06 Қараша, 2013

Алтайдағы «Африка»

271 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

DSC06593Ұландағы жылыжайда тропикалық жемістер самсап тұр

Жақында Ұлан ауданының әкімі Айдос Садықовпен жолы­ғып, шаруа барысы жайлы сұрағанымызда: «Украинка ауылында зейнеткер Людмила Дмитриевна Земляная деген ғажап адам тұрады. Мамандығы инженер-электрик болса да, биологияны бес саусағындай меңгеріп алған. Бес жылдан бері күйеуі Николай Григорьевич, қызы Юлия мен күйеу баласы қазақ жігіті Руслан Қалибекұлы төртеуі аумағы бір гектар жерге жылыжай орнатып, қазір еңбегінің жемісін көріп отыр. Африкада өсетін цитрусты жеміс-жидек пен гүлдердің жүзге тарта сортын қала тұрғындары мен жақын маңдағы аудандарға сатып, кәсіпкерлікті дамытып отыр. Солар жайлы қалам сілтесеңіздер, өкінбейсіздер», – деп бізді бір желпіндіріп тастады.

 Ұландағы жылыжайда тропикалық жемістер самсап тұр

DSC06593

Мамандығымыз жаңалыққа жаны құмар жан болғаннан кейін қалай шыдайық, жанымызда аудандық ауыл шаруашылығы, ветеринария және кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Амангелді Серғазин бар, салып ұрып Украинкаға келдік. Украинка нарықтың өтпелі шағында сыр бермеген, себебі, мұнда «Шығыс-Сүт» зауытының үлкен өндірісі жұмыс істеп тұр, ауылдың жүзге тарта адамы еңбек етіп, жалақыларын уақтылы алуда. Сүт зауытының қарсы алдында екі қабатты еңселі үйде Землянойлар отбасы, жанында қатар, төрт жылыжай кешені сап түзеген.

Асыра айтқандық емес, жылы­жайға кіріп келгенде бейнебір иранбақтың табалдырығын ат­тағандай әсерде қалдық. Дәл іргемізде осындай ғажайып жылыжай бар деген қаперімізге де келмепті. Іштей өзімізді сөгіп, төрт жылыжай үйлерінде өсіп тұрған банан, лимон, інжір, мандаринді, өмірі көрмеген алқызыл, сары, көк түстес гүлдердің ғажап иісіне елтіп, ойға шомып кетіппіз.

– Алғашқыда оңай болған жоқ. Отағасы Николай Григорьевичтің басқа шаруасы жетіп артылады. Дегенмен, ол кісі көп көмектесті. Жұмыстың ауырлығынан бәрін тастап кетсем деген ой мазалады. Алғашқы кезде қияр, сарым­сақ, сәбіз, қызанақ өсірдік. Африканың цитрусты жемістерін өсірем дегенде жерлестерім аң-таң болып, сенімсіздік танытты. Алтайдың 40 градус аязында банан, лимон, мандаринді қалай өсірмексің, қой әуре болма деген сөздерді естігенде қобалжығаным рас. Міне, екі-үш жыл болды лимон, банан, мандарин бітік өсе бастады. Биыл 1,5 мың тонна цитрусты сауда орындарына жөнелттім. Көп болмаса да, табыс бар, немерелерім қолғабыс жасап, жеміске қарық болуда. Міне, дәмін татып көріңіздер, деп «Киевская» сортты лимон мен мандаринді үзіп берді. Дәмі тіл үйіреді, ми­нералды тыңайтқыштар қосыл­ма­ған­дықтан хош иісі аңқып, адам жанын еліткендей.

Жақын маңдағы ауыл тұрғын­да­ры, облыс орталығындағы гүл сататын дүкендер райхан, тро­пикалық «бученвиллия», орхидея, түрлі-түсті гүлдерге ал­дын ала тапсырыс береді екен. Голландиядан келіп жеткенше, гүлдердің сапасын төмен­де­тіп, бірер күннен кейін сола бастайтыны белгілі. Ал Украинкадан әкелінген гүлдер бір апта, тіпті, он күн бойы өңін бермей, хош иісі аңқып тұрады. «Интернетке жиі-жиі еніп, өсімдік, гүл әле­мін­дегі жаңалықтарды қалт жібермеймін. Гүл сорттарын күйеу балам жеткізіп береді. Немерелерім Тимур мен Людми­лаға алғысым шексіз, қашан болмасын жүгіріп жүріп қолғабыс жасайды», деп Людмила Дми­триевна ағынан жарылды.

«Аумағы 1000 шаршы метр жылы­жайға қажетті жылылықты беру оңай шаруа емес. Қатты аязда сақ болған жөн. Жылу беретін Ресейдің қазандығын өздері орнатып алыпты. Жылына жүз тоннадан астам көмір жағамыз», дейді кочегар жігіттер. Ауылдағы жылыжайдан үлкен әсермен оралдық.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Шығыс Қазақстан облысы, 

Ұлан ауданы.

-------------------------------

Суретті түсірген автор.