Биыл туғанына 140 жыл толған дарынды дала композиторы, әнші, сері Мәдидің тойы ел көлемінде ерекше аталып өтуі керек еді. Алайда адамзатты дүрбелеңге салған дауасыз дерт көп іске қолбайлау болды. Дегенмен көзіқарақты жұрт ер Мәдиді ел газетінде еске алуының өзі қайраткер тұлғаға зор тағзымнан кем болмас деп қаламымызды тарлан тарихтың сырлы сиясауытына батырдық.
* * *
Қыр қазағының репертуарында әлбетте, Мәдидің әндері асқақ шырқалады. Қарт Қарқаралының сәулетті шыңдарының төбесі көрінгеннен-ақ, тіпті әнге еш икемі жоқ жанның өзі «Е, атыңнан айналайын, Қарқаралы, Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады» деп күбірлейтініне күмәніміз жоқ. Тіпті Мәдидің осынау екі ауыз өлеңі Қарқаралының төлқұжатындай жүрек төрімізде әлдеқашан бедерленіп тұрғанын сеземіз.
Жалпы қазақ тарихына, қазақ әдебиетіне үнемі үңілген адам бірқатар табиғи атаулардың тірі образдарға айналып кеткенін байқайды. Айталық, Алтай таулары, Алтай табиғаты Оралхан Бөкей шығармаларында тірі образ ретінде бізбен бірге өмір сүреді. Алатау да, Қара Ертіс те, Еділ мен Жайық та жаны бар, рухы үнемі қозғалыстағы тірі құбылыстар. Әлбетте, осы қатарда Қарқаралы таулары, Қарқаралының кешегі Алаш арыстары алшаң басқан кең көшелері, ескі ғимараттары, Шайтанкөлі, шыршасы, Құнанбай қажы мешіті, бәрі-бәрі тірі образ, тіпті қазақтың жанындай аяулы атауларға айналып бізбен бірге тыныстайтындай! Ал енді бүгінгі тілмен айтсақ сол Қарқаралының бір бренді – Мәди! Мәдидің ғажайып сырлы да тағдырлы өлмес өлеңдері, ғибратты да күрескер әндері, қилы тағдыры Қарқаралымен қатар жасай береді. Мәди шығармасындағы Қарқаралы да – образ!..
* * *
Мәдиді білмейтін қазақ кем де кем болуы керек. Дегенмен жас ұрпаққа ұлт рухының байрағын биіктеткен Мәдидей тұлғалардың есімдерін үнемі насихаттап отырудың еш артығы жоқ. Мәди Бәпиұлы өз өлеңінде айтатындай, арғы атасы «Әулие өткен ер Қазыбек, Бекболат». «Тіленші одан туған абзал шері, қарадан хан боп өткен бәрі асыл тек». Аристократ әулет, қаракөк тұқымның қандыбалақ қыраны Мәдидің бұл ретте осал болып тууына еш қақысы жоқтай. «Сөздің атасы бірлік, анасы шындық» деп шаршы топта талайды сөзден сүріндірген екі сыбағалы, тоқсан жеті жүлделі қаздауысты Қазыбек бабасынан қалған қастерлі сөзді Мәди еш құлатпайды. Қазақ даласына тізесін әбден батырған орыс отаршылдарына қарсы ұзақ күрес жүргізген Мәди мінезі – сол кешегі ұлы бабаларынан қалған қасиетті аманат жүгі деуге болады. Аңдысқан дұшпан ақыры алып тынады, есіл ер кісі қолынан қаза табады. Тура сол кезеңде Мәди рухымен бірге, Мәдидің балуан денесімен бірге қазақтың кеудесін ешкімге басқызбаған көшпенді көк түріктен қалған аса бір өр, батыр, қайсар рух құлағандай еді.
Бүгінде мәдитанудың жаңа кезеңін бастағанымыз дұрыс. Мәдиді анау айтқандай барымташы, бүлікшіл, ескіні аңсаған феодал деген біржақты көзқарастармен емес, алаш мұратының жолында шейіт болған, сол заманның көзіқарақты ойшыл да ғұламаларымен пікірлес күрескер тұлға ретінде тануымыз керек.
Мәди өлімінің өзі Алашорданың белді өкілі, Қарқаралы түрмесінде отырған ағартушы тұлға, Мамания мектебінің мұғалімі Мұстақым Малдыбайұлына сауға сұрай барған жерде орын алады. Мәдидің Мәшһүр Жүсіп Көпейұлымен, Шәкәрім Құдайбердіұлымен пікірлес болғаны, Ахмет Байтұрсынұлымен Қарқаралы абақтысында бірге отырғандығы бәрі Мәди болмысының ұлт тағдырымен тікелей байланысын аңғартпай қоймайды. Айта кетуіміз керек, біз тілге тиек еткен Мұстақым Малдыбайұлының туғанына да биыл 140 жыл толады. Мәди мен Мұстақымның арасындағы достық-туыстық туралы филология ғылымдарының кандидаты, доцент Саржан Такировтың мақаласындағы мына бір дерек кез келген оқырман үшін құнды деп есептейміз. «1921 жылы 8 наурызда «Қазақ тілі» газетінің 123-санында Мұстақым Малдыбаевтың «Мәди өлімі» деген мақаласы «Жолдасы» деген бүркеншік атпен жарияланады. «Осы жылы, 1 февральда Мәди Бәпиұлын күндізгі сағат 12-де, Қарқаралы қаласында, 5-учаскенің аудандық начальнигі Жасанов атып өлтірді. Мәдидің жасы 41-де, екі қатыннан баласыз еді. Түрмеге таяна бергенде, алдында келе жатқан Мәди Бәпиұлын атып тастағанын бірнеше адамдар көріп тұрған. Оқ қарақұстан тиіп, маңдайынан шығып кеткен. Міне, бұл өлімді ақылдасып, тон жамылған соққандардың істеп отырғаны анық».
Мәди тақырыбына біз Алаш тақырыбы арқылы ден қоюымыз керек. Алаш серкелерімен серіктес сері ғұмыры, тағдыры, шығармашылығы бізді жаңа көзқарастарға жетелейді. Мәди әндеріндегі азаттық, бостандық сарыны ұлт бойындағы ерекше мінезді бірден оятады.
* * *
Мәдидің мәңгі өлмес мұрасы – оның нақышы бөлек, драмаға бай әсем де терең әндері. Бүгінде М.Бәпиұлының кеңінен танылмал 4 әні бар деп айтылады. Кейіннен белгілі әнші, өнертанушы Е.Төлеутай «Мәдидің мұңы» әнін тауып, орындап жүр. Ал енді әріден қозғасақ композитордың шығармаларын тұңғыш рет нотаға түсіріп, ғылыми баға берген – зерттеуші А.Затаевич. Бұл туралы тарихшы, ғалым Зарқын Тайшыбайға сілтеме жасап, публицист, қарымды қаламгер Ермек Балташұлы жазады. Академик-композитор Ахмет Жұбанов Мәдидің әншілік өнеріне жоғары баға бере келіп: «Мәди халық бақыты үшін өмірін күреспен өткізген қайраткер. Оның шығармалары үнемі халықтың ауызында, музыка майданында шаттық үніндей болып естіледі. Мәдидің «Қаракесегі» бүкіл қазақ халқының әнұраны десе болғандай» дейді. Жүсіпбек Елебеков аталарымыз да Мәдиді көзімен көріп, әндерін насихаттап, қазақтың руханият қоржынын баға жетпес қазыналармен толықтырып кетті. Жүсекең Қоянды жәрмеңкесіне ағасына еріп барып Мәдиді көргенін баяндайды. «Қарқаралы» әніндегі қайырманы Жүсіпбек Елебековтің өзі қосқанын да көпшілік біле бермеуі мүмкін. Филолог, журналист Әлімжан Құтжанұлы Ахмет Жұбановтың жоғарыдағы пікірі туралы толғанып келіп: «Шындығында, «Қаракесек» ән-өлеңі – Мәдидің реквиемі. Мәдидей мұзбалақтың торға түскен, буыршынның мұзға тайған мұң-зары. Жан азасынан жазылған қайғылы шері. Мұндағы Қаракесек Мәди – қазақ! Ол – басына бұлт төнген Алаш елі. Жалқының жүрегі жалпыны қамтыған. Жалғыздың жанайқайы асқақ романтикалық леппен аспандап барып, күн сияқты күллі Алашын аймалап тұрғандай», дейді. Шынымен Мәди болмысындағы қазақтың қайсар келбеті қай-қайсымызға болсын анық көрінеді.
Мәдитануға кең құлаш сермегендердің қатарында тұлға өмірі мен шығармашылығын бүгінде түгелдей зерттеп, зерделеп келе жатқан публицист Ермек Балташұлы мен әнші, өнертанушы, киногер Ерлан Төлеутайды ерекше атағанымыз дұрыс. Әлбетте, бұған дейін «Найзағай» атты роман жазған Әлжаппар Әбішевті, Сапарғали Ләмбековті, Әшімбек Бектасовты, Кәрім Сауғабайды, тарихшы, ғалым Зарқын Тайшыбайды, Мәдидің әндерін ұлықтап, тіпті ескі киноленталардың бірінен композитордың бейнесін тауып, одан бұрын серінің суретін кезіктіріп, дүйім жұрттан сүйінші сұраған өнертанушы, күйші Жарқын Шәкәрім ағаларымыздың жөні бір бөлек.
Мәдидің бізге белгілі жалғыз фотосуреті туралы әншінің өзі: «Осы суретке Атбасар абақтысынан қашып шығып, жасырынып жүргенде досым Камал бір суретшіні үйге әкеліп түсірген еді» деп жазыпты. Өлкетанушы Ю.Попов жазған деректер бойынша Мәдиді қуғындау 1907 жылдардан басталған. Сол жалған айыптар жалғасып-жалғасып жазықсыз жанды Атбасар, Қарқаралы, Семей, Омбы түрмелеріне бірнеше мәрте тоғытады. Әлгі сурет Мәдидің күйеубаласы Тоқаш Кәдікеевтің жеке мұрағатында сақталып келген деседі. Суретті 1968 жылы алғаш рет баспа бетіне жариялаған Жарқын Шәкәрім. Суреттегі серінің жасы сол кезде жобамен 35-те делінеді. Кейін Мәдидің ескі кинохроникалардың бірінен жанды бейнесі де табылады. Ол бейненің қайда, қашан түсірілгені туралы Е.Төлеутай толық зерттегенін айтады. Орталық мұрағаттағы «Мәдидің ісі» атты томдықтың құжаттарын пайдаланған өнертанушы Мәдимен «өле-өлгенше кек қуысқан» Қақабай екеуінің араздығын да нақты құжаттармен дәлелдеп жазған. Бұл хаттар турасында З.Тайшыбайдың «Мәдидің бес хаты» мақаласын да айта кетуіміз керек. Сол зерттеулердің бәрінде Мәдидің тірі бейнесі 1920 жылы Қоянды жәрмеңкесінде түсірілгені анықталған. Басындағы тымағы жайлы да айтып өтеді. «Кіші жүз Алшын-Жаппас елінің бір азаматы сыйға тартқан тымақ еді» деп нақтыланады. Ең ғажабы, өнерге бүкіл ғұмырын арнаған Жарқын Шәкәрім ағамыз суретті тауып, тұңғыш жариялағанда небары 19 жасар студент екен.
Бүгінде Мәдидің есімі ел ішінде тамаша насихатталып келеді. Осы үрдісті үнемі қолдап, жаңа сатыға көтере беруіміз керек. Мәди атындағы республикалық дәстүрлі әншілердің байқауы жыл сайын Қарағанды шаһарында шымылдығын түреді. Тұлға туған Айрық ауылы да бүгінде Мәди деп аталады. Ұлы күрескердің 125 жылдық мерейтойына орай Ермек Балташұлы мен режиссер Сламбек Жұмағалидың «Сұрасаң Мәди еді менің атым» атты екі актілі, жеті көріністі драмасы ел назарына ұсынылды. Е.Балташұлының «Мәди» атты кітабы да жарық көрді. Мәдидің ізі телеэкранның да таспаларында сайрап жатыр. Бұл істе «Қазақфильмнің» қара шаңырағында жемісті жұмыс атқарған жазушы Дидар Амантайдың, Ерлан Төлеутайдың ерекше қолтаңбалары бар. Аталған «Мәди» деректі-драмалық фильмі қазақ руханиятының үлкен қазынасы деуімізге болады. Тіпті дәстүрлі қазақ әндеріне түсірілген алғашқы бейнебаян да Мәдиге тиесілі екен. «Қаракесек» әніне түсірілген қазақы бояуы қанық бейнебаянның да авторы – Е.Төлеутай.
Бұлардан бөлек Қарқаралыға бара қалсақ еңселі ескерткішіне тәу етеміз. Осы ретте ерекше ескерткіш туралы айта кеткен жөн. Мәди мүсінінің авторы Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Мәдидің жерлесі, Қарағайлы кентінің тумасы Темірғали Мұхтарұлы Махметов деген өнерпаз. Тас қамалды, қазақтың ұлттық рухын, жанын қыспаққа алған тар бұғауды бұзып-жарып келе жатқан Мәдидің келбетті кескіні сәтті сомдалған. 125 жылдық мерейтой қарсаңында тұғырға қонған тұлға мүсіні жоғарыда да айтып кеткен жан жолдасы Мұстақым Малдыбайұлын түрмеден шығарып аламын деп келіп, оққа ұшқан жеріне орнатылған. Мәдиге орнатылған ескерткіштердің қатарында ақын рухы мәңгілікке барақат тапқан Мәліксай қорымындағы кішігірім ескерткішті де атауға болады.
Бұның бәрі ертеңгі жас ұрпаққа үлкен насихат. Мәдидің күрескер рухы келешек жастардың ұлтшыл мінезін қалыптастыруға жол ашатыны анық. Жоғарыда айтып кеткен «Мәди» фильмі деректі-драмалық фильм болса, болашақта көркем фильмге де Мәди ғұмыры әбден татитын тұлға. Оның сценарийі жоғарыда есімдері аталған азаматтардың қай-қайсында да бар. Жуырда «Алатау» дәстүрлі өнер театрына онлайн сұхбатқа шыққан Ерлан Төлеутай бір сценарийдің қатталып дайын тұрғанын айтып өтті. Бұл – отандық киноға олжа салып жүрген дарынды режиссерлерге құлаққағыс. Мәди драмасынан, Мәди трагедиясынан бодан ұлттың азаттыққа ұмтылған найзағайдай шарт мінезін көру қиын емес. Мәди портреті кешегі өткен Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Балуан Шолақтардың ешқайсысынан кем түспейді. Мәди образы арқылы тек таптық тартысты емес, адамның ішкі жан дүниесіндегі кереғар құбылыстарды да кеңінен ашуға болады. Қазақ мінезін де Мәди өмірімен өзектестіре отырып зерделеу қызық.
Бүгінде Мәди өміріндегі Қақабай бейнесіне де жаңаша көзқарас қажет деп ойлаймыз. Немере інісіне деген аға өшпенділігінің өзегін аршуымыз керек. Бұл қақтығыстардағы орыс ұлықтарының араға от тастаған озбыр әрекеттері жас ұрпаққа жан-жақты түсіндірілгені дұрыс. Жалпы, ағайындардың ішіндегі қастық анау айтқандай қаныпезерлікке ұлпаспауы да мүмкін. Оны Мәди өз өлеңінде «Атуға Қақабайды қия алмадым» деп мойындайды. Ортақ мұраға талас, билікке маңайындағы ірілі-ұсақты дау-дамай кері сипат алып кетуі де ғажап емес. Қайткен күнде де Мәди гуманизмі оның шығармаларының өн бойында елді үнемі бірлікке, тұтастыққа, ұлт намысын қолдан бермеуге үндеп тұрады.
* * *
Мәди Бәпиұлының биылғы мерейлі датасынан бөлек, Абай жылына қатысты да есімі ерекше аталуы тиіс. Олай дейтін себебіміз, хакімнің адал жары, озық ойлы ұл-қыздарының текті анасы Ділдәмен Мәди ет жақын туыс. Одан бөлек Қарқаралы десе Мәдидің әуелгі біз сөз еткен әнінен кейін Құнанбай қажының мешіті айтылады. Қай жағынан алып қарасақ та Мәдидің аты аталған жерде Абайдың айналасы, әлбетте сөз болады.
Мәдидің ата-тегіне қатысты «Үшқара» әнін үнемі басшылыққа алған дұрыс. «Атамыз одан кейін Алшынбайды, Кемеңгер ақыл ойлы, терең сайды. Атағың Алатаудай бабаларым, Көрдің бе осы күнде біздің жайды», дейді Мәди сері. Мәдидің Абайға жақындығын айтқанда осы Алшекеңнің аруағы алдымен аталады. Қарқаралы дуанының жиырма төрт болыс еліне билік жүргізген аузы дуалы Алшынбайдың Ділдә мен Мәди – туған немерелері. Бұны Зарқын Тайшыбай тарқатып тамаша жазады: «Зер сала қараған адамға Мәдидің Абай ауылында болғаны, жездесімен кездескені, тілдескені көрініп тұр ғой. Мәдидің 1880 жылы туғанын еске алсақ, Абай дүниеден қайтқанда атпал жігіт, айтулы азамат, аты шыққан серінің бір көштей ғана жердегі апасы мен жездесіне сәлем беріп қайтпауы мүмкін емес». Айта кетейік, Алшынбай да, Тіленші де Бұқар жырау ауданына қарасты Үміткер ауылынан 7-8 шақырым жердегі қорымда жатыр.
Мәдидің ата тегімен қоса нағашылары туралы да бір ауыз айта кеткеніміз дұрыс. Е.Балташұлы «Мәдиді Бәпидің бәйбішесі Әнипадан (кейбір деректерде Күләнда) туған» деп жазады. Бұл анадан Мәдимен бірге Ұрқия, Мәпіш деген қыздар да дүниеге келген. Барлық деректе Мәдидің анасының елі Жалықпас екені жазылған.
* * *
Мәди әндерінің ішіндегі өмірінің соңғы кезеңінен сыр ақтаратын аса бір күрделі де көркем әні «Шіркін-ай». Біз де мақаламызды осынау әннің табиғатымен үндес түйіндегіміз келеді. Әннің сөзінде айтылғандай, «Аз күнде қайта айналып мен келермін, Ал енді көріскенше шіркін-ай, қош болыңдар» дейді.
Мәди рухы шынымен де қазақ даласына асқақ кейіпте көп уақыт өтпей-ақ қайта оралды. Ғажайып әндер болып, еңселі ескерткіштер болып, том-том зерттеу кітаптары болып, кино, театр сахналарына, біздің азат мемлекетіміздің ақшаңқан ордасына Алшынбайдың немересі ер Мәди алшаңдай басып қайта оралды.