Руханият • 22 Қыркүйек, 2020

Мінезді орта қалыптастырады

1402 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қилы-қилы тағдырлар болатыны сияқты адам мінезі де сан алуан. Ол – жеке тұлғаның болмысынан, сөзінен, күн­делікті қарым-қатынасынан көрініс табатын ерекше мәнге ие құбылыс. Ісіне ұқыптылық, сыпайы­лық, сезімталдық, қайырымдылық, мейірім­ділік, адалдық, сабырлық, жайдарылық, кешірімшілдік, қарапайымдылық сияқты асыл қасиет­тер­ді бойына дарытып, жан-жағына шұғыла-нұрын себелеп жүретін ішкі мәдениетке бай жанды қазақ ежелден көркем мінезді адам деп айрықша бағалаған.

Мінезді орта қалыптастырады

Мiнез құбылысын зерттейтiн саланы ғы­лымда «характерология» дейді. Ғасырлар бойы бұл жүйе мiнездер типiн саралап, олардың түрлi өмiр жағдайындағы əрекет-қылығын бақылау арқылы мiнез сапаларын нақтылаумен шұғылданып келедi. Бұл тұрғыда біреулер адам мiнезiн туған күнiмен байланыстырып түсiндiретін жұлдызнамаға иек артса, енді біреулер «физиогномика» (адамның сыртқы келбетiне жəне сондай келбеттi тұлғаларды ұқсастығымен белгiлi топқа бiрiктiрiп, олардың психологиялық сипатын анықтайтын) ғылымы жүйесіне жүгініп жатады. Мұнан басқа тағы мінез-құлықты айқындайтын «хиромантия» (адам мінезін алақанның тері бедерлері, түсі арқылы бақылау жүйесі), «дерматоглифика» (бармақ, алақан терісіне түсетін өрнектер арқылы адам мінезін анықтайтын), «графология» (жазу таңбасына орай адам мінезін анықтауға бағытталған) саласы мамандары болжамына құлақ асушылар баршылық.

Ал Абайға жүгінсек, «Көрсеқызарлықпен, жеңілтектікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады», «Ашу­лы адамның сөзі аз болса – ыза қуаты артында болғаны», «Досыңмын деп жүріп, дұш­пандығын оздырар жамандар бола­ды», «Өзімшілдік – адамды бұзатын пиғыл», «Бақастық күншілдікті зорайтып, адам­шылықты азайтады», «...ақылды сақтайтын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын!» – деген небір жақұт сырлы ақыл-ойдың маржан кеніне тап боламыз. Әл-Фараби бабамыз: «Мінез-құлық міні – рухани кеселге жатады» десе, Әлихан Бөкейхановтан бізге: «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген тәрбиелік мәні зор асыл сөз қалған. Сондықтан қазақ та ежелден кісілік бейненің кірпіші саналатын мінез-құлыққа, бітім-болмысқа ерекше мән берген, адамның бүкіл өмір сүру дағдысын, тағдыр-талайын, бедел-белесін көбіне мінез сипатымен сұрыптап, рухани қалыбымыздың басты қасиеті ретінде қадір тұтқан, мұның бәрі ең алдымен, тәлім-тәрбиеге байланысты деп ой қорытқан.

Мінез-құлық өлшемі адамның өмір сүру әдебін анықтап беретінін бүгінде психолог-мамандар да жоққа шығармайды. Мысалы, мінезі жайдары, ақкөңіл жандар кез келген ортаға оңай сіңісіп, айналасымен тез шүйіркелесіп кете алса, ал мінезі томаға-тұйық адамдардың өзгелермен қоян-қолтық араласып кетуі керісінше, өте қиын. Бұл жердегі біздің айтайын деген әңгімеміз – адам мінезін өзгертудегі қоғамның рөлі, мəндi де ұнамды мінез-құлықты қалыптастыруға ұжымның, ортаның тигізетін оң əсері хақында. Жақсы мiнездi адамды тәрбиелеу қашанда ұжым деңгейiнің озық көрсеткіші саналған. Мiнез-құлық сапаларының өзгерiске ұшырауына өскен ұясының, əлеуметтiк жағдайдың, ай­наласындағы араласатын адамдардың, орта­ның ықпал ететіндігі, тұлғалық бейнесін қалып­тастырып отыратындығы ғылыми тұр­ғыдан да жан-жақты дәлелденген анық мәселе. Кісіні құрдымға жіберудің екі жолы бар екен. Бірі – тым асыра мақтау да, екіншісі – көзге ілмей қою. «Жұлдыз ауруына» шалдығу тәрбие мен тәртіптің жетіспеушілігінен орын алса, күйзеліске түсу, іштей күйреу, өмірден баз кешу, депрессияға ұшырау – елеп-ескермеудің салдары. Аяқ астынан бағы жанып шыға келген албырт жас мұны өзгелерден ақылымның озықтығынан, ептілігімнен, іскерлігімнен... деген сезімге бой алдырып, мінез-құлық қалыбы бұзылады. Жағымсыз əсерлердің қай-қайсысы да мiнездiң «əлсiз жерлерiн» күйретіп, адам қылығы күрт өзгеріп шыға келеді. Мiнездiң шектен тыс дамыған бiтiстерi ақыл-ойға ырық бермей, бойдағы ұнамды қасиеттердiң бəрiн жоқ етеді. Кейбiр адамдардың әншейін бір болмайтын нәрсеге ашу шақырып, сыни пікірді көтере алмай жатуы, ұрыс-керіске жақын тұруы, орынды, орынсыз сөз сөйлеп, сүйкімсіз кейіпке түсуі туа бітті мінезден деп ешкім айта алмайды, бұл – ортаның әсерінен пайда болатын мінез бiтiсiндегі ақаулар. Абай өзінің отыз жетінші қара сөзінде: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі кінәлі. Мен егер заң қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» демеп пе еді. Сол айтқандай, әркім де өз ортасының тәртібі мен қалыптасқан байырғы дәстүріне қарай бейімделіп өмір сүруге, заманның талап-тілегіне бағынып, қатесі мен кемшілігін, мінез мінін түзеуге міндеттеледі. Осы бір қарапайым пайымды дағдыға айналдырып, өмір сынынан сүрінбей өту, адами бейнеңді сақтап қалу – бәрінен мәртебелі.