Өмірдің қас-қағым сәтін құнды жәдігер ретінде ұрпақтан-ұрпаққа сыйлап келе жатқан фотоөнер алғаш Франция жерінде дүниеге келген. Содан бері де талай уақыт өтті. Біздің елімізде де осы өнердің қыры мен сырын жете меңгерген нағыз шеберлер аз емес. Солардың бірі – «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы Л.Н.Гумилев атындағы университетте Астана жұртшылығына қос кітабын таныстырды.
Өмірдің қас-қағым сәтін құнды жәдігер ретінде ұрпақтан-ұрпаққа сыйлап келе жатқан фотоөнер алғаш Франция жерінде дүниеге келген. Содан бері де талай уақыт өтті. Біздің елімізде де осы өнердің қыры мен сырын жете меңгерген нағыз шеберлер аз емес. Солардың бірі – «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы Л.Н.Гумилев атындағы университетте Астана жұртшылығына қос кітабын таныстырды.
Қалың оқырманға «Асылханның фотосы» қолтаңбасымен таныс Әбдірайымов бір кітабын қазақ баспасөзінің Рысқали Дүйсенғалиев, Петр Редько, Бекмұхамбет Тілекметов, Жүнісбек Пайызов, Қайрат Мұстафин, Нұрғожа Жұбанов, Сиез Бәсібеков, Сайлау Пернебаев, Дендербай Егізов, Алашыбай Есмағамбетов, Нұрманбет Қизатұлы, Рахымбай Ханалы сияқты айтулы фотошежірешілеріне арнапты.
Жинаққа олар түсірген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, жазушылар Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Оралхан Бөкейдің, Шерхан Мұртазаның, композиторлар Ахмет Жұбановтың, Мұқан Төлебаевтың, Шәмші Қалдаяқовтың, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының, халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің, ақындар Жамбыл Жабаевтың, Кенен Әзірбаевтің, Сәкен Сейфуллиннің, Қалижан Бекқожиннің, атақты балуан Қажымұқанның сирек кездесетін суреттері енгізілген. Спорт тарихына есімдері алтын әріптермен жазылған тарланбоздардың да, өнерімізге өшпес із қалдырған күміс көмей әншілер мен мың бұралған бишілердің де суреттері осында.
Кітапқа алғысөзді халық әртісі Сәбит Оразбаев жазыпты. Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтың, қазақ фотожурналистикасын зерттеуші Әскер Исақовтың, белгілі журналист Қали Сәрсенбайдың лебіздері де жылылығымен жүректі тербейді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқытушылық қызметті қоса атқаратын Асылханның «Фотожурналистика» деп аталатын екінші кітабы студенттерге оқу құралы ретінде ұсынылыпты. Бұл еңбек үш тараудан тұрады. Алғашқы тарау «Фотография, фотожурналистика жанрлары» деп аталады. Онда автор байырғы және бүгінгі аппараттарды зерттеп, зерделеп, егжей-тегжейлі түсіндіруге тырысқан. Сондай-ақ, дайын суреттерді өңдеу тәжірибесін де ортаға салады.
Ал, екінші тарауда салаға қатысты әлемдік ұйымдар, білім ошақтары жайлы әңгімелейді. Алматы қаласындағы тұңғыш фотостудия туралы да кеңінен сөз қозғайды. Үшінші тарауда сандық фотоаппараттарды қалай таңдау қажеттігін, сәнді суретке қалай түсу, түсіру керектігін айтады. «Бұл кітаптар осы мамандыққа қызығушылығы бар әр адамға пайдалы деп ойлаймын. Мен бұл еңбектерді тек өзім жасадым деуден аулақпын, еліміздегі басқа да фотомамандар көп атсалысты бұған. Фотосуреттің әлемдік даму көшінен Қазақстан да қалыс қалмауы керек. Әріптестерімді осы мақсатқа жұмылуға шақырамын», дейді автор.
Қос кітаптың таныстырылымында сөз алған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ бүгінгі фотожурналистиканың мән-маңызына тоқтала келе: «Қандай бұқаралық ақпарат құралы болмасын, фотожурналистикаға тәуелді. Мұны уақыт дәлелдеп отыр. Мамандар фотосуретсіз еш басылымның, тіпті, теледидардың өзі көркемдік жағынан кемшін тартатынына көз жеткізді», деді.
Тұсаукесер рәсімінде А.Әбдірайымұлы www.photooner.kz сайтының оқырманмен қауышқанын да жеткізді. Онда қазіргі фотожурналистика төңірегіндегі жаңалықтар, түрлі бағыттағы суреттер жарияланып тұрмақ. Сайт арқылы еліміздегі фотосуретшілермен де тікелей байланысуға мүмкіндік бар.
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан».
––––––––––––––––––––
Суреттерді түсірген автор.