Аймақтар • 25 Қыркүйек, 2020

Жол бойы неге «жалаңаш»? (Халықаралық автодәліз бойына жасыл желек отырғызу қажет)

498 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елді мекендерге ағаш отырғызу мен көгалдандыру ісі Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында тағы да көрініс тапты. Өткен тамыз айында шалғайдағы Ырғыз ауданына жасаған іссапарымыз ке­зінде аға буын өкілдері Қуаныш­бай Кенжебаев, Әлібек Сарин, Нұр­қасым Сәрсенбайұлы және Мыр­залы Өтемұратов пен Арыстанғали Өмірбековтер бізге бұл мәселе жө­­нінде шешімін таппай жүрген бір­қатар мәселені алға тартып еді. Президент Жолдауында қо­йылған міндеттер ел жанашырлары тілегімен тығыз үндестік тапқан соң оны газет оқырмандарының назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Жол бойы неге «жалаңаш»? (Халықаралық автодәліз бойына жасыл желек отырғызу қажет)

Бұған қатысты ең алдымен айтарымыз, Ырғыз – еліміздің шалғай­да, жартылай шөлейтті аймақта ор­наласқан аудандарының бірі. Мұн­дай жағдайда өңірде жасыл желек жайқалту маңызды мәселелердің бірі болып қала бермек. Бұл жөнінде қолға алынған жұмыстар да бар. Әйтсе де 42 мың шаршы шақырымға жуық үлкен аумақты алып жатқан Ырғыз өңірі үшін бұл жеткіліксіз екені де айқын көрінеді.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізінің бо­­йында орналасқан ауданда «Нұр­лы жол» бағдарламасы шеңберінде «Орталық – Батыс» магистралін жасақтау қолға алынбақ. Мұның өзі жаңа мүмкіндіктердің тууына оң әсерін тигізбек. Дәл қазіргі кү­ні аталған күре жолдың бойында жа­сыл белдеудің ізі де жоқ. Оның қос қапталы жалаңаш тұрғаны жо­ғарыда аты-жөндері аталған аудан ақсақалдарының қабырғасына қара тастай батады.

– Көңілсіз көрініске өзгеріс ен­гі­зуге болады. Әйтсе де ауданда ағаш егумен айналысатын ар­на­йы кә­сіпорынның жоқтығы бұған әжеп­тәуір қолбайлау туғызып отыр. Өңір­дегі орман алқаптары «Қара­­бұтақ» орман шаруашылығы мем­лекеттік мекемесінің құзырында. Аталған аумақтар ауданның Ырғыз, Ақши, Жайсаңбай, Аманкөл және Жанасби ауылдарын қамтиды. Өкі­нішке қарай, аталған мекеменің тым шалғайлығы тиімді жұмыстар жүргізуге мүмкіндік бермей отыр. Сондықтан біз Ырғыз
ауданында дер­бес орман шаруашы­лығы кәсіп­орнын құру қажет деп есеп­тейміз, – дейді олар.

Іссапар барысында тағы бір кө­зіміз жеткен жайт, елді мекендерді көгалдандыру мен ағаш отырғызу ісі және оны күтіп, баптау жұмыстары тұрғындар мен кәсіпорын ұжым­дарының өз күштерімен атқарылып келе жатқаны. Ал ауылдан тыс жерлерде, соның ішінде халықара­лық автожол бойында егілген ағашты көр­мейсіз. Жүздеген шақырым жол бойы тұтастай жалаңаш.

Ел ағаларының айтуынша, жер­гілікті тұрғындар өз үйлерінің ма­ңына тал-теректер отырғызу ісін жал­ғастыра береді. Дегенмен жер­гілікті климаттың ерекшелігі мен ағаш көшеттерін отырғызу тәсіл­дерін жетік білетін арнайы маман­дардың қажеттілігі айқын.

– Олар егілген талдың тамыр жа­­йып жерсініп кетуі үшін агро­тех­ни­ка­лық шараларды да дұрыс жүр­гізе алар еді. Бұл істі осындай арнайы мамандар мен техникалардың кө­мегінсіз ойдағыдай жүргізу мүм­кін емес. Дербес орман шаруа­шы­­лы­ғын құрудың қажеттілігі де осын­да. Әрі бұл қадам тоғыз жол­­дың то­ра­бында тұрған Ырғыз се­кіл­ді қас­терлі топырақтың одан әрі өсіп-өркендеуіне жол ашар еді. Осы ұсы­ныс-тілегіміз бас басы­лым бетінен көрініс табуын қалаймыз, – деп түйіндеді ойларын ауыл ақса­қалдары. Бұл тұтас ауыл-аймақ пен күре жолдың бойына жасыл желек жай­қалту ниетінен туындаған орынды талап-тілек.

 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Egemen Qazaqstan»

 

Ақтөбе облысы,

Ырғыз ауданы