Сұхбат • 06 Қазан, 2020

Тұңғышбай Жаманқұлов: Өнер – білектің емес, жүректің ісі

1292 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

– Тұңғышбай аға, өнерде жүрге­ні­ңізге елу жылдай болыпты. Осы жыл­­дарда ұлттық театрымыз бен ки­но­мыз­­ға бір кісідей еңбегіңіз сіңді. Абы­­лай хан, Әбілхайыр, Қайырхан, Жә­ні­бек хан, Махамбет, Құнанбай сияқ­ты қазақ тарихында ерекше орны бар тұлғалар образын сомдап, көрер­меннің ықыласына бөлендіңіз. Өз па­йымыңыз бойынша, еліңізге қандай ең­бек сіңірдім деп білесіз? Жалпы елге еңбек ету ұғы­мын қалай түсіндірген бо­лар едіңіз?

Тұңғышбай Жаманқұлов: Өнер – білектің емес, жүректің ісі

– Өнерге өмірімді арнағаныма елу жыл болды. Аз емес, әжеп­тәуір уақыт... Жоғарыда аттары атал­ған тұлғалардың өмірі мен мұң-ше­рін сахна мен экран арқылы кешу – тағдыр-талайыма бұйырғаны басыма қонған бақ деп санаймын.Ұлтымыздың ұяты мен ар-намысы болған аруақты тұлғалар мені есейтті, сарайымды ашты, өздеріндей биіктеудің жолына салды... Ең бірінші еліме деген есепсіз ма­хаббат пен перзенттік парызды қан-жүрегіме қадап, ұлтыма деген патриоттық сезімімді семдірместей шегеледі. Сахна мен экраннан бірде Қайырхан, бірде Абылай хан боп атой салып, ғасырлар қойнауында қалған қымбаттарымыз бен жоғымызды іздеп-жоқтап жүріп, арыдағы ата-баба аманаты мен тереңге тартқан тарихымызға ессіз ғашық болдым. Қыр­дым-жойдым, қыруар еңбек сіңірдім деп семіз сөйлемей-ақ қояйын, заманалар көшінде ұмыт қалған, кезеңдер керішінде тат боп қатқан шежіремізді іздеп шерленуге, есімізді жиюға, алдымен өзімнің, өзім арқылы өзегім-елімнің жадысын жаңғыртуға, ұйқыда жатқан қазақтың ұлттық намысын оятуға септігім тигенін зор еңбектің бір пұшпағы деп есептеймін. Елге еңбек ету – міндет қылудан емес, оны есепсіз сүюден басталады. Қағынан жеріген құланның күйінен аулақ болу, барымызды бажайлау, жоғымызды түгендеу – егемендік алып есін жиған біздің ұр­пақ­тың көкейкесті мақсаты, борышы деп есептеймін. Елің барда – ұлтың бар, ұрпағың бар, өнерің бар... Өнер – білектің, еріккеннің ермегі емес – ұлттың жүрегі, еліңнің маңдайындағы жарқыраған гауһар тасы. Елің аманда, егемендігің барда, уайымың азда, азаматың мен ұрпағыңның елі мен ертеңіне деген сенімі молда жарқырайды ол гауһар тас!

– Осы тұста өзіңіз білім алған қара ша­ңырақ жайында, білікті ұстаз Ха­ди­ша Бөкеева туралы сөз қозғамай кет­­пеуге болмас. Қазақ мәдениеті мен өне­рінде айрықша орны бар тұлға­лар еңбек еткен шеберхана Сізге не үйретті?

– Адалдықты үйрендім, тазалықты үйрендім... Өнерде әсіреқызылдықтан аулақ болуды, арзан атаққа бой ұрмауды, қызғаныш пен кісәпірлікке құл болмауды, кердең мінезбен көкірек қақпауды, сахна мен экранда биік, өмірде кішік болуды, өзіңнен бұрынғыны сыйлауды, кейінгіні бағалауды, барға мәзір, жоққа сабыр көрсетуді үйрендім. Не айт­саң да, не жасасаң да біліктілікпен жа­сауды үйрендім, білімді болуға талпындым. Шалалыққа, шалапайлыққа қарсымын. Үйрене алмаған бірім бар, ол – әділетсіздікке қарсылық көрсетпеуге, әділетке араша түспеуге... «Не­ғылайының болсын» дейтін Ұстазым... Осыны әдет қыла алмадым, қысастықты көре тұра, көрмегендей бола алмаймын. «Неғы­лайын», менің не шаруам бар деп, шет қала алмайтын шатақ мінезім бар, таяқты содан көп жеймін.

– Өнерге деген құштарлық бойға ба­ла кезден даритыны заңдылық. Де­ген­мен, неліктен осы жолды таңда­дыңыз?

– Неліктен деріңіз бар ма... Өмір бой­ғы арманым еді деп айта алмаймын, себептен-себеп болды да. Кітап оқу­ға құмартып, поэзияға әуейі болдым. Мек­тепте жүріп әнге, домбыраға әуес­тен­­дім. Тіпті каникул кезінде ауылдық клубта әртіс те болып әурелендік. Одан бұ­рын­дары, әріп танымай тұрып та, кірәсін шамның алакеуім жарығының айналасына жиналған атам-әжем, әке-шешем жылап отырып тыңдайтын ертегі-қисса, жырларды оқитын әкемнің де көз жасын сығып отырып әндететіні есімді ала­тын. «Дариға-қыз», «Мың бір түн», «Рүстем-дастанның» шым-шытырық уақи­­ғалары ұйықтап кеткен менің шым-шым­дап түсіме сапар шегетін. Бірақ өнерге барам деп шындап ойламадым. Әкем теміржолшы болғандықтан ба, техникалық мамандықты көбірек ойлаушы едім. Мәскеудегі Бауман атындағы жоғарғы техникалық оқу орнына түсуді армандадым, космонавт болу үшін емес әрине... Одақтағы ең атақты университет болғаны үшін... Бозбала көңілі аспанда еді ғой. Бірақ сорымызға қарай біз бітірген жылдарда «блат» деген ауру бой көтерген. Қой, Мәскеу сені неғылсын, бір айлыққа қараған әкеңнің он бір баласын асырауға әзер жететін тақыл-тұқыл ақшасы жол кіреңе де жетпес деген оймен, өз еліме, Тараздағы техникалық оқу орнына ат басын тіредім. Әнге құмарлық онда да жалғасты, студенттік оркестрде домбыра тарттық. Үшінші курста Әулиеатаға Асқар Тоқпанов келіп, мен бітірген Аса орта мектебінің директоры Ерімбет Қонақбаев арқылы тауып алды. Болды... Есім ауды... «Шайтан түртті...»

– Студент кезіңізден Әуезов теат­рының актерлік құрамына алындыңыз. С.Қожамқұлов, Е.Өмірзақов, Ә.Мол­­дабеков, Ы.Ноғайбаев, Х.Бө­кеева, С.Майқанова, Б.Римова, Ш.Жан­дар­бекова, Ф.Шәріпова т.б. қазақ өнерінің тұлғаларымен бірге еңбек еткен жылдар несімен есіңізде қалды? Қазақ театр­ өнерінің өрлеген тұсы «Мәмбетов дәуі­ріндегі» театр қандай еді?

– Студент кезімде сұмдық талантты болғандығымнан емес, Хадиша апам менің жұпыны киіміме көзі түсті ме, әлде естиярлығымнан болар, мүмкін орысшаға тәуірлігімнен бе, әйтеуір Әуе­зов театры­на ілеспе аударма бөліміне орна­ластыруға себепкер болды. Ол орындағы кісі ауырып қалды ма екен, білмедім. Сорайып жүріп, сондағы аттары мен ата­ғынан ат үркетін сүлейлердің көзіне ілініппін. Қадыр Жетпісбаев ағамыз бір кішігірім рөлге жекпесі бар ма! Жүре­гім жарылып кете жаздады! Шатып-пұтып жүріп, екінші құрамда ойнадым, алайда не ойнағанымды білмеймін... Қойшы, әйтеуір Тараздағы техникалық ВУЗ-ды тастап, қайтадан бірінші кур­сына түскен жоғары оқуымды, консер­ваторияның ак­терлік бөлімін қызыл дип­ломмен бітірген жалғыз мені, «құ­дай жарылқап» Әзекең­нің өзі аттай қа­лап, әкемтеатрға алынуым­ жайында жоғарыдағы министрлікке жолдама бергіздірді. Ол кезде мамандарды жұмысқа орналастырумен министрлік айналысатын. Хош деңіз, өнер еліне, оның ішінде хас өнерпаздардың, «самородок сары алтындардың» ортасына түсуім – басыма бақ құсының қонғаны екенін көп ұзамай түсіндім, түйсіндім. Серағадан бастап, халықтың сүйіктісіне айналған суреткерлердің соңынан ердім, қолдарына су құйдым, тәлімін тердім, тәрбиесін алдым. Өнердің құдіреті мен кепиетін ұқтым, аузымды ашып, көзімді жұмдым. Аға-апаларыма ғашық болдым, сахнаны ессіз сүйдім! Сол кездерім, өнердің өрелі, бағалы кездері, қазір ойласам, көзді ашып-жұмғандай зу етіп өте шығыпты. Ол жылдарым – жы­ғылған-тұрған, жүгірген-сүрінген, күй­зелген-жылаған, үріккен-қорыққан, түңілген жылдардай емес, зымырап ұш­­қан, қанаттанып аспандаған, биікке тал­пынған, тереңге үңілген, кеңдікке құлаш сермеген сүйрікті жылдарым екен. Маған қанат бітірген сол ағаларым мен апаларымның тектіліктері мен таң­дай қақтырар қарапайымдылықтары. Әзір­байжан Мәмбетов ағамыздың да «алтын ғасыры» осы аруақтылардың арқасы шығар деймін. Одақтың кезіндегі ортан қолдай атақты театр болдық. Мәскеу бардық, Франция, Иран астық, та­тар, башқұрт елін тамсандырдық, қыр­ғыз, өзбекті таңғалдырдық. Чехов пен Шекс­пирді шемішкеше шақтық, Әуезов пен Мүсіреповтің шығармаларын тұлпар ғып жалын тарадық, ат қып мініп, бәйгеге қостық...

– Кинода қырыққа, театрда жет­­піске таяу рөлдерді сомдаған екен­­сіз. Жалпы, Сіз үшін театр мен ки­но­ның арасы қандай? Шығар­ма­шы­лы­ғыңызға қайсысы жақын? Бү­гінгі ұлт­тық кино, театрдың беталысы қандай?

– Осы жылдарда кейіпкерлерімнің ғұмырын кештім, өмірін сүрдім... Театр жақын... Екеуінің арасы алыс емес, бір «ауру», бір «дерт»... Екеуіне де ессіз берілгендік, биік талғам, парасат пен толағай білім керек. Киноактерлердің көбі театрдың талабына, тәртібіне пар келе алмайды, жанды өнер жасай алмайды, көрерменнің алдында жанын жалаңаштап, бүкіл залды соңынан ертіп, ертегіге сендіре алмайды. Олардың кө­рермені – объектив, камера ғана. Олардың көмекшісі, сүйенері техника, қайталап ойнауға дубль деген мүмкіндігі бар. Ал театр актерлерінің ондай мүмкіндігі жоқ, сондықтан жалғыз көмекшісі, сүйенері суреткерлік жүрегі. Кинода да сол жүрек, сол білік, сол суреткерлік... Тереңдігің мен жүрегіңнің лүпілін, қызуың мен суы­ғыңды үлкейтіп, көрерменнің көз ал­дына әке­лер техникалық сиқыры бар кино, әй­гі­лілікке тез жеткізеді, мұны мойындау керек. Алайда кино – қимылдайтын сурет секілді, ғашығың, көңілдесің сынды. Кино төңірегінде айқай көбейіп кетті... Ақша көп бөлінген соң, балға үймелеген арадай, тәттіден дәмелілердің ішінде суық қолдар сумаңдайды... Бөлінген қаржыдан бөлісу деген дерт бар... Бұл дертке көбіне «сап­таяққа ас құйып, сабынан қарауыл қа­райтын» дөкейлер шалдыққан. Ауыз ти­гізбеген астам продюсер мен режиссер шүмектен қағылады. Амал жоқ, дөкейдің қолын майлайды да, таза өнер кірленіп, өресі мен қуаты арзандаған шала дүние туады. Бұл қалай болды деп тергейтіндер дөкейдің дүмпуінен қаймығады да, жабулы қазан жабулы күйінде қала береді. Бізде сұмдығы сол, бұл дерт әдетке айналып барады. Суреткерлік ожданына берік болмаған өнер адамы жалтақ, жағымпаз болған соң, еркіндігінен айырылады. Шынайы өнер құрсау мен кісенде тумайды, бүгінгілер Құрманғазы мен Мәди емес.

Бұрынғыдай не түсірем, кімді түсі­рем дейтін еркіндігі мен пәтігі биік Бега­линдер мен қамалы бұзылмас Қарсақ­баевтардың, шенеуніктің шекпеніне құл емес Қожықовтардың заманы келмеске кеткен...

– «Тамаша» ойын-сауық отауы Сіз­дің шығармашылығыңызда ерек­ше орны бар ұжым болғаны белгілі. Бүгін­де ойын-сауық отауын­да Мейірман, Тоқсын, Уайс ағаларымыздың орны ойсырап тұрғаны байқалады. Қазақ сатира сахнасының мектебі туралы сөз еткенде жетістігіміз қандай, кем­шілігіміз неде дейсіз?

– Алдымен «Тамашадан» мен кетіп, бір ойсыраттым-ау деймін... Эстрада жан­ры кезеңдік, уақытша өнер. Замана көші талғамды да таразылайды, әсіресе эстрада өнерінде. Құны арзандамас, біраз жылға азық боларлық тақырыптар баршылық әрине, некен-саяқ алайда... Бұл жанр өзі, фельетон сынды... Кезіндегі «Ара», «Крокодил» деген сатиралық журналдар қайда кетті? Ол кездерде сол журналға шыққан фельетонның арты үлкен уақиға болатын, сықаққа ілінген шенеунік орнынан алынып, сотталып та кететін. Ал қазір ше? «Ойбай, өлтіріп жатыр» десең де, қоғам селт етпейді... Керең қоғамда өмір сүріп келеміз... Оның үстіне қазіргі эстрада ақша қуып, арзан күлкі мен орынсыз ыржаңды айнал­соқтап жүр. Халықтың болашақты, ел­дің ертеңін, ұрпақтың қамын ойлап қамықтырмау үшін, тек ойсыз, нәр­сіз күлкіге тойғызып, есін жиғызбай, қымбат өнерге аш қарнын «тойғызуда»... Біле-білгенге бұл қылмыспен пара-пар! Ұлттың жадысына, талғам-таразысына шабуыл жасаудан артық қандай қылмыс бар! Біз онсыз да талай қымбатымызды жоғалтып алған, тіліміз бен дінімізден, арманымыздан, салт-дәстүрімізден айырыла жаздаған жұртпыз! Біресе орысқа, біресе арабқа еліктеп, өз өзегімізден адаса бастаған елміз. Өнердің тақырыбы осы болмаққа керек, ән де, жыр да, әзіл де, оспақ та, әдепті, мәдениетті, тәлімді, тәрбиелі түрде, ақшаның қамын емес, ел сөзін өнер тілінде айтпақ керек. Маған Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының «ел сөзін еститін мемлекет орнатуымыз керек» деген бастамасы өте ұнайды. Өнер адамдары қоғамның барометрі іспетті, оларды көбірек тыңдау керек, бағалау керек. Әлеуметтік желіде айғай салғаннан гөрі, өнер тілінде ой салған орынды. Әрине, ол ұлы мақсат ойы бұзық, қолы суық, құлағы бітеу, пейілі арам, білімсіз, жүрексіз шенеуніктер жоқ елде орындалады.

– Бір сұхбатыңызда «Менің жолым – ауыр, тұзым – сор. Кейбір «ше­неуніктердің» шүйлігуінен, шеттетуінен сахнадан ажырадым. Сөйтіп 10-15 жыл­­­дай рөлсіз жүрдім» дейсіз... Жалпы қа­­рапайым көрермен театр әлемін па­ра­­сатты орда, руханият мекені деп қа­былдайды. Пендешілік әрекеттер белең ала берсе, театрдан қадір қашпай ма? Соңғы жылдардың өзінде театр айналасында жағымсыз әңгімелер көп айтылып жүр.

– Бұл сұрағыңызға жоғарыда жауап бергендеймін... Мен театрды, күпірлік болмасын, қасиетті Қағбаға теңеймін! Қағбаны айнала бір Жаратушыға жал­барынған, үлкен-кіші, бай мен кедей, бастық пен жалшы, атақты да, атақсыз, ұлты мен жұрты есінде жоқ, көмескі көптің бірі боп жүрген миллиардтаған пенделердің сол тұста жүрегінде иман, пиғылында кіршік жоқ! Өнер сахнасында да солай болмаса, іштарлық пен пендешілік белең алса, өзін өзгелерден зор тұтса, кеудеге нан пісіп кісәпірленсе, өз талғамын өзгеге зорлап таңатын тәкәппарлық билесе, төңірегіндегі әріптестерін менсінбей, аярлыққа жү­гінсе, бірін зор, бірін қор санап, өнердегі әділеттің белінен басса, есекті тұлпар, қарғаны сұңқар етсе – онда ол театр өлік, ырың-жырың, өсек-аяң жайлаған, мал да жайылмайтын, құс та саңғымайтын, шөбі қураған, елі көшіп кеткен, әдіра қалған жұрт. Кез келген өнер ұжымы басқарушының тал­ғам-біліміне тура пропорционалды екені ме­нің ашқан жаңалығым емес... Біздің театр­ ­Мәмбетов кеткен кезден біраз кейін жоғарыдағы келеңсіз жағдайды бастан кешті... Сол «аурудан» арылтпақ болған менің ары шауып, бері шапқан алаңғасар еңбегім еш болды. Басшы болып, бар-жоғы тоғыз жылға шыдас бере алдым... Иманды болғыр бір министр (өлгеннің артынан өзге сөз айтқым жоқ) белгілі болғанмен, берекесіз ағаларымның, Әзекеңнің ке­зіндегі ерке болған тотайлардың ығына жығылып, курстас редакторлардың га­зеттерінде шуылдатып, бір менің орныма үш туыс-жамағайынын отырғызып тынды... Содан театр да тынды... Сөз қы­луға татымас кешегі экс-министр­дің ке­зінде жағдай одан сайын ушықты... Амалын тауып, атақ алып, сахнаны сауық-сайранға айналдырар сүйік­тілері келіп, кезінде Хадиша, Шол­пан, Бикен, Фаридалардың пәк жүрек­терімен үйлесім тапқан қазақтың хас сұлуларының сүйрікті сөзін салқын сөй­леп, именбей сырғасын тақты... Басшы­лыққа парақорлар мен алаяқтар келді... Қағбалық қасиет қарадай қор болды...

– Режиссер ретінде «Турандот ханшайым», «Томирис», т.б. дүниелерді сахнаға шығардыңыз. Бұл отандық театр өнеріндегі бір кезең десек, бүгінгі режиссураның деңгейі, дәрежесі туралы қандай ой-пікір білдірген болар едіңіз? Жүзеге асқан жоспарларыңыз, тың қойылымдар бар ма? Алдағы жос­парларыңыз жайында айтып өтсеңіз.

– Сіз еске алған «Томирис», «Қазақ­тар», «Турандот ханшайым» атты режис­серлік туындыларымнан жалғыз сақ патшайымы Томирис жайындағы бұдан 20 жыл бұрын қойылған қойылым ғана кейіндергі «қасаң» қасапшылардың пышағына ілінбей аман қалды... Өзім сахнада өмірін кешкен, мұңын шерткен, көрерменнің көзайымына айналған Абылай хандар, Махамбет, Жәңгірлер, Әбілқайырлар, Сырымдар мен Эдип патшалар архивке сапар шекті... Шерхан Мұртазаның шері, қан жүрегінен жарып шыққан «Ай мен Айша» қойылымы да көркемдік жетекшінің «көңілінен шықпай» төрт жылға қаңтарылып еді, өйтіп-бүйтіп жүріп биыл көктемде Же­ңістің 75 жылдығы деп «тірілтіп» едік, пан­демия тұсау боп әзірге репертуардағы барлық қойылымдармен бірге тоқтап тұр... Қайсыбірін айтайық... Бәрі жоғарыда сөз қылған ұжым басшысының талғамы мен суреткерлік ожданына байланысты. Хо-ош деңіз... Алайда ауызды қу шөппен сүртпейік, «бақсы кетті, жын тарады» дегендей... Мәңгілік ештеңе жоқ қой. Жү­регі, аналық мейірімі бар, жағымды мінезді жаңа министр келді. Құдықтан шығып, дерттен айыға бастағандаймыз. Жас режиссерлер келіп, таза өнер теңізінің жағасына шыққандаймыз. Жас режиссер Жұлдызбек ерекше стильдегі екі қойылымды, О.Бө­кейдің «Қар қы­зы» мен хакім Абайдың қара сөздерін сах­наға шығарды. Фархат Молдағалиев деген талғамы ерекше жігіт жақсы сөз­ге ілігіп жүр... Жоспарларым көп... Т.Ах­тановтың «Антын» жаңа үрдісте қай­та қойсам, В.Шекспирдің «Антоний мен Клеопатрасын» да сахналасам деген дәмелерім бар... Кезінде әлгі экс-басшының пәрменімен өз бетіммен, 70 жылдығыма орай дайындаған «Қуыршақтарыма» төл театрымның кіші залы да бұйырмап еді... Соны да сөйлетсем деймін... Шүкір, жаңа басшымыз мәдениеттілік пен суреткер­лік сабырлық танытып, бұрынғылардың былығын ақырын жүріп, анық басып жөндеуге тырысып жүр. Актерлік труп­паның штаты жөнді-жөнсіз толған, өз шәкірттері мен сыбай серілерінің сел­теңбайлары мен бикелері бір орынға екі адамнан нығыздалған... Менікі ғана жөн деп «екі жеп биге шыққан» басшыға сеніп, ұжымға жаңа алынған жаутаңкөз жастарға обал...

– Шығармашылықпен қатар ұстаз­дықты да қатар алып келесіз. Бү­гін­де өнерге келген студенттердің бет­алы­сы, өнерді қабылдауы тұрғы­сын­да педа­гогтік пайымыңыз қандай?

– Қырық екі жылдан бері ұстаздық етіп келемін. Хадиша апам аманаттап кеткен актерлік мектепті жалғастырудамын. Ол мектеп апам айтып кеткен адалдық пен тазалықты ту етіп келеді. Жоғарыда өзім сөз еткен адам ретіндегі ұстанымдарым мен өнерпаз ретіндегі талғам таразысын шәкірттерімнің жүректері мен саналарына сіңдіруге тырысамын. Мен – өнер білектің емес, жүректің ісі деп есептеймін, олар да осы ойда... Екі жүз­ге таяу шәкіртім бар. Басым көп­шілігі өнерде өз орнын тапқан таланттар. Қазақстанның 56 театрының көбінде қызмет етіп жүр. Бірен-сараны ғана пенделікпен сырт айналғаны болмаса, түгелдей дерлік шәкірттік шарт пен адамдық қасиеттерден алыстаған жоқ. Қиын жылдарымда түгелімен ме­нің төңірегімде болды...

– Десек те, театрдан қол үзген жоқ­сыз? Қара шаңырақ өз таланттарын қалай қорғап, қандай қамқорлық көр­сетіп келеді?

– Иә, еңбек етіп жүрмін. Ағымды ре­пертуардағы қойылымдардың біразында сүйекті рөлдердемін. Ал таланттар тек қара шаңырақтың ғана емес, мемлекет қамқорлығында болғаны жөн. Өркениетті елдердің бәрінде осындай. Германия канцлерінің өнер мен мәдениет жайын­да айтқандарын естіген шығар­сыз... Елба­сымыз бен Президентіміз Қ.Ж.Тоқаев та осы пікірде екенін білемін.

– Өнерлі ортада өскен бала­ла­ры­ңыз­дың беталысы қандай? Олар таң­­даған мамандықтың өнерге жа­қыны бар ма?

– Балаларымның ешқайсысына өнерді таңдатпадым. Өзім көрген «қорлыққа» қимадым... Әртүрлі салада жүр, бірі дип­ломат, бірі банк қызметкері, бірі кеденші. Айтпақшы Ақсұлтан атты ұлым, кезінде өз арманым болған Мәскеудің Бауман атындағы жоғарғы оқу орнын бітіріп, магистратурасын аяқтауға жақын. Ұлдан кішім биыл мектеп бітіреді, кенже қызым 8-сыныпта, әнге, сурет салуға, спортқа құмар. Бәрі қазақ мектебінде.

– Бүгінгі биігіңізден қарағанда қан­дай арманға иек артқан болар едіңіз?

– Елімнің ертеңі баянды болса деген арман. Аналар жыламаса, балалар бақытты болса. Бабадан қалған кең байтақ жеріміздің ризығын қазақ көрсе... Тіліміз тұғырлы болса, өйткені тіл жоғалса, бәрі тұл. Ең бірінші өнер әдіра қалады. Өнерсіз елдің болашағы жоқ. Өкініп, «әттеген-ай» дейтін жастан кеттік. Болары-болды, бояуы сіңді, өткен өтті. Ешкімге де өкпе жоқ. Бұл – өмір. Тек қазақ деген ұлттың қаны сұйылмай, қадірі қашпаса деген үміт үзілмесе екен.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»