Жыл сайын пошта қызметкерлері баспасөзге жазылу науқанын жоғары деңгейде ұйымдастырады – алдын ала газет өкілдері мен оқырмандар арасында кездесулер ұйымдастырып, газет-журналдарға жазылудың маңыздылығы, қажеттілігі туралы түсінік береді, жыл сайын құбылып тұратын басылымдардың бағасы жайында айтып, жеткізеді. Жазылым науқаны басталысымен пошта қызметкерлерінің де жұмысы көбейеді – әрбір күні жазылған адам санын, қаражатын есептеу қиынның-қиыны.
Бірақ, қазір газет-журналдарға жазылушылар саны нөпір, үлгеру мүмкін емес деп айтуға да келмейді. Оған бірінші себеп – ғаламтор көкжиегінің кеңейе түсуі болса, екіншіден басылымдар бағасының қымбаттығы. Бір жылға толықтай жазылу бағасы он мыңның о жақ-бұ жағы болып келетін басылымдарға жазылуға кез келген қарапайым адамның қалтасы көтере бермейді. Сондықтан олар өздері қалаған басылымдарды компьютер, смартфондар арқылы ақтарып, электронды нұсқасын тауып оқуды тиімді санайды.
Ал газет-журнал таратудағы пошта қызметі де сын көтермейді. Сөмкені иығына асып алып, артық газет-журналды қолына будалай ұстап үй-үйді, алыс шағын аудандарды жаяу аралап, бірнеше қабаттарға көтерілетін қыз-келіншектердің жұмысы ауыр, әрі аянышты. Тілдесіп көру арқылы жалақыларының да көңіл көншітпейтіндігін білдік. Алыс ауылдар түгілі облыс орталығындағы оқырмандардың газет-журналының уақтында келмейтіндігін, басылымның екі-үш нөмірінің жинақталып бір-ақ келетінін, оның өзі түгел емес болғандықтан, тиісті орындарға телефон соғып қажетті сандарын сұратып алуға мәжбүр екеніміз жасырын емес. Қаладағы жағдайы осы болғанда, ауылдарға апталап, мүмкін айлап баратыны белгілі, егер газет-журналға жазылған адам болса...
Пошта қызметінің сапасы туралы талай айтылып та, жазылып та жүр. Пошта қызметіне жүгініп, қаржысын төлеп жазылған басылымың мезгілінде есік алдына келіп тұрмағасын ренжитінің де рас, бірақ жазылымды ұйымдастыруға атсалысып, мардымсыз еңбекақыға бола жаяу-жалпы газет-журнал таратып жүрген жандарға қарап олардың жұмысына мін таққың да келмейді, ренжи де алмайсың...
Сонымен, пошта қызметіне көзқарас құбылып тұр – ренжиік пе, жоқ па?
Маңғыстау облысы