Әлем • 12 Қазан, 2020

Таулы Қарабақта атыс уақытша тоқтады

165 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сенбі күні Әзербайжан мен Армения сыртқы істер министрлері Мәскеуде келіссөздер өткізіп, Таулы Қарабақта атысты гуманитарлық мақсатта тоқтата тұруға келісті. Келісім 10 қазан күні жергілікті уақыт бойынша күндізгі 12.00-ден бастап күшіне енді.

Таулы Қарабақта атыс уақытша тоқтады

 

«РИА Новости» агенттігі­нің хабарлауынша, келіссөздер­ге Ресей тарапы мұрындық болған. BBC арнасының мәлі­мет­­теріне сүйенсек, жиынға Ресей­дің сыртқы істер ми­нистрі Сергей Лавров, Әзербай­жанның сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов, Армения сыртқы істер министрі Зохраб Мнацаканян қатысқан. Келіссөз ұзаққа созылып, 10 сағаттан асты. Арасында бір сағат үзіліс жасалды.

Кездесу толығымен жабық форматта өткендіктен, бастал­ғанға дейін еш тарап бұқаралық ақпарат құралдарына мәлім­деме жасаған жоқ. Тек жиыннан кейін Ресейдің сыртқы іс­тер министрі Сергей Лавров «ты­ныш­тық тәртібінің» нақты ережелері қосымша келісі­леті­нін жеткізді.

Келісімге сәйкес, 2020 жыл­ғы 10 қазанда сағат 12:00-ден бас­тап әскери тұтқындарды және басқа да ұсталған адамдар мен делдалдық кезінде қаза тапқан адамдардың мәйіт­­терін алмасу үшін және Ха­лық­­аралық Қызыл Крест коми­теті­нің критерийлеріне сәйкес гума­ни­тарлық мақсатта атысты тоқ­тату туралы шешім жарияланды.

Сондай-ақ атысты тоқтату режимі­нің нақты параметрлері қосымша келісілмек. Бұдан бөлек, Әзербай­жан мен Арме­ния ЕҚЫҰ-ның Минск тобы­ның тең төрағаларының дел­далдығы арқылы бітімгер­шіліктің базалық қағи­даттары негізінде бейбіт келісімге жедел қол жеткізу мақсатында субс­тан­­­тив­­тік келіссөздерге кі­рі­седі. Ал­дағы уақытта ке­ліс­­сөздер фор­­маты өз­­гер­­­мейтін болып шешім қабыл­данды.

Әзербайжан мен Армения сыртқы істер министрлері жұма күні Таулы Қарабақ бойын­ша консультация жасасу үшін Мәскеуге ұшып келген еді. Келіс­сөздер басталмастан бұ­рын Әзербайжан президенті Иль­хам Әлиев халқына үндеу жария­лады. Оның айтуынша, Әзер­байжан Арменияға шиеле­ністі бейбіт жолмен шешу үшін «соңғы мүмкіндік» береді.

«Шиеленіс қазір әскери жолмен шешіліп жатыр, саяси жолға содан кейін жүгінеміз. Отыз жылға жуық келіссөз жүр­гізіп келеміз. Өзгеріс болды ма? Бізге жеріміздің сантиметрін болса да қайтарды ма?» деді И.Әлиев.

Сондай-ақ Әзербайжан ар­мия­сының бірнеше елді мекен­ді басқын­шылардан азат ет­кенін жеткізді. Бұлар­дың қата­рында Гадрут кенті, Чайлы, Юхары Гюзлек, Горазыллы, Гыш­лаг, Гараджаллы, Эфен­диляр, Сулейманлы, Сур ауылдары бар.

«Осы ауылдар мен Гадрут кентін жау қолынан азат ету – біздің тарихи жеңісіміз. Әзербайжан басып алынған жерлерін азат етеді. Майданнан күн сайын жағымды жаңалық келіп жатыр. Офицерлер мен солдаттар күн сайын өздерінің жауынгерлік тапсырмаларын абыроймен орындады», деді И.Әлиев.

Ильхам Әлиев Таулы Қара­бақ­тағы соғысты түбегейлі тоқ­тату үшін армян әскерлері өздері бұған дейін басып алып, отыз жыл бойы бермей келе жатқан территориясын толық қайтаруы керек. Мұны олар осы жерлерден әскерлерін шығару кестесін жасап беру арқылы жүргізуге тиіс. Армения Таулы Қарабақтың Әзербайжан территориясы екенін мойындауы тиіс. Міне, осы жағдайда ғана Мәскеудегі келіссөз екі жақ­тың ұрыс қимылдарын толық тоқтатуына себеп болады.

Алайда екі тарап та көп ұзамай келі­сімді бұзғаны үшін қарама-қарсы жақты айыптады. Әзербайжан қор­ғаныс министрлігінің деректеріне сү­йенсек, оқ атуды тоқтату жө­нін­дегі келі­сімге қарамастан Ар­мения тарапы Тер­тер және Агдам аудандарын атқылаған.

БҰҰ-ға мүше мемлекеттер Таулы Қарабақты Әзербай­жан­ның жері санайды. 1990-жыл­дары Армениямен бол­ған соғыстың салдарынан Әзер­байжан Таулы Қарабақ айма­ғынан айрылып қалды. Соғыс сал­дарынан жүздеген мың әзер­байжан босқынға ай­нал­ды. Алайда БҰҰ Қауіп­сіз­дік кеңесінің бірнеше қара­ры бо­йы­нша аталған өңір Әзер­бай­жанға тиесілі.