Руханият • 24 Қыркүйек, 2020

Сөз сойыл №95

490 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әкімнің әләуләйі

Түңілме, тірлігіңе түңіл мейлі,

Тауысып тағатыңды дүбір жейді,

Әкім келе жатыр десе жүгіргендер,

Атаң келе жатыр десе жүгірмейді.

Сөз сойыл №95

 

Тобықтары қажалып ізін бағып,

Қатып қалған өзеннің мұзын жарып,

Әкім келе жатыр деп іздейді кеп,

Тауығы жоқ ауылдан қызыл балық.

«Уволюмен» басталған таң атысы,

Дала кезген дақпырты «дана» кісі.

Сімірген вискиіне маңайламас,

Мұғалімнің алатын жалақысы.

Шапалақпен жаңғырып таңғы дала,

Қара жерге қақпайды ханды қара,

Мазалайтын масаны маңайлатпас,

Сұрақ-жауап дайындап алдын ала.

Ода айтып жарысып бар алабы,

Мақтау сөзге мас болып қамалады,

Ауылға әкім келіп кетсе екен,

Тым болмаса күре жол жамалады.

Бейбіт БӨЖЕН

 Павлодар

 

 Сұрақ-жауап

– Мекемемізге жаңа  бастық келіп, үйсіз жүргендердің мәсе­лесін бірден қолға алып, түбірімен шешті.

– Оны қалай шешіп жүр?

– Үйі жоқтарды бірден жұмыс­тан шығарып жіберді.

 * * *

  – Кім болып жұмыс істейсің?

– Ұрымын!..

– Дәлірек айтқанда?

– Шенеунікпін...

 * * *

– Саламатты ғұмыр кешуге пейіліңіз қай дәрежеде?

– Темекіні саябаққа барып шегемін, өйткені онда ауа таза...

 * * *

 Саябаққа демалуға келуші оның күзетшісіне:

– Мында «Шөп төселген алаңды басып өтсеңіз 500 теңге айыппұл төлейсіз!» деп жазылыпты, неғып арзан?.. – дейді.

– Өйтпесек оның үстімен ешкім өтпейтін болды...

 * * *

– Бәке, жазда тынығуға қайда бармақсыздар?

–  Әйелім – Италияға, бала – Англияға!..

– Сіз ше?

– Түрмеге баратын шығармын...

 

 

Соттан келемін!

– Қайдан келесің?

– Соттан келемін…

– Е?

– Соты құрысын, оттан келемін…

– Немене, банк тонадың ба?

– Жоға, көшеде сағыз шайнап тұр едім…

– Полиция келе жатқанда жұта салмадың ба?

– Аузымды керіп, суырып алды.

Келесі күні.

– Қайдан келесің?

– Соттан келемін…

– Е?

– Соты құрысын, оттан келемін…

– Немене, біреудің құлағын тістеп алдың ба? Құлақ тістегенге де сот болып жатыр…

– Жоға, көршімді ішімнен боқтап едім… «Парақорсың!» деп…

– Ойпырым-ай , қалай біліп қойған?…

– Ішіме құлағын тосып…

«Ойпырым-ай, – дедім мен де ішімнен. – Жегені – алдында, жемегені – артында, ауыз­дары апандай жемқор шенеунік шортандар мен акула-киттер сотталмай жатқанда, біздің соттар майда шабақтар мен итбалықтарды соттап, күндерін көріп жатыр-ау деймін? Ойбай, ішімнен айтып тұрмын, ешкім естіген жоқ па екен?».

Алмас Жарқынбаев

Алматы

 

Шүкіршілік

(Сәуегей сатира)

Дүниеде бар жаратылыс мүлдем жоғалып кетпей, тірі пендемісің, жан-жануар, құрт-құмырсқа болсаң болды, уақытың келгенде өліп барып қайта тірілетініңе шүкіршілік.

Бір заманда мен де пенде болып жа­ратылғанмын. Қауым болып қауымдасып тірлік ететінбіз... Білетінім – тас дәуірі артта қалып, айналайын темірден алғашқы құрал-сайман сайлап, біз аңнан емес, аң атаулы бізден қашып-пысып жүретін заман болатын.

Ол дәуірге де шүкіршілік. Жазмыш бұйырған жасын жасап, арман-мақсат қойып өмір сүретіндей кезең болмаса да, жарық дүние сыйлаған Жаратушыға риза кейіппен дәм-тұз біткен күні жазмышқа мойын ұсынғанбыз.

Енді міне, Алла жар болып, «кезегім келіп», тағы да жарық дүниеге келуімнің орайы келіпті... Пенде емеспін бе, жаратылатыным анық, неде болса деп Жара­тушыға алдағы ғұмырда «өйте көріңіз, бүйте көріңіз» деп жалбарынып бақтым.

Сондағым, алдымен ғұмыр жасты ұзарта көріңізші дедім. Содан соң тамақ атаулыны талғамай-ақ бұйыртыңыз, құрт-құмырсқа, шөп-шаламға дейінгілер менің үлесімде болса дедім. Тағы да жаурап қалтырамайын, негізі – жауым жоқ­қа жуық болып, ашкөздердің қанша қармағына ілінсем де оларға нәпақа болудан сақтаса деп тіледім. Жүре де білсем, қажет болғанда қауіп-қатерден құтылып кетердей қанат бұйырса, артық етпес деп тәубеге келдім...

Жалбарынғанымды Жаратушы қа­был алып... пәлекеттікі, қарға болып­ жара­тыла қалмасым бар ма... Кінә өзім­нен! Алдымен адам ете гөр деме­ген өзім... Адам болмағаныма өкінген­мен, ал өті­ніш-тілегімді қабыл еткен Жара­тушы­ға айтарым жоқ... Тағам тал­ға­май­мын. Мұн­дағылар: «Қарға айтып­ты – боқ жаман емес, жоқ жаман» дей­тін кө­ріне­ді. Тәубе, жейтінім – алдымда, жемей керги­тінім онан да көп... Мұн­дағы­лар­дың:­ «Қарға қаңқылдап кетті, күн суытып­ қар түсетін шығар» дейтіні бекер емес... Көбіне қалғып-мүлгіп тал-теректе оты­рамын. Керек кезде төменге түсіп тал­таң­дап жүріп те беремін. Қауіп-қатер аз, етім «арам қатқыр» дәрежесінде бол­ған­дықтан, ана әдірем қапқыр мысық бол­маса, мені еріккендер де ермек ете қой­майды. Ойхой, қанат бітіргені қандай ғажап!.. Қауіп-қатерді қапы қалдырады... Бағы­тым «Балқан тау» болса да бара ала­мын... Ең ғажабы, ғұмырымның ұзақ­­тығы... Үш жүз жылдай жасайды екенмін!..

Ал айналама көз салсам... Пенде, яғни адам етіп жаратпағанына тәубе! Кей-кей тірлігіне өрем жете бермес, ал олардың құлқын үшін таң азаннан кеш батқанға дейінгі тепең-тепең тірлігін көріп түңілемін. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды». Ал пендең біздің кезіміздегі адамдардай емес, тірлік үшін бірін-бірі өлтіруден тайынбайды. Көбі ашқұрсақ, тағам үшін атыс-шабыс, қылмыс... Қит еткен қылмыс үшін қамалып, темір торда отырасың... Табиғатты бітірген. Тау-тасты қопарып, өзен-көлді лайлап, түтінмен тұмшаланып алған... Ері қайсы, әйелі қайсы біліп болмайсың. Бір-екі баламен бітеліп, күн өткен сайын тұқымы құрып құрдымға кетіп жатқан елді мекен... Қайсыбірін айтайын, осындай-осындай оспадарлығына бола аз күнде топан су қаптап тіршілік атаулы тып-тыйпыл болатын көрінеді... Өз басым ондай бола қалғанда, айналайын қанатымның арқасында қалықтап ұшып, жан сақтар алып шыңның төбесінен табылармын.

Айтарым, мына замандағы адамның көрерін пенде басына бермесін... Адам етпей, қарға етіп жаратқан Жаратушыма құлдық!..

 Берік САДЫР

 Нұр-Сұлтан

 

 Ауылдың айтқыштары

Көп жылдар ұстаздық еткен соғыс ардагері Шөкен деген ағамыз оқушыларға әңгіме айтып отырса керек.

– Бір күні алдыңғы шепке барып бекініп алдым, – деген екен ол. – Қылт еткен немісті қағып тастап отырмақпын ғой. Бір кезде көзіме шалынған ұзын бойлы фашисті нысанаға ала берген едім, әлгі жалп ете қалды. Тағы біреуін көздегенім сол – бұл бейбақ та мүрдем кетті. Үшіншісін қарауылға ілгенімде, ол да шалқасынан түсті. «Өй, бұларға не болды?», деп жан-жағыма қарасам, анадай жерде Әлия Молдағұлова жатыр екен.

1

*  *  *

– Ертеректе бір естігенім бар еді, – деп әңгіме бастады Матай деген ағамыз. Екі суайт өзара сыр шертісіп отырса керек.

– Әнеугүні, – депті біріншісі, – түнде машинамен келе жатсам, жолдың үстінде жиыр­ма қоян отыр екен. Шамды бір жағып, бір өшіргенімде көздері қарығып, мәңгірді де қалды. Бастарынан бір-бір ұрып машинама салып алдым.

– Андағы түк емес қой, – депті екіншісі. – Ана жолы бақшалығымда жұмыс істеп жатсам, күрегім әлдеқандай темірге тиіп шық ете қалды. Айналдыра қазып шықтым. Сөйтсем, әлгім немістің «Тигр» танкісі болып шықты. Тіпті шамы да жанып тұр.

– Әй, – деген екен біріншісі шыдай алмай кетіп. – Танкінің сенің бақшаңа қалай келгенін қазбаламай-ақ қояйық. Сөзіңе де сенейік. Мен он қоянды азайтайын, сен танкіңнің шамын сөндірші, бәтір...

 

Хасен Зәкәрия

Шығыс Қазақстан облысы

 

 Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР