Экономика • 06 Қазан, 2020

Жалпы қуаты 215 мың тонна болатын 13 құс фабрикасы іске қосылады

577 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров ішкі нарықты толықтай қамтамасыз ету бағытында құс етін өндіру қуатын қосымша 171 мың тоннаға арттыру қажеттігін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жалпы қуаты 215 мың тонна болатын 13 құс фабрикасы іске қосылады

"Қазір құс еті бойынша өз өндірісіміздің көлемі ішкі нарық қажеттілігінің 58 пайызын ғана жабады. Ішкі нарықты толықтай толтыру үшін құс етін өндіру қуатын қосымша 171 мың тоннаға арттыру қажет. Бұл міндет жаңа құс фабрикаларын іске қосу, сондай-ақ құс фабрикаларының қолданыстағы қуаттылықтарын кеңейту есебінен 2023 жылдың соңына дейін іске асырылатын болады. Отандық өндіріс есебінен құс еті импорты көлемін қысқарту ел экономикасында жыл сайын шамамен 177 млн АҚШ долларын немесе 77 млрд теңгені сақтап қалуға мүмкіндік береді, олар қазір валюталық түсім түрінде басқа елдерге кетуде", - деді Сапархан Омаров.

Оның айтуынша, аталған міндетті орындау үшін жалпы қуаты 285 мың тонна құс етін өндіретін 19 құс фабрикасы, оның ішінде биыл жалпы қуаты 70 мың тонна болатын 6 құс фабрикасы, 2021 – 2023 жылдары жалпы қуаты 215 мың тонна болатын 13 құс фабрикасы іске қосылатын болады. Бұл ішкі нарық қажеттілігін толық көлемде қамтуға мүмкіндік береді. Бұл 13 инвестициялық жобаны іске асыру үшін қосымша 147 млрд теңге, оның ішінде 69 млрд теңге кредиттік ресурстар қажет етіледі.

"Жобаларды табысты іске асыру үшін инженерлік инфрақұрылым жүргізуге қаражат бөлу, құс етін өндіруді субсидиялауға және инвестициялық субсидияларға қаражат бөлу, құс еті импортына арналған тарифтік квоталарды бөлу тетігін өңдеуші кәсіпорындардың пайдасына өзгерту, азық өндіру үшін жер бөлу сынды мәселелерді жедел шешу қажет", - деді С. Омаров.

Бұдан соң, министр отандық сүт өнімдерінің көлемі жайында сөз етті.

"Сүт өнімдері бойынша ірімшік пен сүзбе қоюландырылған және құрғақ сүт бойынша импорт көлемі бар. Сүт шикізатына қайта есептегенде сүт өнімдерінің импортының жалпы көлемі шамамен 500 мың тоннаны құрайды. Отандық сүт зауыттары бұл тауарларды өздері өндіре алады. Оған қоса олардың өндірістік қуаты толық жүктелмеген. Сапалы сүт тауарының шикізат өнімдері көлемін ұлғайту мәселесін шешу қажет. Сондықтан министрлік орта мерзімде перспиктивада өнеркәсіптік тауарлық сүт фермаларын іске қосу және олардың қуаттылықтарын кеңейту есебінен тауарлық сүт өндірісінің ұлғайту міндетін алға қойып отыр", - деді ол.