«Бізге мектепте математика пәнінен Қайдар Хамзин деген ағай сабақ беріп еді. Сол ағай біз мектеп бітірер жылы төрт оқушыны «Тау-кен институтына оқуға барыңдар» деп мамандық таңдауға дайындай бастады. Арасында мен де бар едім. Құжаттарымызды оқу орнына поштамен жіберді. 1951 жылы қолымызға аттестат алып, Алматыға қарай жолға шықтық. Сол кезде пойыз ұзақ жүретін. Күн батуға таяғанда пойызымыз вокзалға тоқтады. Ауылдан алысқа ұзап шықпаған кезіміз. Оның үстіне бұрын келмеген, көрмеген қалада қайда барарымызды білмей, аңтарылып қалдық. Қолымызда чемоданымыз бар, көше аралап жүрген едік. Қарсы жолыққан жігіт ағасы бізден жөн сұрады», деп еске алады Сұлташ Қуанышев.
Қазақ жерінің батыс қиырында ержеткен төрт түлек Тау-кен институтына оқуға түсуге келгенін айтыпты. Алайда сол сәтте олардың тұрақтар жері жоқ еді.
«Айналайындар, алыстан келіпсіңдер. Бұлай көшеде жүрмеңдер. Тентектер тонап кетуі мүмкін. Қазір сендерді жатақханаға орналастырамын. Тау-кен инстутынан құжаттарыңды өзім алдырамын, ҚазПИ-ге оқуға түсіңдер. Мектепке өздерің секілді жастар керек», депті бейтаныс адам.
Алматыға алыс ауылдан білім шырағын іздеп келген жастарға жанашырлық танытқан Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының директоры Асқар Закарин екен. Үлкеннің алдынан кесіп өтпейтін, ақылын жерге тастамайтын ауылдың түлектері осылайша ҚазПИ-дің студенті атанды. Соның бірі Сұлташ Қуанышев 1955 жылы институттың физика факультетін бітіріп шықты.
«Асқар ағайдың сол жанашырлығын әлі күнге ұмыта алмаймын. Өйткені ол бізді ұстаз болуға, шәкірт тәрбиелеуге баулыды. Өзінің тәжірибесімен бөлісетін еді. Мейірімді болуға үндейтін. Институт бітіріп, диплом алғанда жолдама басқа өңірге берілді. Тағы да Асқар Закариннің көмегі тиді. Сол кезде ол Оқу министрі еді», дейді Сұлташ Қуанышев.
Мұғалімдік еңбек жолын Доссордағы орта мектепте бастаған жас мұғалім 1961 жылы Махамбет ауылына оралды. Мұнда мектепте математика пәнінен дәріс берді. Шәкірттерінің талпынысын қолдап, мейірім шуағына бөледі. Соның жемісі болар, оның дәрісін тыңдаған, математика сынды қиын пәннің қыр-сырына қаныққан шәкірттері ұстазын ұмытқан емес. Оны жыл сайын кәсіби мерекесімен құттықтайтын, ай аралатып хабарласып тұратын шәкірті көп. Солардың қатарында белгілі мемлекет қайраткері Иманғали Тасмағамбетов те бар.
«Әр оқушы – бір әлем. Сондықтан ұстаздар оқушыларды баурай білуі керек. Сонда шәкірттердің бойында бұғып жатқан қабілеті ашылады. Сабаққа ынтасы да, үлгерімі де артады. Өзім дәріс берген шәкірттерімнің осалы болған жоқ. Бәрі де алғырлығымен, зеректігімен танылды. Сабақты үздік оқыды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Солардың арасынан елге танымал азаматтар шықты», дейді «Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері атанған ардагер ұстаз.
Кейіпкеріміз ұстаздық жұмыспен шектелген жоқ. Кезінде аудандық партия комитетінің саяси ағарту, үгіт-насихат бөлімін басқарды. Ал еліміз тәуелсіздігін алып, әкімдік институты енгізілген тұста Махамбет ауылдық округінің әкімі лауазымын атқарды. Қазір ардагер ұстаздың жолын қызы Гүлмира жалғастырып келеді.
Атырау облысы,
Махамбет ауданы