
«Қазгидромет» кәсіпорны су сапасының мониторингін 143 су нысанында, атап айтқанда теңізде және судың үстіңгі қабатында жүргізеді. Оның ішінде 93 өзен, 31 көл, 15 суқойма, 3 су арнасы мен Каспий теңізі бар. Әр нысанда сынама алынатын бірнеше нүкте белгіленген. Бұл аумақтарда ластану көздері ескеріліп, ағын су мен су айдындарында тексеру жұмыстары талапқа сәйкес атқарылады. Мамандар судың сынамасын алып, оған зертханада талдау жасалады. Сынама зертханада 60-қа жуық көрсеткіш бойынша тексеруден өтеді.
«Оның ішіне биогенді заттар, органикалық емес заттар, ауыр металдар мен тағы басқа элементтер кіреді. Егер судың қатты ластанғаны анықталса, қажетті шараны қабылдау үшін тиісті мемлекеттік органдарға хабарлама жіберіледі. Су нысандарының түрі және санатына байланысты талдау мерзімі әртүрлі. Көп жағдайда әр айдың алғашқы он күндігінде жүргізіледі. Су сынамалары еліміздегі «Қазгидрометтің» 17 филиалында тексеріледі. Барлық зертхана халықаралық талап негізінде жұмыс істейді», деді Д.Әлімбаева.
Каспий теңізіндегі судың сапасына ведомствоның Атырау және Маңғыстау облыстарындағы филиалдары жауап береді. Теңіздің аумағында сынама алынатын 50 нүкте бар. Оған Жайық және Еділ өзендерінің Каспийге құятын сағасы, кен орындары орналасқан аудандар, шекаралық және рекреациялық аумақтар мен Маңғыстаудағы теңіз порттары да кіреді. Каспийге мониторинг әдеттегідей жүргізілгенімен өлшеу әдістемелерінде өзгешеліктер бар. Өйткені теңіздің құрамындағы тұз сараптама нәтижесіне әсер етпеуі үшін арнайы сынамалық дайындық қажет.
«Ай сайын қоршаған ортаның жағдайы туралы ақпараттық бюллетень шығарылады, барлық нысандардағы судың сапасы сонда көрсетіледі. Ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету үшін «Қазгидромет» 2019 жылы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің бастамасымен беткі сулардың сапасы туралы мәліметтерді онлайн режімде бақылауға мүмкіндік беретін интерактивті карта (maps.hydromet.kz сілтемесі арқылы көре аласыз) жасады. Онда су нысандарының сапасы қандай санатқа жататыны, өзеннің немесе көлдің суын қандай мақсатқа пайдалануға болатыны, судың құрамындағы қандай заттар шекті мөлшерден асып кеткені туралы білуге болады.
Қажет болғанда халықтың, құзырлы органдардың немесе БАҚ-тың сұранысына сәйкес «Қазгидрометтің» жылжымалы экологиялық зертханалары жоспардан тыс тексеруге шығады. Оның қорытындысы біздің сайтта, әлеуметтік желілерде жарияланады. Мысалы, 14 қыркүйекте Бурабай көлінде балықтардың жаппай қырылғаны туралы видеолар тараған еді. Ақмола облысындағы бөлімше қызметкерлері дереу сонда барып, балықтар өлген жердің айналасындағы 5 нүктеден судың сынамаларын алып, талдау жүргізді», деді «Қазгидромет» басшысы
Бас гидрометеорологтің айтуынша, Елек өзеніне 10 жылдан бері үздіксіз жүргізіліп келе жатқан мониторинг ластану деңгейінің ең жоғары көрсеткішін байқатып отыр. Белгілі болғандай, өзен хром және бормен ластанған. Сол секілді Тобыл, Нұра, Қара Кеңгір өзендері мен Ертістің Шығыс Қазақстандағы бөлігінде ахуал көңіл көншітерліктей емес. Әсіресе Глубочанка, Краснояр, Оба, Брекса, Тихая өзендері ұдайы «ластанудың төтенше деңгейіндегі» су нысандарының қатарында. Салыстырмалы түрде суының сапасы жақсы нысандарға Павлодар облысындағы Ертіс, Усолка, Алматы облысындағы Шілік, Баянкөл, Қарқара, Түрген, Тентек және Түркістан облысындағы Бөген мен Ақсуды жатқызуға болады.
Елордаға тоқталсақ, мұндағы Вячеслав суқоймасындағы судың сапасы 2-санатқа кіреді. Демек алаңдауға негіз жоқ. Әйтсе де Сарыбұлақ және Ақбұлақ өзендерінің сапасы төмен. Мұнда магний, хлоридтер мен күкірт сутегінің мөлшері жоғары.
«Күн сайын қажеттілік артып жатқандықтан Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы зертханаларды жаңартып, дәлдігі жоғары, заманауи құралдармен жабдықтауды жоспарлап отырмыз. Қазір зертхана ғимаратында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Сонымен қатар Атырау облысындағы зертханалар жаңартылмақ. Себебі мұнайлы өңір болғандықтан, беткі сулардың сапасын терең тексеріп, жіті қадағалап отыру керек. Беткі сулардан бөлек, су астындағы түптік шөгінділерге тұнып қалатын ауыр металдар да болуы мүмкін. Оны дер кезінде анықтамаса, балық қырылады немесе сол судан балықты аулайтын адам денсаулығына зиян келеді. Міне, сондықтан Атырауға да жоғары технологиялық зертхана жабдығын алып, осы бағыт бойынша жұмысты күшейтеміз», деді Д.Әлімбаева.
Бұл ретте «Қазгидромет» беткі сулардың сапасына қатысты тұрақты түрде халықаралық комиссияларға, сондай-ақ арнайы жұмыс топтарының құрамында сарапшы ретінде баяндама жасап келетінін айта кеткен орынды. Барлық шекаралық елдермен, атап айтқанда Қытай, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстанмен ақпарат алмасып отырады. Сол секілді отандық гидрометеорологтер Каспий теңізін қорғау мәселелері бойынша Теһран конвенциясы жұмыс тобының мүшесі.