14 Қараша, 2013

Жоғары өнер номиналдары

410 рет
көрсетілді
31 мин
оқу үшін

Суретші өз мамандығын өзгертпейді: тура 20 жыл бойы Меңдібай Әлі

қазақстандық банкноттардың дизайнын жасауда

Ұлттық валютаның орнықтылығы және оған деген сенім көп жағдайда объективтік факторларға – ел экономикасындағы жалпы ахуалға және реттеушінің валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету, инфляцияның өсуін ұстап тұру қабілеттеріне байланысты екендігін жақсы түсінемін. Экономистер тағы да ұлттық валютаның сенімділігі мен дағдарысқа қарсы тұруының бірқатар жағдайларын келтіре алады. Алайда, теңгенің сенімді болуының бірден-бір себебі: кезінде ақсүйек балаларға қараған сияқты оның жанында осы жылдар бойы «гувернер-ағасының» болуы. Немесе түркілер нұсқасында – «атабек».

Ұлттық Банк хабарлайды, түсініктеме береді, түсіндіреді

* 15 қараша – Ұлттық валюта күні

 

Суретші өз мамандығын өзгертпейді: тура 20 жыл бойы Меңдібай Әлі

қазақстандық банкноттардың дизайнын жасауда

Ұлттық валютаның орнықтылығы және оған деген сенім көп жағдайда объективтік факторларға – ел экономикасындағы жалпы ахуалға және реттеушінің валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету, инфляцияның өсуін ұстап тұру қабілеттеріне байланысты екендігін жақсы түсінемін. Экономистер тағы да ұлттық валютаның сенімділігі мен дағдарысқа қарсы тұруының бірқатар жағдайларын келтіре алады. Алайда, теңгенің сенімді болуының бірден-бір себебі: кезінде ақсүйек балаларға қараған сияқты оның жанында осы жылдар бойы «гувернер-ағасының» болуы. Немесе түркілер нұсқасында – «атабек».

Теңге тәлімгері

Бұл субъективті әрі аңқау пікір болып көрінуі мүмкін, бірақ менің ойымша, Ұлттық Банктің дизайнері, қазақстандық банкноттардың бірінші қатарының қосалқы авторы және бүкіл қалған банкноттардың авторы Меңдібай Әлі теңге үшін нағыз атабек – тәлімгер және бойтұмар болды. Мен оны 15 жылдай білемін, одан біраз сұхбат алдым. Осы жылдар бойы бұл ешқандай ұсақ пайдаға негізделмеген үлкен өнер – ақша туралы әңгіме болды. Меңдібай ақшаны есептеуге емес, оны оқып-тануға үйретеді, ақшаға ел, уақыт және адам туралы керемет новелла ретінде қарайды. Ол осы көркем миниатюраға бүкіл әлемді сыйғызуға тырысады, өз жұмысына барынша берілген адам. Бүгінде біз онымен өте жоғары және технологиялық өнер ретінде ұлттық валютаны жасау туралы әңгімелесеміз. Оған тамаша себеп те баршылық – теңгенің 20 жылдығы.

«the Bluebird»

Дизайнерді елдер мен құрлықтарға ұшу сапарларының арасында Алматыдағы дәмханалардың біріне жарты сағатқа «отырғызуға» мүмкіндік туды. «Меңдібай Қойшыбайұлы, аспанда қалықтаған құс сияқты өмір сүрудесіз. Тағы да жаңа жобаңыз бар ма?», деп сұхбаттың алдында суретшіден сұрадым. Жауаптың орнына ол «the Bluebird» деген буклетті шығарып көрсетті. Буклеттің бірінші бетінде банкнот ісіндегі әйгілі есімдердің бәрі бар екен: Oberthur Fiduciaire. Fortress. Landquart, сондай-ақ ҚР Ұлттық Банкінің және Қазақстан Банкнот фабрикасының логотиптері.

– Морис Метерлинктің «Көк құсы» банкнот жасаушыларды үйреншікті жағдайдан жоғары көтеріп, тамаша ойлар берді. Ертегі бойынша, құсты торға отырғызғаннан кейін ол көк түстен қара түске ауысады ғой...

– Көк құс әрқашан да арман емес пе? Біз арманды «шідерлемейміз», біз онымен бөлісеміз. Бұл белгілі ертегіде көзің жұмулы болса ешнәрсе көре алмайсың делінген. Жасырын нәрсе – болашақты көру үшін ең алдымен батыл болуың керек. Бүкіл елдердің және бүкіл ғасырлардың банкноттары өткеннен сыр шертеді, бүгінгіні баяндап, арманымен бөліседі. Көп жылдар бойы банкноттарда ешнәрсе өзгермейтін сияқты болып көрінсе де, бұл тек елес түріндегі сезім ғана. Мұқият қарасаңыз, әлемнің ең үйреншікті банкноттарының өзінде уақыт белгілері: неғұрлым заманауи қорғаныш элементтері, жаңа қағаз, бояулар тұрақты түрде пайда болады. Бұрынғы дизайнының сыртқы көрінісі сақталғанмен де қандай да болсын дәрежеде тек қорғаныш қасиеттері ғана емес, сол сияқты көркемдік, мағыналық салмағы бар нышандар пайда болуда.

– «Көк құс» жаңа 20 мың теңгелік банкнотпен байланысы бар деп болжам жасауға бола ма?

– Нақтырақ айтсақ – банкнот ісінің жаңа әлемдік бағыттарымен. Біздің Банк­нот фабрикамыздың базасында игерілетін «the Bluebird» жобасында жаңа технологиялар, бояулар, қағаз, қорғаныш элементтері жаңадан сынақтан өтуде. Бұл элементтер жеке-жеке немесе қандай да болсын комбинацияда бірқатар ел­дердің жаңартылған банкноттарында қолданылатынын жоққа шығаруға болмайды, себебі олар – банкноттардың дизайны мен қорғанышындағы маңызды жаңа қадам.

Тәжірибе жасауға арналған лицензия

– Сонда біз әлемнің бүкіл жаңалық­тарын бірінші меңгеріп, кеңестік кезең­нен кейінгі кеңістікте ақшаны басып шығаруда жаңалықтың көшбасшысы болып табыламыз ба?

– Назарды басқа нәрсеге аударайық: бізде отандық банкнот ісінің жиырма жылдық даму жолында банкноттардың ең жаңа қорғаныш элементтеріне және қасиеттеріне сынама жасауға мүмкіндік беретін жүйе құрылды. Бүгінгі күні біз бояу, қағаз, қорғаныш элементтерін жетекші әлемдік өндірушілердің бүкіл әзірле­мелеріне қатысамыз.

– Осындай басымдыққа қалай ие болдық?

– Біріншіден, біздің Банкнот фабри­камызға және маған, дизайнер ретінде кәсіби тұрғыдан алғанда нағыз жаңашыл жұмысқа қатысқан қызықты. Ал екіншіден, бұл жағдай халықаралық компаниялардың ең жаңа әзірлемелерін ендірудің қалып­тасқан үрдісіне байланысты орын алды. Бізде банкноттарға арналған жаңа элемент­терді сынақтан өткізу, бейімдеу және өнеркәсіптік үлгіге жеткізудің нақты, үш сатылы жүйесі қалыптасқан.

Бірінші сатысы – сынақ банкноттарын шығару. Сен дәл сондай банкнотты қолыңа ұстап тұрсың (осы беттегі иллюстрация ретінде ұсынып отырмын) – А.Д.). Осындай үлгілерде әлемдік деңгейдегі түрлі элементтер, ең жаңа әзірлемелер сынақтан өткізіледі. Бұл – өте күрделі зертханалық жұмыс. Нәтижесінде эмиссия сынақ банкноттарының 2-5 мың данасын құрайды. Осыған дейін біз газет оқырмандарына осындай банкноттардың кейбір үлгілерін көрсеттік.

– Олардың ішіндегі ең көзтартарлық банкнот «Марко Поло» есімде қалды. «Жібек жолы» жобасы да өте әдемі болды…

– Бұлар біздің Банкнот фабрикамыздың баспа өнімінің толыққанды үлгілері, олар бұл іспен кәсіби түрде айналысатын адамдарға арналған. Мысалы, «Көк құс» 5 мың дана таралыммен шығарылды. Біз оны банкнот жасаушылардың жуырда өткен конференциясында таныстырдық және екінші күні бұл үлгінің құны коллекционерлерде 300 еуро болды!

– Ол коллекционерлер мен банкнот жасаушыларды несімен қызықтырды?

– Жаңашылдығымен.

– Яғни, қазір сіз болашақ әлемдік ақшаның құпиясын, оның даму бағытын ашып бересіз бе?

– Иә, ішінара. Алайда, өзің түсініп отырғандай, оны дайындау құпиясын емес. Біз бүкіл әлемге әйгілі «Көк құсқа», символизмнің негізін қалаушылардың бірі Морис Метерлинкке бекерден бет бұрған жоқпыз. Бұл жобада көп нәрсе символдық тұрғыда болады.

Ең таңғаларлық нәрсе... қағаз болады. Қарапайым тілмен айтқанда, ол өте жұқа «қабат» сияқты: екі жағынан қағазбен қапталған полимер. Бірақ бұл қағаз бүтін, желімсіз жасалған, яғни қабатқа бөлінбейді. Сондай-ақ, «полимер» – ерекше қасиеттері бар қағаз.

Қағаздың жаңа құрылымы мөлдір орындарды, жолақтар немесе символдарды желімдемеуге мүмкіндік береді. Қағаздың қасиеттерінің арқасында бұл элементтер оны өндірген кезде жасалады. Егер сынақ купюрасына қарасақ, аспанға қарай көгілдір түспен боялған мөлдір әрі шағын терезе және оған жарық түсіретін жұлдыз көрінеді. Аспан дегеніміз – еркіндік, биіктік, ал жұлдыз жарығы жолға нұр шашады. Техникалық тұрғыдан алғанда бұл – өте күрделі элемент, оны қолдан жасау мүмкін емес: мұндай полимерге өшіріл­мейтін бояу түсіру мүмкін емес. Ал бізде ақ­қан жұлдыздың суреті тығыз текстурадан мөлдірге өтеді, бұны көшіруге болмайды.

– Сынақ купюрасын, дизайнның жаңа тұжырымдамасын әзірлей отырып, сіз жетекші әлемдік компаниялардың ноу-хауын қолданасыз. Ал олардың бөліскенде мүддесі қандай?

– Олар нақты өндірістік полиграфиялық базада жақсы өңделген элементтің әлем­де жалпыға ортақ қолданыста болуына мүдделі. Сондай-ақ, бояу, қағаз, қор­ға­ныш жіптерін өндірушілердің жаңа әзірлемелері бір-біріне бейімделгеніне де мүдделі. Алайда, әріптестеріміз үшін ең бастысы – банкноттың сынақ нұсқасын алу, ол бойынша өндіру мен пайдалану кезінде жаңалықтың қалай жүзеге асырылатынын бағалауға болады. Идеяның пайда болуына қарағанда, бұл идеяны өнеркәсіптік үлгіге дейін технологиялық орындау технологтардың, дизайнерлердің, полиграфистердің білімін, барынша еңбек етуді талап ететін үрдіс. Ал Қазақстан Банкнот фабрикасының алдыңғы жобалар арқылы расталған шығармашылық, техникалық, технологиялық әлеуеті бол­ған­дықтан таңдау біздің Банкнот фабрикасының пайдасына не себепті жасалғаны әбден түсінікті деп ойлаймын.

Сондықтан біз бұл жоба туралы толыққанды, бірлескен әрі өзара тиім­ді жоба деп айтамыз. Ноу-хау – ізденістеріміздің алғашқы сатысы ғана: әзірге талшық деңгейіндегі идея ғана бар, күш-жігерімізді біріктіре отырып, біз оны іске асырудамыз. Нәтижесінде «Көк құс» дүниеге келді.

…Футболдағы Лионель Месси сияқты

– Банкнот фабрикасының мүддесі қандай? Бұл айтарлықтай шығын ғой...

– Бұл жобалар арқылы біз тек идеяларымызды, болашақ ақша белгілерінің дизайнерлік тұжырымдамаларын, олардың қорғалуын игеріп, өндірістің бүкіл жолын және есебін ғана үйренбейміз, біз жас мамандарымызды да үйретеміз. Алға озып кеткен, банкнот ісіндегі болашақ үрдістерді қалыптастыратын жобалар арқылы үйретеміз. Банкнот фабрикасының мүдделі болуы: ол ең заманауи машиналармен жабдықтала отырып, жалпы әлемдік үрдістің көшбасында келе жатыр, өндірісті, қызметкерлерінің біліктілігін тұрақты түрде жетілдіріп отырады. Бұл ретте осы ерекше өнімнің әлемдік нарығы үшін Қазақстан Банкнот фабрикасының осындай жобаларға қатысуының өзі түрлі елдерден едәуір тапсырыс түсіретін өндіріс пен дағдының деңгейін куәландырады. Бейнелеп айтқанда, мұндай тапсырыстар үшін таңдалатын фабрика ең үздік болуы тиіс. Футболдағы Лионель Месси сияқты.

– Осындай жобаларды шығаратын фабрикаларды білесіз бе?

– Көбісі сынақ банкноттарын жасайды, алайда, мұндай жобалар сирек. Банкнот өндірісіне арналған идеяларды әзірлеумен бірлі-жарым компаниялар, әдетте аты әлемге әйгілі және ғасырлық өндірісі бар компаниялар ғана айналысады. Сондықтан біздің әріптестеріміз – кәсіби рейтингінің жоғарғы сатыларында бірінші болып тұрған компаниялар немесе SICPA сияқты дара компания. Сондықтан олардың бізді таңдағаны үлкен абырой.

Айтпақшы, мен үшін бұл – саланың әлемдік көшбасшыларымен үшінші дизай­нерлік жоба. Бірінші жобадан кейін банкноттардың әлемдік өндірісіне SICPA компаниясы әзірлеген Spark белгісі енгізілді. Ол тұңғыш рет теңгенің 15 жыл­дығына арналған, номиналы 5000 теңгелік мерейтойлық банкнотта қолданылды. Бұл элементті сарапшылар банкнот өндірісінде төңкеріс жасаған элемент деп есептейді. Банкнот кейіннен әлемнің 120-дан астам банктерінде үлгі ретінде қойылды және Батыс Еуропа сарапшыларының пікірінше, ол банкнот ісінде қауіпсіздіктің жаңа әлемдік стандартын белгілеп берді. Банкнотымыздағы Spark элементі ең үздік қорғаныш элементі ретінде танылды. Ол ыңғайлы әрі қажет. Ал біздің банкнотымызды 2008 жылы IACA ұйымы әлемдегі ең үздік қорғалған банкнот деп таныды. Бүгінгі күні Spark бірнеше ондаған елдердің банкноттарында қолданылады: ол еурода, долларда, швейцария франкісінде бар. Ал біз үшін маңызды нәрсе – бояу өндіруші ойлап таба алмаған қасиеттерін ашу болды және біз оны іске асыра алдық.

Дәл осындай жағдай Optics қорғаныш элементіне қатысты орын алды, біз оны осыған ұқсас жобада әзірледік. Ең алғаш рет Optics қорғаныш жібі Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Қазақстанның он мыңдық купюрасында пайда болды. Ал қазір бүкіл әлемде кеңінен қолданылуда.

Жоғары лигаға жол

– Оқырмандардың назарына сала кетейін, бұл ретте купюра Халықаралық банкнот қоғамдастығының (International Bank Note Society - IBNS) конкурсында «Жылдың үздік банкноты» ретінде танылды. Бұл «Оскар» сияқты – тек банкноттар үшін! Сондай-ақ, IBNS биыл да сол сериядағы жаңа бес мыңдық қазақстандық банкнотты әлемдегі ең үздік, ең әдемі ретінде атады. Мұның өзі біз үшін W – табыс.

– Жалпы алғанда, бұл өзара тиімді жағдай. Әріптестерге бастама күйінде ресімделген идеяны жаппай өндіріске жеткізу қажет. Олар үшін шешуші сәт, және бүкіл Жер шары үшін өзекті әрі қажетті болатын өнімнің сапасы маңызды. Ал біз (саланы жаңа меңгеріп жатқандар) үшін бұл дәстүрлері ғасырлар бойы қалыптасқан саланың жоғары лигасына кіруге мүмкіндік береді.

– Соған қарамастан, банкноттарды қолдан жасаған, қолдан жасауда және қолдан жасай береді... сонда осындай күш-жігер не үшін қажет?

– Әрине, қолдан жасайды. Ең алғашқы ақша белгілерінен бастап. Бірақ қазір бұл қолдан жасау көбінесе – шала қолөнер. Имитацияға қол жеткізуге болады, алайда, «талшық» деңгейінде көшіру техникасымен немесе принтермен біз сөз қылып отырған жаңалықтарды шығару мүмкін емес. Spark бояуының өзі ғарыш технологиялары үшін әзірленген болатын және оның бояу ауыстыру қасиетін ақшаны қолдан жасаушылар әлі күнге дейін қайталай алмай отыр. Бұл ретте бояудың қасиеттері тұтынушылар үшін өте ыңғайлы: олар бірден көзге көрінеді, бұл қолдан жасалған ақшаны түпнұсқасынан айыруға мүмкіндік береді.

Қолдан жасалған ақшаның шамалы бөлігі – полиграфиялық қолдан жасалған ақша. Бірақ әдетте мұндай «көркемдік» өнердің артында шала қолөнершілер тұрмайды. Тарихқа жүгінсек, мұндай қолдан жасалған ақша – соғыстың құралы іспеттес...

– Сіз әлемдік өндірушілермен әріп­тес­тіктің үш деңгейі туралы айтып өттіңіз...

– Екінші кезең – ескерткіш және мерей­тойлық банкноттарды шығару. Соңғы жылдары оларды тұрақты түрде шығару іске асырылуда. Әдетте, Мемлекет басшысы бекіткен Ұлттық Банк тұжырымдамасына сәйкес жылына бір банкнот шығарылады. Дизайн тұрғысынан алсақ, бұл ең бір қызықты өнімнің түрі. Біздің ойымызша, тек нумизматтар ғана емес, бүкіл халық та осындай банкноттардың арқасында өз елі туралы жаңа мәліметтерді біле алады.

Банкноттардың бірінші қатары жаңа тәуелсіз мемлекетті әлемге таныстырып, оның өзіндік ерекшелігін, мәдениеті мен тарихын көрсетті. Одан кейін шығарылған, Ислам конференциясына, ЕҚЫҰ-ға, Азиадаға арналған ескерткіш банкноттар бойынша еліміздің бүкіл әлеммен ықпалдаса отырып, дүниежүзілік мәні бар іс-шараларға қатыса отырып немесе оларды өткізе отырып, әрбір даму кезеңіндегі қадамдарын бағалауға болатын еді. Бұл тек біздің республикамызға ғана тән жағдай емес. Мұндай ақшаға сұраныс бар екені құпия емес: көп жағдайда олар нумизматтардың коллекцияларында шоғырланады немесе жеке мұрағаттарда аса қастерлі заттар ретінде сақталады.

Біз үшін мұндай жұмыс жаңа техно­логиялық бағыттар бойынша алға қадам басуға мүмкіндік береді. Сынақ банкноттарында өңделгеннің бәрі өндіріске кетеді. Әдетте, ескерткіш банкноттардың таралымы 10-40 млн. дана құрайды, оқиғаның немесе тақырыптың маңыздылығына қарай. Бұл таралымдар бойынша біз купюралардың айналымдағы жолын және қандай элементтерді келесі деңгей – айналыстағы серияларға көшіруге болатынын таразылаймыз.

– Кейде ескерткіш банкноттар бірегей болады, ал кейбір жағдайларда ескі қатар негізінде қалыптасады. Бұл неге байланысты?

– Бәрі эмиссия міндеттеріне байланысты. Әдетте, қолданыстағы қатардың негізінде республикалық оқиғаларға арналған банкноттар шығарылады. Бұл тұрғыда шығындар да азырақ, оның ішінде жаңа элементтерді сынақтан өткізуге де. Бірегей ескерткіш банкнот – маңызды қадам әрі сынақ, себебі біз оларда сынау сатысында қолданған әзірлемелерді пайдаланамыз. Нәтижесі оң болған жағдайда жаңа айналыстағы ақшаны шығара отырып, біз оларды қолдана аламыз.

Музаның көмегімен

– Меңдібай, сіз бірінші қатарды әзірлеуге қатыстыңыз. 20 жылдан кейін шығармашылық ойларыңызды техникалық мүмкіндіктерге бейімдеу жеңілдеу болды ма?

– Шығармашылық үрдісте ешнәрсе өзгерген жоқ: жаңа нәрсе ойлап табу қай кезде де қиын. Идеяның пайда болу үрдісі де өзгерген жоқ: ол көп ізденуді, көп оқуды талап етеді. Алайда, технологиялық тұрғыдан жеңілірек болғаны рас. Алай­да, мен бұрынғыдай қолмен жұмыс істеймін. Мысалы, «Көк құс» Лозанна дәмханаларының бірінде салфеткада пайда болды. Біз әріптестерімізбен алдағы жобаны талқылап жаттық, сол кезде ойымды білдіру үшін қағаз таба алмадым. Сол кезде бәріміз өз идеяларымыз бен символдарды қағаз салфеткаға сала бастадық. Әрине, дәмханаға салфеткасы үшін ақша төледік. Қазір ол салфетка швейцария франкісі үшін бүкіл қағазды шығаратын Landquart компаниясының мұражайында сақтаулы.

– Сіз қазақстандық теңгеге айтар­лық­тай идея алып келдіңіз. Мысалы, тігі­нен орналастыру. Өкінген жоқсыз ба?

– Идея ұнады. Қазір әлемнің көптеген банкнот жасаушылары оны белсенді түрде қолдануда. Жуырда РФ Орталық банкі Олимпиада қарсаңында бейнелері тігінен орналасқан купюраны шығарды! Менің ойымша, ақшаны практикада қолдануда бұл ыңғайлы болды. Атап айтқанда, ақшаны тігінен беретін банкоматтар үшін. Дизайнерлерге өз композициясын тігінен орналастыру ыңғайлы. Тігінен және көлденеңінен орналастырған бейнелерді үйлестіру көп шығармашылық еркіндік береді және бұл қорғаныш элементтерін орналастыру үшін өте ыңғайлы.

– Жаңа сынақ банкнотта перизаттың бейнесі көрінеді. Бұл портреттер қайтып келеді деген тұспал ма?

– Бұл тек айғақты көрсету: бұтақ па, портрет пе, бізге не бейнеленетіні маңызды емес. Бұл тек жеңілдікпен жүзеге асырылатын техникалық міндет.

«…Неге екенін білмеймін – сол... сүйемін»

– Теңге қатары өзгереді деп айтқалы көп болды…

– Айналымда үш номинал бар, ендігі кезек 1000, 500 және 200 теңгелік номиналдарда. Олар айналысқа жүйелі түрде шығарылатын болады.

– Бұл қатардың идеясы қандай?

– …Әлем өзгеруде. Еліміз өзгеріп, даму, есею үстінде. Жол басында өзекті болған жағдайлар бүгінде өзектілігін жойды. Басқа ақиқат, басқа нышандар пайда болды. Мақсаттар өзгеріп жатыр. Ұрпақ өзгеруде. Адамның өзі де өзгеріп жатыр. Алайда, мәңгілік құндылықтар да бар. Отан ұғымы ешқашан өзгермейді. Қара шаңырақ әрқашан шаңырақ болып қалады. Ана ана болып, балалар бала болып қалады. Жаңа сериядағы банкноттармен жұмыс істеген кезде мен Мағжан Жұмабаевтың ертеректе жазылған мына өлең жолдарын үнемі еске түсіретінмін:

«Күлдей күңгірт шашы бар,

Тоқсан бесте жасы бар,

Көз дегенің – сұп-сұр көр.

Таспиқ санап бүгіліп,

Жерге қарап үңіліп,

Көрше ауыр күрсінер,

Менің бір қарт анам бар,

Неге екенін білмеймін –

Сол анамды сүйемін.

Сағымы сайран құрады,

Бораны ұлып тұрады,

Қыс – ақ кебін, жаз – сары.

Орманы жоқ, шуы жоқ,

Тауы да жоқ, суы жоқ,

Мәңгі өлік сахарасы.

Сарыарқа деген жерім бар,

Неге екенін білмеймін –

Сол Арқамды сүйемін!»

– Ақша дегеніміз аса практикалық, «саудагерлік» материя, ал сіз оған жаны­ңызды, жүрегіңізді бересіз…

– Қайсысы бүйректен, қайсысы жүрек­тен шығатынын анықтау қиын ғой. Бұл атмосферада болған кезде материяның тереңіне бойлай ой қозғайсың. Бұл мүлдем басқа сезім...

Бұл ғарыш сияқты. Осы миллиметр мен микронда біз толыққанды көркем туынды жасаймыз. Оның мөлшері шамалы болса да. Сенің еліңнің белгісіндей болатын туындымен кәсіби тұрғыда жұмыс істеген кезде өзің де болашақ банкнотты ақша белгісі ретінде емес, Отаныңның бір нышаны ретінде сезінесің. Бәлкім, отандастарымның біреуі жаңа банкнотты қолына алып, оған қараған кезде Мағжан Жұмабаевтың мынадай өлең жолдарын есіне алар:

Кең дала, көресің ғой, ана жатқан,

Жібектей жасыл шөптер бетін жапқан,

Асқар тау, балдан тәтті сулары бар

Әне, сол анам еді мені тапқан.

Біз әдейі істеген жоқпыз!

– Кейбір адамдар банкнот қатарын осылайша жиі ауыстырудың қажеті жоқ деп есептейді. Олардың айтуынша, біз қағаз, бояу өндірушілердің тізгінінде кетеміз...

– Бұл барып тұрған ақымақтық. Тойота өз фараларын шаршыдан дөңгелек нысанға олардың өлшемі жақсырақ болғаннан емес, ондай нысанды жеткізушілер зорлап міндеттегеннен кейін ауыстырды деген тұжырым сияқты.

– Барлық балаларыңызды бірдей жақсы көретініңізді түсінемін... Алайда, қайсысын ерекше жақсы көресіз?

– Барыс бейнеленген он мыңдық купюраны, ол 2007 жылы әлемдегі ең үздік банкнот ретінде IACA-ның кәсіби марапатына ие болды. Менің ол туралы пікірім таңдауға барлық қатысушылардың пікірімен, одан кейін конкурстық комиссияның пікірімен де сәйкес келгеніне қуаныштымын. Маған қою қызыл шарап түстес ескі 5 мыңдық банкноттар да ұнайтын.

Жаңа банкноттардан 2 мыңдық банкноттар ұнайды. Мен оны ... жас қыз сияқты: нәзік әрі пәк деп айтар едім. Түсі де айрықша. Көптеген дизайнерлер тек компьютер істей алатын бейнелерді шаблон түрінде жасайды. Ал менің баспаханалық тәжірибем үлкен болғандықтан, банкнотпен жұмыс істеген кезде, өзім қолмен ойып істеймін, офорттар жасаймын, ксилографияны, линогравюраларды қолданамын. Күні бойы үсті-басым бояуда болады. Осылайша, апталап – айлап. Бұл мүлдем басқа шығармашылық үрдіс. Және машинадан қағазға түсірген кезде... бұл өзге сезім: мен өзім бейнебір басып шығаратын нысанға айналғандай боламын!

Өкінішке қарай, бұл тәсілдерді білетіндер аз. Мен оны басқа заманның адамы болғаннан кейін қолданамын. Сондықтан да ХІХ және ХХ-ғасырларды ХХІ-ші ғасырмен үйлестіремін. Сонымен қатар, Иоганн Гуттенбергтің заманынан біздің ісімізде ешнәрсе өзгерген жоқ деп есептеймін! Ал бұл туралы бас­паханада айтқан кезде мені басында ешкім түсінбейді. Олар бояуды қалайша қосарлап қолдануға болады деп айтады: бұл оқулықтарда жоқ нәрсе ғой! Мен оларға осылай істеуге болады және ол қажет деп айтқан кезде, олардың зәресі қашады. Ал нәтижесін көріп, оның қалай жасалғанын түсінген кезде шеберлік тұрғысынан келесі сатыға көтеріледі.

Сондықтан бізде банкноттардың түстері де өзге болып шығады. Мысалы, жаңа бес мыңдық банкнот. Біз ол туралы көп дауластық: «Миминодағы» жағдай сияқты: «Қандай колерді бояй­мыз? – Ұнамай ма – өзің ал да боя!». Нәти­жесінде бәрі ойдағыдай болды. Мен біздің ізденісіміз бен нәтижеміз IBNS сыйлығымен атап өтілгеніне таңғалсам да, өте қуаныштымын. Екі жыл қатарынан бір елдің, бір серияның банкноттарына кәсіби мамандардың Интернет-дауыс беруінің жеңімпазы болу – біздің ісіміздегі мүмкін емес жағдай.

– Әлемді таңғалдырдыңыз!

– Біз әдейі істеген жоқпыз: біз бомба немесе сенсация емес, ақшаны жасаймыз! Алайда, қазір конференцияларда барлығы да қазақтар тағы да бір нәрсе басып шығарады деп күтеді!

– 20 мыңдық банкнот туралы сұра­ғым-ақ келіп тұр…

– Жауап бермеймін. Бәрінің уақыты бар. Алайда, мынадай нәрсені атап өтейін: «Көк құс» – біз өзіміздің 20 жылдығымызда көтерілетін банкнот өндірісінің жоғары сатысы. Және ол арқылы біздің қандай жолмен өткеніміз түсінікті болады.

– Кәсіби мамандар біздің банк­нот­тарымыздың басынан бастап жоғары меже алғанын айтады: бірінші, жақсы жасалған қазақстандық теңге қатары үшін «Харрисон және ұлдары» фабрикасын ағылшын королевасы алтын белгімен марапаттады. Ал қазақстандық суретшілердің тобы бұл белгіге ілікті ме?

– Жоқ. Бұл сапалы түрде орындалған шетелдік тапсырыс үшін фабрикаға берілген марапат болды. Ол кезде фабрика шағын ғана компания болатын. Ал кейіннен бүкіл әлемге әйгілі болды.

– Біреулер сіз туралы: қандай бақыт­ты адам, өзіне қанша ақшаның суре­тін сала алады деп ойлайтын шығар...

– Жалақыдан артық сала алмайсың! Ал қалғаны – менікі емес.

– Банкноттың сіздің жеке туындыңыз болудан қалып, ақшаға айналғанын қандай сәтте түсінесіз!?

– Онымен есеп айырысқан кезде ғана!

– Суреттеріңізді салып, көрмелерге қойып жүрсіз бе?

– Осы күндері Ұлттық Банкте менің бұрынғы және жаңа жұмыстарымның көрмесі ашылды. Екінші көрмем Лондонда – Дизайн мұражайында ашылып жатыр. Сол жерде желтоқсанда бізге 2012 жылғы әлемнің ең әдемі банкноты үшін IBNS марапатын тапсырады. Үшінші көрмем қазір Мюнхенде ашылады, онда банкноттар және бояу суреттерім көрмеге қойылады.

– Қазір сіз қай үлгіде жұмыс істеп жатырсыз – сұрағым суреттеріңіз туралы?

– Бағытымды объекті мен көңіл күйіме қарай таңдаймын. Түс керек болса фовизмге (французша les fauves – жабайы аңдар, бояудың «жабайы» әсері үшін бағытты да солай атады) жүгінемін. Егер қырлы заттарды салсам, кубизмге кетіп қаламын. Ал кейде соцреализмге деген ностальгия пайда болады. Ондай кезде мен сол заманға ораламын. Неге оралмасқа? Бұл сезімімді, көңіл күйімді білдіруге мүмкіндік береді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Алевтина ДОНСКИХ.