Қостанай облысының архив қызметі өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап Ресейдің шекаралас аймақтарының архив мекемелерімен байланыс орната бастаған. Басты мақсат – Қазақстан мен Қостанай өңірінің тарихына қатысты шетелде орналасқан құжаттардың көшірмелерін алдыртып, облыстың архив қорын толықтыру, өлке тарихы бойынша толық деректік база құру, оларды ғылыми айналымға енгізу.
Бүгінде Қостанай облысының мемлекеттік архивінде ХV-ХІХ ғасырлар аралығындағы өңірдің саяси, әлеуметтік және экономикалық тарихы туралы деректер өте аз. Сондықтан архив қызметкерлері Ресей Федерациясының Челябі, Орынбор, Тройцк қалалары мен Татарстан Республикасындағы әріптестерімен ынтымақтастық орнатып, өзара іскерлік қарым-қатынасты дамытуда.
Соңғы жылдары облыстық архивке Қостанай тарихына қатысты бірталай құжат әкелінді. Оның ішінде 1919 жылғы Қостанай милиция бөлімшесінің, 1919 жылғы Қостанай қалалық партия комитетінің хаттамалары, сондай-ақ Қостанай облысына қарасты аудан шекараларын анықтауға қатысты құжаттар, аудандық және қалалық ұйымдардың қызметі, шіркеу жазбалары және басқа да құнды құжаттардың көшірмелері бар.
– Ресей мемлекетінен әкелінген құжаттар есепке алынып, «1010» деген нөмірмен арнайы қор құрылды. Өлке тарихы бойынша жаңа архив материалдары шетелден әкелінген құжаттар жинағына енгізілді. Біз ресейлік әріптестеріміздің жұмыс тәжірибесін зерделеп, ондағы аймақ тарихына қатысты құжаттардың құрамын егжей-тегжейлі зерттей келе, Челябі облысының бірыңғай мемлекеттік архивінде сақталған Қостанай облысының төңкеріске дейінгі тарихы мен Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңіне қатысты құжат көшірмелерін алып келдік, – дейді Қостанай облысы мемлекеттік архивінің қызметкері Асима Құрманкина.
Архив қызметкерінің айтуынша, Омбы облысының мемлекеттік архивінен 1914 жылғы Қостанай облысы картасының көшірмесі, 1890 жылы Ақмола облыстық газетінің №11 санына жарияланған «Русское Чикаго» мақаласы әкелінген. Бұл мақалада Қостанай қаласының құрылу тарихы мен екі ел арасындағы сауда-саттық жолдарының дамуына қатысты құнды деректер сақталған.
Шетел архивтерінен әкелінген құжаттар қорында алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының қатысуымен өткен отырыс хаттамаларының көшірмесі де кездеседі. Бұл құжаттардың мазмұнынан Ахаң бастаған қазақ зиялыларының Қостанай облысының Ресей құрамында қалып қоймауы үшін табанды күрес жүргізгенін аңғаруға болады.
Былтыр облыстық архивтің бір топ қызметкері Татарстан Республикасына барып, Қазан архивінде болып қайтқан.
– Бұл іссапардан да олжалы оралдық. Қазан мұрағаттарынан қазақ халқынан шыққан алғашқы дәрігер Мұхамеджан Қарабаев пен ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсаринге қатысты тың құжаттар табылды. Алтынсарин мен Ильминскийдің өзара жазысқан хаттарының толық көшірмесін алып, облыстық архив қорын толықтырдық, – деді А.Құрманкина.
Облыстық архив мекемесінің алдында тұрған ендігі міндет – аймақ тарихын айшықтайтын құжаттардың саны мен сапасын арттырып, шетел архивтерінен әкелінген тың құжаттарды көпшілік назарына ұсыну.
Қостанай облысы