Аймақтар • 06 Қазан, 2020

Жамбыл облысындағы базарлардың ешқайсысы талапқа сай емес

1064 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде Жамбыл облысы бойынша 41 базар тіркелген. Бұл жерде 12 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері тұрғындардың тауарларды негізінен базардан сатып алатынын көрсетіп отыр екен.

Жамбыл облысындағы базарлардың ешқайсысы талапқа сай емес

«Мәселен, азық-түлік тауарлары көлемінің 64 пайызы, азық-түлік емес тауарлар көлемінің 73 пайызы, техникаға қажетті бөлшектердің 81 пайызы және құрылыс материалдарының 85 пайызы базарлардан сатып алынады», дейді ол.

Бірақ, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев базар иелерімен болған кездесуде өңірдегі базарлардың жұмысын сынға алды. «Бірде-бір базар белгіленген талаптарға толық сәйкес келмейді. Қабылданған шаралар сатып алушылардың да, саудагерлердің де қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз», деді. Өз сөзінде Бердібек Сапарбаев барлық базарлар өртке қарсы, сәулеттік, санитарлық, экологиялық және басқа да талаптарға сай болуы тиіс екенін, бірақ бірде-бір базар иесі бұған нақты жауап бере алмайтынын айтты. «Сауда ашық жерде жүргізілуде, өрт гидранттары көрінбейді, өрт сөндіру машиналары еркін өте алмайды. Базар иелері сатып алушылар мен саудагерлерге де жайлы және қауіпсіз жағдай жасауды ойға да алмайды. Ал, мемлекеттік органдар ешқандай мәселе жоқ секілді бейқам, тіпті, бұл жағдайдағы тәртіпті реттеуге тырыспайды», деді Бердібек Сапарбаев. Соңғы екі жылда «Нұрлы», «Ысты», «Салтанат», «Қайқармет», «Арзан», «Ауыл Береке» және «Жібек Жолы» сияқты жеті базар жаңғыртылып, жабық павильондар орнатылып, қақпалар қойылған. Алайда әкім бұл шаралармен тоқтап қалуға болмайтындығын айтып, жаңғырту жұмыстарын соңына дейін жеткізуді тапсырды. Осындай жұмыстар басқа да базарларда жүргізілуде екен. Бірақ, олардың иелері уақытты созып, әлі күнге дейін жаңа сауда қатарларының эскиздерін ұсынбаған. Көптеген кәсіпкерлер қаражаттың жоқтығына шағымданып, модернизациялау жұмыстары екі-үш жылда аяқталатындығын жеткізді. Бұл ретте Бердібек Сапарбаев ешқандай сылтаудың қабылданбайтынын, барлық базарлар тезірек ретке келтірілуі керек екенін айтты.

Әкімнің айтуынша, облыстағы төтенше жағдайлар және мемлекеттік кірістер департаменттері бұл жағдайларға бас ауыртпайды. Облыс әкімінің тапсырмаларының орындалуын арнайы мобильді топ қадағалап отыруы тиіс. Топ құрамына жоғарыда аталған департаменттер мен салалық басқарма өкілдерінен бөлек, полиция қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер мен сәулетшілер енеді. Жиынға бейнебайланыс режимінде қатысқан Тараз қаласы мен аудандардың әкімдеріне де осы мәселелерді шешу  бойынша жұмыс жүргізу тапсырылды. Сонымен қатар, басқосуда әкім азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін де атап өтті. «Тұрақтандыру қорының қоймаларында өнімді сақтауға қатысты барлық мәселелерді көктемде шешу қажет еді. Сонда тиісті ведомство бүгінгі бағалардың өсуін болдырмау үшін бірнеше мың тонна ауылшаруашылық өнімдерін сатып алар еді. Диқандар мол өнім жинады. Бірақ оларды сақтайтын  орын жоқ. Сондықтан өнімдер қазір басқа аймақтарға арзан бағада сатылуда. Ал, ішкі нарық толығымен қамтылды деп айта алмаймыз. Ауыл шаруашылығы басқармасы жағдайды бақылай алмай отыр», деді әкім. Сондай-ақ, ол бағаның тұрақтылығын бақылаумен қатар, делдалдарға қатысты мәселені де шешуді тапсырды.

 

Жамбыл облысы