Парламент • 08 Қазан, 2020

Судың жетіспеуінен 36,4 мың тоннадан астам өнім алынбай қалды - сенатор

395 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенат депутаты Әбдәлі Нұралиев Премьер-Министр Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады. Онда сенатор Жамбыл облысының диқандары көтерген суармалы ағын су туралы мәселені арқау етті, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Судың жетіспеуінен 36,4 мың тоннадан астам өнім алынбай қалды - сенатор

Жамбыл облысында пайдаланатын ағын су ресурстарының 80 пайызы – көршілес Қырғыз Республикасының аумағынан бастау алып, Шу, Талас трансшекаралық өзендері арқылы беріледі. Сенатор облыста суармалы жердің көлемі 229 700 гектар екенін айта келіп, жүзеге асып жатқан ауқымды шараларға қарамастан, сумен камтамасыз ету мәселелері өте өзекті әрі шекаралас мемлекеттің су саясатына тәуелді болып қалғанын мәлімдеді.

«ҚАЗСУШАР» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл филиалының мәліметі бойынша 2020 жылы жалпы ауданы 122 мың га болатын 1025,0 млн текше метр су үшін ауылшаруашылық тауар өндірушілерімен су жеткізу туралы келісім жасаған. Алайда, биылғы сәуір айынан қыркүйек айына дейін 79,6 мың гектар алқап 550,3 млн текше метр сумен қамтамасыз етілген. Жоспарды орындамаудың басты себебі трансшекаралық көздерден келетін судың жетіспеушілігі.

Қазіргі таңда Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының есебі бойынша 2020 жылдың вегетациалық кезеңінде су көлемінің төмен болу салдарынан облыста барлығы жалпы құны 1 млрд 300 млн теңгені құрайтын 36,4 мың тоннадан астам өнім алынып, шаруалардың күнкөріс деңгейінің төмендеуі орын алып отыр.

Сенатор Ә.Нұралиев осы айтылған мәселелерді ескере отырып, Үкімет басшысына өңірдегі трансшекараларық Шу, Талас өзендерінің су қорларын екі мемлекет арасында бөлуге байланысты бірқатар ұсынысын жолдады. Онда:

  1. Қырғыз Республикасы аумағындағы су қоймаларынан еліміздің су тұтынышыларының тәуелділігін азайту мақсатында Жамбыл облысы аумағында Шу, Талас өзендерінің бойында жоспарланған 3 жаңа су қоймасының құрылысына 2021 жылға арналған Республикалық бюджеттен қаржы бөлу;
  2. Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы келісім негізінде реттелетін мемлекетаралық су каналдары арқылы су берудің келісілген кестелерін орындау бойынша тетіктер құру, келісімдерді пысықтау;
  3. Шектес мемлекеттерден келетін су ресурстарының көлемін мониторингтеу, суды кешенді пайдалану мен қорғаудың бассейндік схемаларын нақтылау, жаңарту бойынша цифрландыру шараларын қабылдау керек екені айтылған.

Сенат депутаты қалыптасқан жағдайдың маңыздылығына байланысты ұсыныстардың ескерілуін және Қазақстан Республикасы Үкіметі тарапынан тиісті шаралар қабылдауды сұрады.

Депутаттық сауалға Сенат депутаттары Ә.Нұралиев, Қ.Қожамжаров, Ә.Мамытбеков, Б.Орынбеков қол қойды.