Қоғам • 22 Қыркүйек, 2020

Қоныс аударушыларға қолдау көрсетілуде

318 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүргізетін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміздің жұмыс күші көп өңірлерінен жұмыс күші тапшы өңірлерге 4,3 мыңнан астам адам қоныс аударған. Оның ішінде еңбекке жарамды жастағы 2 303 адам бар 1 273 отбасы көшіп келген.

Қоныс аударушыларға қолдау көрсетілуде

Отбасы мүшелерінің ішінен 1 652 адам жаңа тұрғы­лықты жері бойынша жұмысқа орналастырылған. Нәти­желі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамы­тудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасында еңбек ресурс­тарының ұтқырлығын ынталандыру үшін Үкімет айқындайтын өңірлерге ерікті түрде қоныс аударатын адамдарға мемлекеттік қолдау шаралары көзделген.

Соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысына жылдың аяғына дейін барлығы 2,4 мың адамды қамтыған 700 отбасы көшіп келмекші. Аталған бағдарлама аясында оларға арнап биыл 788 баспана тұрғызылады. Көшіп келушілерге көшкен жұрттың ескі үйлері сатылып алынған жоқ, кілең жаңа үйлер тұрғызылды. Бұл үйлердің коммуналдық қызмет сапасы да жай үйлерге қарағанда артық. Оларға жарық қана емес, бәріне су тартылады. Ал су келген үйде басқа да қажетті санитарлық қажеттіліктер де орнатылатыны сөзсіз. Көшіп келушілердің арасындағы дәрігер, мұғалім, механизатор сияқты мамандық иелеріне гранттар беріліп, жұмыспен де қамтамасыз етілуде.

Сонымен қатар мемлекеттік бағдарлама аясында ерікті қоныс аударуға қатысушылар үшін субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады, атап айтқанда отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК-тен бір жолғы төлем (92 мың теңге) берілді. Бұл көшіп келу шығындарын толық жабады. Бір жыл бойы ай сайын 15-тен 30 АЕК-ке дейін (39 мыңнан 79 мың теңгеге дейін) тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығындарды өтеу үшін отбасы мүшелерінің санына және жергілікті жерге байланысты төленеді. Бұл жердегі жалдау­ды – мемлекет салып берген үйді жалдау деп ұғу керек.

Сондай-ақ жоғарыда айтқанымыздай, қоныс аударушыларды жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша да шаралар қабылданған. Бәрі де жайлы, жаңа, тынысы кең үйлерге түседі. Оларға тіпті жергілікті тұрғындар қызы­ғу­шылықпен қарап жүр.

Жуырда Солтүстік Қазақстан облысында болған сапарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Аққайың ауданындағы Чапаев селосына көшіп келіп жатқан бір топ тұрғынмен кездесіп, олардың үйлерін көзімен көрді. Еліміздің жұмыс күші артық аудандарынан көшіп келген тұрғындар Президентке өздерінің тұрмыстары жақсы екенін, «Еңбек» бағдарламасы бойынша берілетін жеңіл­діктердің тегіс жасалып жатқанын айтты. Президент оларға салынып жатқан үйлердің сапасына риза екенін білдірді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдар­лама­сын жүзеге асыру маңызды. Соның нəтижесінде жергілікті жерлердегі инфрақұрылым дамиды, жаңа жұмыс орындары ашылады. Облыста бұл мəселе тиісті деңгейде іске асырылып жатыр», деді Мемлекет басшысы. Сонымен бірге ол көшіп келу­шілерге ауыл әкімдерінің келесі жылдан бастап сайланаты­нын, сондықтан олардың ауыл тұрғындарының жоқ-жітігіне тиянақты көңіл бөлетінін жеткізді.

Солтүстік Қазақстанға былтыр 2,2 мың адамды қамтыған 736 отбасы көшіп келген еді. Қазір олар адаптациядан өтіп, Есіл өңірінің тұрғындарына айналып келеді. Солардың ара­сынан Ә.Пердебай деген азаматпен әңгімелескенімізде, ол өзін­ің былтыр көшіп келгенін, Солтүстік Қазақстанға еті үй­реніп келе жатқанын айтты. «Мұнда бәсекелестік қатты емес екен. Қазіргі жасап жатқан тірлігім мұғалімдік болғанымен, алдағы уақытта бау-бақша өсіруге де мүмкіндік бар», деді ол.

Көшіп келушілер Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркіс­тан, Қызылорда облыстары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алма­ты және Шымкент қалаларынан. Жасыратыны жоқ, суық өңір­­ді жерсінбей, қайта көшіп кеткендері де бар. Алайда не­гіз­гі халық бір-біріне қарап, жергілікті мекенге үйреніп ке­леді. Де­генмен алыс шетелдерге де үйреніп кететін қан­дас­тары­мыз өздерінің ата-қоныстарына сіңіп кетеді деген үміт басым.

 

Солтүстік Қазақстан облысы