14 Сәуір, 2010

АРҚАНЫ КЕҢГЕ САЛУҒА БОЛМАЙДЫ

630 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қырғызстандағы жағдай хал­қы­ның талап-тілегіне оқпен жауап берген лауазымды тұлғаларға да, саясатта шаруасы жоқ, күнделікті сауда-саттығымен күн көрген кәсіп­керлердің дүкендерін талқан­дап, тонап, тағылық көрсеткен кей­бір топтар үшін де әлемдік қо­ғамдастық алдында ұят болды. Ке­шегі Манас, Саяқбай, Тоқтағұл, Шыңғыс, Сүйменқұлмен дүние жүзі­не танылған қырғыз елі өктем­дік пен өшпенділіктің емес, өнер мен өнегенің жұрты емес пе еді. “Бірдің кесірі мыңға тиеді” деген. Алатаудағы тынышсыз күн­дер мен түндер шекаралас мем­ле­кеттердің де етек-жеңін қымтап, сақ отыруына мәжбүрлей бастады. Бір ғана мысал, яғни “Қырғыз­стан­дағы тәртіпсіздікке қатысу­шы­лар Киров су қоймасын басып алып, жарып жібергелі жатыр екен, сөйтіп, қоймадан қотарыла аққан топан су тасқыны Тараз қаласын басып қалатын болыпты” деген суыт хабар жарты миллионға жуық тұрғыны бар іргелі қаланы әп-сәтте у-шу қылды. Үй-жайлары мен дүние-мүліктерін тастай қаш­қан тұрғындардың заттарын тона­ғандар да болыпты деген қауесет естідік. Жаны бар әңгіме сияқты, өйткені, 8 сәуірге қараған түні об­лыста 10 қылмыс тіркеліп, соның ішінде Тараз қаласында екі ұрлық жасалған. Бірақ олар ізі суымай ашылыпты. Абырой болғанда, елді дүрлік­тірген хабар жалған болып шықты. Дегенмен, облыс орталығы аума­ғында және оның шет жерлерінде ІІМ-нің ішкі әскерлері мен облыс ІІД-нің 400 адамнан астам қыз­меткері мен белгі беретін арнайы қондырғысы бар 47 патрульдік түнгі экипажы шұғыл іске жегілді. Облыс әкімі Қанат Бозымбаев баста­ған жергілікті билік, поли­цейлер және төтенше жағдайлар жөніндегі қызметкерлердің нақты іс-әрекеттерінің арқасында Тараз қаласында орын алған дүрбелең көп ұзамай басылды. Дегенмен, арқаны кеңге салуға болмайды. Тағдырлас қазақ және қырғыз үкіметтері алдағы уақытта Қызылағаштағыдай қауіп-қатерден сақ болу үшін 550 млн. текше метр су сыятын, тау үстіне орналасқан Киров су қоймасы сияқты страте­гиялық маңызды нысанды қарулы әскерлерімен бірлесіп күзету мәселесін қарастырып, арнайы қаржы бөлгендері жөн сияқты. Жамбыл облысы мен Қырғыз Республикасының арасында 13 кедендік бақылау-өткізу пункті бар. Екі ел арасындағы барыс-келіс, алыс-беріс үзілген жоқ. Ке­ден­­дік ресімдеу жұмыстары бұ­рын­­ғыдай жүргізіліп жатыр. Бірақ қазақстан­дық кеденшілер күшей­тілген жұмыс тәртібіне көшірілді. Бішкек­тегі тәртіпсіздік салдары­нан қаза тапқан Меркі ауданының түлегі туған жеріне әкелініп, жер­ленді. Шекарадағы жағдайды қадаға­лап отыру үшін арнайы облыстық штаб құрылған. Оны облыс әкімі басқаруда. Мұндай штабтар Қыр­ғыз­станмен шекаралас аудандарда да ұйымдастырылған. Сон­дай-ақ, ҰҚК шекара қызметі мен облыстық ІІД қызметкерлері шекара мен кедендік бақылау-өткізу пункттерін жіті бақылауға алған. Қырғызстандағы саяси жағдай саябырсып, қаза тапқандар жерле­ніп, көше қоқыстардан тазалана бас­тағанымен, ел билігінің тағды­ры әлі толық шешілген жоқ. Қыр­ғыз халқының басым бөлігі Бакиев­­­тің билікке келуіне және онымен келіссөз жүргізіп, өмірі мен денсаулығына зиян келтір­меуге кепілдік беруге қарсы. Бұл туралы уақытша үкіметтің тізгінін ұстап отырған Р.Отынбаева мәлім­деп отыр. Ал Бакиев сонау Ош жақта жатып БҰҰ бітімгершілік әскерінің күшіне сүйенемін, оппо­зиционер­лер келіссөз жүр­гізсе, мәмілеге барудан бас тартпаймын деген тұрғыда жауап беруде. Сондықтан шиеленісті күндер артта қалды деп айту ертерек сияқты. Халқымызда “Ашу дұшпан, ақыл дос” деген сөз бар. Қырғыз­стандағы саяси тұрақсыздықтың 80-нен астам адам өліміне әкеліп соқтырғанын ескерсек, қандай қиын жағдай болса да ақылды ашуға жеңдіруге болмайтынын, қай тарапқа да парасаттылық қажет екенін көрсетті. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.