Қоғам • 28 Қыркүйек, 2020

Қашықтан қалай оқып жүр, интернетсіз ауыл баласы...

226 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газе­ті­нің тілшілер қосынына Алматы облысының Ұйғыр ауда­нын­дағы Кепебұлақ ауылы­ның тұрғындары хабарласып, қашықтан оқуға қатысты мәсе­лені баяндады. Ауылдағы ағайын елді мекенде интернет желісін былай қойғанда, ұялы телефон байланысының жоқтығына налиды. Ал мектеп оқушылары мен студенттер онлайн сабаққа қатысу үшін жол жағалап, телефон байланысы бар жер іздеуге мәжбүр болып отыр.

Қашықтан қалай оқып жүр, интернетсіз ауыл баласы...

Ауыл жастары өркениет ны­шаны жетпеген өңірдің мә­се­лесін айтып, облыстың атқа­ру­шы билігінің назарын ауда­ру үшін арнайы бейнежазба да жариялаған болатын. Тұрғын­дар­дың бұл шағымы Nur Otan пар­­тиясы төрағасының бі­рін­ші орынбасары Бауыржан Бай­бектің жеке блогына жібе­рі­ліпті. Алайда дәл қазіргі сәтте Ке­пе­бұлақ ауылына телефон же­лісін тартып, интернет байланысын қосуға мүмкіндік жоқ екен.

– Бейнежазбамыз «Біз енді үнсіз қалмаймыз» хештэгімен әлеуметтік желіде жария бол­ған соң, ауданнан адамдар кел­ді. Бірақ, біздің ашынған үні­мізден еш нәтиже шықпай тұр. Аудан әкімінің орынбасары ауыл­да кездесу өткізіп, тұр­ғын саны­ның аз болуына бай­ланысты Кепебұлаққа жо­ғары жылдамдықты интернет тартуға мүмкіндік жоқ екенін айтты. Тіпті, ұялы байланысты жақсартуға да жағдай жоқ екен. Ал осындағы оқушылар мен студенттердің бір тобы көрші ауылдағы туысқандарының үйін жағалап, бір тобы телефон ұстайтын трасса бойына барып оқып жүр. Бізді ата-анамыз сабақтан қол үзбесін деп, көлікпен көрші ауылға тасиды. Сабақты солай оқып қайтамыз. Көлігі жоқтар жаяулап, жалпылап төбе басына, жол бойына кетеді. Қазір күн суытты, далада жүру қиындап барады. Ары қарай қайтетінімізді білмейміз, – дейді студент Айерке Сайран.

Жалпы, Кепебұлақтан бас­қа ауылдарда ұялы байланыс та, интернет желісі де бар екен. Мәселен, іргедегі Кіші Ди­хан ауылында Beeline компа­ния­сы­ның байланысы ұстайды. Ал Кет­пен ауылында «Altel», «Tele2» же­лісі істеп тұр. Бұл маң­да мо­бильді интернетке қосылуға мүм­кін­дік бар. Кепебұлақтық­тар құры­ған­да осындай байланысқа қол жет­кізсек дегенді айтады.

Әрине, ауыл мүлдем байланыссыз емес. Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы ауылынан 100 шақырымда орналасқан елді мекендегі 511 үйдің 67-сі сымсыз телефон аппаратына жалғанған екен. Бірақ, бұл же­ліге интернет қосылмайтын кө­рі­неді. Ал кабельді интернет тек Н.Исахметов атындағы орта мектепте ғана бар. Өкініштісі, ғаламтор жылдамдығы әлсіз болып тұр. Бар жылдамдығы 512 kb/c болатын байланыстың күші онлайн оқуды былай қойып, электронды поштамен құжат жөнелтуге де жетпейді-мыс. Со­­ған қарамастан мектептегі үл­­кен сыныптар үшін сабақ қа­шық­тан өтіп жатыр. Яғни орта білім алатын 79 оқушы мен жо­ғары оқу орынында оқитын 14 студенттің жол жағалап, туыс сағалап кеткені ата-аналарды алаңдатып отырғанын түсінуге болады.

– Екі студент балам бар. Ауыл­да байланыс та, интернет те жоқ болғандықтан, балаларым Шонжы ауылындағы таныс адамның үйінде жатып оқиды. Онлайн оқу үшін бізге байланыс, антенна керек. Ұялы байланыс тек осы жерде тартатындықтан, жол бойына келіп хабар алмасып жүреміз. Бәрінен бұрын мектеп оқушыларына қиын бол­­ды. Көп ата-ана індеттің та­ра­луынан қорқып, қашықтан оқуға келісім берген. Қазір бас­тауыш сыныптар ғана мектепке барады, ал жоғарғы сынып оқушылары интернет тартатын трассаға барып жүр. Күн суытты әрі балалардың қауіпсіздігіне алаң болып отырмыз, – дейді ауылдағы ахуалды айтқан ата-ана Әсел Толқынбаева.

Айтпақшы, біз жақында білім басқармасының дерегіне сүйене отырып, жыл соңына дейін об­лыс мектептерінің 84 пайы­зы сымсыз интернетке қол жеткізетінін жазған едік.

– Бұл мақсатқа жергілікті бюд­жеттен 156 мектепке 454 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде жыл соңына дейін 639 мектеп Wi-Fi технологиясы негізінде ға­ламтормен қамтылатын бо­лады. Жалпы, бүгінде облыс­тағы 760 мектептің барлығы компьютерлік техникамен жаб­дықталып, 100 пайыз ғаламторға қосылған. Оның 527 мектебі не­месе 69,3 пайызы жоғары жыл­дамдықты интернетке тал­шықты-оптикалық кабел арқылы жалғанса, 233 мектеп яғни, 30,6 пайызы спутниктік байланыс арқылы ғаламтор тұтынып отыр. Ал Wi-Fi технологиясы негізінде сымсыз интернетке қосылған мектеп саны 483 шамасында, – деген болатын облыстық бі­лім басқармасының басшысы Майгүл Омарова оқу жылының басталуына орай берген баспасөз мәслихатында.

Өкінішке қарай, облыстың шал­ғай ауылдарындағы жағ­дай­дың нақты көрінісі білім бас­қармасының да, облыс әкім­дігінің де назарына ілікпегенге ұқсайды. Өйткені, дәл осындай мәселе бірқатар ауданда бар екені жасырын емес. Жақында Кербұлақ ауданының Беріктас ауылының бір топ оқушылары мен студент жастары да елді мекенде интернет байланысының болмауынан 7 шақырым қашық­тықтағы төбе басына келіп, оқып жатқандарын айтып бейнежазба жариялаған болатын. Қашықтан оқитын балалар интернет тартатын жерге келіп, өзен жағасында түскі ас әзірлеп ішетіндіктерін көрсеткен еді. Ал Беріктас ауылына мобильді интернет желісін тарататын мұнара биылғы сәуір айында қойылуы тиіс-тін. Тұрғындар бұл істе бір шикілік барынан күдіктеніп, жауапты мекеме ғаламторды қағаз жүзінде ғана тартып кетуі мүмкін деген ойда қалып отыр...

Жалпы, біз Алматы облысы бойынша елді мекендерді жо­ғары жылдамдықты интернет желісімен қамтудың сын кө­термейтінін бұған дейін де бірнеше рет жазғанбыз. Мәселен, Алматы қаласының іргесіндегі Қоянқұс ауылындағы жағдай әлі оңалмай отыр екен.

– Интернет байланысының нашарлығынан өткен көктемде де оқушылар қиындық көрді. Жаз бойы Іле ауданы әкімдігіне, «Қазақтелекомға» 100 рет барған шығармыз. Бізді құрғақ уәдемен шығарып салады. Еш өзгеріс жоқ. Қазір ауылдағы 135 оқушы жыл­дамдығы төмен интернет­пен итшілеп, онлайн оқып отыр, – дейді «Қоянқұс» бау-бақ­ша серіктестігінің төрайымы Күлжиян Нұрғалиева.

 

Алматы облысы