Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында Елімізде жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес әлі де жалғасуда.
Біз азаматтардың өмірін және денсаулығын қорғау үшін бар күш-жігерімізді біріктірдік», деген болатын. Әрине, бұл орайда адамның өмірі мен қауіпсіздігі басты орында болуы тиіс. Бірінші кезекте әр адам өзінің жеке өмірі үшін жауапты. Сондықтан да мейлінше оқшаулану бүгінгі күннің басты талабы. Елімізде карантин талаптары жеңілдетілгенмен, толығымен алынған жоқ. Санаға салмақ салатын, сабақ болатын жағдайлар көп болды. Бірақ осындай мәселелерге қарамастан Тараз қаласында той жасау тыйылмай тұр. Шаһардың әр бұрышында орналасқан мейрамханаларда әсіресе демалыс күндері күндіз де, түнде де жиын-той өтіп жатқан жағдайларды көруге болады.
«Біз қаладағы мейрамханаларға карантин тәртібін сақтау бойынша арнайы рейд ұйымдастырдық. Демалыс күндері жұмыс істеуге тыйым салынған нысандарды зерделеу кезінде «Сәтті», «Бүркіт», «Ақсарай», «Сұлтан сарай», «Заравшан», «Севинч», «Ерғали» және «Інжу-Маржан» сынды бірнеше мейрамханада той-томалақ секілді жиындардың болғаны анықталды. Осы заңсыздық бойынша жергілікті полиция қызметі қажетті материалдарды жинақтап, әкімшілік шара тағайындау үшін облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолдайтын болады», дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев.
Жалпы, осы уақытқа дейін Тараз қаласы бойынша бірқатар мейрамханалардың иелеріне айыппұл салынып, олардан 10 миллион теңгеге жуық қаражат өндірілген. Дегенмен қала әкімдігі тарапынан қанша жерден тосқауыл қойылса да, заң бұзушылықтардың тоқтайтын түрі жоқ екен. Бұл ретте әкімнің орынбасары басты мәселе той иелерінде емес, мейрамхана басшыларында екенін айтады. «Олар тапсырыс алмай, белгілі бір уақытқа дейін жұмыстарын тоқтата тұрса, мына әлемді әбігерге салып отырған індеттің екінші толқыны болмас та еді», дейді ол. Ал Тараз қалалық жергілікті полиция қызметінің бөлім бастығы, полиция полковнигі Сәбит Мамытбековтің айтуынша, мейрамхана қожайындарына карантин шараларын бұзғаны үшін жауапкершілік бар екені ескертілген. Бірақ нәтиже әлгіндей болып отыр.
Елімізде карантин талаптары енгізілген уақытта да Жамбыл облысының аумағында той жасаған жағдайлар жиі кездесті. Кезінде осы үшін той мен тойхана иелеріне де айыппұл салынған. Мәселен, Шу ауданында карантин кезінде-ақ қыз ұзату тойын жасаған мектеп директорының әрекеті әлеуметтік желілерді шулатты. Одан бөлек, Тараз қаласында да той, беташар сияқты жиындарды өткізген жағдайлар болды. Тіпті Қордай ауданында жаназа кезінде де карантин талаптары сақталмағандықтан, алты бірдей адамның қауіпті індетті жұқтырғаны анықталды. Мұның бәрі де кей тұрғындардың мәселеге жүрдім-бардым қарағанынан орын алған жағдайлар. Алайда, бұл орайда мейрамхана иелерінің де өздерінің айтатын базынасы бар. Олар тек мейрамханалар мен тойханаларға ғана кінәні артып қою дұрыс емес деп есептейді. Сенбі мен жексенбі күндерін есептемегенде қаладағы базарлар мен кішігірім дәмханаларда да санитарлық режімнің сақталмай отырғанын айтуда. Тойхана иелерінің айтуынша, адамдар бір-бірімен осындай және басқа да көпшілік орындарда жиі араласуда. Сондықтан да олардың пікірінше, барлық мәселені мейрамханаға әкеліп тіреп қоюға болмайды.
«Жалпы, қала бойынша 14 наурыз бен 17 қыркүйек аралығында ешбір мейрамхана жұмыс істеген жоқ. Тек 17 қыркүйектен ғана карантиннің жеңілдетілуіне байланысты рұқсат алып, ақырындап той-томалақты ұйымдастырып жатырмыз. Бүгінде мейрамханамызда 50-ге жуық қыз-келіншек жұмыс істеп, отбасын асырап келеді. Біз сол 50 адамның айлығын әрең тауып беріп отырмыз. Оның үстіне несиеміз тағы бар», дейді Тараз қаласындағы «Гауһартас» мейрамханасының қожайыны Меруерт Лештаева. Кәсіпкер банктен алған қарыздың уақыты шегерілсе деген де тілегін жеткізді. Ол «Қыс мезгілінің қарсаңында тым болмаса мейрамхана жұмысшылары бала-шағаларына қыстық киімдерін алып беріп үлгерсе», дейді.
Қазақ халқы отбасылық қуанышты ерекше бағалаған ел. Кез келген адам атаулы күнді ағайын-туысын шақырып атап өткісі келеді. Бірақ дәл бүгінгі жағдайда бұл мүмкін болмай тұр. Десе де, «Той дегенде қу бас та домалайды» дегендей, Таразда той жасау әлі тыйылмай тұр. Бұл мәселені әкімдік кәсіпкерлерге сілтесе, олар өздерінің жағдайын айтып ақталуда.
Жамбыл облысы