– «100 жаңа есім» жобасына қатысуда алдыңызға қандай мақсат қойдыңыз?
– Зерттеушіден бұрын, ең алдымен өзімді азаматтық қоғамның бөлігі ретінде көремін. «100 жаңа есім» жобасына ғалым ретінде қатысқаным белгілі. Ғылыммен айналысу дегеніміз – мақалалар жазу емес, кейін қолданысқа жарайтын, пайдалы зерттеулер жүргізу. Әсіресе елді мекендердегі әлеуметтік жағдайды түзеуге қажетті ақпарат жинау. Яғни менің ерте кезде басталған қоғамдық белсенділігім азаматтық қоғам саласын зерттеуге, жастар қауымдастықтарын жақсартуға әкелді.
Қоғамдық жұмысқа оқушы кезімнен белсенді түрде араластым. Мектеп президентіне үміткер болдым, сайлауға түстім. Түрлі конкурстарды айтпағанда «ХХІ ғасыр көшбасшысы» тележобасына қатысып, сол жерде көптеген дарынды баламен таныстым. Осы қоғамдық жұмыс арқылы өзім үшін де, қоғам үшін де маңызды салаға келдім. 2009 жылдан бастап ЮНИСЕФ-тің жастар және жасөспірімдермен жұмыс жөніндегі ресми сертификатталған жаттықтырушысымын. Осы күнге дейін талай талантты жасқа сабақ беріп, білгеніммен бөлісіп келемін. Тренинг кезінде қатысушыларға осы уақытқа дейін жиған-тергенімді үйретуге тырысамын. Көбіне азаматтық белсенділікке ұмтылу және қоғамдық қозғалыстарды қалай ұйымдастыру керек деген мәселелерді қарастырамыз. Осы ретте адамдардың алдында дұрыс сөйлеу, жоғарыда айтылған мақсаттарға жету механизмі, өз идеясын дәлелдеу сынды дағдыларға баулимын. Алайда менің ең басты мақсатым – балалардың қоғамды жақсартуға талпынысын ояту. Оны қайда және қалай бастайтының маңызды емес. Яғни өз сыныбың мен үйіңнің ауласында-ақ өзгеріске талпынудың өзі маңызды. Егер адам сонымен тұрақты түрде айналысса, оның ауқымы да ұлғая түседі. Осылайша айналаңды өзгерту арқылы қоғамды да өзгертуге болады. Ағылшындарда «өз ортаңда әрекет ет те, жаһандық деңгейде ойлан» деген сөз бар. Өз ортаңда әрекет етпей, қоғамды, елді өзгерту деген ой қисынсыз.
– Жастармен жұмыс кезінде не байқадыңыз? Өзіңіздің замандастарыңыз бен бүгінгі жастардың айырмашылығы қандай?
– Маған бүгінгі жастардың беталысы ұнайды. Университет студенттерінің жақсы талпынысын көріп, жарқын болашаққа деген сенімім беки түсті. Жастар тарапынан қаржыландыру мен демеуші табуға қатысты сұрақтар жиі қойылады. Оған қоса менің тренингтерім жастарға жеке тұлға ретінде шешім қабылдау бойынша терең түсінік береді деп есептеймін. Алда да осындай өзгерістер көбейе түссе, жастардың да белсенділігі артпақшы. Бұл, әлбетте, мемлекеттің қолдауының арқасында болатын өзгеріс. Билік тарапынан шығарылатын шешімдер халықтың қатысуымен қабылданғаны абзал.
Қазақстан халқының басым бөлігі – жастар. Статистикаға сүйенсек, жастар халықтың үштен бірін құрайды. Олардың саны жыл сайын артып келе жатқаны да белгілі. Жастар ең алдымен белсенді азаматтар болуы тиіс. Қазір олардың технология мен әлеуметтік желілер арқылы өзге елдегі жастармен өздерін салыстыруға, жақсыдан үйреніп, жаңа тенденцияларға сай болуға мүмкіндігі мол.
– Ал бүгіннің жастары қандай болуы керек?
– Қай салада жұмыс істесе де шығармашылық пен креативке жақын болғаны абзал. Тіпті заңгер болсаңыз да шығармашылықтың қажет болатыны сөзсіз. Идеялардың аспаннан келіп түспейтіні белгілі, кітаптардан идея алуға болады. Кез келген салаға қатысты ойлар тек кәсіби әдебиеттен емес, көркем әдебиеттен де табылады. Жалпы, көркем шығарма оқу – жақсы әдет. Өйткені көркем әдебиет қиялды дамытуға ерекше ықпал етеді. Мәселен, сіз ешқашан Тынық мұхитында болмасаңыз да, автордың суреттеуімен мұхитты елестете аласыз, тіпті оның иісі де мұрныңызға келеді. Осылайша әдебиет арқылы адамның әлем туралы түсінігі дамиды.
Одан кейін қызығатын дүниеңізге қарай орта іздеңіз дер едім. Сіз қоқыс өндеу, сұрыптауға қызықсаңыз, осы салада қызмет ететін адамдар мен арнайы қауымдастықтар өте көп. Өз ортаңда, өзіңмен бірдей ойлайтын адамдардың ортасында жүргенде басыңа түрлі идея келеді. Ал халықаралық қауымдастықтың мүшесі болсаңыз, ондағы идеяларды елімізде жүзеге асыруға әбден болады.
Менің тренингімде дәріс алған жастармен әлі күнге дейін араласып тұрамын. Оларға бірін-бірі қолдау, сену керегін жиі айтамын. Қазақстанда талантты жастар көп. Бізді шетелде ешкім күтіп отырған жоқ. Қазақстан – біздің Отанымыз, ата-бабамыздан қалған мұрамыз. Олар басқа түскен тауқыметтерге қарамай сақтап қалған жерде өмір сүріп қана емес, өз үлесімізді қосып, дамыта түсуді міндет деп белгілеуіміз керек.
– Зерттеулер мен зерттеушілер туралы ойыңыз қандай?
– Ең бастысы, зерттеудің сапалы болғаны абзал. Жай ғана статистикалық дерек саралап, сауалдама жүргізсең де өмірдің, қоғамның шындығын көруге болады. Олар арқылы бүгіннің көрінісін аламыз. Мысалы, жақында әріптестеріммен шығармашылық кәсіпкерлердің білімі туралы зерттеу жасадық. Нәтижесінде, арнайы шығармашылық білімі бар азаматтардың кәсіпкерліктегі өзіне сенімділігі арнайы шығармашылық білімі жоқ, керісінше мүлде басқа факультет тәмамдаған кәсіпкерлерге қарағанда бәсең екенін анықтадық. Бұл білім жүйесі мен жоғары оқу орындарындағы кәсіпкерлікті дамытуға арналған пәндерді қайта қарау керек екендігін көрсетті.
– Карантиннің сіздің салаға тигізген әсері болды ма? Ендігі жоспарыңыз қандай?
– Карантин келешекке көзқарасымызды өзгертті. Әсіресе өз салам туралы көбірек ойландырды. Сонымен бірге өзіңнің жұмыстарың туралы көпшілікке айтып отыру керек екендігін түсіндік. Алдағы уақытта да өзім қызмет етіп жүрген Narxoz университетінде зерттеуімді жалғастырамын деген ойдамын. Жақында оқу ордасында «Креативті экономика» орталығы ашылды. Мұнда да тренингтер өткізіп, мемлекеттік саясатқа пайдалы ұсыныстар беретін сапалы зерттеу жасасам деген жоспарым бар. Осы орайда әлеуметтік желідегі белсенділігімді арттыра түспекпін. Әріптестеріммен кеңесе келе жеке блогымды дамыту қажеттігін түсіндім. Бұл шетелдегі әріптестеріміздің қазақстандық жобалардан хабардар болуына жол ашпақ.
Креативті экономика мен өндірісті зерттеуді жалғастыруды жолға қойып отырмын. Бұл саланы секторларға бөліп жеке қарастыруға да болады. Өйткені елімізде олардың дамуына мүмкіндік мол. Оқыту жүйесін де жаңа деңгейге көтеруді жолға қойған абзал. Бұл саланың кенже қалуына бәсекенің жоқтығы себеп.
Әңгімелескен
Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»