Ең қысқа әңгіме • 15 Қазан, 2020

Балуанның балалық шағы

745 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Әйгілі балуан Жақсылық Үшкемпіров дүниеден өткенде қараорман қазақ біртуар перзентін егіле жоқтады. Қапияда келген қазаға қамықты, қайғырды. Елдің атын шығарған ер әр уақытта туған халқының көз алдында даңққа бөленді. Спорттағы түрлі жетістіктері өз алдына, Мәскеу Олимпиадасында топ жарған жұлдызды сәті арада қырық жыл өтсе де ел жадында мәңгілікке сақталып қалды. Күрес өнерін жаңа биікке көтерген тұлғаның ерлігі мен өрлігі өзінен кейінгі буынға, жалпы қазақ жастарына үлгі болғаны сөзсіз. Енді спорт саңлағының екінші өмірі басталды. Ол туралы айтылар жақсы сөз, жылы әңгіме әлі алда.

Балуанның балалық шағы

 

Туған жер, өскен өлкенің адам өмі­ріндегі орны әрқашан бөлек. Қандай биікке көтерілсе де қарапайым тіршілік кешкен күндері ешкімнің жадынан шыға қоймас. Сол сияқты Жақсылық сынды батырдың ба­лалық шағы да өзіндік өрнегімен есте қалған қымбат күндер. Жақсылық Үш­кемпіров бүгінгі Байзақ ауданының Тегіс­тік ауылында дүниеге келгенімен, балалық шағы негізінен қазіргі Дихан-2 ауылында өткен екен. Қарапайым ғана тіршілігі бар шағын ауылдың әр белесінде, жотасында, қырқасында әйгілі балуан балалығының ізі сайрап жатқандай. Сол ауылда Үшкемпір ақсақалдың өз қолымен салған үйі әлі де бар. Жергілікті жұрт ол кісінің ұсталығын аңыз қылып айтып жүреді. Ал толқып аққан Таластың арыны әлі басылмаған. Талас өзені туралы сөз болғанда, ол да батырдың балалығымен байланысты болып шығады. Мұның бәрі де Жақсылықтай жайсаң жанның балалық шағынан сыр шертіп тұрғандай. Батырдың өзі талай қой баққан іргедегі Қарақайнар жайлауы да тылсым сырға толы. Ауылға арнайы барғанымызда, кесек тұлғамен балалықтың бал дәмін бірге бөліскен досы Оразбай Дәрібаев өткен күндерге шегініс жасап, естен кетпес естеліктерімен бөлісті. Оразбай қария талай жыл ауылда мектеп директоры болған, көргені көп азамат екен. Жақсылық досы туралы тебірене әңгі­мелеп, бірге өткен бал дәуренін еске алды.

«1959 жылы колхоздастыру кезінде сол кездегі Чапаев атындағы ауылдан келіп, осы жерге қоныстандық. Бір жылдан кейін сол ауылдан Үшкемпір ағамыз да отбасымен көшіп келіп, осында үй салды. Ол кісі қазіргі Мәдімар ауылындағы мектепте шаруашылық меңгерушісі болып істейтін. Күнтөре жеңгеміз үй шаруасында болды. Менің әкем малшы еді. Бірде құмнан мал айдап келе жаттық. Бала күніміз. Содан сәске кезінде Тоғызбай атамыздың үйіне түсіп, шай іштік. Дастарқаннан тұрып, далаға шықсақ, бір бала біз айдап келген қойларды қайырып жүр екен. Жақсылықты сонда бірінші рет көрдім. Бұрын танымайтын едім, таныстық. Сөйтіп тұрғанда Жақсылық «Күн ыстық екен. Таластың суына шомылып алайық», деді. Бүкіл ауылдың балалары сонда шомылады екен. Барып Таластың суына түстік. Сонда оның судың астында бірнеше минут бойы жата беретінін көріп, қайран қалдым. Ал бізде ондай жоқ.

Бала күнімізде қарбыз ұрлап ұсталға­нымыз да бір хикая. Негізі Жақсылық менен екі жас үлкен болатын. Менің Өмірбай деген ағам, Қарахан деген туысымыз үшеуі бірге көп жүрді. Бірақ мен қайда барса олардың соңынан қалмаймын. Кейде мені ілестірмей, үшеуі мінгесіп ве­лосипедімді теуіп кетеді. Таңертең қа­расам, дөңгелегі жарылып тұрады. Бір күні оны сарайдың ішіне тығып қойдым. Сонда да сарайды ашып алып, айдап кетіп­ті. Бір күні соңдарынан қуамын деп абайсызда жылан басып кетіп, ол аяғымды шағып алған. Әйтеуір, ауылдың ем-до­мын қолданып жатып бір ажалдан аман қалғанмын. Жыланның шаққан жерінің ізі әлі күнге дейін бар. Балалық шақта осын­дай қызықтар көп болды. Мектепті бітір­ген соң үшеуі Семей қаласына оқуға кетті. Бірақ Жақсылық қабылданып, Өмір­бай мен Қарахан қайтып келді. Студент кезінде де ауылға келіп жүрді. Қала көр­ген, неше түрлі жаңалықтар айтады. Бір сөзінде күреске қатысып жүргенін айтып қалды. Енді бала күнімізде онымен та­лай күрестік қой. Бірақ Жақаңның бұл жолғы жаңалығы мені қызықтырды. «Маған да күресті үйретсеңші», деймін ғой. Сонда ол көп жаттығу керек деп қоя­тын. Ауылдағы балалармен де күресті. Байқаймын, неше түрлі әдіс біледі. Сөйткен Жақсылықтың аты жетпісінші жылдардың басынан дүрілдеп шыға бастады. Түрлі жарысқа қатысып, жеңіп келеді. Солай бір кездегі бала Жақ­сылық бүкіл қазақ білетін Жақсылық Үш­кемпіровке айналды», дейді Оразбай Дәрібаев.

«Алып анадан туады» дейді қазақ. Тектінің тамыры да текті. Анасының үй шаруасында болғанын жоғарыда айттық. Бірақ өзінің шағын дүкені болыпты. Сол дүкеннен ылғи бір қария келіп, кір сабын алады екен. Анасының аяғы ауыр болса да әлгі кісі тағы бір келгенінде оның бетін қайтаруға ұялып, сабын сатып тұрғанында Жақсылықты босаныпты. Сонда әлгі адам «Бұл да бір жақсылықтың нышаны шығар. Баланың атын Жақсылық деп қойыңдар», депті дейді. Анадан асыл туған Жақсылықтың ата-бабасы да жай адамдар емес. Оразбай қарияның айтуынша, ол кісінің бір атасы құдықтың ішіне түсіп кеткен тананы сүйреп шығарған қара күш иесі болыпты. «Дүтбай деген Жақаңның арғы атасы болған. Әкемнің інісі Әбдіхалық сол Дүтбай атамыздың алып денелі бір інісінің болғанын айтып отыратын. Өзі балуан екен. Бірақ сәл тұтығып сөйлейтін әдеті болыпты. Бір күні ауылдағы құдықтың ішіне үлкен тана түсіп кетіп, оны әлгі кісі беліне арқан байлап жалғыз өзі сүйреп шығарыпты. Оны Әбдіхалық көкеміз жас күнінде көріпті. Бірақ, өкінішке қарай, сол кісінің есімін есте сақтамаппыз. Ол да жас күнінде қайтыс болып кетіпті», деп әңгі­месін тәмамдады. Расында да, бойда тасып тұрған бұла күш, асқақ рух, ұлы сенім деген дүниенің бәрі де негізден болса керек. Бала күнінде суға шомылудан алдына жан салмаған Жақсылық Үшкемпіров бозбала шағынан күреске ден қойды. Нәтижесінде қазақтың жарқыраған жарық жұлдызына айналды. Балалық шағы туралы балуанның өзі де кезінде «Ол кезде қала дегенді білмейтінмін. Балалық шағым далада өтті. Жаз басталысымен құрбыларыммен бірге Талас өзенінің жағасында суға шомылатынмын. Суға жүзудің шебері болатынмын. Тіпті, су астына сүңгіп жарысқанда алдыма жан салмайтынмын. Су астында 2-3 минут жата беретінмін», деп еске алыпты.

Қарақайнардың ұлы жазығында қой да бағып, қара жұмыс та істеп өскен Жақсылық 1968 жылы Семей қаласындағы малдәрігерлік институтына оқуға түсу үшін жолға шығады. Қайнаған еңбектің ортасында шыныққан ол мал дәрігері болуды армандапты. Сол бір ұмытылмас күндер туралы бізге балуанның туысы әрі досы, Дихан-2 ауылының тұрғыны Қарахан Қожабаев әңгімелеп берді. «Біз оны Жақай дейтінбіз. Бала күнімізде Жа­қай екеуміз атпен де, есекпен де қой бақтық. Одан Жетібай ауылындағы интернатта бірге оқыдық. Онжылдық мектеп бізде болмады да, сол Жетібайда оқуға тура келді. Мектепті бітірген соң Семей қаласындағы малдәрігерлік институтына оқуға түсу үшін сонда бірге бардық. Пойызға жолсеріктермен келісіп мініп кеткен біздер сонда барған соң да вагондарға қонып жүрдік. Оған тәулігіне бір сом төлейміз. Вагонда тек ұйықтайтын жер бар, басқа жағдай жоқ. Содан екі-үш күннен соң маза кетті. Ақыры Ертіс өзенінің бойы­нан пәтер таптық. Жанымызда Қордай ауданының бір жігіті болды. Бірақ Жақай оқуға түсті де, мен түсе алмадым. Енді ауыл­­ға қайту керек. Соны айтсам, ол жы­лап мені жібермейді. Көңілін қимай жа­нын­­да тағы бір күн болдым да, ауылға кет­­тім», дейді Қарахан Қожабаев.

Жақсылық Үшкемпіровтің бала күнгі достары оның мектепте спортпен аса ден қойып айналыспағанын айтады. Ара-тұра күресіп, бірлесіп доп теуіп, қой бағып қатар өскенімен, даңқты балуан болады деп ешқайсысы ойламапты. Бәрі де болашақ мал дәрігері Жақсылықты көріпті. «Бала күнімізде ауылда күрестік қой. Бірақ бізде күреспен айналысатын секция да болған жоқ. Кезінде ауылдағы Әуесбай, Кенжехан деген жігіттер клубтың үлкен бөлмесінен спорт үйірмесін ашты. Бірақ Жақайдың ол жаққа барып, қатысып жүргенін көрмеппін. Ол спортпен оқуға түскен соң айналысты ғой. Бірде ауылға келді. Аты шыққан кез. Біздің үйде отырып қол күрестірдік. Жақайдың оң қолынан жеңілдім де, сол қолын жеңдім. Содан ол СССР деген жазуы бар үстіндегі жейдесін маған шешіп берді. Отбасымызбен араласып тұрдық. Біз де Алматыдағы үйінде талай болдық. Ол біздің үйге келгенде ылғи далаға жатушы еді. Соңғы рет кел­генінде үйге жатты. Бірақ әр сөзінде «Аман бо­лың­даршы!» дей берді. Сонда Жа­қай мар­құм бізбен қоштасқан екен ғой», дейді Қарахан Қожабаев өткен шақты еске алып.

Жалпы, Жақсылық Үшкемпіровтің бағындырған белесі, алған асуы, көтерілген биігі көпшіліктің көз алдында. Ал батыр­дың балалық шағы туралы естеліктер көзкөрген достарының көкейінде арада талай жыл өтсе де жаңғырып тұр. Балалық бал күндеріне куә болған ауылдың атырабы, жазығы, белі, көлі, бәрі де арманшыл, еңбекқор бала Жақсылықтың көзіндей болып сайрап жатыр. Тұғыры биік тұлғаның балалық шағы, жеткен жетістіктері, жалпы келбеті туралы сөз қозғаған ауыл тұр­ғындары енді өзінің туған топырағына Жақсылық Үшкемпіровтің аты берілсе дейді. Себебі кейінгі жастар үшін де оның есімі де, даңқы да өнеге. «Әрі Жақаңның туған жерін бәрінің де біліп жүргені жақсы ғой», дейді көпшілік.

 

Жамбыл облысы,

Байзақ ауданы