Әкімнің сипаты
«Егер азаматтарымыздың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олардың өздерін осы іске белсенді түрде тартқан жөн. Алдағы саяси реформалардың барлығы халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыруға бағытталуы керек. Мысалы, қоғамдық пікір ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отыр. ...Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын». Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтқан сөзі.
Ал бұған дейін жанама сайланған ауыл әкімдерінің тәжірибесі нені көрсетті? Жетістігі мен кемшілігі қандай? Осы және басқа да өзекті мәселелерді Батыс Қазақстан облысының мысалында сараптап көрсек.
Батыс Қазақстан облысында 151 ауылдық және кенттік округ бар. Осы округ әкімдерін жанама сайлау үрдісі басталғалы бері бірқатар тәжірибе жинақталды деп айтуға болады. Батыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясы берген мәліметтерге қарағанда, 2017 жылы – облыста ауыл және кенттік округ әкімдерінің 111 сайлауы, 2018 жылы – 36 сайлау, 2019 жылы – 46 сайлау, 2020 жылдың І жартыжылдығында – 19 сайлау өткен.
Биылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша, 151 ауыл әкімінің ішінде 142 әкім, яғни 94%-ы өз қызметінде. Оның ішінде 128 (90,2%) әкім – ер адам болса, 14 (9,8%) әкім ғана әйел.
Әкімдерді жасы бойынша жіктесек, 23-29 жас аралығында – 5 адам, 30-39 жас аралығында – 42, 40-49 жас арасында – 45, ал 50 жастан жоғары – 50 адам бар екен.
Әкімдердің бәрі де жоғары білімді. Соның ішінде 45 әкім – білім саласының маманы болса, 24-і – экономика және бизнес саласын меңгерген. 22 әкім заңгер екен. 19 адам – ауыл шаруашылығы саласының маманы болса, тағы 16 әкім нақты мал дәрігері оқуын оқыған. Әкімдердің жалпы мемлекеттік қызметтегі орташа еңбек өтілі 10,5 жыл болса, атқарып отырған лауазымдағы орташа еңбек өтілі – 2,8 жыл шамасында.
– Бүгінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ауыл әкімдерінің беделін көтеру, мемлекеттік басқарудың озық тәжірибелерін кеңінен насихаттау, үздік кәсіби білімі мен дағдылары бар ауыл әкімдерін анықтау және ынталандыру мақсатында «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауын ұйымдастыруда. Біздің облысымызда осы байқаудың аумақтық кезеңінде Ақжайық ауданы Чапаев ауылының әкімі Нұртаза Нәбиденов жеңіп шығып, республикалық байқауға қатысуға жолдама алды. Екінші және үшінші орындарды бөліскен Бөкей орда ауданы Бисен ауылының әкімі Кенжебек Құрмашев пен Бөрлі ауданы Қарағанды ауылдық округінің әкімі Бибігүл Сағидуллина Алғыс хатқа ие болды, – дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев.
Мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтары үшін Батыс Қазақстан облысында 2016 жылы – 1 адам, 2017 жылы – 3 адам, 2018 жылы – 5 адам тәртіптік жазаға тартылған екен. 2019 жылдан бері мұндай оқиға қайталанбаған.
Ал әдеп нормаларын бұзғаны үшін 2016 жылы – 3 әкім, 2017 жылы – 2 әкім, 2019 жылы – 1, 2020 жылдың қазіргі күніне дейін 1 әкім тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Әкім неге жиі ауысады?
Мәліметтерге қарасақ, 2017 жылы 151 әкімнің 111-і ауысқан, оның 100-і сайлау мерзімі аяқталуына байланысты өкілеттігін тоқтатса, 2 әкім басқа қызметке ауысқан, 1 әкім зейнет демалысына шыққан, 8 әкім өз арызымен жұмыстан босаған. 2018 жылы да 151 әкімнің 36-сы ауысқан, 5-інің сайлау мерзімі бітсе, 13-і басқа қызметке ауысқан, 1-еуі теріс қылығы үшін қызметтен босатылған, 3 әкім зейнет демалысына шыққан, 14 әкім өз арызымен жұмыстан босаған.
2019 жылы 151 әкімнің 48-і ауысқан, 6-ының сайлау мерзімі біткен, 12-сі басқа қызметке ауысқан, 1-еуі теріс қылығы үшін қызметтен босатылған, 3-еуі зейнет демалысына шыққан, 25 әкім өз арызымен жұмыстан босаған.
2020 жылдың алғашқы 6 айында 151 әкімнің 14-і ауысқан, 3-інің сайлау мерзімі аяқталған, 4-і басқа қызметке ауысқан, 5-еуі зейнет демалысына шыққан, 2 әкім қызметін өз өтініші бойынша тапсырған.
Көріп отырғанымыздай, тек 3,5 жыл ішінде облыста 31 әкім басқа мемлекеттік қызметке ауысса, 49-ы қызметінен өз еркімен бас тартқан. Әу баста олардың әкім қызметіне өз еркімен түсіп, жанама болса да сайлау арқылы іріктелетінін ескерсек, төрт жылдық өкілеттігі бітпей тұрып мұншама адамның әкім креслосын тастап кетуі ойландырмай қоймайды. Әсіресе «өз еркімен» қызметтен кетудің астарында түрлі жағдай жатуы мүмкін. Соңғы жылдары өз еркімен қызметінен кеткен әкімдердің кету себебі арнайы жазылатын болыпты. Бірақ «денсаулық жағдайы», «отбасы жағдайы» және «қоныс аударуы себепті» деген түсініктемелер мәселенің мәнісін ашпайды деп ойлаймыз.
«Ауыл әкімдерін даярлайтын орын керек»
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Батыс Қазақстан облысындағы филиалының профессоры, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, «Үздік мемлекеттік қызметші» белгісінің иегері Мирболат Нұртазин осылай дейді. Мемлекеттік биліктің құрылымы, оны жетілдіру жолдары туралы көп жылдан бері ізденіп, бірнеше кітап шығарған маманның ойлары өте өзекті.
– Бізде мемлекеттік қызмет, жергілікті өзін өзі басқару және бюджет саласындағы реформалар бір-бірімен үйлесімсіз жасалады. Мәселен, ауыл әкімі қызметі сайланбалы лауазым саналады. Бірақ дәл осы қызмет әкімшілік мемлекеттік лауазымдар реестрінде Е-R-1 санатымен тіркелген. Ал бұл лауазым заң бойынша байқау арқылы іріктелуі керек. Менің ойымша, ауылдық округ әкімдерінің қызметі еліміздегі жаңа бюджеттік реформалар тұсында да жаңаша қарауды талап етеді, – дейді Мирболат Сүйеуұлы.
Ғалымның айтуынша, қазіргі жүйе – әкім ұсынып, депутаттар таңдаған ауыл мен кент әкімдерін халық пікіріне сүйене отырып жасалған сайлау деу қиын. Сондықтан тікелей сайлау өткізу керек.
– Ауыл әкімдерін тікелей сайлау – демократия бағытындағы қадам. Бұл халықтың психологиясын өзгерту, билікке қатысы барын ұғындыру үшін де қажет. Әйтпесе биліктің халық үніне құлақ асуы бәсеңдеп кетті. Әсіресе бюджет қаржысын жұмсау мәселесінде билік халықпен ақылдаспайды. Осыдан кейін халық наразылығы күшейе түсті. Мұны Президент те байқап: «ел ішінде наразылықтың күшеюі – халық тұрмысының төмендеуінен және халық талабына биліктің құлақ аспауынан, кері байланыс болмағандықтан» деп ашық айтты. Мұны түзету керек. Бұл реформа сол үшін керек, – дейді профессор.
Мирболат Нұртазин тағы бір үлкен мәселеге назар аудару қажет екенін айтады. Ол – ауыл әкімдерінің сапасы.
– Ауылдық жерде қабілетті, ақыл-ойы терең, білімді, тәжірибелі маман азайып кетті. Соңғы кезде ауыл әкімдерінің орнына мектеп директорлары, квазимемлекеттік сектор басшылары мен өкілдері ұсынылып жүр. Шаруа қожалықтарының басшылары әкім болудан ат-тонын ала қашады. Өйткені оның жеке шаруасы бар, еркін жүруге үйреніп кетті, табысын алып отыр, сондықтан ол басқа халықтың мұң-мұқтажын арқалауға құлықсыз. Ал ауыл әкімі лауазымына көбіне бұрынғы мектеп директоры, бұрынғы полиция қызметкері келеді. Ал олардың ауылды басқару қабілеті нашар, бейімі жоқ. Құқық қорғау органдарынан зейнет демалысына шығып, қайта жұмыс іздеп жүріп әкім болғандардың даярлығы, менталитеті, жұмыстағы тәжірибесі мүлде бөлек. Оларда командалық тәсіл, әкімшілік тәсіл, жазалау тәсілі алда жүреді. Әкімшілік қызмет – азаматтық қызмет. Оған бұрынғы құқық қорғау қызметкерлерін пайдалану, менің ойымша, дұрыс емес. Сондықтан ауыл әкімдерін арнайы даярлаған жөн деп ойлаймын, – дейді М.Нұртазин.
Мемлекеттік қызметкерлердің білімін жетілдіру және қайта даярлау орталығында қызмет ететін профессор Нұртазиннің алдына ауыл әкімдері де жиі келеді. Олардың ең жиі сұрайтыны – «төртінші бюджет» тәртібі, қолдану, жергілікті жерде іске асырудың жай-жапсары. Сондай-ақ салық саласындағы өзгерістерді біліп, мемлекеттік сатып алу саласында біліктілігін арттырғысы келеді.
Расында да елімізде ауыл әкімдерін даярлайтын арнайы мекеме, оқу орны жоқ. Мемлекеттік басқару академиясы мемлекеттік қызметшілердің білімін жетілдіру және қайта даярлаумен айналысады. Мемлекеттік басқару магистрлерін даярлайды. Бірақ арнайы ауылдық деңгейде жұмыс істей алатын, өңірлерде жұмыс істеуге бейімделген мамандарды даярланбайды. «Бұл өте керек. Ауылда басшылық жасай алатын мамандар даярлау жоқ. Бізде өңірлерді дамыту бағдарламалары іске аспай жататыны сондықтан» дейді Мирболат Сүйеуұлы.
– Жалпы, ауылдық округ – мемлекеттік биліктің алдыңғы шебі. Ол жерде билік өкілдері үнемі халықпен тікелей байланыста жүреді. Сондықтан ауыл әкімдерінің білімі, мінезі, тәрбиесі, моралдық тұрғыдан адамгершілігі, халықпен қатынас жасағанда қоғамда қалыптасқан моралдық-этикалық нормаларды қатаң сақтауы аса маңызды. Ауыл мен кент әкімдерін даярлауға көңіл бөлу керек, – дейді оралдық профессор.
Жаңа үлгі
2020 жылы 13 сәуірде Орал қаласы әкімінің қаулысына сәйкес қала аумағында Деркөл кенттік округі әкімдігі құрылды. Құрамына қала маңындағы бірнеше елді мекен мен жаңа шағынаудандар кіретін, 20 мыңнан аса тұрғыны бар Деркөл кентінің әкімін сайлау ерекше өтті. Болашақ кент тұрғындары арасында бірнеше жиналыс өтіп, өзгерістің мән-мақсаты халыққа түсіндірілді. Жергілікті тұрғындар арасынан алқалы орган деп аталатын жергілікті қоғамдық кеңес құрылды. Кеңес мүшелерін халық өзі ұсынды. Кеңес төрағасы – белгілі журналист, белсенді Лұқпан Ахмедияров болды.
– Мамыр айының аяғында Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков кент тұрғындарымен кездесіп, жанындағы үш адамды таныстырды. «Міне, осы үш кісі – Деркөл кентінің әкімдігіне үміткер. Аты-жөні осындай, тәжірибесі мынадай» деп қысқаша айтып өтті. Біз бұл кандидаттардың кім екенін, өмірбаяны, отбасылық жағдайы, білімі қандай екенін білмедік. «Абат Абайұлы, бұл кісілерді біз тұңғыш рет көріп отырмыз. Біздің ұсынысымыз: екі аптадан кейін бұл үміткерлер кентті дамыту жөнінде өз бағдарламасын жасап, біздің алдымызда таныстырсын. Біз таңдауды содан кейін жасайық!» деген ұсыныс айттық. Негізі, заң бойынша мұндай процедура жоқ екен. Бірақ қала әкімі біздің сөзімізді жерге тастамады. Сөйтіп, екі аптадан кейін қайта жиналып, үміткерлердің бағдарламасын тыңдадық. Кеңес құрамындағы 19 адам бір ауыздан Жұбан Жұмағалиевті таңдадық. Өйткені Жұбан осы Деркөл кентінде тұрады екен. Жас болса да алғыр, білімді көрінді. Бағдарламасы ұнады. Осы таңдауымызды хаттамаға ендірдік. Кейін мен қалалық мәслихаттың әр депутатына телефон шалып: «Осылай да осылай, сіздер 10 күннен кейін біздің кенттің әкімін сайлайсыздар. Үміткерді таңдар алдында ауылдың қоғамдық кеңесі жиналысының хаттамасымен танысуыңызды сұраймыз» деп өтініш айттым, – дейді Лұқпан Сайлауұлы.
Бір тәуірі, өтініш ескерілді. Жұбан Жұмағалиев 1 маусым күні кент әкімі болып сайланды.
Кент тұрғындарының, кеңес мүшелерінің пікіріне қарағанда жаңа әкім әзірге тұрғындар көңілінен шығып тұр. «Өйткені ол біздің пікірімізбен санасады, жауапкершілігін сезініп тұрады. Қызметке тағайындалған соң алғашқы кездесуде: «Құрметті әріптестер, керек жұмысты күн тәртібіне шығарып, жоспарды бірге құрайық. Ұсыныс тек менен болмасын. Ауылда қандай мәселе бар?» – деп ақылдасты. Біз де барынша ауылымыздың мүддесі үшін жұмылып жатырмыз. Мысалы, ауыл бюджеті халықтың төлеген салығынан құралады. Біз қазір халық төлеген салық ауылдың өз бюджетіне түсуі үшін әрекет ете бастадық. Салық комитетіне бардық, олар бізге түсіндіріп, біз оны халыққа жеткізіп: «Құрметті ауылдастар, «Қазпоштаға» салық төлеуге барғанда мынадай БИН-ге төлеңіз, ақша біздің ауылға түссін» деп насихат жүргіземіз. Осылайша қазір ауыл бюджетін жинап жатырмыз» дейді Лұқпан.
Лұқпанның есебінше, Деркөлде жыл сайын шамамен 50-60 млн теңге көлемінде қаржы жинауға болады екен. Әрине, бұл көп ақша емес, мектеп салу, жол салу сияқты үлкен мәселелерді шеше алмайды. Бірақ көшені жарықтандыру, абаттандыру, жаяу жүргінші жолын салу, қыста жолды қардан тазалау секілді мәселелерді жедел шешуге болады. Ауыл бюджеті қалыптасқанда ең бірінші талап: жергілікті әкім бюджет жобасын міндетті түрде қоғамдық кеңестің талқысына салып, келісімін алады. Қоғамдық кеңестегі 19 адам бір ауыздан келіспесе, мәселе қайта талқылануы тиіс.
Осы ауылда көптен шешілмеген күрделі мәселе – Деркөл саябағы болатын. Коммуналдық меншікте, мемлекет балансында болғандықтан саябақ азып-тозып кеткен. Жеткілікті қаржы бөлінбейді. Осы саябақ мәселесі жақында қоғамдық кеңесте талқыланып, оны сенімгерлік басқаруға беру жөнінде шешім қабылданды. Бір қызығы, қала әкімдігі ұсынған үлгі жобадағы келісім-шарт кеңес мүшелерінің көңілінен шықпай, құжат қайта әзірленіп жатыр екен.
– Қоғамдық кеңес – жергілікті өзін өзі басқару үрдісінде ең оңтайлы нұсқа деп ойлаймын. Бұл әкім үшін де ыңғайлы. Мен кентіміз үшін өзекті кез келген мәселені қоғамдық кеңес талқысына саламын. Оның нәтижесі хаттамаға түседі. Кейін әлдебір шешімге тұрғындар тарапынан наразылық болса, оның жауапкершілігі кеңес мүшелеріне де түседі, – дейді Деркөл кентінің әкімі Жұбан Жұмағалиев.
Сайланған әкім & тағайындалған әкім
Осы жерде бір қызық сұрақ туындайды. Ертең ауыл әкімдерін халық тікелей сайлайтын болса, ол әкімнің жоғары билікпен қарым-қатынасы қалай болады? Халық таңдаған ауыл әкімі жоғарыдағы әкімге толық бағына ма? Осы арада келіспеушілік болса, кейбір мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға кедергі болмай ма?
– Жергілікті әкім халық алдында жауапкершілігін жоғары қойып, үнемі сол позицияда болса, келіспеушілік болуы мүмкін. Өйткені жоғары тұрған әкімнің өз көзқарасы, бюджет, кадр мәселесінде өз саясаты болады. Ал ауыл әкімі халыққа жақынырақ. Мысалы, кейбір мәселеде ауыл әкімі жоғарыдағы әкімге: «кешіріңіз, мен сіздің бұл тапсырмаңызды орындай алмаймын, өйткені халық, қоғамдық кеңес бұған қарсы» деп айтуына тура келетін сәттер болады. Бұл жағдайдан екі тарап қалай шығатынын білмеймін, – дейді Лұқпан Ахмедияров.
– Басшы мен қарауындағы қызметкердің арасындағы қарым-қатынас талаптарын анықтайтын Әдеп кодексі бар. Болашақта бұдан өзге заң әлде ереже қажет болуы мүмкін, – дейді профессор Мирболат Нұртазин.
Жоғарыдағы сауалды Жұбан Тұрарұлының өзіне де қойдық.
– Менің ойымша ондай келіспеушілік болмайды. Себебі қала әкімдігінен, облыс әкімдігінен түсетін тапсырмалар да халықтың жағдайын шешу үшін келеді ғой. Әйтеуір осы кезге дейін мұндай келіспеушілік болған жоқ. Біз өз тарапымыздан халықтың ұсыныстарын жеткізіп қана қоймай, оның есеп-қисабын дайындап береміз. Мысалы, биыл Деркөл бойынша 5 жерге балалар ойын алаңын қоямыз деген едік. Қалалық әкімдік осы жобаның үшеуін мақұлдады. Мысалы, біздің Ветелки, Новостройка ауылдары көптен қараусыз қалған. Ол жердегі халықтың мұң-мұқтажын басшылыққа жеткізгенде, олар әрдайым түсіністікпен қарайды. Бірақ қала мен облыс бюджетінің мүмкіндігіне де қарау керек, – дейді кент әкімі.
P.S. Елімізде мемлекеттік билік реформасын заман талап етіп отырғаны шындық. Бірақ бұл жаңаруға қоғамның барлық қабаты белсенді және шынайы қатысқанда ғана нәтижелі болса керек.
Батыс Қазақстан облысы