Ақынның 100 жылдық мерейтойына арналған шаралардың ішіндегі ең елеулісі – Орал қаласындағы Жұбан саябағында орнатылған еңселі ескерткіш болды. Ақынның қоладан құйылған тұтас тұлғасын астаналық сәулетшілер Серік Рүстамбеков пен Ербол Зиябеков сомдап шығыпты. Бұрын дәл осы жерде тұрған ақын бюсті Орал қаласындағы Жұбан Молдағалиев атындағы №2 орта мектеп ғимаратының алдына көшірілген екен.
Салтанатты шараға Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, орынбасары Мереке Құлкенов, ақындар Жүрсін Ерман, Светқали Нұржан, Жанарбек Әшімжан т.б. қаламгерлер алыс-жақыннан арнайы келіпті. Қазақстанның Халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев та той ортасынан табылған. Ақынның жары, жасы тоқсаннан асқан София Мәлікқызы Жұбанның ғасырлық тойына қатысу үшін ерекше күтінгенін, ауырып қалудан сақтанып, ешкіммен араласпай, үйге ешкімді келтірмей даярланғанын айтып, ақын ұлын дәріптеген жерлестеріне ақ шашты басын иді.
Ақынның ғасырлық тойына Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та құттықтау хат жіберген екен. Оны Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев көпшілік алдында оқып берді.
«Қадірлі қауым, ардақты ағайын! Биыл қазақтың ақиық ақыны, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жұбан Молдағалиевтің туғанына 100 жыл толып отыр. Жұбан Молдағалиев төл әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқан қарымды қаламгер. Ол ұлтжандылық пен отансүйгіштіктің озық үлгісін көрсетіп, еліне адал қызмет еткен қоғам қайраткері. Аса көрнекті ақын еліміздің бірқатар негізгі басылымдарын, Жазушылар Одағын басқарып, әдебиет пен ақпарат саласын дамыту жолында аянбай еңбек етті. Жұбан Молдағалиев Отанға деген ыстық махаббат пен ерекше сүйіспеншілікке толы туындылары арқылы тұтас халқымыздың рухын асқақтатты. Әсіресе оның «Мен қазақпын» атты поэмасы қанымызға сіңген асыл қасиеттерді дәріптейді. Сондай-ақ қазақтың намысын жанып, бірлікке шақырады, елдікке үндейді. Халқымыз Жұбан Молдағалиевтың қоғамды дамытуға және мемлекетімізді өркендетуге сіңірген еңбегін ешқашан ұмытпайды. Ел тарихында өшпес із қалдырған біртуар перзенттің өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа әлі талай үлгі бола береді деп сенемін» делінген Мемлекет басшысының жеделхатында.
- Ақ Жайықтың топырағынан түлеп ұшып, Алаштың аспанында қыран болған, өлеңі Қазақ дейтін халқына ұран болған Жұбан ағамыздың еңселі ескерткіші құтты болсын! Бұл ескерткіш осындағы Сырым мен Абайдың ескерткішіне серік бьолып, қалаға көрік беріп тұр. Бұл жер ұрпақтардың тәу етіп, тағзым етіп келетін орын болсын. Бұл жәй ескерткіш емес, найзағай поэзияға орнатылған ескерткіш, бұл қазақтың ар-намысына орнатылған ескерткіш. Осы ескерткішті орнатып отырған азаматтарға, ұрпақтарына, жерлестеріне Қазақстан Жазушылар Одағының атынан мың рахмет айтқым келеді, - деді өз сөзінде Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.
«Тастайтын талай өлең жазып бүгін,
Білмеймін өліміңе жазықты кім?...
Өзіңді өжет қазақ деп жүргенде,
Сезбеппіз жүрегіңнің нәзіктігін.
Дейміз-ау ерте үзілді бекер демің,
Бір жырлап мына өмірді кетер ме едің,
Соғыстың төрт жылына төтеп беріп,
Бір күнін Желтоқсанның көтермедің.
Ақынға жараспайды өлді деген,
Қалды ма лайланып мөлдір өлең.
Жүрегің жазылар ме ед көрсең егер
Көк туын еркіндіктің желбіреген!» – деп жырлаған ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгереева ортаға шығып, Жұбанның осы ескерткіші осы жерде қасқайып тұрғанының өзі Тәуелсіздіктің арқасы екенін еске алды.
...Әлі есімізде, тоқсаныншы жылдары осы саябақта, дәл осы тұста комдив Чапаевтың гипстен жасалған бюсті тұрған еді. Орал қаласында, көшеде қазақылықтың иісі аз кез. Осы жерге Жұбан ақынның кеуде мүсінін орнату жөнінде әкімдік шешімінен құлағдар болған бір топ қатты қарсылық көрсетті. Қалалық мәслихатта да мемлекетшіл депутаттардың саны аз, аумалы-төкпелі, қиын кездер еді. Кейін Жұбан бюсті орнаған соң «ескерткішті бүлдіріп кете ме» деп ұлтшыл қазақтар алаңдады... Құдайға шүкір, Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылға тақап, табанымыз бүрленді, сөзіміз іріленді.
- Ұлтын сүйген ұлын ұлықтайтын халық бұл ескерткішті қашаннан күтті. Бұл Жұбан осы тас мүсінімен де талай нәрсені айтады. Өйткені оған шындық үшін басы кесілген Махамбеттің өмірі үлгі еді. Жесір ананың тәрбиесін көрген жетім бала өсіп, өніп, Ұлы Даланың қыран жыршысы атанды. Оның жырлары әр қазаққа рух беріп, намысын жанып тұрары сөзсіз! Той тойға ұлассын, халайық! – деді Ақұштап Бақтыгереева.
Сәулетті мүсіннің авторы Серік Рүстамбеков «Мен үшін осы тарихи іске қатынасу аса маңызды болды» дейді.
- Жұбан Молдағалиев сынды ұлы ағаның көзін көріп, ұлы Қуанышпен көп жыл бірге жүріп едік. Қуаныш та Қазақстан сәулет өнерінің дамуына өзіндік із қалдырды. Көп жыл Қазақстан Суретшілер Одағында төрағаның орынбасары болды. Тәуелсіздіктің таңсәрі жылдары өнер мен мәдениет иелері қиын жағдайға қалғанда түрлі арт-жобалар ұйымдастырып, сәулетшілердің басын қосып, нарықтың қиындығынан алғаш жол тапты. Соның арқасында көптеген суретші нанын тауып жеп, тіпті байып та кетті. Ақын тәрбиесінің пайдасын көргендердің қатарында мен де бармын. Сондықтан осы ескерткішті лайық етіп жасауға бар күшіміз бен тәжірибемізді салдық. Осындай қиын кезде бастаманы аяғына дейін жеткізгені үшін облыс басшылығына алғыс айтамын. Орал өңірінің айбаты да айбары – Жұбан ағамыздың даңқы арта берсін! – деді мүсінші.
Салтанатты шарада абыз жасындағы Асанәлі Әшімов ақынға еліктеп жазған өз шығармасын оқыса, Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығына арналған «Қиял қанаты» республикалық онлайн дуэт байқауының жеңімпазы, жергілікті ақын Сағынтай Бисенғалиев те Жұбанның:
«Қонақсыман астаналық ақын боп,
Бұл өлкеде бас ұстауға қақым жоқ.
Құлақ берсе болды «біздің бала» деп
Артық кеткен еңбегім жоқ, ақым жоқ!» - деп, туған жер алдында әрдайым кішірейіп тұратын ақкөңіл мінезін еске алды.
Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-көпшілік кітапханада өткен шарада ақын Айтқали Нәріков сөз алып:
Текті ғана тартып туар негізге,
Жұбан – Жайық, ұқсатам мен егізге.
Жұбан жырын санамызға сіңірсек,
Жайық барып құйып жатыр теңізге.
Орал таудан басын алса Жайығым,
Жұбан ақын өрге салды қайығын.
Жұбан, Жайық – кіндігі бір алыптар,
Алып деген – екеуіне сай ұғым! – деп жырдан шашу шашты.
Бұл күні Орал қаласында қазақ әдебиетінің, қазақ поэзиясының мәртебесі шарықтаған күн болды. Облыс орталығының ең үлкен даңғылдарының біріне Абай есімі берілді. Орал қалалық кітапханасының №6 филиалы күрделі жөндеуден кейін ашылып, пайдалануға берілді. Меймандар Қадыр Мырза Әлінің ескерткішіне гүл шоғын қойып, ақын атындағы орталықтың жұмысымен танысты. Осы жерде қос ақынның құрметіне жарияланған мүшәйраның қорытындысы шығарылып, жас ақын Айбол Исламғалиевке бас жүлде табыс етілді.
Суретті түсірген Рафхат Халелов
Батыс Қазақстан облысы