтты. Әкіммен кездесуге келгендер мұндай жайбасарлықты қойып, өзге емес өздері үшін дереу ақша жинауға уәделерін беріп тарқады. Барлығы 140 пәтердей болатын үйдің айналасы 35 мың теңгені жинап бере алмай отырғаны ақылға сыймайтын іс. Г.Дәрібаева тұрғындардың әлі де масылдық пиғылда екенін айтты.
«Бізге әкімдік істеп берулері керек», дейді тұрғындар. «Сенің пәтерің жекеменшік, неге саған әкімдік жасап беруге тиіс», деп олармен үнемі таласып жатамын», дейді ол.
Жалпы, Петропавл қаласында 1 090 көпқабатты үй бар. Соның 1022-сінде бүгінге дейін су қысымына дайындық тексерілді. Қалған үйлер әкімдіктің қадағалауына алынып, ондағы жұмыстың тезірек атқарылуы тексерілуде. Тек қана дайындық паспорты қолдарында тұрған үйлерге ғана жылу беріледі деп жылу орталығы да құлақтандыруларын ілуден танар емес.
Қала әкімдігі 2019-2020 жылдардағы қысқы маусымда жылу бойынша түскен арыз-шағымдарды тексеріп, онда көрсетілген олқылықтар бойынша шара белгілеуде. Барлық 179 шағымды көтергенде биыл да сол үйлердің 74-інде былтырғы жағдай жалғасып келе жатқаны анықталды. Бұл үйлер су қысымын тексеруге асығар емес, әлі күнге дайындық паспорттарын алмаған. Міне, осы үйлер әкімдіктің қатаң қадағалауына алынғанының нәтижесінде 42 үйде қысымды тексеру жүргізілді.
Жоғарыда айтқанымыздай, орталықтан жылытылатын 1022 үй жылу қабылдауға дайын болып, паспорттарын алды. Бұл барлық үйдің 93,3 пайызы деген сөз. Былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда, бұл – озық көрсеткіш. Былтыр дәл осы уақытта 723 көп қабатты үй ғана дайындық сапына қойылған еді. Демек, биылғы дайындық былтырдан 27,4 пайызға жоғары болып отыр. Дайындық жұмыстары 20 қыркүйекте аяқталады деп белгіленген. Кейінгі үш жылда ол 23 қыркүйекке дейін созылып, жылу беру маусымы үш күнге кешіктірілуде. Қыркүйектің қара суығы жедел түсіп кетсе, бұл күндері жас баласы және қарт адамдары бар үйлер бүрсең қағады.
Қалаға жылу беретін «Петропавл жылу жүйелері» ЖШС жылу беру маусымына негізінен дайын. Өздерінің бағдарламасына сәйкес олар жылу беруді алдымен балабақшалар, емдеу және оқу орындарынан бастайды. Содан кейін қаланың шағын аудандарынан бастап жылу береді. Биылдың жылу бағасын монополияға қарсы комитет г/каллориясына 2 740 теңге көлемінде бекіткен.
«Петропавл жылу жүйелері» ЖШС биыл 14 шақырым жылу беру жүйелерін жаңартуды жоспарлаған. Қазір соның негізгі бөлігі аяқталды. Бірақ өздері алдағы уақытта жаңарту жұмыстарын арттыру қажеттігін айтады. Бір айтарлығы, серіктестік өкілдері бекітілген тарифтің тым төмен екендігін алға тартады. Мәселен, кәсіпорынның бас директоры Андрей Калиничев жылу жүйелеріндегі барлық жабдықтардың 70 пайызға, магистральдық жүйелердің 76 пайызға тозғандығын айтады.
«Біз жыл сайын кем дегенде 18,4 шақырымның құбырларын ауыстыруымыз керек. Өкінішке қарай, біз бүгінгі тарифпен бұл жұмыстарды атқара алмаймыз», дейді ол.
Қалай десек те еліміздің Солтүстік қақпасы қыс маусымын қарсы алуға негізінен дайын деп айта аламыз.
Солтүстік Қазақстан облысы