Қоғам • 25 Қыркүйек, 2020

Жануарларға жасалатын қиянат азаймай тұр

1463 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жыл сайын әлемдегі әрбір төртінші жануар адам қолынан өледі. Әсіресе үй жануарларына жасалатын қиянат барған сайын өршіп барады. Humane Society International қауымдастығының мәліметіне сәйкес, жылма-жыл 3 млн-ға жуық ит пен мы­сық арнаулы орындардың жоқтығынан далада қаңғырып, айуан­дықпен өлтірілетін болса керек. Өкініштісі сол, жағымсыз фактілер Қазақстанда да тыйылмай тұр.

Жануарларға жасалатын қиянат азаймай тұр

Ит таластыру ермекке айналды ма?

Жылқы баптап, тазы өсірген халықтың жануарға «иттік» жасауы парадокс дерсіз. Алайда шын­дығы осы. Елімізде орын алған соңғы жағдайлар бұл сөзімізді айғақтайды. Мәселен, Маңғыстау өңірінде жас төбеттердің күшікті талап жатқан бейне көрінісі әлеуметтік желілерде тарап, жұрттың жағасын ұстатты. Жан түршігерлік бейнежазбаны Ақтаудағы «Шанс» қоғамдық қо­ры жариялап, иттердің төбелесін ұйымдастыратын азаматтарды жазаға тартуды сұрады.

«Жаға ұстатарлық бұл бейнежазбаны бір ай бұрын алған едік. Шындығын айтсақ, алғашында оны жариялауға жүрегіміз дауа­лаған жоқ. Даурығып, шу көтер­генімізбен іс жүзінде мемлекет мұндай жағдайларға мән бер­мей жануарларға қиянат көр­сет­кендер жазасыз қалып жатады. Қолданыстағы заңнамамен оларды жауапкершілікке тарту қиын екенін жақсы түсінеміз әрі көп жағдайда құқық қорғау­шылардың мұндай әрекеттерге қолын сілтей салатыны жасырын емес. Соған қарамастан бұл мәселені бейжай қалдыруға болмайды», дейді қоғам белсенділері.

Жамбылдық Ерден есімді аза­мат қазақы төбет пен тазыны өсірумен 15 жылдай айналысып келеді. Оның жеке иелігінде он­нан астам төбет тұқымы бар. Ара­сында түрлі республикалық жә­не халықаралық жарыстарда топ жарған иттері де жоқ емес. Әулиеаталық азаматтың айтуын­ша, төбеттерді айқасқа қатыс­тыру оның бітім-болмысын шың­дайды. Сондай-ақ малмен күнін көріп отырған ағайынның қора­сын түз тағысынан қорғайды.

«Қазақы төбеттерді айқастарға қатыс­тыру қалыпты құбылыс. Оның жара­тылысы соған сұранып тұр. Бұл қабілеттерін арттырмаса, күшіктері ын­жық болып өседі. Ауылдарға көк­жалдан қауіп төнсе, тойтарыс беру былай тұрсын, бірінші болып қашады. Керісінше онсыз да аз қалған төбеттердің санын көбейтіп, насихаттауымыз керек», деді Жамбыл облысының тұрғыны.

 

Адамға шабуыл жасауы мүмкін

Жануар қорғаушылардың пікіріне сүйенсек, гәптің бәрі ақшалай жүлдеде жатса керек. Юлия Сенчуктің ай­туынша, қан майданда үздік шыққан төбеттерге мың доллардан бастап 50 мың долларға дейін берілетін көрінеді. Көршілес елдерде бұл сома бірнеше есеге көп.

«Ең сорақысы, мұндай жарыстарға ересек адамдар балаларын алып барады. Мұндай қатыгездікті көрген жас ұрпақтың бойында мейірімділік қай­дан болсын?! Жануарлардың қаны­мен адамдар мыңдаған доллар алып, қым­бат көліктерге ие болып жатыр. Әл­бетте, иттерді төбелеске дайындайтын­дардың басым бөлігі ауқатты жандар. Себебі мұндай жануарлардың күтімін қарапайым азаматтардың қал­­тасы көтермейді. Ал осындай жарыс­­тар­дың салдарын айтудың өзі қорқы­ныш­ты. Құлағынан айырылған, көз­дері көр­мейтін, жүруден қалып, жарақат­тан­ған иттер қаншама?! Оларды емдеп, сауықтыру оңай шаруа емес. Кей­бі­ріне еріксіз дәрі беріп, өлтіруден бас­қа амал жоқ. Мұны ит төбелесін ұйым­дас­тыратындар ойламайды да. Мейлі, жарақаты жазылған күннің өзінде психикасы бұзылған иттер адамға шабуыл жасауы мүмкін. Мұндай фактілер жоқ емес. Неге адамның ермегі үшін жануар өзін құрбан етуі керек? Өкінішке қарай, осының барлығы ескерусіз қалып отыр», деді жануар қорғаушысы.

 

Жануарларды қорғайтын уәкіл қажет

Адвокат Жангелді Сүлейменовтің айтуынша, елімізде жануарларды қор­ғайтын арнайы уәкіл тағайындау қажет. Заңгердің сөзіне сүйенсек, тиісті заң қа­растырылғанымен оның жануар­лар­ды қорғаудағы күші әлсіз.

«Бізге шұғыл түрде жануарларды қорғау жөніндегі уәкіл қажет. Мысалы, адам құқықтары, банк қызметі, сақ­тан­дыру, инвестиция, сондай-ақ балалар құқығы бойынша уәкілдер (омбудс­­мендер) бар. Олардың қызметі заңмен реттелген. Ал жануарларға кел­генде, заң оларды қорғамайды. Қыл­мыстық кодексте 316-бап, яғни жануар­ларға қатыгездік жасау туралы жаза қарастырылғанымен ол мүлдем көмек­теспейді. Қазақстандағы жануарлар қорғалмаған. Сол себепті апта сайын үй жануарларын азаптап, қорлағаны туралы жаңалықтарды қор­қы­нышпен естуімізге тура келеді. Ерік­тілер көп болғанымен оларды ешкім тың­дамайды. Өйткені заңгерлері жоқ және мүм­кіндіктері шектеулі. Сондықтан міндетті түрде жануарларды қорғау жөніндегі уәкілді тағайындауымыз қажет. Оның басқа омбудсмендердікі секілді барлық құқығы сақталуы тиіс. Егер де жануарларды қорғай алмасақ, онда өркениетті ұлт болуымыз екіталай», деп әлеуметтік желіде пікірін білдірген еді заңгер.

 

Жаңа заң қандай болады?

Қолданыстағы заңның әлсіздігін сала­лық ведомство да жасырмайды. Эко­логия, геология және табиғи ресурс­тар министрі Мағзұм Мырзағалиев бұл бағыттағы бастамаларды қолдайтынын, сондай-ақ жаңа реформада барлық ұсыныстар ескерілетінін жеткізді.

«Қазақстанда жануарларды қорғауға қатысты жаңа заң жобасының қажеттілігі туралы бұрыннан айтылып келеді. Елі­мізде барлық жануарға, атап айтқанда жабайы, ауылшаруашылық және үй жан­уарларына жауапкершілікпен қарауға байланысты ортақ заң жоқ. Жануар­лар­ға жасалатын қатыгездік туралы әлеумет­тік желілерде жиі айтылады. Алайда қазір осыған қатысты тым жұмсақ жаза қарастырылған. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біріншіден хайуанаттар бағында жан­уарларды күтіп-ұстауға қойылатын талаптар қатаңдатылып, жануарларды қорғау жөніндегі азаматтық бастамалар қаржыландырылмақ. Сонымен қатар жануарларды қорғайтын еріктілерді қолдап, оқушылар мен студенттер арасында жануарларға жауапкершілікпен қарау идеялары насихатталады. Біз осы мәселе бойынша барлық ұсыныстарды қарауға және оны заң жобасын талқылау кезінде ескеруге дайынбыз», деп айтқан еді Twitter-дегі парақшасында М.Мырзағалиев.

Еліміздегі жағымсыз ахуал туралы ақпарат өзге мемлекеттерге де жетіп, халықаралық ұйымдар мен танымал тұлғалар тіршілік иелеріне мейірімділік танытуға шақырды. Былтыр француз актрисасы Бриджит Бордоның атындағы жануарларды қорғау жөніндегі қор Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жазып, мәселені назарға алуды сұраған еді. Мемлекет басшысы жол­данған хаттың маңыздылығын айтып, балалардың құқығына көңіл бөлгендей, жануарларға да аса жауапкершілікпен қарау қажеттігін ескертті.

Сөз орайы келгенде айта кетейік, Қыл­мыстық кодекстің 316-бабына сәйкес жануарлардың өліміне немесе мер­тi­гуiне әкелетін қатыгездiкті жаса­ған­дар, бұл әрекетін бұзақылық ниетпен немесе асқан қатыгездікпен балалардың көз алдында жасаса – 120 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл төлейді немесе 120 сағаттық қоғамдық жұмыстарға тартылады. Сондай-ақ отыз тәулікке қамаққа алу жазасы қарастырылған.

 

Әлем елдеріндегі жануарлар құқығы

АҚШ-та жануарлардың құқығы ту­ралы негізгі заң 1966 жылы ра­ти­фикацияланып, оған алты мәрте түзе­ту енгізілді. Бұл құжат арқылы ғылы­ми зерт­теулерде, көрмелерде, көлік­те және дүкендердегі жануарларды қарауға қатысты құқықтық нормалар реттеледі. Құқық қорғау ұйымдары аталған заңды сынға алған. Өйткені онда ғылыми зерт­теу жұмыстарына пайдаланылатын құстар, егеуқұйрықтар мен тышқандар, сол секілді етті бағытта өсірілетін жануар­лардың құқығы ескерусіз қалған.

Құрама штаттарда жануардың құла­ғын, құйрығын кесуге рұқсат беріл­ген. Қатыгездік көрсеткені үшін амери­калықтар жазаға сирек тартылады.

Қазір 50 штаттың 46-сында жануар­ларға қатысты зорлық-зомбылықтың кейбір түрлері бойынша қылмыстық жаза қарастырылғанына қарамастан, іс жүзінде бұл ауыр құқық бұзушылық ретінде тіркелмейді.

Италияда жануарларға көрсетілетін қатыгездікке қарсы және тұтастай жануар­лардың жағдайына қатысты бір­қатар заң қабылданған. Бірақ оның көп­шілігі ескірген. Десе де, халықтың жануар­­ларға деген қамқорлығы мен қарым-қатынасының дамуына қарай заң­дар жаңарып, олардың күтіміне қажет­ті инфрақұрылымды жаңғырту жұмыс­тары жүргізіліп жатыр.

Кәрі құрлықта жануарларды қорлаған азаматтар үш айдан бастап үш жылға дейін бас бостандығынан айырылып, 3 мың еуродан 160 мың еуроға дейін айыппұл төлеуі мүмкін.

Канаданың қылмыстық кодексінде жануарға қасақана азаптау немесе жарақаттау қылмыс ретінде белгіленген. Үйеңкі жапырақты елде жануарларды улау қатаң жазаланады. Сондай-ақ басқа адамның жануарына қауіп төндіру де қылмыс болып саналады.

Адам құқықтарын қорғауда әлемдегі өркениетті елдердің қатарына кіретін Швейцарияда да жануарлардың жайлы өмір сүруіне айтарлықтай жағдай қарас­тырылыпты. Бұл бағытта аталған мем­лекет дүние жүзінде ең қатаң заң­дарды қабылдап, оның ішінде қоян­дарға арналған үйшіктердің талапқа сай болуы­на дейін қамтылған.

 

P.S. Таяуда ғана бас шаһарда тағы бір жантүршігерлік оқиға орын алды. Волонтерлер әбден қорланған 4 итті та­уып, арнаулы мекемеге емдеуге апарған. Медициналық қорытындыға сәйкес, барлық жануардың жыныс мүшелерінің сау тамтығы қалмапты...