Екі жыл бұрын еліміздегі моноқалаларды дамыту жөніндегі дербес бағдарлама алдына қойған мақсатын орындап, ел өңірлерін дамыту жөніндегі дербес бағдарламаның шеңберіне енгізілген еді. Бұл бюджет қаражатын тиімді жұмсау тұрғысынан туындаған түзету болатын. Бұдан моноқала тізімінен орын алған 53 қала ұтылыс тапқан жоқ па? Рас, 2019 жылы республика бойынша аймақтарды дамыту бағдарламасына сәйкес моноқалаларға небәрі 7 млрд теңге бөлінгенін ескерсек, аталған соманың жеткіліксіздігі айқын көрінеді.
Сонда моноқалалар алдағы уақытта дамудың қандай жолына арқа сүйегені жөн? Бұл сауалдың жауабын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауынан табуға болады. Президент тұжырымына сүйенсек, моноқалаларды дамыту ісіне тың серпін беру аса маңызды. Бұл ретте қала құраушы кәсіпорындарға зор жауапкершілік жүктеледі. Аталған кәсіпорындар атсалыспаса, бұл міндет орындалмайды. Яғни жоғары және жергілікті атқарушы орган жетекшілерінің алдында тұрған міндет барынша ашық айтылған. Бұл бұған дейінгідей моноқалаларды дамытуға мемлекет есебінен аста-төк мол қаражат бөлінбейді деген ұғымды білдіреді. Керісінше, Мемлекет басшысы алға қойған тапсырмада қала құраушы кәсіпорындардың арқалайтын жүгі барынша салмақты, жауапкершілігі барынша жоғары болатыны көрсетілген.
Сондықтан да әңгімемізді республикадағы моноқалалар тізбегінің бел ортасынан орын алған Ақсай қаласының мысалында әрі қарай өрбіткенді жөн көреміз. Бұл ретте кеншілер қаласы атанған Ақсайдың қала құраушы кәсіпорындар жөнінен бағы бес елі. Оның ең басында КПО б.в. альянсы мен осы компаниямен еншілес «Ақсайгазсервис», «Ақсайавтотранс», «Қазбургаз» АҚ және өзге де үлкенді-кішілі кәсіпорындар тұрады. Аталған қала құраушы ұйымдардың моноқаланың өсіп-өркендеуі мен дамуына, көшелер мен кәріз құбырларының жөнделуіне, әлеуметтік-тұрмыстық нысандардың бой көтеруіне тигізіп отырған көмегі мол.
Бүгінде Ақсайда 43 мыңға таяу адам тұрса, экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 30 пайызы жоғарыда аталған КПО б.в. компаниясында, өзге де қала құраушы кәсіпорындарда қызмет атқарады. Мұнда төленетін еңбекақы мөлшері өте жоғары екенін айтуға тиіспіз. Салыстырмалы түрде кейбір деректерді алға тартсақ, орташа жалақы мөлшері облыс бойынша 160 мың теңгені құраса, бұл көрсеткіш кеншілер қаласы Ақсайда 400 мың теңгенің төңірегінде. Ал Қарашығанақ кен орнында жалақының орташа көлемі 1,5 млн теңгеден айналатын көрінеді.
«Соның әсері шығар, жергілікті тұрғындардың жүргізуші және қарапайым жұмысшы секілді қызметтерді атқаруға құлқы соға бермейді. Айталық, қала тазалығымен айналысатын бір мекеме жүргізушіге айына 150 мың, жұмысшыға 200 мың теңге ұсынса, жұмыскерлер оны атқарудан бас тартады. Сөйтіп Ақсайда осы санатқа кіретін адамдарды еңбекке тарту өте қиынға соғып отыр. Бұған өзге өңірлерден келетіндер де бар. Әйтсе де аталған ақы олардың пәтер жалдауына және азық-түлік тауарларын тұтынуына, сондай-ақ әрлі-берлі жолақы шығындарын төлеуге жырымдалып кететін болғандықтан, бұл жұмыстан бас тартатындар жеткілікті», деді қала әкімі Амангелді Тоғызбаев.
Әрине, жоғарыда айтылған мәселе мұнда жұмыссыздық жоқ деген ұғымды білдірмейді. Бұл қай кезде де болатын әрі бола беретін үдеріс екеніне ешкімнің таласы бола қоймас. Гәп басқада. Гәп биржаның, яғни жұмыспен қамту орталығының есебінде тұрса да тұрғындардың 150-200 мың теңге төңірегіндегі жалақыны азсынуында. Жұмыссыз ретінде тіркелген 3 ай уақытта олар жәрдемақыға төленетін 70 мың теңгені місе тұтып, сонымен бір мезгілде аңысын аңдып, қалай дегенде де шетелдік немесе отандық компанияның біріне жұмысқа кіріп, жоғары жалақы алуға қол жеткізуге жанталасады.
Осы уақытта отбасының бір мүшесі қала құраушы кәсіпорында еңбек етіп жүрсе, қаржыдан тарыға қоймайтынын да тұрғындар жақсы түйсінетін сыңайлы. Бөрлі ауданының әкімі Миржан Сатқанов айтқандай, ақсайлық тұрғындардың бәріне қаражатты мол төлейтін компанияларға орналасу тіпті де мүмкін емес. Сірә, мұны моноқаладағы кереғар бір көрініс деп тұжырымдаудың жөні бар секілді. Осы орайда қала тұрғындарының бойына сіңіп қалған барды бағалай алмауға саятын теріс психологиялық тұрмыстық көңіл күйді өзгертуге қам-қарекет жасау қажеттілігі қылаң беріп қалады.
40 мыңнан астам тұрғыны бар моноқалада бүгінгі таңда басты проблеманың бірі – дәрігер мен мұғалім мамандығы бар жоғары білімді мамандар мен орта буындағы медицина кадрларының жетіспеуі. Әсіресе, қала мектептерінде математика және физика пәндері мұғалімдерінің жетіспеушілігі айқын сезілуде. Ең басты қауіп, мұндай жағдайда білім сапасына елеулі нұқсан келмек. М.Сатқановтың айтуынша, бұл мәселе біртіндеп шешімін тауып келеді. Айталық, 1 жыл бұрын дәрігер кадрлар тапшылығы 45 адамды құраса, қазір оның саны 27-ге төмендепті.
– Моноқала өзіндік ішкі заңдылығымен ғана тыныстай алады. Мысалы, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына моноқала қатарындағы Ақсай қаласы қатыса алмайды. Яғни жоғары оқу орнын бітіріп келген жас мамандарға тиісті жеңілдіктер қарастырылмайды. Кадр тапшылығының бір сыры осында. Дегенмен қолда бар ресурс көздерін пайдалана отырып, жас мамандарға тиісті жағдай жасауға ұмтылып келеміз. Бұл үшін қалада бос тұрған бір ескі ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіп, 30 маманды баспанамен қамтуды ойластырып отырмыз, – дейді аудан басшысы.
Елімізде моноқалаларды дамыту бағдарламасы бекітілген жылдары Бөрлі ауданының орталығында «Ақсай қаласының әкімдігі» деп аталған жергілікті басқару құрылымы құрылған-ды. Ақсай қаласының әкімі Амангелді Тоғызбаевпен әңгіме барысында моноқұрылымды қаржыландыру мәселесі екі-үш жыл бұрын қабылданған төртінші деңгейлі бюджет шеңберінде шешімін тапқанын білдік. Қала шаруашылығын жүргізудің тағы бір өзгешелігі – негізінен жергілікті өзін өзі басқару жүйесін алға ұстауында. Айталық, қосымша құн салығынан, сонымен бірге жергілікті және әлеуметтік салықтардан құралатын қала бюджетінің қаражаты 600 млн теңгенің үстінде екен.
– Қала басшысы ретінде мен мұның бір теңгесін жеке-дара өз еркіммен немесе өз шешіміммен жұмсай алмаймын. Маған мұндай құқық берілмеген. Меншікті қаражатымыздың әр теңгесін тиісті мақсатқа жұмсау мәселелері жергілікті қауымдастық жиналысы (ЖҚЖ) мүшелерімен талқыланып, ортақ шешім қабылданады. Бұған ЖҚЖ-ға мүше болып кірмейтін қала тұрғындары да қатыса алады, – деді бізге Ақсай қаласының басшысы.
Көңілге түйген тағы бір жайт, биыл Ақсай қаласы бюджетінің бүйірі бұған дейінгі болмаған деңгейде «бұлтиып», республикалық трансферт есебінен табаны күректей 1,5 млрд теңге қаражат бөлінді. Бұл – бәрінің басын қосқанда 2 млрд 100 млн теңге қаражат деген сөз. Аталған сома қаланы абаттандыруға және қосымша 14 көшеге күрделі жөндеу жүргізуге жұмсалған. Сөз жоқ, бұл 40 мың тұрғыны бар қаланың тақиясына тар келе қоймайды. Жұмсалған мол қаражат қаланы одан әрі дамыту мен абаттандыру жұмыстарына тың серпін бергені, соның нәтижесінде Ақсайдың ажары ашыла түскені іссапар барысында айқын аңғарылды.
Ақсайда шешімін тапқан мәселенің бірі – қаланы күл-қоқыстан және қатты тұрмыстық қалдықтардан тазарту жөнінде атқарылған кешенді іс-шаралар. Бұл мәселеде қалада былтыр күз-қыс айларында күрделі ахуал қалыптасса, биыл оның ізі де байқалмайды. Қала тазалығы көзге бірден шалынады. Ілкімді іс тұрғындардың санын анықтаудан, тұрмыс мәдениетін көтеріп, төлем төлеу жүйесін ретке келтіруден бастау алыпты. Соның нәтижесінде бұрын күл-қоқысты жинайтын кәсіпорынға айына 1,5 млн теңге түскен болса, қордаланған мәселе жаңаша көзқарас жағдайына көшкеннен кейін оның көлемі 8,5 млн теңгеге дейін өсті. Тұрғын үй аумақтарына қосымша 500 контейнер қойылғаны да мәселенің оң шешілуіне септігін тигізді.
Міне, қатпары қалың моноқала Ақсайдың бүгінгі даму барысының кейбір қырлары осындай.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Egemen Qazaqstan»
Батыс Қазақстан облысы,
Ақсай қаласы