06 Қараша, 2013

Ақын Аманқос

647 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

01-Аманкос Ершуов-1Бақытты болу қас-қағым еді,

Шабытың барда маздаған.

Бір өлең жазып тастағым келді,

Өзгелер әлі жазбаған...

Барлық ақынның асыл арма­ны осы. Өзгелердің ойына орал­маған, үш ұйықтаса да тү­сіне кірмеген, ауыз аштырып, көз жұм­­дыратын бір Өлең... Әй, бірақ ол ілуде бір ақынның ғана енші­сіне бұйыратын бақыт қой. Қа­дыр, Жұмекен, Төлеген, Мең­де­кеш сияқтылардың... Айт­қан­дай, солардың сапына қосып, аман­­дығын сырттай тілеп жүретін тағы бір ақын ағам бар. Есімі Аманқос Ершуов. Жоғарыдағы бір тамшыдай уыз жыр соныкі. Екеуміз бір жердің топырағынан жа­ралғанбыз. Жем өзенінің бо­­йын­­­дағы Ақкиізтоғай ауылынан. Бұл жерде Бекет ата дүниеге келген.

 

01-Аманкос Ершуов-1Бақытты болу қас-қағым еді,

Шабытың барда маздаған.

Бір өлең жазып тастағым келді,

Өзгелер әлі жазбаған...

Барлық ақынның асыл арма­ны осы. Өзгелердің ойына орал­маған, үш ұйықтаса да тү­сіне кірмеген, ауыз аштырып, көз жұм­­дыратын бір Өлең... Әй, бірақ ол ілуде бір ақынның ғана енші­сіне бұйыратын бақыт қой. Қа­дыр, Жұмекен, Төлеген, Мең­де­кеш сияқтылардың... Айт­қан­дай, солардың сапына қосып, аман­­дығын сырттай тілеп жүретін тағы бір ақын ағам бар. Есімі Аманқос Ершуов. Жоғарыдағы бір тамшыдай уыз жыр соныкі. Екеуміз бір жердің топырағынан жа­ралғанбыз. Жем өзенінің бо­­йын­­­дағы Ақкиізтоғай ауылынан. Бұл жерде Бекет ата дүниеге келген.

Бір кезде Жәнібек ханға Асан­­­қайғының: «Қырында киік жай­лаған, суында балық ойнаған ...ойына келген асын жейтұғын Жемде кеңес қылмадың, Жем­нен­ де елді көшірдің», деп өкпе­лейтіні бар емес пе?!

Ару Жем-ау,

Ару Жем –

Жан дертіме дәру Жем!

Менің Мысыр Шәрімсің.

Намысымсың, Арымсың.

Дәмі аузымнан кетпеген,

Менің, менің алғашқы,

Гүл махаббат – балымсың.

Жүректегі жалынсың,

Ұмытылмас әнімсің.

Қажеттерім өзіңнен,

Табылмасын, табылсын.

Жарылайын ағымнан,

Менде, менде жүрек бар,

Өзіңді аңсап сағынған.

Менде, менде тілек бар,

Нұр арманға бағынған.

Сүңгігенмін, жүзгенмін

қасиетті суыңа,

Бекет атам шомылған...

Осы ауылдағы Жем толқы­­нына шомылып өскен ақындар Қабиболла Сыдиықов, Меңдекеш Сатыбалдиев ағаларым мен Өтеген Оралбаев ініміз және бар. Аманқос өз замандастарынан ерте, мектеп қабырғасында-ақ танылды. Ұстазы ақын Жа­наш Нұрмахановтан дәріс ал­ған балаң ақынның балапан жыр­лары аракідік аудандық га­зетте жарияланып жүрді де, Гурьев педагогикалық инсти­ту­тының студенті болған кезде кемелденіп, облыстық газет­тің бетінде жарияланған әр өлеңі оқырманын тамсанта, таңғалдыра бастады. Жыр сүйер қауым оның жаңа өлеңдерін асыға күтетін болды. Жарық жұлдыз тез танылады емес пе?! Әдебиет сыншысы, ғалым Зейнолла Қабдоловтың жіті көзі бірден: «Қазақ әдебиетіне жаңа Қасым келді...», деп жалпақ әлемге жар салды.

Ақ бұлттар, ала бұлттар,

қара бұлттар,

Қарасаң аспанда да

алалық бар.

Біреуде жас та болса

даналық бар,

Біреуде қарт та болса

шалалық бар,

– деп балаң кезінде-ақ филосо­­­фиялық ойды бір шумаққа сый­ғыза қойған Аманқос нағыз ту­ма ақын ретінде бағаланып, оның аты жыр құмарлар аузынан түспеген. Ол кезде Аман­қостың кітабы шық­­пақ түгілі шы­ғармаларын бас­паға да­йын­дау да ойында жоқ болатын.

Жырына берілдім де

құлақ түрдім,

Басымнан байғұс

ойды лақтырдым.

Қасымның келер деген

бір Қасымы,

Өзімнен сенбісің деп

сұрап тұрдым,

– деп өзі айтқандай, кітабы шық­пай-ақ бәріміз де қазақ поэзиясына жаңа Қасым келді деп білдік. Ұстаз тұтып, өлеңімізді оның дәрежесіне жеткізуге тырыстық.

Аманқостың «Түс және алтын балық» атты өлеңі бар. Түсінде ақынның қармағына Пушкиннің ертегісіндегідей алтын балық тү­се­ді де: «мені жіберіңіз, не тіле­се­ңізде орындаймын» дейді ғой. Сон­да ақын: «Кітабымды баспадан жиі шығар, мен болайын ұлы ақын дүрілдетер» дегісі келіп тұ­рады да, оны айтпай, үн-түнсіз боса­тып жіберіп, өлеңді былай аяқтайды:

Алтын балық кешірші

көшетінді,

Саған тілек айтпадым

неше түрлі.

Ешкімнің жетегінсіз

мақсатыма,

Жетермін талқан қылып

төс етімді.

Аманқос та, бізде шынында да ешкімнің жетегіне ермедік. Өз бетімізше тірлік қылдық. Мүм­кіндігі бола тұра, яғни, Ә.Сәр­сенбаев, З.Қабдолов, Ж.Мол­­­да­ғалиев ағаларының «Қа­­­лам­гер­лер ортасы – Алматыға ауыссайшы», дегендеріне елп ете түспеді, Жем өзені баяу ғана сылдырап ағып жататын Ақкиізтоғайын қимады. Міне, туған жерге деген махаббат. «Ауылда да ақын бар» деген өз қағидасын дәлелдеді. Ауыл мектебінде әде­биеттен дәріс бере жүріп, аядай ғана Ақкиізтоғай ауылынан рес­публикаға танымал Өтеген Орал­баев, Қаржау Оразбаев, Те­ментай Әділханов, Сәулеш Шәтенова, Амантай Оспанов және өз перзенті Маржан Ершуо­ва тәрізді ақындарды тәрбиелеп шы­ғарды. Әке жолын қууды мақсат еткен Маржан өз жырла­рын поэзия биігінен түсірмей келе жатқан ақын қыз, филология ғылымдарының кандидаты, бірнеше кітаптың авторы.

Аманқостың «Келешегім –көкжиегім», «Шырқау», «Шопан баласы», «Жылқышының ұлы», «Ойсылқара», «Алтын босаға», «Шұғылалы шақтар», «Пір Бекет пен жыр зекет», «Оғыланды» жыр кітаптары мен «Жаралы жылдар», «Мәңгілік махаббат» драмалық шығармалары оқыр­мандардың ыстық ықыла­сына бөленді. «Құрмет Белгісі» ор­де­ні­нің иегері, Қазақстанның ең­бек сіңірген қызметкері, рес­пуб­лика халық ағарту ісінің үздігі.

Бүгінде Атырау аймағы ақын­ның 70 жылдығын тойлауда. Ақы­нын ардақтаған елге ризамыз.

Айтуар ӨТЕГЕНОВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.