Білім • 02 Қазан, 2020

88 мың бала қашықтан оқиды

134 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тобыл өңірінде қашықтан оқытып жатқан мұғалімдер де, үйде отырып білім алатын оқушылар да қажетті техникалық құрылғылармен толық қамтамасыз етілген. Сабақтар оқу жоспары бойынша бекітілген кестеге сәйкес жүріп жатыр. Ал штаттық режімде жұмыс істеп жатқан 336 білім мекемесінде 22 мыңнан астам бала мектепке барып оқып жүр. Бастауыш сыныптарда 15 оқушыға шақталған кезекші сыныптар жұмыс істеп жатыр. Бүгінде аймақ мектептерінде 2016 кезекші сынып бар.

88 мың бала қашықтан оқиды

Білім басқармасының басшысы Зәуре Бәйменованың айтуынша, ең бірінші кезекте штаттық режімде жұ­мыс істеп жатқан мектептердегі сани­тар­лық талаптардың сақталуы қатаң қадағаланады. Бұл мақсатта облыс­тық бюджет қаражатынан білім беру ұйым­дарына жеке қорғаныс құралдары мен дезинфекциялау құралдарын сатып алу үшін 30,5 млн теңге бөлінген.

– Балалардың өмірі мен ден­саулығын сақтау мақсатында мек­тептерге барлық санитарлық қауіп­сіздік шаралары жүргізілді. Мектепке кіріп-шығу талаптары бекітіліп, оның орындалу барысы күнделікті қада­ғалауға алынды. Күн сайын әр мектептің кіреберісінде медицина қызметкерлері кезекшілік етеді. Олар қызметкерлер мен оқушыларды термометрмен тексеріп, қолдарын, аяқ киімдерінің табанын дезинфекция­лап таңертеңгі фильтрден өткізіп барып қана мектепке кіргізеді. Биыл 25 қыр­күйекте облыстық мәслихаттың сес­сиясында қосымша дезинфекциялау құралдарын, яғни санитайзерлер, аяқ­киімге арналған дезинфекциялау кі­лем­шелері, термометрлер, ауа рециркуляторлары, кварц шамдары, антисептиктер мен деохлор сатып алу үшін тағы 206,5 млн теңге қаражат бөлініп отыр, – деді З.Бәйменова.

Қашықтан оқытудың басты құралы – сапалы интернет пен қуатты компьютер. Биылғы жаз маусымында жергілікті бюджеттің 1,4 млрд теңге қаржысына 6 мың компьютер сатып алынған. Қыркүйекте Үкімет қорынан 2,4 млрд теңге тағы бөлініп, 1 584 компьютер, 11 586 ноутбук, 2 052 планшет сатып алынып отыр. Бұл компьютер құрылғыларының алғашқы легі таяу­да ғана облыстың 8 ауданындағы мек­тептерге таратылды. Басқарма бас­шысының сөзінше, қашықтан оқуды қам­тамасыз ету мақсатында жыл басынан бері облыс мектептеріне 12458 компьютер жеткізілген. Қазан айында Қостанайға жалпы саны 13 638 ноутбук пен планшет келуі тиіс. Олар 20 аудандағы қалған мектептерге таратылып беріледі. 

Биыл балабақшалармен және орта білім беретін мекемелерді бейне­бақы­лау камераларымен қамтама­сыз ету мақсатында 187,2 млн теңге бөлі­ніп, қыр­күйек айының біріне дейін об­лыс­тағы 488 мектеп пен 122 бала­бақ­шаның барлығына бірдей бейнебақылау құ­рыл­ғылары орнатылды.

Ендігі мәселе жылы дәретханасы жоқ мектептердің мәселесін шешу болып тұр. Мәселен, Амангелді ауданында 11 мектепте, Жангелдин ауданының 3 мектебінде жылы дәретхана жоқ. Осы 14 мектепті ішкі санитарлық тораптармен жабдықтау үшін облыстық бюджеттен 23,9 млн теңге бөлінген. Басқарма басшысы жыл соңына дейін бұл мәселе шешілетінін айтты.

Бүгінде облыстағы жалпы білім беретін 321 мектептің автономды жылыту жүйесі бар. 2 мектеп электрмен жылытылады. Ал 33 мектеп пеш жағып отырса, 132 білім ошағы орталық жылу жүйесіне қосылған.

– Бүгінгі таңда пешпен жылытылатын 33 мектептің бәрі бір қысқа жететін отын, көмірлерін түсіріп алды. Қазір­дің өзінде 468 мектепте жылу жүйесі жұмыс істеп тұр. Газбен жылытылатын 16 мектептің есептегіш құралдары тексеріліп жатыр. Тексеру жұмыстары аяқталысымен, олар да жылу жүйесіне қосылады. Сондай-ақ қазір жоспарлы күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, Қостанай қаласындағы 4 мектеп жылусыз отыр. Жөндеу аяқта­лысымен бұл мектептерге де жылу бері­леді, – деді З.Бәйменова.

Басқарма басшысы облыста арнайы білім беретін ұйымдардың да қызмет аясы кеңейтіліп жатқанын тілге тиек етті. Мәселен, қыркүйекте Рудный қаласында Қостанай қаласындағы психологиялық-педагогикалық түзеу орталығының құрылымдық бөлімшесі ашылған. Бұл ерекше білім беруді  қажет ететін балалардың облыс орталы­ғына бармай-ақ жергілікті жерде сапалы коррекциялық көмек алуына мүм­кіндік беріп отыр. Алдағы қараша айында Арқалық қаласы мен Амангелді ауданында да осындай орталықтарды ашу көзделіп отыр.

Облыс мектептерінде күнделікті өтетін пән сабақтарымен қатар, оқушы­лардың танымын кеңейтіп, қабілетін ұштайтын онлайн режімдегі білім байқау­ларын ұйымдастыруға еш кедергі жоқ. Мысалы, 28 қыркүйекте өңірлік WorldSkills Kostanay-2020 чем­­пионаты басталды. Төрт күнге со­зы­латын байқау осымен алтыншы рет ұйымдастырылып отыр. 32 білік­тілік бойынша 160-тан астам оқу­шы, 250 сарапшы қатысып жатқан білім жарысының жеңімпаздары осы апта­ның аяғында анықталады.

Аймақта мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру, еңбегін бағалау, моральдық, материалдық тұрғыдан қолдау көрсету мәселелері басты назарда. Мысалы, республикалық «Үздік педагог» кон­курсының облыстық кезеңінде жеңіске жеткен 6 мұғалімге 800 мың теңгенің үстінде ақшалай сыйақы беріліп, же­ңім­паздар арнайы дипломдармен және сертификаттармен марапатталған. Басқарма басшысының айтуынша, биыл мұғалімдердің әлеуметтік мәртебесін арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр.

 

Қостанай облысы