Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ
Жуырда қолымызға «Бір әулеттің тарихы» деген жинақ түсті. Оның авторлары – облысқа белгілі өлкетанушылар Қайролла Мұқанов пен Социал Жұмабаев. Кітап Барлыбай әулетінің бұрынғы және бүгінгі ұрпағы тағдырының тарихына арналған. Міне, осы жинақта мынадай жолдар бар: «Есеней Естемесұлы көзінің тірісінде өзінің Қызылжар, Омбы қалаларындағы сауда дүкендерін, шеберханаларын, қонақүйлерін қағаздатып, жақсы көретін құдасы, досы Алжыған Барлыбайұлының атына аударған екен» (37-бет).
Шындығында ХІХ ғасырда Қызылжар негізінен қазақ және басқа да татар, қоқандықтар, бұқаралықтар, тәшкендіктер деген сияқты мұсылман жамағатының қаласы болған. 1785 жылы Орынбор экспедициясын бастап қазақ даласын зерттеуге шыққан академик И.П.Фальк Қызылжар туралы былай деп жазған: «...все местное население, кроме немногочисленных казаков и солдат-инвалидов, составляют азиаты. Здесь 172 дома и 914 жителей».
Ал саяхатшы-ғалым А.Носилов ХІХ ғасырдың аяғында Қызылжар тұрғындарын былай суреттейді: ««Пестрый халат киргиза смешался с халатом татарина, его поддевкой: высокие белые, серые, черные, меховые шапки смешались с тюбетейками, которые блестят золотом и серебром... и русский среди них кажется совершенно чужим, гостем, а не хозяином. Татаро-киргизский город дает себя знать всеми своими оригинальными чертами своих жителей, странным для нас говором толпы».
Кеңестік ұлыорыстық шовинистік идеологиядан ада, нағыз зерттеушілер өз көргендерін осылай, шындықпен жазған.
Бірақ кеңестік идеология «көшпенді халық» деп бізді қалаға жолатқысы келген жоқ. Оны өкіметтің қамқорлығындағы жергілікті ғалымдар, өлкетанушылар да қостап, қазақтың иісін Қызылжарға «жақындатпауға» тырысты. Осыны кеңестік орыстар ғана емес қазақтар да басына терең сіңіріп алды. Тіпті архивтерден құжаттарын да тауып, жазылған ақпараттарды да көлденең тартып, халық жадындағы жүздеген деректі келтірсек те әлі күнге «Абылайдың ақ үйі Қызылжарда болған емес» дейтін петропавлдық «білгіштер» бар. Ондайлардың түпкі мақсаты Қызылжардың қазаққа қатыстылығын жоққа шығару арқылы оның «Петропавл» атауын сақтау сияқты.
Жуырда біздің қолымызға Қазан қаласында 2011 жылы шыққан «Из истории и культуры народов Среднего Поволжья» деген жинақ түсті. Бұл – татар оқымыстыларының өз халқының ХІХ ғасырдағы тарихын, соның ішінде діни харекеттерін зерттеген еңбектерінен құралған жинақ. Барлық деректер Ресей архивтеріндегі материалдарға негізделген. Міне, сол жинақта былай делінеді: «В 1897 году в Петропавловске насчитывалось 19 688 жителей, среди которых мусульмане составляли 43,6%. В этническом плане большинство принадлежало татарам – 6087 душ обоего пола (2999 мужчин и 3088 женщин). Вторая группа мусульман была представлена казахами – 2184 человек (1247 мужчин и 934 женщин)». Бұл таза қазақтардың өзі сол кезде 11 пайыз болғанын көрсетеді. (1989 жылғы санақта, қалаға үйреніп, оқуға көптеп келіп, қызметке жаппай тұрған кезінде қазақ 8 пайыз ғана болған еді).
Ол кезде шаһарда қазақтан басқа оның ықпалын көбейтетін шалақазақ деген субэтностың, бұхарлықтар, қоқандықтар, тәшкендіктер деген халықтардың болғанын қосыңыз. Олардың бәрі қазақ тілінде жақсы сөйлеген. Тіпті казактардың да көбі ежелден қазақ тілінде мүдірмей сөйлейтінін ғалым Г.Потанин жазған. Сөзіміз жалаң болмас үшін оның пікірін де келтіре кетелік: «Казаки, живя с киргизами, совершенно окиргизились и говорят не только с киргизами, что было бы вполне понятно, но и между собою по-киргизски, считая этот язык более легким для себя, носят они также и киргизскую одежду. Маленькие дети казаков – и те говорят по-киргизски». Тағы бір мақаласында ол: «Киргизский язык не только не пренебрегается, но считается разговорным; киргизские обычаи также многие усвоены: так, например, казаки охотно пьют кумыс и едят конину…»
Татарлар болса болмасын қазақша сөйлей біледі. Тіпті олардың қазақ жерінде туған көптеген ақын-жазушылары өз шығармаларын қазақтың «кең де кен тілінде» жазған. Мысалы, аталған жинақта Ахмет Уразаев (Қурмаши) деген татар ақыны өзінің «Бозжігіт», «Тахир мен Зухра» деген поэмаларын қазақ тілінде жазғаны айтылады.
Демек, сол кездегі Қызылжар халқының 70-80 пайызы қазақша сөйлей білген десек қателеспейміз. Ал орыс тұрғындардың көбі әскери отрядтарда болған, олар негізінен казармаларда тұрған. Саптан босаған кәрі-құртаңдар мен мүгедектердің тұрақты тұрғындар секілді ықпалы болмағаны анық. Ал орыс көпестері өзінің қазақ арасындағы саудасының жанды жүруі үшін қазақ тілін білуге тырысқан. Қазақтан піркәзшік (приказщик) алғанымен саудада алданып қалмау жағын қарастырып, қазақ тілін меңгерген.
Қай күнде де қалаға қолы ұзын, іске бейімді адамдар келеді. Ал ондайлар негізінен байлар мен олардың балалары арасынан шыққандар. Деректің өзі сол кезде қалада қазақтың саны 2 мыңнан артық десе, солардың арасынан дүкен, кәсіпорын, қонақүйлер ашқандар болмады дегенге кім сенеді? Тарихи деректерде Қызылжардағы барлық тері илейтін, сабын қайнататын, мал соятын цехтардың иелері кілең мұсылман текті адамдар болып келеді. Біздің арамыздан арнаулы зерттеушілер болмағандықтан олардың бәрін татар халқының пысықай зерттеушілері өздеріне теліп алғаны да белгілі. Патша өкіметінің кеңселерінде де, дәрігерлердің анықтамалығында да кейде мұсылмандардың бәрін «татар» деп жаза салғанына қазақ көңіл аудармаған. Мысалы, Қызылжардың ұзақ жылдар бойы дәрігері болған Ц.Белиловский өзінің анықтамалығында жақсы тұратын мұсылмандардың бәрін «татарлар» деп жазған және олардың көбі күніне 1,5-2 шелек қымыз ішетіндерін айтады. Ал қымызды жақсы көретін татарлар емес, қазақтар ғой... Көшпенді халықтардың сүйікті сусынын отырықшы булгарлардың ұрпағы қолданғанымен қазақтардай көп ішпейді. Демек, жақсы тұратын мұсылмандардың бәрі татарлар ғана емес, олардың арасында қазақтар да көп екендігі осыдан-ақ байқалады. Олардың бәрінің де айналысатын кәсібі болған. Сондықтан жоғарыда айтылған Есенейдің де кәсіпорындары болғанына еш қайран қалуға болмайды.
Кейін, естерін жия бастаған патша өкіметінің жергілікті шенеуніктері Петропавл қорғанының жанындағы шаһарда қазақтар үлесінің артып келе жатқанынан қауіптенген. Бір күні шағын қорғанды басып алулары да мүмкін екенінен қауіп еткен. Патша өкіметінің қырағы барлаушылары да осыны ескертіп отырған. Мәселен, патшаға қызмет еткен этнограф, барлаушы (саяхатшы деген атты жамылады), ұлты эстондық, генерал-лейтенант А.К.Гейнс (1834-1892) қазақ даласын аралаған сапарынан орталық өкіметке былай деп жазған: «Касимовские и казанские татары ежегодно приезжают в Петропавловск, чтоб поселяться здесь. Таким образом, магометанский элемент постепенно берет вверх над православным. К тому же они обращают серьезное внимание на образование своих детей. На магометанское население Петропавловска существует семь школ, тогда как в городе существует только две православные школы: одна для мальчиков, другая для девочек. В магометанских училищах воспитываются даром, на счет мусульманского городского общества, до 150 киргизских мальчиков».
Осындай дабылдардан кейін патша өкіметі Қызылжарда орыс тұрғындардың көбеюіне ықпал етіп, орталықтан оған көшушілерге көмек беріп, салықтардан да босатады. Соның нәтижесінде айналасы 15 жылдан кейін, яғни 1912 жылы болған санақта қаладағы мұсылмандардың үлесі 29,9 пайызға дейін төмендеген. Бұл жолы қазақтардың саны да азайып, 1460-қа, татарлардың саны 1143-ке дейін түскен. Орыс санының көбеюімен православие шіркеуінің ықпалы да арта түсіп, көптеген мұсылмандар, соның ішінде қазақтар Қызылжардан кете бастаған.
Қызылжардың қазақ және басқа да мұсылман тұрғындарының ежелгі мекені болғанының тағы бір бұлтартпас дәлелі – қаланың қақ ортасындағы демалыс паркінің ішіндегі зират. Оған алдымен қазақтар, кейін барлық мұсылман тұрғындар жерленген. Бертінде аталған зиратқа Мағжанның әке-шешесі де жерленгені белгілі. Қызылжарда басқа халықтардың бұдан ескі зираты жоқ. Ал көне зираттың болғаны – бұл жерді алдымен кімнің қоныстанғанының бұлтартпас дәлелі. Кейін шаһар өсіп, оның аумағы қаланың ішінде қалғанда, саябаққа айналдыру үшін зиратты жою туралы шешім шыққанда мұсылмандар қарсы болады. Аталған жинақта бұл туралы былай жазылған: «Мусульмане, страхуясь от возможной передачи городу территории старого мусульманского кладбища, предназначенного под парк, возвели на его территории деревянную мечеть, закрепив этот район за собой. Об этом свидетельствует документ, отложившийся среди делопроизводственных материалов ОМДС (организация магометанского духовенства Сибири). Проживающие в Петропавловске мусульмане 16 марта 1872 г. составили общественный приговор о том, что киргиз Курбанбай Джалтыров решил построить за свой счет на месте существующей деревянной мечети на старом мусульманском кладбище каменное богослужебное здание. Духовное собрание, рассмотрев 21 июня 1872 г. докладную записку Петропавловского полицмейстера и приговор мусульман, дало «добро» инициативе купца».
Жердің ежелгі иесі кім екендігінің белгісі – ежелден ағаш, тас белгілер, артефактар, зираттар, жер атаулары. Отарлаушы өкімет бұларды біртіндеп жойғанымен кейбір зираттар қалған. Соның ішіндегі белгілісінің бірі – жоғарыдағы зират. Белгілі өлкетанушы Дәстен Баймұқановтың айтуына қарағанда, Калинин атындағы зауыттың орнында, әуежайға шығатын жолда да зираттар болған. Бірақ оларды Кеңес өкіметі жылдарында жермен-жексен етіп жіберген... Қазақ Қызылжарда болмаса, оның аумағында тұрмаса, қазақтың зираттары қайдан келген?
2015 жылғы қыркүйек айында қазіргі Петропавлдың «Солнечный» кентінің аумағынан орыс зираты табылды. Оны жергілікті тарихшы А.Плешаков Петропавлдағы ең көне орыс зираты деп бағалады. Оған негіз болған Омбы архивінде 1787 жылдан басталған «метрическая книганың» деректері. Кітап осы жылдан жүргізіле бастаған болса, тұрғындар одан беріде шоқындырылып, тіркеле бастаған, демек бұл орыс зиратына мәйіттер ең әрі дегенде ХІХ ғасырдың басынан қойыла бастаған...
Ал Қызылжар паркінің аумағындағы көне зиратқа мәйіттер, халық аузындағы деректерге қарағанда Абылай (1713-1781) заманынан жерленген. Қызылжардың ежелгі тұрғыны, марқұм Кенжебек Әбішев ағамыз да соны айтушы еді. Демек, қазақ зираты бұл жерде ХVІІІ ғасырда болған. Міне, осы деректердің өзі қала алдымен қазақ мекендерінен тұрып, ол Қызылжар аталғанын дәлелдейді. Демек, Петропавлдың ежелгі аты – Қызылжар екендігі сөзсіз. Біздің ендігі міндетіміз – оның көне атауын қайтару. Біз біреудің нәрсесін тартып алғалы тұрған жоқпыз, тек өзіміздің дүниемізді қайтаруды ғана сұраймыз.
Солтүстік Қазақстан облысы