Аймақтар • 10 Қазан, 2020

Qaragandy Marathon 2020 додасы басталды

341 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін кеншілер астанасында дәстүрлі Qaragandy Marathon 2020 спорт мерекесі қашықтан өткізу форматында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz

Qaragandy Marathon 2020 додасы басталды

Карантиндік сақтық шараларын басшылыққа алған бұл жайт жүгіруді жаны жақсы көретін спортшы қауымға кедергі бола алмады. Онлайн-марафонға деген жұрттың ықыласы зор болып, жарыс жолына шығуға сегіз бен 62 жас аралығындағы 1150 әуесқой жүгіруші ниет білдірді. Олардың арасында Қазақстанның әр қиырынан жазылған спортсүйер қауымды былай қойғанда, Ресей, Моңғолия, Польша және Қырғызстаннан арнайы тіркелген желаяқтар да болды.

Онлайн-марафон ережесіне сай, барлық спортшылар бүгін сағат 06.00-ден 22.00-ге дейінгі өздеріне қолайлы уақыт аралығында өз аймақтары бойынша таңдап алған қашықтықтарын бағындыруы тиіс.

79879

Qaragandy Marathon 2020 спорт мерекесінің ашылу салтанына Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, облыстық жеңіл атлетика федерациясының президенті Әлішер Әбдіқадыров, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев және Қазақстанның жеңіл атлетика құрама командасының бас жаттықтырушысы Дмитрий Карпов қатысты.

«Адамдардың осындай іс-шараларды сағынғаны көрініп тұр. Стандартты марафон өткізуге мүмкіндік болмаса, оны неге онлайн ұйымдастырмасқа? Біз ешқандай санитарлық талаптарды бұзбаймыз, барлығы ережеге сай келеді. Карантиндік шектеулер жалғасуда, бірақ жаттығуды тоқтатпау керек», – деді Әлішер Әбдіқадыров өзінің құттықтау сөзінде.

Халықаралық онлайн-марафонның символикалық көмбесі жылдағыдай орталық саябақта орналасты. Күн райының қолайсыздығына қарамастан, жарысқа қатысуға ниет білдіргендердің қарасы мол болды. Тіпті, балаларын ертіп отбасымен келгендер де аз болмады.

7777

Марафонның бағдарламасы бойынша, қатысушылар бес қашықтық бойынша сынға түсті. Мысалы, желаяқтардың басым бөлігі 10 шақырымдық қашықтыққа жүгіруді құп көрсе, классикалық қашықтық – 42 шақырым 195 метрді 55 қатысушы таңдады. Ал отбасы мүшелерімен сынға түскендер үш шақырымдық қашықтықты қолай көрді.

Онлайн-марафонның ережесіне сай, додаға қатысушылар жарыс аяқталғаннан кейін Qaragandy Marathon 2020 платформасына уақытты жүктеу арқылы жүгіру трекингінің скриншотын жіберуі тиіс. Жалған көрсеткіштерге жол бермеу үшін барлық нәтижелерді Қарағанды облысының жаттықтырушылар командасы қадағалайтын болады. Ал марафонның нәтижелер келесі аптада жарияланады. Үздік шыққан жеңімпаздар мен жүлдегерлерге тиісті марапаттары жеткізілетін болады. Ал жарыс жолына шыққан қатысушылардың барлығына арнайы сертификаттар беріледі.

7777

«Мемлекет басшысы бұқаралық спортқа ерекше маңыз беріп отыр. Біз өз тарапымыздан саламатты өмір салтын насихаттайтын мұндай спорттық іс-шараларды жиі өткізуге күш саламыз. Мысалы, осы марафоннан кейін өңірімізде облыстық «Сарыарқа» онлайн-спартакиадасы өтеді»,  – деді облыс спортының басшысы Темірхан Абылаев.

 

 

Қарағанды облысы