Қоғам • 05 Қазан, 2020

Жайық жылап ағады...

2573 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жайық өзенінің мәселесі аз айтылып жүрген жоқ. Күні кеше Мем­лекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев Батыс Қазақстан облы­сының әкімі Ғали Есқалиевты қа­былдаған кезде де Жайық өзе­ніндегі су деңгейінің төмендеуі айтылды. Президент бұл мәселені Үкі­метпен бірлесе отырып шешуді тапсырды.

Жайық жылап ағады...

 

Жайық өзеніндегі су деңгейінің төмендеуі соңғы бірнеше жылдан бері күн тәртібінен түспей келеді. Бұрынғы ағысы қатты, арнасы толық өзен қазір жоқ. Көктемде өткел бермей тасып, сай-саланы толтыратын асау өзен ол айбарынан айырылған. Махамбет «Ат салмай өтер күн қайда?!» десе, бүгін кей жерінен жас балалар жаяу кешіп өтетін мүсәпір күйге түскен.

Былтыр Батыс Қазақстан облысында су тапшылығынан Жайық өзенінің деңгейі соңғы 50 жылдағы ең төмен көрсеткішті көрсетіп, экологиялық апат дәрежесіне таяп қалған болатын. Яғни Жайықтың орташа деңгейі әдетте 594 см шамасында болса, былтыр оның көлемі 240 см-ден аспады. Оның үстіне биылғы қыс қарсыз, жауын-шашынсыз болды. Экологтардың «Егер су деңгейі осылай құлдырай берсе, Жайық маусымдық өзен болып қалуы әбден мүмкін» деген тұжырымы жергілікті тұрғындарды қатты алаңдатқан.

 

Бастауынан байланған

Жайық өзені бастауын Ресей аума­ғынан алады. Орал тауынан шыққан өзен Башқұртстан, Челябі, Орынбор облыстары арқылы Қазақстанға кіреді. Өзеннің жалпы ұзындығы 2 428 шақырым болса, 1 049 шақырымы Қазақстанға тиесілі. Жайық суының 70 пайызы көктемгі су тасқынынан толығады. Ол судың 80 пайызы Ресей аумағында қалыптасады. Соңғы жылдары өзеннің Қазақстандағы бөлігінде су тасымайтын болды. Мұны халық Ресей аумағындағы жасанды су қоймалары мен бөгеттерден көреді.

Бүгінде Ресей Федерациясында Жа­йық суын реттейтін ірі-ірі 4 су қоймасы, 80 гидротүйін бар екен. Ал өзен арнасын толтыратын шағын-шағын салаларды байлаған топырақ бөгеттердің саны 3100-ге жететін көрінеді. Өзеннің жағдайы өлім­ші екенін ресейлік ғалымдардың өз­дері де айтып, дабыл қағуда. Мәселен, Ре­сей Ғылым академиясы жанындағы Да­ла институтының директоры, академик Алек­сандр Чибилев «қос мемлекет тез ара­да Жайықты құтқару, ортақ пайдалану бо­йынша біріккен шешім қабылдамаса, өзен Каспийге жетпей қалуы мүмкін» дей­ді. Тарихта мұндай болған. Қазір жо­йы­ла жаздап тұрған Жем өзенінің аяғы 1939 жылға дейін теңізге тіреліп жататын...

 

Күткен су келмей тұр

Дегенмен қазақстандық мамандар өзен суының азаюын көбіне жалпы экологиялық құбылысқа балайды. Бұ­рын Жайықта көпжылдық орташа су көлемі 9,46 млрд текше метр болса, 2006 жылы өзен суы 5,7 млрд текше метрге азай­ған. Былтыр соңғы 50 жылдағы ең аз мөлшер – 3,5 млрд текше метр су ке­ліпті. «Жайық-Каспий» бассейндік инспекциясының басшысы Ғалидолла Әзи­моллиннің пікірінше, судың аз мөл­шерде келуі 2023 жылға дейін жал­ғасуы мүмкін екен. Мұны ғалымдар ескерткен көрінеді.

Трансшекаралық өзеннің мәселесін оны жағалап отырған Батыс Қазақстан мен Атырау облысы шеше алмайтыны бесенеден белгілі. Қазақстан мен Ресей арасында бірнеше мәрте үкіметаралық отырыс та өтті. Премьер-министр Асқар Мамин Орал қаласына сапарында елі­міздің Сыртқы істер министрлігіне Ре­сейдің тиісті органдарымен жұмыс істеуге, Жайық өзені бассейнінің эко­жүйесін зерттеп, мәселені шешу жолдарын ақылдасатын біріккен сарапшы орган құру жөнінде тапсырма да берген еді. Бұл мәселеге сол кездегі Сенат спикері Дариға Назарбаева да араласып, тіпті Мәскеуде Ресей мен Қазақстан арасында ортақ жұмыс тобын құру туралы да ұсыныс айтқан болатын.

Нәтижесінде, Қазақстан мен Ресей бас­шылары екі елге ортақ Жайық пен Ер­тіс өзендерінің экожүйесін қорғау жө­нінде келісімге келді. «Үкіметаралық комиссия шеңберінде Жайық өзені бассейні бойынша Эксперттік кеңес қүрылып, қазір біріккен жұмыстар басталды» деп хабарлады бізге «Қазсушар» мекемесі.

Биыл наурыз айында Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев «наурыз айының басында Орынбор қаласында өткен кездесуде ресейліктер Иреклі су қоймасынан жіберілетін су мөлшерін былтырғымен салыстырғанда 2 есе кө­бейтуге келіскенін» айтқан еді. Халық қат­ты қуанды. Алайда күткен су келмеді. Ресейдегі көп қар жерге сіңіп кетіпті.

 

Не істеу керек?

Былтыр Орал қаласында үкіметтік емес ұйымдардың бастауымен Жайық өзенінің апатты жағдайына арналған қоғамдық тыңдау өтті. Өзен суының азаюының түрлі себебі айтылғанымен, «мәселені шешуге жергілікті деңгейде не істеуге болады?» деген сауал күн тәр­тібінде тұрғаны анық.

Жергілікті экологтар мен жанашыр­лар­дың пікірінше, ең алдымен Жайық өзенінің түбін тазалау керек. Соңғы 20 жылдан бері мұндай жұмыс жүргі­зіл­ме­ген. Өзен түбі таязданып, аралдар пай­да болуының бір себебі де осыдан. Де­генмен мұндай шараларды терең ғы­лы­ми зерт­теулер жасап барып атқару ке­рек. Онсыз да қыл үстінде тұрған өзен­­­нің экожүйесін мүлдем бүлдіріп алу қау­пі бар.

Биыл Батыс Қазақстан облысының көп бөлігі су тапшылығын қатты көрді. Облыстың оңтүстігіндегі Жәнібек, Қаз­талов және Жаңақала аудандарының қажеті үшін Ресейден Еділ суы алынатын. Осы аймақтағы Қараөзен мен Сарыөзенге де көршіден келетін су қажет. 2020 жылы Қараөзен мен Сарыөзенге су сатып алуға республикалық бюджет­тен 1 439,0 млн теңге бөлінген екен. Ол 80,3 млн текше метр су алуға жетеді. Ал Батыс Қазақстан облысы қосымша тағы 1 млрд теңгенің жобалық құжатын жасап, республикадан қаржы сұраған. Бұл жыл басынан бері көтеріліп келе жатқан, әзірге шешілмеген мәселе.

Жақында ғана Батыс Қазақстан облысына келіп кеткен Сенат депутаты Нариман Төреғалиев та «Қазсушар» кә­сіп­­орны аймақтық филиалының бас­шы­лығымен кездесуде Жайық өзенін­дегі жағ­дайды өңірлік деңгейде емес, мем­лекетаралық деңгейде шешу қажеттігін айтқан еді.

 

Жайыққа жайған алақан

Өзі осылайша суға жарымай отыр­ған жаралы Жайықтың өзі бүгінде Ба­тыс Қазақстан облысының сусаған оңтүстік аудандарына шамасы келгенше нәр бе­ріп отыр. Орал қаласының төменгі жа­ғынан бөлінетін сала арқылы Жайық-Көшім ирригациялық жүйесіне су алынады. Ол жоғарыда айтылған Ақ­жайық, Қазталов, Жаңақала аудандарында мал шаруашылығын дамыту үшін аса қажет. Кеңес кезінде салынған, қазір кеуіп қал­ған Азнабай-Тайпақ арнасының бо­йын­дағы шаруа қожалықтары да Жайық суы­­нан үмітті. Бастауын Ресейден алатын Қараөзен мен Сарыөзен де судан тарыққалы «бұл өзен­дердің де арнасын Жайық суымен тол­тырайық» деген ұсыныстар айтылып жүр.

Ал мұның бәріне Жайықтың суы жете ме?! «Казсушар» республикалық мемле­кеттік кәсіпорны Батыс Қазақстан об­лыс­тық филиалының дерегінше, биыл­ғы жарты жылда Жайық өзенінен Жайық-Көшім жүйесіне 401,910 млн текше метр су алуға рұқсат етілген екен. Оның орнына бар болғаны 169,983 млн текше метр су жіберілген. Бұл жоспардың 42,3 пайы­зын ғана құрайды. Ал жалпы жылдық рұқсат етілген көлем – 607,0 млн текше метр көрінеді.

Су неге алынбай отыр? Өйткені Жа­йық­­тағы су деңгейі мүлдем төмендеп кет­­кен. Жайық өзенінен Көшім каналына бұрын су өз күшімен ағып шығатын бол­са, қазір қосымша күш керек.

 

Келесі жылы қосылады

– 2019 жылы «Қазсушар» мекемесі­нің облыстық филиалы 2,8 млрд теңге жұм­­сап, Шаған өзеніне су алынатын арна табанының кей тұстарын тазартып шықты. Круглоозерный ауылы тұсындағы көпір Жайық-Көшім суландыру жүйесіне баратын су ағынын тежеп тұрғандықтан, оны айналып өтетін арна қазылды. Осылайша судың өту қарқынын 15-20 пайызға кө­бейттік, – дейді Батыс Қазақстан облыс­тық табиғи ресурстар және табиғат пайдалану­ды реттеу басқармасының басшысы Ринат Шәуенов.

Бүгінде сушылар аз суды ысырапсыз пайдалану қамын жасап жатыр. «Қазсушар» филиалы су арналарын тазалап, канал бойындағы гидрореттегіш құрылғыларға жөндеуге кіріскен. Жәнібек суландыру жүйесіндегі 35 шақырымдық Қамысты ауылдық су арнасы қайта жасалып, Қазталов ауданындағы Талдыапан көлтабанына шығар арна тазартылған. Ақжайық ауданының Қараша каналы аршылған.

Басқарма берген мәліметке қарағанда, Киров-Шежін магистралды арнасының IV кезеңін жаңарту барысында Жайық өзенінен су алу үшін механикалық насос стансасын салу жоспарланып отыр екен. 8 насос агрегаты жүзбелі сорғы стансасында орнатылмақ. Бұл жоба 2021-2022 жылдары жүзеге асырылмақ.

«Бұл жұмыстар табиғи жайылымдық алқаптарды жақсартып, арна бойындағы суармалы жер телімдерін де сумен қамтамасыз ететін болады. Ресейден сатып алатын су мөлшеріне мұқтаждық азаяды. Қуаңшылық салдарын Жайық суымен реттейміз» – батысқазақстандық сушылардың әзірге тапқан амалы осы.

 

Өзенге тұсау салынды...

Жақында жергілікті басылымда Жа­йықтың Көшім каналына су шығатын тұсында үстінен су сырғып ағып өтетін­дей арнайы бөгет қою қажеттігі туралы идея жария болды. «Оның ең бас­ты қыз­меті – суды қажетті деңгейге де­йін кө­теру, яғни жасанды тосқауыл қою ар­­­қылы суды көтерген кезде ол ка­нал­дар­­ға өз күшімен аға береді. Сөйтіп тез ара­да оңтүстіктегі бүкіл канал-көл­дерді, Қара­өзенді суға толтырамыз. Ағы­сы қат­ты Жайықта бұл әбден жүзеге асатын ­шаруа. Ешқандай насостың, бас­қа да құ­рылғылардың қажеті жоқ. Су көлеміне қарай бөгетті көтеруге, не түсі­­руге бо­­лады. Шығыны насоспен айда­­ғанмен са­­лыс­тырғанда анағұрлым аз екені айт­паса да түсінікті. Бұдан қала­ға да, далаға да пай­далы» деп жазады әріп­тесіміз Тоқтар Кен­­жеғалиев «Орал өңірі» газетінде. Бі­рақ бұл жобаға Жайық-Орал бас­сейн­дік инс­пекциясы қарсы. Өйткені бұл эко­ло­гиялық талаптарға қайшы, өзендегі ба­лық­­тардың табиғи қозғалысына кедергі келтіреді.

Дегенмен оңтүстік аудандардағы ха­­­­­­лық­ты, мал шаруашылығын су тап­шы­­­­­лығынан құтқару үшін қазір облыс бас­шылығы амалсыздан төтенше әре­­­кет­ке барыпты. Көзімізбен көрдік, Жа­йық өзенінің дәл Көшім каналына су шы­­ғатын тұсында ағысқа кесе көл­денең етіп жүк таситын баржаны қо­йып қо­йып­ты. Жоғарыдан келген ағыс бар­жа­ның қабырғасына тіреліп, Жайық-Көшім ир­ригациялық жүйесіне қарай лықсып жатыр. Ал Ақжайық ауданының төменгі бө­лігіндегі Қарауылтөбе, Ба­зар­төбе ауыл­­дарының тұсында өзен дең­гейі тіпті төмен­деп, паром қайырлап, қайраңдап қалыпты...

 

P.S. Президент Батыс Қазақстан облы­сының әкіміне өңірде етті мал ша­руа­шылығын дамытуды және осы бағыт­қа ғылыми тұрғыдан баса мән беруді тапсырды. Ал мал шаруашылығын да­мыту үшін су қажет. Сондықтан өңір­дегі су тапшылығын шешудің балама нұс­қаларын тез арада қарастыру керек. Жалғыз Жайық бәріне жетпейді ғой.

 

Батыс Қазақстан облысы