Сәл шегініс жасайық. 2018 жылдың 27 наурызында сол кезде Білім және ғылым министрінің орынбасары болып жүрген Асхат Аймағамбетов 2019 жылдан бастап «Бизнес және кәсіпкерліктің негіздері» пәнін жалпы білім беретін мектептердің 10-11-сынып оқушыларына таңдау пәні есебінде оқыту жоспарланып отырғанын хабарлаған-ды. Оған жылына 68 сағат бөлініп, аптасына екі рет оқытылатыны, негізінен іскерлік ойын және бизнес-тапсырма түрінде өткізілетіні, қызығушылықты арттыру үшін тәжірибелі бизнесмендерді оқытуға тарту жоспарда бар екені айтылған еді. Сөйтіп былтырдан бастап бұл жеке пән ретінде енді. Сарапшылар мұны жақсылыққа балап отыр.
Қазақ бизнесінің 1990-жылдардың бас кезіндегі мен қазіргі деңгейінің арасы жер мен көктей екені белгілі. Бизнес тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қытайдың ала қапшығынан шығып, қазір әлемдік бизнеспен интеграцияланып кетті. Демек, біз балалардың бизнес тілін меңгерсем деген арман-тілегін жалаң да құрғақ теориямен қанағаттандыра алмаймыз.
Олар бұл тақырыпты ғаламтордан-ақ тауып алады. Ең сенімді тәсіл – бизнес-индустрия өкілдеріне онлайн дәріс беруге мүмкіндік жасау. Егер Еуропада және Америкада бизнесті ұрпақтан ұрпаққа қалдыру дәстүрге айналса, Ресейде бұл тәжірибе енді қолға алына бастады. Баланы ерте бастан кәсіпкерлікке баулудың қажеттігі бізде де мемлекеттік деңгейде мойындалып, қолға алынды.
Кәсіп пен нәсіп
Шеттен келген кәсіпкерлер елімізге бір түйір нан алып келсе, өз елдеріне қайтар тұста сол нанның үстіне май мен уылдырық жағып әкетіп жатқаны әр жерде байқалып қалады.
Мұнай өңдеу зауыттарының ауласында күкірті тау-тау болып үйіліп жатса да, полимер ұнтағына тәуелді екенімізді осыған дейін де айтқанбыз. Қазақстан жаһандық экономикада ұлттық бренд қалыптастыруды мақсат тұтып отырған ел. Кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, дем беруді жөн санайды. Ал бұл ретте қазақ кәсіпкерлерінің талпынысы көңіл көншіте ме? Шаруақор азаматтардан бизнес классиктері немесе осы саланың академиктері қашан шығады? Міне, біз бүгін осы жағын саралап көрмекпіз.
Жалпы, кеңестік дәуірде коммунистік тәрбиенің уызын ішіп, максималистік көзқараспен есейген аға буын «қазақтың сауда жасауға, бизнеспен айналысуға қыры жоқ» деген түсінікпен күн кешті. «Сауда-саттық – өз-ағам, өзбектердің тірлігі» деп білетін қазақ баласына ол кезде саудамен айналысып, шаруасын дөңгелету қиын іс саналатын. Ал қазіргінің қазағы біртіндеп нарық заңдылығына бейімделіп, оның қағидаттарын жүйелі түсінуге тырысуда. Әйтсе де бір тиынды екі етіп ұқсата білуге көбіміздің ебіміз жоқтығынан үлесіміз кемшін түсіп жатыр.
Ресми деректерге жүгінсек, Қазақстан халқының 15 пайызын бақуатты, қалталы азаматтар, 55 пайызын орташа тұрмысы барлар, 30 пайызын жарлы-жақыбайлар құрайды. Халықтың 30 пайызы кедей. Бұл ретте мамандар халықтың жағдайын жақсартып, орта тапты көбейту үшін бизнеске бейімін және белсенділігін арттыру қажет деген пікірде.
Кәсіпкер Ұзақбай Айтжанов бизнес әліппесі деген мүлде жоқ екенін, қазақ бизнесі қателіктері мен жетістіктерінен сабақ алып, стихиялы түрде дамып, алға жылжығанын айтады. Мәселен, шетелдік жоғары оқу орындарында саланың жүйе-жүйесін бөліп, терең байыптап оқытатын арнайы сабақтар бар. Дамыған елдерде балаларға жастайынан бизнесмен болудың қыр-сырын үйретеді. Ал Қазақстанда мұндай жүйе орнықпаған.
– Біздің нарықтағы отандық беделіміздің ақсап жатуы да осы іспеттес дүние. Алғаш жекешелендіру тұсында не істедік? Ауылға «өз күніңді өзің көр» дедік те, таратып жібердік. Ақыры немен тынды? Ауыл шаруашылығы тұралады, мал басы азайды. Ол да тәжірибесіз кетпеншінің қылығы іспеттес нәрсе болды. Шала надандық пен шалағайлықтың түбі оңдырмайтынын ата-бабаларымыз нықтап тұрып айтып кеткен. Африка елдері жерінің асты толы қазына. Бірақ әлеуметтік жағдайы өте төмен елдердің сапында тұр. Құдай осыдан сақтасын. Қанша жерден ұланғайыр даламыз, байлыққа малынған жеріміз болғанымен, оны ұқсатудың ұтымды жолын меңгеруіміз керек, – дейді Ұ.Айтжанов.
Қай салада да біліксіз адамнан шаруаны шырқ үйірер талпыныс шықпасы анық. Демек, бизнесті дамыту үшін теориялық білім керектігі дәлелдеуді қажетсінбейтін ақиқат.
Сонымен қазақтың бизнеске деген ықыласын қалай арттырамыз? Өркениетті елдердің басым бөлігі – бизнес саласында өзіндік орнын ойып тұрып алу үшін белгілі бір жүйеге сүйенеді. Мәселен, әлем нарығында электронды құралдарымен аты шыққан жапондар баласына жеті жасынан бастап «Бизнес әліппесін» үйрететін көрінеді. Нақ осы тұрғыда жапондарда мектеп бағдарламасына енгізілген арнайы жүйелі жоспарлар бар. Ал еврейлер бес жасынан бастап баласына қолындағы ақшасын қалай ұқсатудың жөн-жобасын түсіндіруден жалықпайды. Іргеміздегі Қытайдың өзі мектеп қабырғасынан-ақ баланы үнемшіл, қанағатшыл болуға, барды ұқсата білуге тәрбиелейді. Ал өзбек баласы көзін аша салысымен тым болмағанда бір тандырға ие болуды армандайды екен. Тандыры болса өзегі талмайтынын әке-шешесінің тәжірибесінен біледі.
АҚШ-тағы автокөліктерді жалға беретін «Rent-A-Car» компаниясының негізін қалаған Тейлор Байрон Трот АҚШ тарихында ауқатты отбасылардың балаларының бухгалтериясын үйлестіруді ғылыми негіздеп берді. Кейін ол мұны кәсіпке айналдырып, бірнеше штаттан еншілес компанияларын ашып, балалардың қалта шығыны туралы кітап жазған. Трот ата-аналардың басты кемшілігі ретінде балаларымен табысы жайлы ашық әңгімелеспейтінін айтады. Оның пайымдауынша, «Балаға ақша санауды өмірдің өзі үйретеді» деген пікір дұрыс емес. Ол өзінің клиенттеріне балалардың ақша санауды ерте бастан үйренуі қажеттігін үнемі айтады екен. 2014 жылы Мәскеуде жарық көрген «Классикалық бизнестің әліппесі» атты кітабында 32 жастағы баласына бизнесін тапсырып, содан кейінгі тірлікке араласпағанын айтқан. «Rent-A-Car» компаниясының жылдық табысы 19 млрд доллардан асады, өзі Америкадағы ең дәулетті 30 адамның ішінде 18-орында тұр.
«51 жаста неге үлкен бизнестен кеттіңіз?» деген сауалға «Ұлым 7 жасынан қасымда жүрді. 21 жасында компанияның стратегиялық жоспарларын дайындады. Мен ұлыма 100 пайыз сенемін» деп жауап берген екен.
Мәскеуде тұратын қазақ ғалымы Ғалым Әбілсейітов қазақ отбасының қаржымен қарым-қатынасы мемлекеттің қаржы саясатына көбірек ұқсайтынын айтады.
– 1990 жылдары мұнай бағасы дәуірлеген кезде ағыл-тегіл қаржыны ел игілігіне жарата алмадық. Ақша қалай келсе, солай кетті. Мемлекеттің қаржы саясатына жергілікті ұлттың менталитеті әсер етеді. Оған қоғам болып кінәліміз. Мемлекеттік бағдарламалар нәтиже бермей, оған бөлінген қаржы далаға шашылғанына өзіміз кінәліміз. Себебі тәрбиеміз солай. Бесікте жатқанда ақшаны таныған, ес білген күннен бастап оны үнемдеуге және көбейтуге үйренген менеджерлер Үкімет басына келген кезде экономикалық бағыттың беталысы өзгереді, – дейді ол.
Бизнес және білік
Ал қазақ кәсіпкерлері бизнестегі біліктілік болашаққа жасалған капитал екенін жете түсіне ме? Бұл тұрғыда қаржыгер Ерлан Ибрагим былай деп ой өрбітті:
– Меніңше, қазақ бизнесінің көсегесін көгерту үшін білім және білік қажет. Біздің елде алғаш бизнесті бастап жеке шаруашылық ашу, акционерлік қоғам құру оңай нәрсе. Ал әрі қарай оның жұмысын жандандыру өте қиын. Бұл жерде кәсіпкерлердің қажыр-қайраты, білік-білімі сыр беріп жататыны жасырын емес. Керек десеңіз бізде заң білмейтін, еліміздің заңына мойынсұна бермейтін кәсіпкерлер де жетіп-артылады. Өз басым бизнесін жандандыру үшін кәсіпкер алдымен сол елдің заңын жетік меңгеретін білімді болуы керек деп ойлаймын.
Қазақтың бизнеске деген жауапкершілігінің артуын, қазақ баласының бизнесте білімді болғанын қаласақ, мектеп жасынан бастап балаға жапондар тәрізді бизнес әліппесін оқытуды 9-11-сыныптан емес, неғұрлым ерте жастан бастау керектігін сарапшылар талайдан бері айтып жүр. Себебі нарық заманы балаға әліппедегі әріптерден бұрын теңгенің құнын үйретуге мәжбүрледі. Қолына қаржы ұстатсаң, «бұған не келеді?» деп өзіңе қарсы сұрақ қоятын бала кез келген үйден табылады.
Бүгінде қазақ баласы қолынан іс келетінін, еңбекқор екенін танытып үлгерді. Қазақстанның бірқатар ірі компаниялары мен корпорациялары әлемдік нарықта таныла бастады. Десек те, «жаһандық экономикада қазақтың ұлттық бедерін айшықтап көрсететін бренд қалыптастырдық» деп айтуға әлі ертерек. Бірақ бізде соған ұмтылыс бар.
– Қазақ кәсіпкерлерінің ізгі армандарының бір парасы – дүние жүзіндегі алпауыт компаниялармен иық тірестіру. Менің ойымша, отандық кәсіпкерлердің әлемдік нарықта кең көсілуге ерік-жігері жетеді. Осы мақсатта түрлі жобалар жасалып, бағдарламалар қабылданып, біршама оңтайлы істер тындырылуда. Сондықтан осы істердің орнымен жүзеге асып, оң нәтиже беретініне үміт арту керек, – дейді Е.Ибрагим.
Рас, біз бүгінгі ғасырды «Технологиялық даму ғасыры» деп айшықтаймыз. Бір әттеген-айы, әзірше сол технологияның тілін меңгеру бізге мұң болып-ақ тұр. Шетелдік инвесторлар Қазақстанның байлығы арқылы миллиардтарды айналымға салып жүр. Биылғы пандемияның алғашқы айларында бетперденің тапшылығы қарапайым заттар экономикасындағы кемшін тұстарымызды анықтап берді. Қазір де қарапайым тұтынушы ретінде шетелдік өнімге тәуелдіміз. Бұл ретте қазақстандық кәсіпкерлерге бар күшті жұмсап бизнес саласының классигі болуға ұмтылатын кез жетті. Бізде қарым бар, қабілет бар екен. Онда өз байлығымызды өзіміз ұқсатуға неге талпынбасқа?!
Бизнес қоғамдық мотивацияға айнала бастады
...Қазақ кәсіпкерлерінің әлеуметтік желі арқылы халықпен тікелей байланысқа шығуы оның қоғамдық санамен интеграциялануын жеделдетіп жіберді. Бүгінгі таңда «Q3 Worldwide» холдингінің негізін салушы Қайрат Құдайбергенов, «BI Group» басшысы Айдын Рахымбаев, «Медиамагнат», «Мегаполис», «Бизнес и Власть», «Forbes Kazakhstan» басылымдарының негізін қалаушы, «United Media Group» компаниясының жетекшісі Арманжан Байтасов сынды кәсіпкерлер әлеуметтік желі арқылы қазақстандықтармен сұхбат құрып жүр. Бұл бизнестің және бизнес өкілдерінің қарапайым халыққа біртабан жақындағанының белгісі. Ендігі мәселе соларды жинақтап, теориялық жағынан негіздеуге байланысты.
«Young Presidents Organization» (YPO) деп аталатын кәсіпкерлердің халықаралық клубының мүшелері жыл сайын қазақ жастарымен кездесу өткізіп, бизнес-кейстерінің тарихы жайлы тәжірибесімен бөлісіп тұрады. Мысалы, белгілі кәсіпкер Айдын Рахымбаев бізбен әңгімесінде өзінің бизнесінің негізін вагоннан көмір түсіріп тапқан 500 АҚШ долларымен бастағанын айтып берді.
Айдын Рахымбаевтың айтуынша, бизнестегі ең басты мотивация – дер кезінде және қажет кезінде шешім қабылдаудан қорықпаудың өзі табыстың формуласына айналады. Кәсіпкер өзінің барлық салада тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндігі болмағанын да айтып өтті.
– 30 жасқа дейін демалмадым. Алғашқы еңбек демалысымды 33 жасымда алдым. Бұл жақсы немесе жаман деген сұраққа жауап беруден аулақпын. Менің бизнесім – армандарымды жүзеге асыруға мүмкіндік берген фактор. Ең қымбаты ақша да емес, уақыт екенін енді сезіп жүрмін. Оны тиімді пайдалансаң, қалғаны рет-ретімен шешіледі, – дейді ол.
Сарапшылардың түсіндіруінше, бизнес негіздерін мектеп бағдарламасына енгізуді кезең-кезеңімен жетілдіріп отырмасақ, бастаманың нәтижесі мардымсыз болады. Әзірге, ауыл-аймақтарда осы пән жүктелген ұстаздар екі апталық курспен ғана шектеліп, жұмысқа кірісіп кетті. Жұмыс осы бағытта алға жүре берсе, мұның өзі есеп беру үшін ғана қолға алынған шара болып қалары сөзсіз.
– Онлайн жүйесі білім индустриясының мүмкіндігін әртараптандырды: Әр кәсіпкердің бизнес формуласы туралы бейнекөріністерді пән сабағына енгізуге болады. Әлемдік деңгейдегі бизнес классиктердің тәжірибесі, сөз жоқ керек. Бірақ теория емес, тәжірибеге басымдық беретін қазіргі буынға дағдарыстың өзін мүмкіндіктерге айналдырған өз кәсіпкерлеріміздің тәжірибесі маңызды, – дейді Е.Ибрагим. Оның пайымына салсақ, ақшаны жұмсаудың өзі мәңгілік философия. Бизнесті бала жастан бойына сіңіріп өспеген баладан бизнес классигі шығуы қиын.
АЛМАТЫ