Әлем • 01 Қазан, 2020

Әуедегі үстемдік (Алтыншы буындағы жойғыш ұшақтар дәуірі)

866 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әскери авиаиндустрия жаңа кезеңге қадам басып, саладағы ойыншылар алтыншы буындағы жойғыш ұшақтарды құрастыруға кірісті. Бұл бағытта АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Гер­мания, Жапония, Франция және Испания айтарлықтай жетіс­тікке жеткені байқалады. Алайда негізгі тартыс америка­лық­тар мен бейресми түрде бірлескен қытайлық және ресейлік авиаконструкторлар арасында өрбіп келеді.

Әуедегі үстемдік (Алтыншы буындағы жойғыш ұшақтар дәуірі)

 

АҚШ көш бастап тұр

Қытай мен Ресей бесінші буын­дағы жой­ғыш­тардың өнді­рісін жолға қоя алмай жат­қанда, АҚШ осы санаттағы әскери техниканы дамытып қана қоймай, оны кең көлемде пайдаланып, одақтас елдерге сатып жатыр.

Next Generation Air Dominance (NGAD) бағдарламасы аясында Құрама Штаттардың әскери әуе күштері алтыншы буындағы жойғыш ұшақтың алғашқы сынақтарын сәтті аяқтады.

АҚШ әскери әуе күштері министрінің технологиялар және логистика жөніндегі көмекшісі Уилл Ропердің айтуынша, әскери басқарма қазірдің өзінде дыбыстан да жыл­дам техниканың ұшу сағаттарын ретке кел­тіріп, әлемдік рекорд орнатқан. Бұл туралы қорғаныс министрлігінің өкілі Defense News порталына берген сұхбатында айтты. «Біз келесі буындағы ұшақтың құ­рас­тыру жұмыстарын бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізуге да­йынбыз», деді У.Ропер.

 

Жасанды интеллект енгізіледі

Екінші жағынан, қытайлық Global Times (GT) басылымында жарияланған баяндамада Чэнду авиациялық ғылыми-зерттеу және жобалау институтының бас инженері және J-20 ұшағының жобалаушысы Ван Хайфэн аспанасты елі алтыншы буындағы жойғыштарды тек 2035 жылға қарай шығаруы мүмкін екенін жасырмады.

Әзірге болашақ ұрыс техника­сының мүмкіндіктері мен ерек­шеліктері жөнін­де артық мәлімет жарияланған жоқ. Бірақ бас инженердің сөзіне сүйенсек, оның артықшылығы жасанды интеллект пен шұғыл жасыры­ну қабілетін­де болмақ. Соны­мен қоса көпбағыт­ты анық­тау тетігі, лазерлі қару, өзін-өзі рет­тей­­тін қозғалтқыштар және гипер­ды­­бысты қару ұшақтың негізгі ба­сым­­дығы ретінде қарасты­рылады.

Десе де, ағылшын тілді SCMP басы­лымында жазылған мақалада гонконг­тік әскери сарапшы Сун Чжунпин әр елдің жойғыштарын салыстыру әлі ерте деп санайды. Оның айтуынша, амери­ка­лық­тар бесінші буындағы әске­­ри ұшақтарды осыдан он жыл бұрын құрастырып бітірген. Сол себеп­ті олар­дың озық деңгейдегі әуе ма­шина­сын шы­ғаруға кірісіп кеткені таңғаларлық құбылыс емес дейді. 

Бүгінде АҚШ әскери-әуе күш­тері­нің авиапаркінде 2005-2015 жылдары қабылданған бесін­ші буындағы Lockheed Martin F-22 және F-35 жой­ғыш­­тары қолданыста. Ерекшелігі сол, бұл ұшақтар озық авионикалық жүйе­лермен қамтылып, шұғыл жасырыну және ұтқыр ұшу сияқты әрекеттерге ие. 

Ал қытайлық бесінші буынды Chengdu-J-20 ұшағы аспанға алғаш рет 2011 жылы көтеріліп, тек 2017 жылы әскерилердің қолына берілді.

 

Су-57 өндірісі толық шешілген жоқ

Солтүстік атлантикалық альянс­тың көшбасшысы мен Қытай­­дан бөлек, Ресей және Ұлы­британияда бұл бағыт­та ізденіс жұмыстарын әзірлеуде. «Ростех» корпорациясы авиа­циялық кеше­ні­нің өнеркәсіптік директоры Анато­лий Сердюковтың айтуын­ша, «МиГ» компаниясы мен «Сухой» холдингі жаңа буындағы жойғышты шығару үшін бірігуі мүмкін.

Ресей бесінші буындағы Су-57 жой­ғы­шының өндірісіне қатысты барлық мәселені әлі де шешпегеніне қарамас­тан, жаңа сат­ыдағы ұшақты әзірлеуді көз­деп отыр. Ол «МиГ-Сухой» атауымен шығуы мүмкін. Мұндай әскери техника кең таралған дыбыстан жылдам МиГ-21 ұшағының көр­сеткіштерін жақсартып, сон­дай-ақ МиГ-35 және Су-57-ден де озық бола түседі деген сенімде ресейлік авиаконструкторлар.

Америкалық The National Interest журналында жазылғандай, бұл ресей­ліктердің болашақ жойғышты әзірл­еуге байланысты алғашқы қадамы емес. 2016 жылы премьер-министрдің орын­ба­сары болған Дмитрий Рогозин алтыншы буын­дағы әскери ұшақ­­ты шығару ісі бас­талғанын мәлім­деп, оның ықтимал жоба­сы таныстырылғанын айтқан еді.   

«Мүмкін «МиГ-Сухой» өндірісінің бірлескен ұшағы деп шығарылады. Бірақ әзірге бәрі талқылануда, нақты дөп басып айту қиын», деген А.Сердюковтың сөзін келтірді америкалық басылым.

Әскери құрамаларды Су-57-мен толықтыру ісі кешіктірілсе де аталған ұшақ Ресей әуе күштеріндегі МиГ-29-ды және Су-27-ні алмастыруға арналған. Тек Су-57-нің америкалық Lockheed Martin компаниясының бесінші буынды F-35 Lightning II бомбалаушы ұшағына қалай қарсы тұра алатыны белгісіз. «Раптор» атауымен танымал бұл әмбебап жойғыш ұшақ қазір әлемде үстемдік орнатып отыр дейді сарапшылар.

F-35-тің  қашықтықты анық­тау, геолокация және сәйкес­тен­діру жүйелері дүние жүзіндегі ең қауіпті сын-қатерді, соның ішін­де ресейлік С-300 жаңа жүйе­сін барлық деңгейде дәл анықтап, жоюға мүмкіндік береді.

 

Автоконцерн қозғалтқыштармен қамтиды

Жаһандық көштен қалмауға тал­пын­ған Ұлыбритания 2018 жылы «Tempest» бағдарламасын жариялап, әуе фло­тындағы Euro­fighter Typhoons-ты алмас­тыра­тын алтыншы буындағы ұшақ­ты шығаруды қолға алған болатын.

Біріккен корольдіктің әуе күштері­нің бағдарламаларын іске асыратын BAE System компаниясын Rolls Royce авто­концерні қозғалтқыштармен қамтыса, еуропалық MBDA фирмасы қару ор­на­туға, сол секілді италиялық Leonar­do ком­паниясы арнайы құрылғылар мен авио­никаны дамытуға көмектеспек. Бри­тандықтардың озық техникасы 2035 жылы дайын болады деп болжануда. 

Қытайлық J-20 ұшағының бас конструкторы Ян Вэй GT басылымына жа­риялаған мақаласында келесі буын­дағы жойғыш бүгінгі қолданыстағы тех­ни­ка­дан барлық сипаттамасы жағынан әлдеқайда озық болатынын айтты.

«Ұлы державалардың бәсеке­лестігі мен жаңа төртінші буынды жойғыш ұшақтарды енгізу жағдайында соғысты жүргізу тәсілдерін өзгерту, сондай-ақ пост-төртінші буынды ұшақтарды жасау туралы кең көлемді пікірта­ластар жүріп жатыр», деді Я.Вэй мақаласында.

Lockheed Martin компания­сының F-35 Lightning II бомбалаушы ұшағы шамамен 145-150 млн доллар көлемінде бағаланады. «Коммерсант» газетінің хабарлауынша, Су-57 жойғышының құны – 35 млн доллар. Ал қытайлық Chengdu J-20-ның бағасы 85-90 млн доллардың айналасында.

 

Әскерилердің әуе паркі қашан жаңарады?

Қазақстанның әскери-әуе күштері­не тоқталсақ, отандық авиапаркте 100-ден астам ұрыс ұшағы бар. Олардың дені ресейлік өнім. Оның ішінде ең озығы 4+ буынындағы көпмақ­сатты Су-30СМ жойғыш ұшағы. Қазір мұндай техниканың шамамен 20-ға жуығы еліміздің әуе қақпасын күзетуде.

Стокгольм халықаралық бейбітшілік мәселелерін зерттеу институтының (SIPRI) бағалауына сәйкес, былтыр еліміз қорғаныс саласына 1,7 млрд доллар жұмсаған. Бұл 2018 жылдағы көрсеткіштен 19%-ға көп.

Нәтижесінде, 2019 жылы Қазақ­стан салыстырмалы түрде әскери шығын­дардың ұлғаюы жағынан әлемде 14-ші орынға тұрақтады.

Отандық әскери-техникалық сатып алу­дың басым үлесі ресейлік  импортқа тие­сілі. Солтүстіктегі көршіміз АҚШ-тан ке­йінгі әлем­дегі екінші әскери держава.

1995-2017 жылдар аралығында Ресей Қазақстанға Су-27 жой­ғышын (14 бірлік), Aero L-39 оқу-жаттығу ұша­ғын (13 бірлік), Ил-76 стратегиялық авиа­лайнерін, сондай-ақ «Сухой» компания­сында шығарылған ұтқыр ұшу қабілет­теріне ие 8 дана Су-30 ұшағын сатқан. Рес­пуб­лика аумағындағы ресейлік тікұшақ­тың шамамен 200 данасы жауын­герлік сапта тұр.  Оның ішінде көпмақ­сатты тікұшақтар Ми-8/17 және Ка-32А11ВС, сол секілді Ми-24В және Ми-35М көліктік-жауынгерлік тікұшақтары мен Ми-26Т ауыр көліктік тікұшағы бар.

Былтыр Ресейдің мемлекет­тік қару-жарақ мердігері «Ростех» Қазақстанға Ми-8 көпмақсат­ты тікұшақтарының жергілік­ті өндірі­сін іске қосуға көмекте­суге уәде еткен еді. Бұл Ресей мен еліміз арасындағы Орталық Азия­дағы алғаш­қы осындай келісім. Соған сәйкес, көршілес мемлекет 2025 жылға қарай 45 тікұшақты шығарып, жеткізуге, сондай-ақ әуе техникасының қызметтік цикл жүйесін іске қосуға және инже­нерлік қызметкерлерді оқытуға көмектеспек.