Қоғам • 12 Қазан, 2020

Өңір көмірмен қаншалықты қамтылды?

316 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қоңыр күз – қарбаласы көп маусым. Солтүстік өңір үшін қысқа қапысыз қамданудың мәні ерекше. Бораны жиі, аязы қатты қыс аяуды білмейді. Сондықтан отын-көмірмен уақтылы қамданған абзал. Биыл көмірден тапшылық көрмейтін түріміз бар. Тек бағасына байыпты назар аудар­сақ...

Өңір көмірмен қаншалықты қамтылды?

Өткен жылдары көмір таси­тын вагондардың жетіспеу­ші­лігінен отын базаларында ұзын-сонар кезек орын алып, орын­ды өкпе-наз туын­дап, дү­р­белең қатты болып еді. Биыл жағдай біршама тұрақты. Об­лыстық энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығы басқармасының басшысы Иван Юрченконың айтуына қарағанда, облысқа 1,4 млн тонна­ көмір қажет екен. Оның 730 мың тоннасы коммуналдық-тұр­­мыстық секторға, 662 мың тон­­насы жергілікті тұрғындарға тиесілі.

Қазіргі күні жергілікті тұр­ғындар үшін 412 мың тонна кө­мір жеткізілген. Бұл жалпы қажетті көлемнің 62 пайызын құ­райды. Облыста 52 отын базасында көмір іркіліссіз сатылуда. Енді бір ауыз сөз баға туралы. Облыстағы көмірдің әр тоннасының орташа бағасы 12 мың теңгені құрайды. Мәселен, жақсы жанатын, тұтынушылар тарапынан сұранысқа ие Шұбар­көл көмірі – 14 250, Май­көбе – 10 740, Қаражыра – 12 870, Бога­тырь 9 790 теңгеден саты­луда. Демек, өткен жылмен салыс­тырғанда, көмір бағасы өзгерген жоқ. Тіпті, бір­­қатар ауданда көмірдің кей сұрпының сәл-пәл арзандағаны да байқалды. Коммуналдық-тұр­мыстық сектор 368 мың тонна көмір қорын жинақтаған. Бұл қысқа қажетті барлық көлемнің тең жартысы. Қазір белгіленген кесте бойынша қалған көлем жет­­кізілуде.

Кейбір қазандықтар отын ретінде мазутты да пайдаланады. Облысқа 46 мың тонна мазут қажет. Павлодар мұнай зауытымен келісімшарт жасалып, мазут жеткізіле бастады. Қазір 500 тонна қор жинақталған. Қазан айында мазут қоры 3 мың тоннаға жеткізілмек.

Көпшілікті толғандырып отыр­ған баға мәселесі тура­лы айт­қан кезде мына бір жай­ды ескерген жөн. Ұлттық экономика министрлігі Бә­секелестікті қорғау және дамыту комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Алмат Фазылдың айтуына қара­ғанда, көмір тұтынушыға жеткенше қымбаттап кетеді. Оның негізгі себебі, екі ортадағы дел­­­­­дал­дардың бағаны үсте­ме­леуі. Мәселен, облыста қат­ты отынмен 70 пайызға қам­та­­­ма­сыз ететін көтерме сауда иелері жұрт үстінен жонып жеп, табысқа кенеліп отыр. Мә­селен, Шұбаркөл көмірі разрезде әр тоннасы 5 819 теңгеден бо­­сатылады. Көмір тасумен ай­на­лысатын 17 көтерме сауда кә­сіпорындарының иелері үстеме бағасын қосқан кезде әлгі баға 12 500 теңге болып шы­ғады. Бар­­лық көмір түрінің қымбат­тап кетуінің негізгі себебі осыдан болып отыр.

Шағын отын базасындағылар мұндай есеп-қисапты біле бер­меуі де мүмкін. Көмірді кө­терме сауда арқылы толайым сатып алу үшін қыруар қаржы қажет. Оған екінің бірінің шамасы келе бермейді. Демек, ел жайын екшеп, қалтасын қақпау үшін осы мәселеге мұқият назар аудару қажет.

 

Ақмола облысы