Биыл облыста 6 мектеп жаңадан салынып жатыр. Оның құрылысына 8 млрд теңге бөлінген. Бұған қоса Орал қаласы мен аудандарда мемлекеттік бағдарламалар аясында 4,5 млрд теңгеге 33 білім беру мекемесі күрделі жөндеуден өтуде.
Мемлекеттік маңызы бар бұл іске қазір жеке инвесторлар да тартыла бастапты. Мәселен, осы күндері «Қаз-Холл» компаниясы Орал қаласының №31 мектебінің ғимаратын, «Нұркапстрой» мекемесі №52 мектептің құрылысын жүргізуде.
Өңірде мектепке дейінгі ұйымдарда 30 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 100 пайыз жолға қойылған. Ал 1 мен 6 жастағы балалар 70% қамтамасыз етілген.
Пандемияның себебінен болған өзгерістер, қашықтан оқу мәселесі алға шыққанымен, ұстаздар қауымы жаңа жағдайға тез бейімделді. Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында отбасылық, туристік, экологиялық, техникалық бағыттағы шаралар қашықтан ұйымдастырылып, оған 50 мыңнан астам оқушы қамтылды.
Шыңғырлау ауданының методикалық кабинеті республикалық «Үздік аудандық, қалалық методикалық кабинет» сайысында жеңімпаз атанды.
Ал облыстық білім беруді дамыту методикалық орталығы республикалық сайыста жүлделі 2-орын алып, үздік шықты.
Облыстың 35 оқушысы республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми сайыстардың жүлдегері болған.
– Өскелең ұрпағымыз да табыстарымен қуантып келеді. Облысымыздың 29 оқушысы дарынды балаларының «Айқанат» байқауының жеңімпазы атанып, Тұңғыш Президент қорының грантына ие болды. Бұл көрсеткіш бойынша республика бойынша бірінші орындамыз. Біздің балалар Бурабайда орналасқан IQanat High School of Burabay мектебінде оқуын жалғастыруда, – деді облыстық мәслихат депутаттары алдында есеп берген өңір басшысы Ғали Есқалиев.
Облыста білім сапасымен қатар, білім ордаларының инфрақұрылымын дамытуға мән берілуде.
Мысалы, 2020 жылдың басында облыста оқушының көптігінен үш ауысымда сабақ беретін 7 мектеп және ғимараты апаттық жағдайда тұрған 7 мектеп бар еді. Жыл бойы жасалған жұмыстың нәтижесінде қазір 5 мектепте үш ауысымдылық жойылды. Қалған 2 мектептің мәселесін өңір басшылары келер жылы шешуге уәде беріп отыр. Жақында 450 орындық мектеп пайдалануға беріліп, оған эстетикалық бағыттағы гимназия көшірілді.
Сондай-ақ биыл апатты жағдайда тұрған екі мектеп жаңа ғимаратқа көшеді. «Қалған мектептердің мәселесі де 2021-2022 жылдары шешіледі» дейді облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева.
Биыл республикалық физика-математика мектебі Батыс Қазақстан облысында мұғалімдердің біліктілігін арттыру және қосымша білім беру орталығын ашуды жоспарлап отыр. Ал 2021 жылдың жаңа оқу жылында 1-6 сынып оқушыларына арналған «Fizmat Academy» мектебі жұмысын бастамақ.
– Елбасының бес әлеуметтік бастамасына сәйкес студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мақсатында жеке инвесторлар есебінен 2020 жылы Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетіне 500 орындық жатақхана және колледждерге жалпы қуаттылығы 200 орынға арналған 2 жатақхана құрылысы жүріп жатыр, – дейді Ғали Есқалиев.
Бұдан бөлек, индустриалдық колледждің жатақханасы қазір күрделі жөндеуден өтуде. Жөндеу аяқталған кезде студенттерге арналған 300 орындық жатақхана пайдалануға берілмек.
Биыл 1 қыркүйекте Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінде 144 орындық жатақхана тапсырылған болатын.
Соңғы жылдары жас түлектерге тегін білім беру үшін облыстық бюджеттен арнайы грант беріліп келеді. Биыл 100 грант бөлінді. Бұл гранттың 37-сі – өңірге аса қажетті медициналық мамандыққа берілген екен. Сондай-ақ 9 студент – педагогика, 4 студент теология саласы бойынша «әкім грантымен» білім алуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірдегі барлық мектеп пен балабақшаны бейнебақылау жүйесімен қамту және санитарлық талаптарға сәйкестендіру жұмысы қолға алынған.
Батыс Қазақстан облысы